Тымаққа салу (салт). Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі естіледі. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі. Мысалы: қырық күні кем болса, керегенің қырқыншы басынан бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды. Айталық, ат қою, бесікке салу т.б. (Егер бала қыста туса онда үй қабырғасына бірнеше шеге қағылып ілінеді).