4-bet

Пайғамбар жолымен жүрсек…

4-betҚұрбан айт мерекесі күні дәл осы тақырыпта ой қозғауға тура келеді. Себебі діндердің басты қарсыласы — материалистік философия алпауыттарының өзі Ислам дініндегі әділетті экономикалық ұстанымдарға ризашылықпен қарайды. Айталық, дінтанушылар, әсіресе кезінде КСРО-ның маркстік-лениндік идеологиясындағы алып тұлғалардың бірі — тарих ғылымдарының докторы, профессор В.И.Шереметтің пікірінше, «социализм идеясының бастауында Мұхаммед Пайғамбар тұр» екен.

Оны орыстың атақты шығыстанушысы Пайғамбар өмірінде болған мынадай жағдаймен түсіндіреді: бірде Абузар дейтін сақаба жорықтан түскен олжалардың бөлінуіне көңілі толмай, Пайғамбарға мынадай сұрақ қойыпты: «Аллаһ жолында ерлік көрсетіп, ерекше еңбек сіңіріп, мол олжаны жауымыздан тартып алуға зор үлес қосқан сақабаларыңызға ауылда қалып, толып жатқан баласын асыраудан қолы босамай жүрген әйелге бергеніңізден әлдеқайда аз үлес бөлгеніңіз қалай?» Сонда Мұхаммед Пайғамбар атақты сақабасына: «Аллаһ маған өз жолын ұстануды насихаттауға әркім қабілеті жеткенінше үлес қоссын, ал сен әр мұсылманға мұқтажына қарай олжаңды үлестір деген», — дейді. Бұдан шығатын қорытынды — социализмнің басты ұстанымы «әркімнің қабілетіне қарай, әркімге мұқтаждығына қарай» деген қағида осы бір оқиғадан кейін исламдағы нақты заңдылыққа ие болғандығы.

Біз, әрине, орыс ғұламасының пікіріне қосыламыз. Бұл орайда исламда еңбек және табыс бөлістерінің де ғылыми негізі барлығын еске саламыз. Ислам дініндегі құрбан шалу, садақа, фітір, зекет беру секілді дәстүрлерді қазіргі экономика ғылымының терминдеріне салатын болсақ, онда «салық» деген ұғым жатқанын көру онша қиын емес. Айталық, үш күн жейтін азығы жоқтар құрбан шалудан, садақа беруден босатылады. Яғни қазіргі экономика тілімен айтқанда, бұлар «салық төлеуге енетін табыс мөлшерінен төмен» деңгейдегілер. Ал фітір, зекет — негізінен табыс табатындарға, байлығы барларға салынатын салық. Мұны табыс салығымен, мүлік салығымен теңестіруге әбден болады.
Қазіргі дүниенің нарықтық қатынас жолындағы көптеген мемлекеттерінде ауқаттылар мен байларға салынатын бірнеше түрлі салық бар. Мәселен, Еуропа елдерінде «жанармай пайдаланушыларға» салық өндірісте көптен бері қолданылады. Ол автокөліктері және мотоциклдері, кемелері мен яхталары немесе моторлы қайықтары барларға салынатын салық түрі. Айталық, автокөліктер мен мотоциклдер, моторлы қайықтар — Еуропа тұрғындарының қалың бұқарасы қол жеткізген игілік. Десек те, қоғамның біраз мүшесі мұндай игіліктен «мақұрым». Міне, әлгі игіліктерге қол жеткізгендерге салық сала отырып, олардан жиналған қыруар қаржыны мұндай игіліктері жоқ қоғам мүшесіне жәрдем ретінде үлестіреді. Қазір БҰҰ-ның бір бағдарламасында әр адамның айлық табысы жүз доллардан кем болмауы керек деген ұстаным бар екенін білеміз. Ал көптеген елдерде бұл мөлшердің өзіне қол жеткізе алмай жүргендер миллиондап саналады. Дүниежүзінде солай бола тұрса да, Еуропа мемлекеттерінде мұндайлар жоқ. Олардың жоқ болу себебі, жоғарыда айтқанымыздай, бұл аймақ мемлекеттерінде ауқаттылар мен байларға арнайы салық сала отырып, елдегі күнкөрістің ең төменгі мөлшерін өсіру ұстанымы өндіріске, табыс бөлісіне ұдайы ықпал етіп келеді. Міне, бұл турасын айтқанда, еуропалықтардың Мұхаммед Пайғамбар жолымен дамып бара жатқанын көрсететін нақты мысалдардың бірі.
Егер біз зайырлы және дамушы мемлекет құрамыз десек, онда, сөз жоқ, басты ұстаным — Елбасымыз үнемі айтатындай, қалың бұқараның және қоғамымыздың әрбір мүшесінің тұрмыстық жағдайының жақсаруы. Мұны бір мезеттік қайырымдылық шараларымен қалыптастыру мүмкін емес. Демек, әлемдегі мемлекеттердің тоқсан пайыздан астамы зайырлы қоғамда өмір сүріп жатса да, Мұхаммед Пайғамбар өндіріске енгізген салық түрлерін қолдану арқылы қалың бұқараның тұрмыстық жағдайын жақсартып алғанын көре-біле тұра, біздің Салық кодексімізде «бай мен кедей арасында жік жоқ» секілді теңгермешілік ұстанымда қалу әділетті еместігі былай тұрсын, экономиканың да, қоғамның да ырғақты дамуына кері әсерін тигізетін жағдай. Айталық, айлығы миллион теңгеден асатын топ менеджерден де, жалақысы 60 мың теңгелік қарапайым журналистен де 10 пайыздық табыс салығын жинау әділетті бұрмалау болып шықпай ма?! Салық кодексіне «өзгеріс — жаңалық» енгізілгенге дейін кірістің салық төленбейтін және салық аз төленетін мөлшерлері болған. Жалақы өскен сайын салық та өсіп тұратын еді. Бұдан неге қаштық? Әлде біздің елде бай мен кедей шын мәнінде теңесіп кетті ме?
Дүниежүзі мемлекеттерінің 90 пайызында атауы басқаша болғанымен, «байлыққа салық» дейтін өндіріс те бар. Ол, шамамен, байлықтың 2-3 пайыздай мөлшерін құрайды. Кәдімгі табыс салығынан бөлек салық. Бір таңғаларлығы табыстың және салықтың мұндай мөлшері Мұхаммед Пайғамбар заңдастырған «зекет» деп аталатын ислам әлеміндегі салық түріне ерекше ұқсас. Зекетті тек қана байлар төлейтін болған және ол байлықтың қырықтан бір мөлшеріне шақталған. Біздің тілмен айтар болсақ, байлықтың 2,5 пайызы. Ал бұл біздің елдің салық жинау өндірісінде неге жоқ? Бір таңғаларлығы — мүлік салығы да баршаға бірдей. Кәдімгі 10 сотық жерге салған лашығында тұрып жатқандар да, жүздеген мың гектар алқапты меншіктеп алғандар да салықтың бұл түрін бір мөлшерде төлейді. Осы да әділдік пе?
Дүниежүзінде бюджет екі түрлі жолмен жасақталады, біріншісінде — заңдастырылған салық мөлшерлері арқылы қанша қаражат жиналса, дәл сонша қаражат бюджеттің шығыс бөлімін қамтамасыз етуге жұмсалады, екіншісінде бюджеттің шығыс бөлігі белгіленіп алады да, салық түрлері мен мөлшері сол белгіленген қаржыны жинауға орай қалыптасады. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін дүниежүзі ғалымдары «ескірген» деп жүрген осынау бюджет жасақтаудың соңғы жолынан шыға алмай келеміз. Біздіңше, бюджет жасақтаудың бірінші жолына қашан түссек, көшіміз сонда түзеледі. Бұл орайда табыс салығы әркімнің кірісіне орай мазмұн мен мөлшерге ие болуы тиіс. Миллионерге де, бала-шағасын зорға асырап жүргендерге де «жалақыңның 10 пайызын төлейсің» деу — қателік. Мұнымен қалың бұқараның жағдайын түзей алмаймыз. Екіншіден, байлыққа және мүлікке салық та қазақстандықтардың жағдайына қарай әркелкі болуы керек. Сонда біз «Еуропаға жол» тартқан ел болып шығамыз.
Сөз соңында мынадай бір мысал келтіруге тура келеді. Қазақстанда қазір 4-5 миллиардер бар деп жүрміз. Біз осы миллиардерлердің біреуі ғана Пайғамбар жолын бұлжытпай ұстанады деп қарастырып көрейікші. Сондай-ақ онда көп емес, бір-ақ миллиард доллар бар екен деп ойлайық. Егер осы бір миллиард доллардың 2,5 пайызын әлгі байымыз зекет ретінде жұмсар болса, онда 25 миллион доллар деген қомақты қаржы көзі шығады. Енді осыны «балалар үйінен» тәрбиеленіп, ер жетіп шыққан жастарға баспана салып беру ісіне жұмсар болса, қаншама «жетім» батасын жаудырар еді?! Міне, менің пайымдауымша, мұсылмандықтың бастауында тұрған осындай салық түрін байлар өздігінен игілікті іске жұмсамайтын болса, онда мемлекет байлыққа салықты өндіріске енгізуі керек, бұдан бізді ЕҚЫҰ білімдарлары мен сынампаздары фундаментальды ислам жолына түскен ел деп жамандай алмайды. Себебі байлыққа салық әлемнің барлық дамыған елдерінде бар.

Жұмабек ЖАНДІЛДИН

Материал «Айқын» газетінен алынған.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.