Отау көтеру

       Отау көтеру (салт). «көтерілген отауың құтты болып, ұзақ жасап ішінде сүйсін жарың»(Қыз Жібек). Ұлтымыздың мәдениетінде «отау көтердің» деген сөз бар. Ол «үйлендің, жұпты болдың» деген мағананы білдіреді. Демек, үйленумен бірге отау көтеруге тиіс. Әдетте ұлы үйленетін, қызы тұрмысқа шығатын ата-ана алдымен отау дайындайды. Қыз жасауына отау қосыла берілетін. Отау жас отбасының бақыт шаңырағы болып саналатындықтан оны барынша әсемдеп, әдемілеп, толық жабдықтап әзірлеу аз шаруа емес. Оған көрші-көлем, жақын-туыс, нағашы-жиендер тегіс араласады. Кесе-аяқтан бастап үй киізіне дейін әкеледі. Сөйтіп бүкіл ауыл болып тоау көтеру әрі қызық, әрі міндетті іс. Отау алғаш тігілгенде оған құрметті әрі елге сыйлы аналар бастайды. Шаңырақты да бақанға ақ мата байлап, ел ағалары көтереді. Отқа май құйылады, «босаға майлау» жасалады. Алғашқы дастархан жайылып, оған мол тағам жасалады. Кіргендер шашу шашып, «құтты болсын», «іші жанға, сырты малға толсын» деген тілекпен қуанышын білдіреді. Жақын туыстар отауға көрімдік әкеліп, мал атайды, бағалы мүліктер сыйлайды.
       Жас отау әке үйінің оң жағына тігіледі. Бұл үйге жасы үлкендер шақырусыз кірмейді. Ал жастар мен балалар қызықтап, осы отауды төңіректейді. Ауылдастар мен жанашырлар жас отау түтінінің түзу шығуын, жаңа үйленгендердің тұрмыс-тіршілігін сырттай бақылап, келінге баға беріп отырады. Жас келін ерте тұрып өз үйінің ғана емес, жанындағы іргелес үйдердің де түндігін ашуы оның әдептілігі мен мәдениеттілігін білдіреді.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.