Көңіл айту

      Көңіл айту (ғұрып). Төңіректегі халық естіген беттерінде көңіл айтуға топырлап келіп жатыр» (Т.Әбдіков). Жақын адамы қайтыс болғанда оның туған – туысқандары мен таныстары, іліктері қазалы үйге әдейі барып бата жасап, көңіл айтады. Көңіл айтудыңмәні – мұңды адамды жұбату, сергіту, «өлгеннің артыннан өлмек жоқ»деп уайымға берілмеу жөнінде жанашырлық ақыл – кеңестерін айтып, қайрат береді. Қайғыға берілген адамды кейбір өткір шешендер әрі мінеп, әрі сынап, әрі ұрсып тоқтатқан. Мысалы, Бағаналы Ерденнің баласы өлгенде басын көтере алмай қалғанда Таз Шоқай би былай деген екен:
— Уа, Ерден!
 Басыңды көтер жерден!
 Осы балаң өлмегенде
 Кетіп едің керден.
 Өзі беріп, өзі алды
 Нең бар еді құдайға берген?!
 Балаң түгілі
 Әкең Сандыбай да өлген.
 Оны Шоқай көрген.
 Жақсының басына іс түссе
 Ойлай береді.
 Көкті бу көтереді,
 Жүкті нар көтереді,
 Өлімді ер көтереді.
      Жақын – жуық немесе білетін адамдар қайтыс болғанда кісі орнына әдейі барып көңіл айтпаса, ол үлкен мін әрі ұят. Мұндай жағдайда қайтыс болған кісінің жақындары оған өкпелеуі, ұялтуы да мүмкін. Көңіл айта білу де – көрегенділік.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.