ЕҢ АСЫЛ МҰРАТ – ЕҢСЕЛІ ЕЛ БОЛУ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі

Ардақты ағайын!

Қадірменді қонақтар!

Ханымдар мен мырзалар!

Баршаңызды еліміздің ұлық ме­рекесімен – Қазақстан Респуб­ли­касының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Иә, бұл мереке – ұлық мереке, шын мәніндегі ұлы мереке.
Ежел­ден еркіндік аңсаған ер қа­зақ­тың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреген ақын­да­­рымыз “Егемен болмай ел бол­мас, етектен кесіп жең болмас” деп жырлайтын еді. Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны осының дәлелі. Мұнан 18 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Алтай мен Аты­рау­дың арасын алып жатқан мына дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабалары­мыз­дың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі дейміз.

Сол айтқаным келді!

Осыдан он сегіз жыл бұрын біз ұлы жолға шықтық, арманды са­парға аттандық. Дүниеде Қазақ­стан Республикасы деген жаңа мем­лекет пайда болды. Ылайым, бетімізден жарылқасын деп тіледік. Сол тілегімізді берді! Қа­зақ­стан тәуелсіздік жолына қатар түскен өзі теңдес елдердің арасында көп­теген көрсеткіштер бойынша көш бастап келе жатыр. Біздің еліміздің ішкі жалпы өнімінің мөлшері Ор­талық Азия мемлекеттерінің бүкіл ішкі жалпы өнімінің мөлшерін қоса есептегеннен асып түсіп тұр. Қа­зақстан жан басына шаққандағы табыс көлемімен барша Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығындағы ел­дер­дің алдына шықты. Қазақ­стан­дықтардың тұтыну тауарларымен қамтамасыз етілуі осы жылдар ішінде бес есеге дейін өсті. Елі­міз­дегі тұрғын үй қоры соңғы он жылдың ішінде 30 миллион шаршы метрге өсті.

Осының бәрі сол айтқаным­ның келгені емес пе?

Қазақстанымызда жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір қол­дың саласындай, бір үйдің бала­сын­дай тату-тәтті өмір сүріп жа­тыр. Қазақстанымызда діндер мен тілдердің жарасымына қол жетіп, біздің ортақ Отанымыз әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының үш бірдей съезін өткізген құт мекенге айналды. Қазақстаны­мызда орнаған саяси тұрақтылық пен экономикалық даму өркениет­ті әлем тарапынан танылды.

Қазақстанымыз 2010 жылға бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістік­тегі елдер арасынан, бүкіл түркі тілдес елдер арасынан, бүкіл мұ­сылман әлемі арасынан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы сынды аса беделді ұйымға тұңғыш төраға болып сайланды, 2011 жылға Ислам конференциясы ұйымына төрағалық тізгінін қолға қоса алғалы тұр. Қазақ қазақ бо­лып жаратылғалы мұндай дәрежеге жетіп көрген емес.

Осының бәрі сол тілекті бер­гені емес пе? Сөз жоқ, дәл солай!

Осы он сегіз жылдың ішінде ат­қарған ауқымды істеріміздің ең негізгілерін тек санамалап шығу­дың өзі біраз уақытты алар еді. Ортақ одақ ыдырап, шаруашылық байланыстар шетінен үзіліп жатқан шақта бүкіл экономикасы негізі­нен шикізаттық сипатқа құрыл­ған­дықтан өнімдері өтпей қалған Қа­зақ­стандай дотациялық республика үшін әуелде ел болып тұра алудың өзі оңай міндет емес еді. Біз ол міндетті шештік.

Біз ел болып тұра алдық.

Қазақтың ұзына бойғы тари­хын­да дәл бүгінгідей бүкіл дүние та­ныған, өз шекарасы, өз эконо­ми­касы, дербес саясаты бар мем­ле­кеті болған емес. Соңғы бірнеше ғасырдың ішінде бодандық жағ­дайда болған елдің дербес мәселе шеше алатын кадрлары жоқ еді. Бұл сол кезде алдымызда тұрған ең қиын міндет – мемлекет құрудың оңайға түспейтінін көрсетіп еді. Біз ол міндетті де шештік.

Біз мемлекет құра алдық.

Алғашқы жылдардағы апақ-са­пақ­та екі миллионнан астам қазақ­стандықтар өздерінің тарихи отан­дарына оралуға асықты. Олардың арасында Қазақстанда білім алған тәжірибелі, экономикалық, әлеу­мет­тік саланың неше түрлі май­тал­ман мамандары бар еді. Оның сыр­тында сонан кейінгі жылдар­дағы митингілік демократия, ди­рек­тор сайлаудан әр ұйымнан де­пу­тат сайлауға дейінгі саяси сер­гелдеңдер тұсында ұлттық белгілер бойынша бөлінушілікке жол бер­меудің өзі оңай міндет емес еді. Біз ол міндетті де шештік.

Біз бірлікшіл ел болып құрал­дық.

Тәуелсіздіктің таңсәрі шағында біздің алып аумағымызды көлде­нең тартып, мұндай саны аз, оның ішінде қазақтары елдің жартысынан аз халық осыншама жерді игере ал­майды дегендердің сәуегейлігі кел­ген жоқ. Біздің көпұлтты, көпдінді, көптілді сипатымызды қатердей кө­ріп, қара бұлтты төндіріп сөй­ле­гендердің сандырағы жүзеге асқан жоқ. Сол сәуегейлікті келтірмеген, жү­зеге асырмаған күштің аты – бірлік. Қазақстан халқының дәс­түрлі достыққа берік бірлігі.

Осындай салтанатты сәтте мен сол сын кезеңде Қазақстанның тәуел­сіздігін қолдаған, туған елі­міздің өркендеуіне жағдай жасаған ең ұлы күшті – ел бірлігін көзінің қарашығындай сақтап келген барша қазақстандықтарға ақ жүрегімді жарып шыққан алғысымды айтуды перзенттік парызым, президенттік қарызым деп білемін!

Қымбатты қазақстандықтар, менің отандастарым!

Құрметті қонақтар! Ханымдар мен мырзалар!

Бұл күндері Қазақстан өзінің ең басты мейрамын – Тәуелсіздік күнін атап өтуде.

1991 жылғы 16 желтоқсанда әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет – Қазақстан Республи­ка­сы пайда болды.

Сол бір алыста қалған желтоқ­сан күнінде біз азаттық пен тәуел­сіз­дікті таңдадық, өйткені өз бола­ша­ғымызды дербес құрғымыз кел­ді, өйткені біз қолда бардан әлде­қайда көпке қабілетті едік. Бұл ту­ра­лы біздің бабаларымыз арман­даған еді, сондықтан да бізге, біз­дің ұрпаққа олардың асыл арман­дарын нақтылыққа айналдыру құрметі тиді. Біз өзіміздің дербес, қазақстандық жолымызды баста­дық, бұл жол әлемдік қоғамдас­тық­тың мақұлдауына, ал содан кейін мойындауына ие болды.

Міне, 18 жыл бойы біз күн сай­ын және сағат сайын өз жос­парларымызды іске асырып, жаңа Қазақстанды – өз арманымыз бен үмітіміздің мемлекетін құрудамыз.

Күннен-күнге азаматтардың мүдделерін қамтамасыз етіп, қор­ғай­тын мемлекетті.

Өз қауіпсіздігін ойдағыдай нығайту үстіндегі мемлекетті.

Ұстанымын әлемдік қоғам­дас­тық қабылдаған және ескеретін мемлекетті.

Осы заманғы күрделі міндеттер­ді шешуге қабілетті стратегиялық көзқарасы, қуатты әлеуеті бар мемлекетті.

Құрлықтың алтыдан бір бөлі­гін­де орын алған бұрынғы құры­лым­дар мен құндылықтардың күй­реп түскен бей-берекетсіздігінде біз өзіміздің тәуелсіз жаңа мем­ле­ке­тіміздің іргетасын құруды бас­тадық.

Ол уақыттың экономикалық алғышарттары іс-әрекет үшін бізге кең мүмкіндіктер қалдырмады, бірақ та біз шын мәніндегі үлкен өзгерістердің болғанын қаладық.

Біз көп еңбектенуге тура ке­ле­тінін білдік, содан да біздің ортақ ойларымыз қол қусырып отырмас­тан еңбектенгендіктен, оған қол жеткізу үшін біздің ұлы мақсаты­мыз және қажымас ерік-жігеріміз болғандықтан жүзеге асты.

Өткен жылдарда біз көп нәр­сені бастан кештік, сонымен бірге көп нәрсеге қол жеткіздік.

Біздің толерантты да іскер хал­қы­мыз жылдан-жылға әлемге өзі­нің оң табыстарын, өзінің алға үздіксіз ілгерілеуін паш етті. Және де айрықша қазақстандық артық­шы­лығымыз мынада болды, біз революциялық ділмарсуға ұрын­ба­дық. Біз өзіміздің тарихи мақсаты­мызды жай ғана іске асырдық. Біз тым шектеулі де томаға-тұйық пост­кеңестік экономиканың жаңа Қазақстанның алдынан әлемдік шаруашылық байланыстар жүйе­сін­­дегі жаңа мүмкіндіктер ашатын нарықтық экономикаға дәйекті­лік­пен айналуын қамтамасыз еттік.

Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жыл­дығы өткеннен соң Қазақстанды енді нарықтық экономика елі деп таныды. Тағы 5 жылдан кейін біздің экономикамызды дамытудың серпінді қарқыны халықаралық са­рапшылар қоғамдастығының жоғары бағасына ие болды. Ал бүгінде әлем­дік жетекші қаржы институт­тары Қазақстанның жаһандық және жойқындығы жағынан бұ­рын-соңды болмаған қаржы-эко­номикалық дағдарысқа қарсы тұру жөнінде қолға алған шараларына дәл сондай жоғары бағалар беруде. Біз 2009 жылы рецессияға жол бер­медік.

Біз қазақстандық мемлекеттілік­ті нығайтып, халық бірлігін сақтай алдық, өскелең жаңғырту страте­гия­сын іске асырып, осы заманғы нарық экономикасын құра алдық.

Біз көп арналы сыртқы сая­сат­тың негізін қалап, сөздің ең кең ма­ғынасындағы интеграцияны бас­ты мемлекеттік басымдықтардың бірі деп жарияладық.

Біздің Тәуелсіздігіміздің барлық осынау жетістіктерінің шарықтау тәжі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы болып отыр. Бұл – біздің ортақ еңбегіміздің тағы бір аса жо­ғары бағасы, қымбатты менің отандастарым.

Өзінің бүкіл сан ғасырлық та­рихында қазақ халқы әлемдік қо­ғам­дастықтың назарын қазір болып отырғандай жоғары деңгейде өзіне аудартқан емес. Қазақстан дербес мемлекет ретінде пайда болған кез­ден бері ол әлі осындайлық жоғары деңгейдегі танымға ешқашан ие бол­маған еді. Бұл біздің аса көр­нек­ті ізгі жетістігіміз.

Бұл – біздің жас мемлекет­ті­лі­гіміздің айқын табысы, бұл – әлем кіндігіне қуатты секіріс.

Қазақстан табыстарының себебі бірнешеу, бірақ та солардың бастысы біздің активімізде еліміздің 2030 жылға дейінгі Даму страте­гия­сының болуы еді, бұл стратегия іс жүзінде Қазақстанның дана, еңбек­сүйгіш, толерантты да тәуелсіз халқының табыстар стратегиясына айналды.

Біз өз өміріміздің стратегиясын әзірлеп, оны іске асыруға кіріскен кезең азиялық рыноктардың күй­реуі­нен кейін қалпына келіп жатқан жаһандық экономика үшін күрделі болды. Ал жаңадан ғана нарықтық қалыпқа түсіп жатқан біздің эко­но­мика үшін бұл мемлекет ретіндегі бе­ріктігіміз бен сақталып қалуы­мыз­дың өте үлкен сынағы болды.

Соған орай тұрлаулы эконо­ми­калық іргетас құру жөніндегі біздің күш-жігеріміз тиімді болып шықты. 2000 жылдың өзінде-ақ қазақстан­дық экономиканың өсуі 9%-дан асып түсті, ал бар-жоғы 3 жыл бұ­рын, 1997 жылы, Үкімет 1994 жыл­дың қарыздарын қалай өтеуді біл­меген еді. Ол кезең сіздер мен біздердің есімізде.

2000 жылға қарай Қазақстан енді көптеген интеграциялық үде­ріс­тердің белсенді қатысушысы және бастамашысы болды. Біз Тәуелсіз­дік­тің алғашқы жылдарында ұсын­ған еуразиялық интеграция идеясы практикада іске асырылды – Еур­азия­лық экономикалық қоғамдас­тық құрылды. Біртұтас кеден кеңістігін құру келесі қадам еді.

Қазақстанның бастамасы былай болды: ортақ кеден тарифтері, ортақ кеден шекарасы, БСҰ-ға кіру жөнін­дегі бірлескен іс-әрекет.

10 жыл өтті, біздің ұсыныстары­мыз толық іске асырылды. Үш мемлекет – Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағын құрып, сол арқылы өз азаматтарының мүмкін­діктерін, өз экономикаларының мүмкіндіктерін, халықаралық ры­нок­тарға ықпал ету мүмкіндіктерін кеңейтті.

Қазақстанның барлық интегра­ция­лық бастамалары озық сипатта болы. Жаһандық әлем өңірлер бойынша бірігуде – бұл қазіргі дүние­де аман болудың шарты да. Біз озық болдық, біз мұны белсенді түрде жүзеге асырдық, біз сөйтіп табысқа қол жеткіздік.

Сыртқы рыноктарда өз ұста­нымдарымызды орнықтыру үшін біз Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын әзірлеп, елдің өнеркәсіптік әлеуетін біртіндеп өсіріп, оның инфрақұрылымдық құ­рамдастарын дамыттық.

Өнеркәсіп салаларының дағда­рыс­қа дейінгі өсуінің орташа жыл­дық қарқыны 9% шамасын құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі номи­налдық тұрғыда 6 есе өсті.

Өсу үстіндегі индустриялық Қа­зақстанның картасында жыл сайын жаңа өндірістер, жаңа инфрақұ­ры­лымдық жобалар пайда болып жат­ты, автомобиль жолдары және ха­лық­аралық көлік дәліздері салынды және жөнделді.

Дамыған көлік инфрақұрылымы қазақстандықтардың алдынан білім, медициналық қызметтің лайықты сапасын алудың таңдауын кеңейту жө­нінде қосымша мүмкіндіктер, ал бизнестің алдынан аумақтық кеңею­дің, халықаралық қоғамдастыққа кірігудің, өзінің бәсекеге қабілетті­лігін арттырудың қосымша мүмкін­дік­терін ашып берді. Мұны түсіне отырып, біз 2001 жылды автомо­биль жолдарының жылы деп жа­рия­ладық. 32 мың шақырым жолдар салынды және жөнделді – ал бұл Қазақстанның барлық жолдарының 30%-ы, бұған 766 млрд. теңге жұмсалды. Жолдардың жаңа түрлері пайда бола бастады. Құны 3,4 млрд. долларлық “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” алып транс­еура­зиялық магистралдың құрылысы басталды. Маңызды теміржол тар­мақ­тары салынып, тұтас ұлттық те­мір­жол желісін құруға мүмкіндік туды. Нақ сондықтан да авиа­ция­лық тасымалдар әртараптанды­рыл­ды. Барлық дерлік облыс орталық­тарының әуежайлары, Каспийдегі теңіз порты жаңғыртылды. Бірер жылға оза қазақстандық көлік стра­тегиясының негіздері осылайша қаланды.

Жуырда ғана ұзындығы 1 800 шақырымдық “Түркіменстан – Қы­тай” газ құбыры іске қосылды, оның 1 300 шақырымы Қазақ­стан­ның үлесіне тиеді. Содан сәл бұ­рын “Батыс Қазақстан – Батыс Қы­тай” мұнай құбыры және ұзын­дығы 1 100 шақырым “Солтүстік – Оңтүстік” электр жеткізіп берудің жоғары кернеулі желісі секілді стратегиялық маңызы бар нысан­дар іске қосылды. Мұның бәрі елдің экономикалық қуатын ны­ғай­туға ғана емес, сонымен бірге және мұның маңызы тіпті де кем емес – біздің азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыруға да қосылған зор үлес.

Бұл біздің мыңдаған азаматта­ры­мыз үшін жаңа жұмыс орын­да­ры, еліміз үшін транзиттік табыс­тар.

Аграрлық сектордың даму дең­гейі әркезде де біздің қоғамы­мыз­дың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының айқындаушы факторы болып келді. Бұл сектор ішкі жал­пы өнімнің 6% дерлігін, халықтың тұтыну қорының 70%-ға жуығын қалыптастырады және елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.

Осы жылдар ішінде бидай өн­ді­рісі жан басына 1 060 килоға жет­ті, мұның өзі 2007 жылы Қазақ­стан­ның Австралиядан оза отырып, әлемде осы көрсеткіш бойынша 1-ші орынға шығуына жағдай жаса­ды. Біз бидай экспорты бойынша әлемде 7-ші орын аламыз.

Биыл біз дәнді дақылдардан тамаша өнім жинай алдық, ол үшін біздің барлық аграршыларға бүкіл қазақстандықтар атынан зор алғыс айтамыз.

Дегенмен, ауылға мемлекет та­ра­пынан орасан көмек болмағанда, дағдарыс жағдайында ол туралы армандауға да болмас еді. Кеден одағының күшіне енуі саланың бір­қатар шешуші проблемаларын одан әрі жүйелі түрде шешуді талап етеді.

Экспорттық саясатты белсенді ете түскен жөн. Ауыл шаруашылы­ғы­ның жоғары өнімділігін қамта­масыз ету керек.

Атап айтқанда, оған шетел­дер­ден тиісті озық талдамаларды сатып алу есебінен өзіміздің аграрлық ғылымды одан әрі дамыта отырып, қол жеткізген жөн. Бізге, мәселен, елдің оңтүстігінде бір мезгілде су шығынын екі есе төмендете оты­рып, көкөніс өнімділігін 3,5 есеге арт­тырған тамшылатып суару тәріз­ді серпінді инновациялық техноло­гия­лар, сол сияқты жаңа сүт және бор­дақылау кешендері қажет. Өзге ауылшаруашылық дақылдары бой­ынша да айтарлықтай резервтер бар.

Лизингтік қаржыларды пайда­ла­ну мәселесі де шынайы талдау жасау мен тиісті қорытындыларды қажет етеді. Бүгінде олар негізінен техника импорты үшін жұмсалуда. Бұл тәжірибеден бас тартып, шетелден технологиялар сатып алуға баса салмақ салу керек. Ол техника құрастыруды жолға қоюға мүмкін­дік туғызып қана қоймай, сонымен бірге өз өндірісімізді құруға да жағдай жасайды.

Субсидиялау жүйесінің тиімділі­гін арттыру қажет. Ол базалық та, сонымен қатар мақсатты да болуы тиіс. Ал мақсатты субсидияларды тек жаңа технологияларды енгізіп, жоғары көрсеткіштерге қол жет­кізгендерге ғана ұсынған жөн.

Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастыра бермек.

Біз ұлттық экономиканың негі­зін қалайтын мұнай-газ және кен-металлургия кешендерін жаңғырту ісін жалғастыра береміз. Көптеген шикізат қорлары бойынша Қазақ­стан әлемде жетекші ұстанымдарға ие. Мұнай өндіруден біз Ресейден кейін ТМД-да екінші орындамыз. Ағымдағы жылдың аяғына дейін 76 миллион тонна мұнай өндірілетін болады.

Жаңа жоғары технологиялы ғы­лымды қажет ететін өндірістер құру есебінен біз экономиканың инно­ва­циялық буынын кеңейте түсеміз. Қазақстанда бизнес жүргізуге жақ­сы жағдайлар болуы үшін соңғы он жылда біз іс жүзінде мүмкін де­ген­нің бәрін жасадық. Ортақ эконо­ми­калық табыстарға жетуде мемлекет пен бизнес әріптестік орната білді. Халықаралық рейтинг агенттіктері де Достастықтың барлық мемле­кет­тері арасынан біздің елімізді ин­вес­тициялық класс рейтингі бойынша көшбасшы деп таныды. Қазақстан неғұрлым инвестициялық тартым­ды 25 мемлекеттің біріне айналды.

Жаңа ғасырдың алғашқы он­жыл­дығы бойына Қазақстан сенім­ді экономикалық өсім көрсеткіштерін паш ете білді.

ІЖӨ орта есеппен жылына 10%-ға өсті. 2008 жылдың соңына таман ІЖӨ жан басына шаққанда 2000 жылға қарағанда 7 есе дерлік өсті. Нақты ІЖӨ екі есе артты.

Елдің Ұлттық қорының актив­терін қоса алғанда алтын-валюта резерві 2008 жылдың соңында 46,7 миллиард долларға жетіп, 2000 жыл­мен салыстырғанда 22 есе өсті, ал бүгінде ол 48 миллиард доллардан астамды құрайды.

2000 жылдан 2008 жылға дейінгі кезеңде банктердің экономиканы несиелеуі 27 есеге ұлғайды. Осы уа­қытта банк жүйесіндегі депозиттер 23 есе, оның ішінде халықтың депозиттері 16 есе өсті.

Жыл сайын бюджетке тиесілі түсімдер өсу үстінде. 2002 жылдың өзінде мемлекеттік бюджеттің кіріс­тері, Ұлттық қорға түскендерді қоса алғанда, орта есеппен ІЖӨ-нің 30%-ын құрады.

2001 жылдан 2006 жылға дейін ин­фляция 6-8% аралығында сақтал­ды. 2007 жылы бүкіл әлемдегі сияқты инфляция күрт өсті. Бірақ бүгінде ол болжамды деңгейде ұс­талуда, осылайша жылдық көрі­ністе ол 8%-дан аспайды.

Білім беру мен денсаулық сақ­тау­ға бөлінген мемлекеттік шы­ғын­дар соңғы 10 жылда 8 еседен астамға артты, яғни білім беруде 85 мил­лиард теңгеден 710 миллиард теңге, денсаулық сақтауда 54 мил­лиард теңгеден 468 миллиард теңгеге өсті. Мұндай даму бұл салада ешқашан болған емес.

Соның нәтижесі ретінде осы кезеңде 641 мектеп, оның ішінде 85 мектеп “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы шеңберінде салынды.

Біз сондай-ақ “20 интеллектуал­дық мектеп”, “Астананың жаңа университеті”, Алматы қаласын­да­ғы халықаралық ақпараттық тех­но­логиялар университеті тәрізді ин­новациялық білім беру орталық­тарын белсенді құрудамыз.

1993 жылдан бері біз жастарды “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелдік озық университеттерге оқуға жіберіп келеміз. Тек биылғы жылы ғана 763 адам оқуларын та­бысты аяқтады. Біз олардың еңбек­ке орналасуына қамқорлық жа­сауы­мыз керек. “Болашақ” түлек­те­рі осы таяу уақыттардың өзінде-ақ елдегі біліктілігі жоғары кадр­лар­дың негізін құрайтын болады деп үміттенемін.

Денсаулық сақтау жүйесінде де түбегейлі өзгерістер орын алуда.

10 жыл ішінде 124 аурухана мен емхана салынды.

Бірегей сипаттағы медициналық холдинг құрылып, ол бүгінде қазақ­стандықтарға озық халықаралық стандарттарға сәйкес медициналық қызметтер ұсынуда.

Ашық жүрекке ота жасау сияқты күрделі операциялар ендігі жерде облыс орталықтарында жасалуда. Бұл туралы бұрын армандауға да болмайтын еді. Біз жылдар бойы операция кезегін күткен азамат­тары­мыздың өмірлерін сақтап қалу­дамыз. Қазақстандық ғалымдар әлемде алғашқылардың бірі болып құс (A/H5N1) және шошқа (A/H1B1) тұмауларына қарсы отандық вакцина жасап шығарды. Медик­те­рімізді осы табыстарымен құттық­тағым келеді.

Бүтіндей алғанда денсаулық саласында мемлекет қолға алған шаралар халық денсаулығындағы теріс үрдістерді тоқтатуға жағдай жасады.

Осылайша, бала туу 1,5 есеге өсті, сәби мен ана өлімі еке есеге қыс­қарды, орташа өмір сүру ұзақты­ғы ұзарды, оның өзі бүтіндей ал­ған­да халықтың табиғи өсімінің ар­туы­на жағдай жасады. Осы арқылы біз мемлекеттің басты міндеті – біздің барлық азаматтарымыз бен олар­дың денсаулықтарына қамқорлық жасау міндетін орындаймыз.

Әлеуметтік сектордың шығын­дары үнемі мемлекеттік бюджеттің бүкіл шығындарының жартысына жуығын құрап келеді. 2007 жылы Бү­кіл­әлем­дік банк Қазақстанды ор­таша табыс деңгейіндегі ел ретінде бағалады.

10 жылда еңбекақының ең төменгі мөлшері 5 еседен астамға, зейнетақының орташа мөлшері 5,5 есеге артты.

Демографиялық ахуалды жақ­сар­ту және балалы отбасыларға әлеу­меттік қолдау жасау мақса­тын­да 2003 жылдан бастап мемлекет бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы, ал 2006 жылдың шіл­десінен бастап баланың бір жасқа жеткенге дейінгі күтімі үшін жәр­дем­ақы төлейді.

Тек осы жылы бала туғаны үшін жәрдемақыны 297 мың адам, ал балаға қарағаны үшін жәрдемақыны 145 мың адам алды. Жұмыссыздық екі еседен астамға – 13,5%-дан 6,4%-ға төмендеді. Біз алданған он­даған мың азаматтарымыздың проб­лемаларын шешіп, жылжымайтын мүлік рыногын күйреуден құтқарып қалдық. Енді құрылыс компания­лары­нан ең жақын болашақта қа­зақстандықтар мен мемлекет ал­дын­дағы барлық өздерінің міндет­темелерін орындайды деп күтуге толық қақымыз бар.

Еліміздің қаржы жүйесі сыртқы қысымды айтарлықтай сезінгені­мен, жұмысын қалыпты режімде жалғастыруда.

Осы жылы біз тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы мен әлеу­меттік сала инфрақұрылымдарын қалпына келтіру бойынша ауқымы жөнінен ұлан-ғайыр жұмыс атқар­дық. Әлемде жұмыс орындары қыс­қарып жатқан шақта, қазақстандық “Жол картасы” жаңа жұмыс орын­дарын құрды. Бұл жұмысты біз жалғастырамыз.

Тек осы жылдың өзінде менің әріптестеріммен – Еуропаның, Азияның, Таяу Шығыстың көптеген мемлекеттерінің көшбасшыларымен кездесуімнен кейін біріккен жоба­лар­ды жүзеге асыру бойынша халық­ара­лық уағдаластықтардың ауқымы ша­мамен 25 миллиард доллар инвес­тиция сомасында бағаланып отыр.

Үстіміздегі жылы шамамен 260 өнеркәсіптік және инфрақұрылым­дық нысандарды жүзеге асыру аяқ­талатын болады.

Қабылданған дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында Қазақстан бүкіл әлем үшін осы ауыр жылды эко­номикадағы оң нәтижелермен аяқ­тағалы отыр. Бұл – үлкен жеңіс.

Біз әлемдік экономиканың  азда­ған жандану белгілерін байқауда­мыз. Алайда, дағдарыстың аяқталға­ны туралы айтуға әлі ерте. Біздіңше, бір-бірін өсу мен құлдырау кезек­тесе алмастыратын ирелек даму үдерістері орын алатын секілді.

2009 жылы біз экономиканы құлдыраудан мемлекеттік құюлар, экспорттық тауарларға бағаның аздаған өсімі және ішінара  ішкі сұраныс есебі арқасында сақтап қалдық. Үкіметке біздің одан арғы барлық іс-қимылымызды егжей-тегжейлі саралау қажет. Міне, 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы осы мәселеге, әсіресе, алғашқы бес жылда жауап беруі тиіс.

Тәуелсіздігіміздің басты симво­лы және тірегі, Отанымыздың жү­регі – біздің астанамыз жақсы қар­қын­да дамыды. Бір жыл ішінде  Аста­нада бірқатар жаңа нысандар – “Қазақстан темір жолы” және “Лукойл” көп қабатты ғимараттар кешені, жабық стадион, Жаңа халықаралық университет пен мек­тептің оқу корпустары, “Керуен” сауда-ойын-сауық кешені, тұрғын үй кешендері, автожолдар және басқа да нысандар пайдалануға берілді.

Тәуелсіздік күнін біздің мына тамаша залда атап өтуіміздің  өзінде нышандық мән бар. Егер біз оны “Қазақстан” Орталық концерт залы деп атасақ дұрыс болады ғой деп ойлаймын.

Сәулетші Манфреди Николетти­дің идеясы біздің халқымыздың рухын, оның болашаққа ұмтылысын өте дәл аңдаған. Барлық құры­лыс­шыларға Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай жасаған осы баға жет­пес сыйлығы үшін ризашылы­ғы­мызды білдіреміз.

Өздеріңіз білетіндей, таяуда мен қазақстандықтармен Тікелей желі арқылы дидарласып, азаматтардың сұрақтарына жауап қайтардым. 45 мың сұрақтың көпшілігі әлеуметтік қамсыздандыру проблемаларына қатысты болды.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет жанар-жағармай мен азық-түлік тауарлары бағасының өсу жағдайын тұрақтандыру, балалар бақшасындағы орындар тапшы­л­ы­ғы проблемаларын шешу бойынша бірінші кезектегі шаралар қабыл­дады.

Менің шақыруым бойынша бүгінде бүкіл елімізде мектепке дейін­гі балалар мекемелері құры­лы­сы қанат жайған. Барлық әкімдерге рахмет.

“Тікелей желі” порталы мен БАҚ-тарда 13,5 мыңға жуық жауап ор­наластырылған. Арнайы комис­сия­лар мен жұмыс топтары мәселелерді орнында тексеру үшін 122 рет сапарлар ұйымдастырды. Көптеген азаматтар жұмыспен қам­тамасыз етілді, емделуге жолдама алды, оларға материалдық жәрдем көрсетілді.

Мұны министрліктер, барлық деңгейдегі әкімдіктер жүзеге асырды. Бұл олардың жұмысындағы ережеге айналсын дейік. 

Осының барлығы Қазақстан экономикасының мүмкіндігін, біз­дің стратегиялық жоспарлары­мыз­дың ойлылығы мен оларды орындаудың дұрыстығын білдіреді, өйткені, біз қашанда проблемаларға емес, мүмкіндіктерге арқа сүйедік.

Осы он жыл ішінде біз Тәуел­сіз­дік табыстарын қорғаудың аса жоғары деңгейін, сонымен бір мез­гілде экономикамыз бен қоғам бостандығының аса жоғары деңгейін қамтамасыз еттік.

Бұл жылдар пайдалылығының тағы бір қыры сол, біз бастан өт­кізгендеріміздің бәрінен маңызды қорытындылар шығара алдық.

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметті қонақтар!

Ханымдар мен мырзалар!

Тәуелсіздіктің кезекті жыл­ды­ғын атап өту бізге ең алдымен той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін керек. Тәуелсіздік­тің тайғақ кешулі жолында алдымыздан шығатын асу-асу белдер де болады. Ұлттың ұлан асуында ұйытқи соғатын желдер де болады. Сол асу-асу белдерде бе­лімізді талдырмауымыз керек. Сол ұйытқи соғатын желдерде ұлы мұ­рат­тарымызды ұмыт қалдырмауы­мыз керек. Нағыз тәуелсіздікке қиын істе тәуекелге бара ала­тындардың ғана қолы жетеді.

Ардақты ағайын!

Бүгінде тарих еншісіне айналып үлгерген 18 жылдың бәрін де біз ұлы іске – Тәуелсіз Қазақстанды қаз тұрғызуға, сақтауға әрі дамытуға, оның экономикалық және рухани күш-қуатын нығайтуға, азамат­та­ры­мызды өз күшіне және өздерінің келешегіне деген сенімділікке тәр­биелеуге арнадық. Бүгінгі өз ке­лешегіне бет алған тәуелсіз Қазақ­стан – бұл біздің ортақ жетістігіміз, бұл біздің ортақ мақтанышымыз! Өз сөзімді аяқтай келе, мен бүкіл көп­ұлтты Қазақстан халқына отан­сүй­гіштігі мен ел игілігі және еліміздің Тәуелсіздігі жолындағы жасампаз­дық еңбегі үшін алғысымды айтқым келеді.

Мың алғыс сіздерге. Әр­дайым шығар тауымыз биік болсын, алды­мыздағы ұлан асуға – Тәуелсіз­ді­гіміз­дің жиырма жылдық торқалы тойына жарқын жүзбен, көтеріңкі көңілмен жетейік. Қазақстан тәуелсіздігі жасасын!

Назар қойғандарыңызға рахмет.

Егемен Қазақстан газеті
Авторы: Суретті түсіргенде С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.