Қынаменде (ұрын келу)

     «Қынаменде» (дәстүр) «Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?»(Абай). Бұл да ұлттық ғұрыпымызда салтанатты да, көңілді кештің бірі. Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы «қынаменде» деп аталады. Шығыс халықтарында «қынаменде» кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі. Ән, күй, би қатаржүргізілетіндіктен «қынаменде» жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған. (КСЭ.7 том). Бұл да дәстүрге бай еліміздің тәрбиелік ережесінің бір саласы.

      Күйеудің бұл жолы әр  жерде әр түрлі аталатынын да айта кеткен жөн. Мұны кей жер  «қалыңдық  ойнау» дейді, кей жерде «ұрын келу» дейді. «Бір күні күйеу байғус ұрын келді, Қйсайтып жаман бөркін қырын келді» (НАхметбеков).

     Қазақ үшін әсіресе жеңгелер мен жастар үшін  бұл да бір той десе де болады. Болашақ күйеу қыз ауылына өзінше «көрінбеген» болып, бірақ қараңғы түсе салтанатпен, жолдас-жораларымен келеді. Мұны «есік көру» көбінесе «ұрын келу» деп айтады. Күйеу осы жолы өзінің болашақ жарын  көріп танысып-білісіп, тілдесіп көңілін демдейді.

     Әрине «ұрын келудің де кәде-жораларын аз емес. «Сені күтіп жүгіреміз деп ентігіп қалдық» деп «ентікпе» сұрап жеңгелері келеді, «балдыз көрімдік» деп тағы біреулері келеді, тағы да сол сияқты.

     «Ұрын той» өткізіліп күйеуге және оның жолдастарына құрмет көрсетіліп, сый тартылып, олар еліне қайтады.

     Құда түскенімен, келісім жасалғанымен күйеудің қыз ауылына «ұрыннан» бұрын келуге хақы жоқ. Егер келе қалса қыздың туыс-туғандары (аға-інілері) қазақ әдет- ғұрыпын бұзғаны, тәртіпсіздігі үшін оны сабап жіберетін заң тағы бар. Демек, құда түсумен бірге оның тәрбиелік ереже-қағидалары тәрбиелік ғұрыптары әдеп пен тәртіпті талап етеді.
     Күйеу кәделері мен ырымдары тағы бар. Олар мынандай: ұрын кеу, есік ашар, ентікпе, балдыз көріндік, күйеу табақ, сүт ақы, жігіт-түйе, атбайлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шаншар, түндік жабар үзік жабар, туырлық, майын тастау, ілу, қыз қашар, шашу қыз көтерер, арқа жатар, қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, «кемпір өлді», бақан салар күйеу аттандырар, т.б.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.