Әр шаңырақтың қарапайым, салтанатты түрде атап өтетін мереке, тойлары бар. Олардың кейбіріне көп қонақ шақырылса, кейбіріне ең жақын туған-туыс, көрші-көлем ғана келеді. Той – қуаныш-қызықты бірге бөлісу үшін ағайынның басын қосу, туған-туысты ынтымақ-ырысқа шақыру, өзара қарым-қатынасты нығайту, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау. Алайда мал-мүлік шашып, атын шығару үшін көл-көсір той жасау – астамшылық, ысырапқорлық. Тек, Аллаһ Тағала әр шаңырақты «Баласына бір той жасап бере алмай, бұл өмірден өтіп кетті-ау, қанша адам!», — деп ақын жырлаған өкініштен сақтағай!
Шілдехана
Халықтың ескі сенімінде жаңа туған нәрестені жалғыз қалдырса, әртүрлі «жын-шайтан», «перілердің» салқыны соғуы мүмкін. Сондықтан да одан оны қорғау үшін сәби дүниеге келген күні кешкілік ауыл жастары шілдеханаға жиналып, ән айтып, күй тартады. Қыз-келіншектер мен бозбалалар айтысып, жеңгендері тоғызын алып, әртүрлі ойындар өткізіледі. Кейде шілдехана үш күнге созылады. Шілдеханаға жастар жиналады. Оған үлкендер бата беру үшін ғана келеді. Шілдехана тойында жаңа босанған әйел үшін қалжаға сойылған малдың еті ортаға келгенде жөн білетін бір кісі омыртқа-ны қолына алып, оның етінен әйелдердің бәріне ауыз тигіздіртіп, әбден мүжіп, тазартады да, сүйекті тобылғыға тізіп, үй ішіндегі биік жерге іліп қояды. Мұнысы – баланың мойны тез бекісін деген ырым.
Бесік тойы
Жаңа туған баланы бесікке салу – ізгі дәстүр. Қазақ оны тойға ұластырады. Баланы бесікке салу тойына әйелдер шашуларын ала келеді. Жас сәбидің ұйқысы тыныш болуы үшін бесікті адыраспанмен аластайды. Ауылдың, әулеттің жасы үлкен, беделді әйелі бесіктің әбзелде- рін орын-орындарына қойып, аластағаннан кейін «тыштыма» ырымын жасайды. Бесікке бала бөленгеннен кейін үстіне ырымға сәйкес жеті түрлі нәрсе (көрпе, шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы тәрізді) жайылады. Бесікке тон, шапан жабу – ержеткенде халықшыл болсын деген, жүген жабу – тез өсіп, ат үстінде ойнақ салсын деген, кебенек пен қамшы жабу – ел қорғайтын ер болсын деген тілек.
Үй иесі баласын бесікке салған адамға өз ризашылығымен сақина, жүзік, білезік, сырға, мата тәрізді қымбат бұйымдарды сыйлайды. Бесікке салу тойында ән де айтуға, күй де тартуға болады. Бұл тойда да адамдар ет жеп, шай ішіп, әзіл-қалжың айтысып, мәз-мәйрам болып тарқасады. Бесікті адыраспанмен аластағанда былай дейді:
— Алас, алас, баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Алас, алас, пәледен қалас.
Көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас!
Отыз омыртқасынан алас!
Қырық қабырғасынан алас!
Тұсау кесер тойы
Баланы бесікке салу, тұсауын кесу тойына кімдерді, қанша қонақ шақыру керектігін ата-анасының өздері шешеді. Қазақтар шақырусыз келген қонақтарға кет демейді. Бірақ та шақырусыз келген қонақты жақтырмайтын да үй иелері бар. Ыңғайсыз жағдайға қалмау үшін соны да ойлаған жөн.
Бала бесіктен шығып, еңбектеуден өтіп, қаз-қаз жүре бастағанда тұсауын кесіп, тұсау кесер тойы жасалады. Ата-анасы бұл тойға да мал сояды. Немесе мүшесімен ет асады. Дәулетті адамдар көкпар да тартқызып, соңын думанды тойға ұластырады. Жиналған көпшіліктің арасынан жүрісі жылдам, қимылы ширақ, іске епті адам таңдап алынып, баланың тұсауын кесуді соған тапсырады. Тұсау кесерге арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын (ұрлық, зорлық жасамасын) деген ырымнан, тілектен шыққан. Сол жіппен баланың аяғын тұсап, соны кестіреді. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығып, тез-тез жүргізеді. Осы кезде «тұсаукесер» жыры айтылады. Бала алғаш отырғанда, бала алғаш жүргенде, баланың тұсауын кескенде мынандай тілектер айтқан абзал:
Бала алғаш отырғанда:
— Отырсын балам, отырсын,
Құшағын гүлге толтырсын.
Бала алғаш жүргенде:
Жүре қойшы жәй балам.
Қарыс сүйем қаз бастың,
Қадамыңнан айналдым.
Баланың тұсауын кескенде:
Тұсауыңды кесейік.
Ала жіпті алайық,
Әжеңе алып барайық.
Ер жетті деп айтайық,
Шашуын жеп қайтайық.
Қаз-қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Тағы-тағы баса ғой,
Тақымыңды жаз, балам,
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!
Тілашар тойы
Бүлдіршіннің тілі жеке-жеке сөздерді айтуға икемделе бастағанда ауылдың ділмар, шешен ақсақалдарын шақыртып, баланың тілі тез шықсын деген ниетпен «тілашар тойы» жасалады. Тойда «тілің тез шықсын!» деп, сәбиге қойдың тілін жегізеді. Қойдың ішегімен баланы жорта буындырып тұрып: «Сөйлейсің бе?», — деп, үш рет «сөйлеймін» деген уәдесін алады. Сонан соң ақсақалдар: «Сандуғаштай сайрап кет!», «Жиреншедей шешен бол, Жәнібектей көсем бол!», — деп ақ батасын береді.
Сүндет тойы Ата-анасы сүндет тойын өткізетін сәтті күнді алдынала белгілейді. Сүндет тойға ғана тән өзіндік ерекшелік – тойға қонақтарды баланың өзі шақырады. Бұрындары сүн-дет тойы өткізілерде айшықты тарланбозға мінген сәнді киімді бір бозбала мен құйрығы шарт түйілген жорға мінген сүндет бала ауылды аралап, көпшілікті тойға шақыратын. Сүндет баланың бауырсақ пен кәмпит толтырылған қоржынынан ат басын тіреген үйіндегілер дәм татқан, түсті матаны жыртып, бала мінген жорғаның жалына байлаған. Сәрсенбі күні сүндетке отырғызылған баланың тойына келгендер «сүндет қабыл болсын!», — деп, баланың айналасын жеміс-жидек, тәтті дәмге толтырады, көрімдік береді.
Дәстүрлі үйлену тойы Оның мынандай 8 кезеңі бар: қыз таңдау, қыз айттыру, жаушы жіберу, құда түсу тойы, есік-төр көрсету тойы, ұрын той, қыз ұзату тойы, келін түсіру тойы.
Құда түсу тойында жігіттің туған-туысқандары құдалыққа қыз ауылына барып, қонақасы жеп, бата бұзбауға серттеседі, құйрық-бауыр жесіп, құда-құдағи болады. Есік-төр көрсету тойында қыздың туған-туысқандары жігіт ауылына қарсы тойға барып, құда түсу тойындағыдай кәделерін береді. Ұрын той күйеу баланың қалыңдығымен кездеуіне мүмкіндік туғызу үшін жасалады. Мұнда күйеу баладан: ентікпе, шатыр байғазысы, балдыз көрімдігі, қыз қашар, күйеу қашырар, желі тартар, ит ырылдар, бақан салар, үйге кірер, кемпір өлді, шымылдық ашар, төсек салар, қыз құшақтатар, шаш сипар, көрпе қимылдатар кәделері алынады. Қыз ұзату тойында құда-құдағидан, күйеу баладан: ат байлар, құдай жолы, шаңырақ көтерер, уық шаншар, туырлық жабар, түндік жабар, үзік жабар, бау-шу байлар, отау байғазысы тәрізді кәделер алынып, қыз бен жігіт ақ отауда оңаша кездеседі, некесі қиылады, түрлі ойын-сауық өткізіліп, «Жар-жар» айтылады, қыз аттанарда «сыңсу» айтылып, қыз ұзатылады. Келін түсіруде «Беташар» айтылады, той, негізінен, қыз ұзату тойымен бірдей өткізіледі.
Төсек тойы Келін төсегімен жүкті болғанында оны астыртын бір абысынына жеткізіп, ол енесіне барып хабарлайды. Осы жақсы хабарды естіген ене әйелдердің басын қосып, еркектер араласпайтын төсек тойы деп аталатын ырымды жасап береді.
Қазақтың дәстүрлі төрт тойы Наурыз мейрамы – күн мен түн теңелген кезде, 22 наурызда тойланады. Онда адамдар наурыз көже ішіп, бірін-бірі Наурыз мейрамымен құттықтайды. Сол күні халық бұлақтардың көзін ашып, тал егіп, ізгі істермен айналысады.
Қымызмұрындық – жаз тойы. Ол мамыр айынан бастап маусым айына дейін созылады. Осы кезде биелер желіге байланып, ағайын, туған-туыс, көрші-көлем бірін-бірі қымыз ішуге шақырады. Қымызмұрындықта құран оқылып, мал сойылып, түрлі ойын-сауықтар да өткізіледі.
Мизам (сабан той) – күз айында диқандар мен бағбандардың, жиналған өнімдердің құрметіне арнап өткізілетін той. Сабан тойда түрлі жарыстар, ойын-сауықтар ұйымдастырылады. Соғым басы – қыс тойы. Қар жауып, аяз түсіп, адамдар соғым сойғанында, одан ауыз тиюге көрші-көлемін, туған-туыстарын қонаққа шақырады. Олар: «Со-ғым сүйгін болсын!»,- деп тілек айтады. Қыстың ұзақ түнінде соғым басына жиналған ауыл адамдары терме, қисса, ертегі тыңдап, көңілдерін көтереді.
Діни мерекелер: Ораза айт, Құрбан айт, Мәуліт.
Ораза айт – Фарз Ораза уақытының, Рамазан айының аяқталуының құрметіне мұсылмандар тойлайтын мереке. Ораза айт мейрамы Шәууәл айының бірінші жұлдызында басталып, үш күнге созылады. Мұсылмандар бірін-бірі Ораза айтпен құттықтап, бір-бірінен айттық алады.
Құрбан айт – Зұлхиджа айының 10 күні басталып, 3-4 күнге созылады. Құрбан айт һижра жыл есебінің басы болып саналады. Құрбан айтты мерекелеу бозала таңнан басталады.
Қасиетті Құрбан айтта мүмкіндігі бар мұсылмандар Аллаһ Тағаланың ризашылығы үшін мал сойып, құрбандық шалады. Жағдайы жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет емес. Құрбан айттың алғашқы күні – Қазақстанда демалыс. Мәуліт мерекесі – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың туылған күніне арнап өткізіледі. Мәуліт – Пәкістанның ресми мерекесі. Мәулітте Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арнап мәуліт оқылады, құранды мәнерлеп оқудан жарыс өткізу тәрізді түрлі діни шаралар ұйымдастырылады.
Туған күн тойлары
Әрбір ата-ана баласының бір жасқа толғанынан бастап, жыл сайын туған күнін атап өтеді. Мұның ішінде баласының ең алғашқы мүшел жасқа (13 жасқа, содан кейінгі мүшел жас оған 12 жылды қосып отыру арқылы анықталады) толып, одан аман-сау өтуі ата-аналар үшін үлкен қуаныш. Жас сәби ержетіп, азамат болғаннан кейін өз туған күнін өзі өткі-зеді, оған құрбы-құрдастарын шақырады, ата-аналарына да дастархан жайып береді. Туған күннің ішінде 40, 50, 60, 70, 80, 90, 100-ге толу – мерейтой болып саналады. Дәулеті барлар оны үлкен тойға айналдырады. Мерейтойы мүшел жасының алдында келсе, мүшел жастан шыққаннан кейін барып той жасайтындар бар. Өйткені, халық сенімінде мүшел жас әртүрлі ауыртпалықтарға толы.
Отбасылық өмірдің әр жылындағы тойлар
Ерлі-зайыптылардың некеге тұрғанына, сөйтіп, шаңырақ құрғанына белгілі бір уақыт толғанда атап өтетін тойлары болады. Еуропалықтардың бұл дәстүрінің кейбірі қазақ отбасыларына да тән. Мысалы, отбасының күміс тойын, алтын тойын өткізуі. Біз енді отбасылық өмірдің әр жылындағы тойларға тоқталсақ.
Шыт той — отбасы құрғаннан кейін бір жыл өткен соң атап өтіледі. Бұл күні ерлізайыптылар бір-біріне шыт орамал сыйлайды. Ағаш той – отбасылық өмірдің бесжылдығына орай аталып өтіледі. Бұл күні ерлізайыптылар бір-біріне ағаштан жасалған бұйымдар сыйлайды. Раушан той – онжылдық бас қосу мерекесі. Бұл күні достар қонаққа шақырылады, барлығы қолдарына раушан гүлдерін ұстап билейді. Әйнек той – онбесжылдық той. Бұл күні сыйлық шыныдан істелген бұйымдар бо луы шарт. Әйнек – ерлізайыптылар қарым-қатынасының мөлдірлігінің куәсі болмақ.
Фарфор той – отбасы-лық өмірдегі жиырма жылдан кейін атап өтіледі. Шақырылған меймандарға тағамдар фарфордан жасалған жаңа ыдыстарға салынып тартылады. Күміс той – жиырма бес жылдан кейін аталып өтіледі. Бұл күні некелік алтын сақинаның қасына күміс сақина қосылуы керек. Інжу той – отыз жылдан кейінгі той. Бұл күні күйеуі әйеліне алқа сыйлауы керек, бұл өткен күндердің бәрінің де інжудей тартымды болғанының куәсі болмақ.
Кенеп той – отыз бес жылдан кейін тойланады. Бұл күні кенептен тігілген заттар сыйланып, кенеп дастарқан жайылады.
Лағыл той – қырық жыл өткеннен кейінгі мереке. Бұл күні сыйланған алтын сақинаға махаббат пен жалынның белгісі – лағыл орнатылған болуы шарт.
Алтын той – отбасылық өмірдің елу жылдық торқалы тойы. Мерекелік алтын сақиналар жаңа сақиналармен ауыстырылады. Гауһар той – отасқанына алпыс жыл өткенде тойланады. Мұны атап өту – ендігі жерде бұл некені ешкім бұза алмайды деген ұғымға саяды.
Темір той – ерлізайыптылық өмірдің алпыс бес жылдығында өтеді.
Тас той – мұның бір ерекшелігі, неке қиылғанына алпыс жеті жарым жыл өткенде аталып өтіледі.
Игілікті той – жетпіс жыл өткенде тойланады.
Тәждік той – бұл ең соңғы той болып есептелмек, отбасылық өмірдің жетпіс бес жылы өткенде атап өтіледі.
Той-тойға ұлассын, аға-йын!