«Қыз көру» (салт). «Мырзалар қыз таңдаған келсін мұнда, жігітті қыз көретін біз көрелік» (Т.Жомартбаев). Кейде «қыз таңдау» деп те аталады. Салт бойынша белгілі кісілердің балары немесе өнерпаз, сал-сері жігіттер өзіне лайық қыздарды ел ішінен өздері таңдаған. «Пәлен жерде жақсы қыз бар» дегенді естіген жар таңдаған жігіттер өнерлі дос – жолдастарын ертіп қыз ауылына барады. Қазақта «қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді» деген мақал қыз іздеген жігіттерге жол ашады. Ондай жігіттерге ешкімнің наразылық білдіруге, тосқауыл жасауға хақысы жоқ. Керісінше жігіттерді салтанатпен қарсы алған. Ауылдың бойжеткен өр мінезді, еркін қыздары мұндайда «қыз көретін жігітті біз көрелік» деп белсене шығып, жігіттермен өнер сынасқан. Жігітке олар да сын көзбен қарап, өз ойын ашық айтқан. Осындай жолда бірін-бірі сынаған қыз жігіттер айтысқа түскен. Осыдан кейін ұнатқан жастар сөз байласып, жігіт жағы құда жіберген. Демек, жігіт пен қыз бірін-бірі ұнатқан жағдайда да құдалық жолы жасалған. Олай болса бұрын да қыз-жігіттің ұнатып, сүйіп қосылған кездері болған.
Әрине, қазақ салтында «қыз таңдау», «қыз көру» әр кезде бола бермеген. Оған аты белгілі адамдардың балалары мен жігіттердің ғана қолы жеткен. «Қыз көру» салты Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романында кеңірек суреттелген.