Дін саласында көп жыл бойы еңбек етіп келе жатқан ғалым Абдулла Жолдасты танымайтын қазақ жоқ шығар. Бүгінде Алматыда тұрып жатқан ғалымның Шымкентке келгенін естіп, қаладағы бірқатар қалталы азаматтар көпшілікке арнайы дастархан жайып, ол кісімен арнайы сұқбат ұйымдастырған болатын. Мәуліт мерекесіне орай ұйымдастырылған салиқалы әңгіменің үзіндісін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Аға, кейбір мұсылман бауырларымыз ұлт туралы сөз қозғағысы келмейді. Тіпті салт-дәстүр мен өнерімізді де жоққа шығарғысы келетіндер бар. Бұл туралы не айтар едіңіз?
– Ұлт деген не? Құранда Хұжрат сүресінде: «Бір-бірлеріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әр түрлі ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдік», – дейді Алла-тағала. Бәрі бір түрлі болса қызық болмайды ғой. Ұлтты Алланың өзі мойындаған. Алланың жаратқан ұлтын қолдан жойып отырсақ, біз кім болғанымыз?
Кеңес дәуірінде 93 ұлт жойылған. Қазір де жалғасуда. Ал салафилер мен уахаббилер ұлтты жоюға көмектесіп жатыр. Ұлттың салт-дәстүрі, салт-санасы оларға керек емес. Бұл – оларға қазақ керек емес деген сөз. Онда не болды? Ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі керек болмаса, біз кім боламыз? Қазір халықаралық деңгейде тілі, дәстүрі және тарихы болса ұлт ретінде мойындалады. Бұларың болмаса, ұлт емессің.
Тіпті домбыраны да харам дейтіндерді көрдік. Мен бір жұмада домбыраны харамға шығарған сопыларға: «Домбыраның киесі сендерді ұрады», – деп қатты айттым. Домбыра ешқашан харам емес. Ол – Құдайдың қазаққа сыйлаған сыйы.
Жалпы, домбыра қашан харам болады? Құдайға, Мұхаммедке, Құранға, Ислам шариғатына қарсы шығып, оларды жоққа шығарса ғана харам болады. Ал біздің домбырамызда не харам бар? Онда жылап отырып тыңдайтын тәрбиелік нәрселер бар ғой. Терме, күй тыңдау күнә емес. Мен өзім компьютеріме термелер мен күйлерді енгізіп, бір мезгіл тыңдап отырамын. Харам мен халалға қатысты тарихта болған бір мысалды айтайын.
Бірде бір қой мен ит шатасады. Содан қой қозылайды. Ал енді осы мал харам ба, әлде халал ма? Ғалымдардың арасында талас туады. Былайша қарасаң, иттен пайда болған малды жеуге аузың бармайды. Бұл қарны тоқ адамның көзқарасы. Ал аш адам не істейді? Оны харам деп ойламай-ақ сойып, бір жеп алып, қарнын тойғызғысы келеді. Сонда Ислам ғұламалары ит пен қойдан пайда болған малдың алдына жоңышқа мен етті қатар қояды. Жоңышқа – қойдың сүйікті асы, ал ет – иттің сүйікті тамағы. Әлгі дүбәра мал етке мүлде қарамай, жоңышқаны жеген қой. Сонда ғұламалар: «Бұл – нағыз мал. Жеуге халал», – деп пәтуа шығарады.
Міне, әр нәрсенің себебін біліп барып, пікір-көзқарас айтқан жөн-ақ. Байыбына бармай: «Мынау болмайды, анау болмайды» десе, кім болғанымыз сонда?
– Дұға-батадан кейін бет сипау туралы не айтасыз?
– Бет сипау туралы пайғамабардың хадисі бар. Онда: «Аллаға дұға етіңіздер! Алақандарыңыз бен беттеріңізді онымен бірге сипаңыздар», – делінеді. Бұл бізге, сізге дәлел анық емес пе? Яғни дұға-батадан кейін бет сипау керек.
– Кейбір мешіт имамдары әруақ жоқ деп жатады. Сіздің бұл туралы пікіріңіз қандай?
– Біз әруақ сыйлайтын халықпыз. Әруақты аяқ асты етуге Құдайдан әмір жоқ, сыйлауға бұйрық бар. Тек соны өз дәрежесінде түсінуге кейбіреулердің ақылы жетпейді. Салафилер, уахаббилер әруақ жоқ деп байбалам салады. Әруақ – рух сөзінің көпше түрі, «жандар» деген мағынаны береді. Бірақ әруақ мұнымен ғана шектелмейді, мәселе тереңде жатыр. Пайғамбар өз хадисінде: «Әруақтар – Алланың қызметке шақырған әскері», – деген. Мұны сіздер жақсы түсінулеріңіз керек деп ойлаймын.
Менің Арыста нағашым тұратын. Сол кісі теміржолда істейтін. Жұмыстан келе жатқанда алдынан бір жынды шығады. Ол күллі Арысқа әйгілі жынды еді. Нағашым жындының қолындағы қайрап тұрған үлкен қанжарын көреді.
«Менің жолым соның алдынан өтеді. Басқа жол жоқ. Енді қашып береке таппайсың. Жаяуды былай қойғанда, мені атты адам да құтқара алмайтын еді. Ол жан адамға әл бермейтін әйгілі жынды болатын. Мен: «Тағдырым жеткен екен ғой» деп ойладым. Сосын: «Е, жаратқан Алла, өзің қолда, қорған бол. Мен біткен екенмін», – деп Құдайға сиынып әлгі жындыға қарай жүре бердім. Ақырын ілбіп келемін. Бір кезде тоқтап, әлгі жындыға қарасам, жынды маған: «Өт, иттің баласы, тезірек өтіп кет! Әбдіманғаз менің екі қолымды тас қылып ұстап тұр», – деп айқайға басты. Әбдіманғаз – оның марқұм атасы, яғни менің нағашы атам. Қасынан өтіп бара жатқанда көзім жындыға түсті. Сөйтсем жынды бозарып, сіресіп қатып қалыпты. Тек көзі мен аузы ғана жыбырлайды. Әйтеуір, бір ғайыптың күшімен атақты жындының қасынан аман-есен өтіп кеттім».
Тағы бір оқиғаны айтып берейін. Наманганда бір үлкен ғұлама кісі түрмеге түседі. Түрмеде бір милиция: «Ей, шал, анау күректі ал да, мына жерді қазып қой», – деп бұйыра сөйлеп, шалға өктемтік танытады. Өмір бақи «сен» деген дөрекі сөзді естімеген адам аңырып тұрып қалады. Ал милиция болса одан бетер тілін безейді. Содан қаны басына шақан шал әлгінің алқымынан ала түскен екен. Қасындағы адамдар ажыратпағанда, сол екпінмен әлгі милицияны буындырып өлтіріп қояды екен.
Содан ғалымды Әндіжандағы алты қабатты атақты түрмеге апарып, соның битке талататын бөлмесіне қамайды. Әлгі кісі камераға кірсе, іші толған бит екен. Ал биттер қаптап келе жатады. «Ой, шіркіндер-ай, сендер бар екенсіңдер ғой. Жарайды, мен сендерді өлтіріп неғылайын», – деп намазын оқып, Құранын парақтап, Аллаға сиынып отыра береді.
Арада үш күн өткенде түрменің бастығы ғалым жатқан камераға келіп, шалдың тірі екенін көріп таң қалады. Бұған дейін бұл камерадан тірі жан аман шықпаған еді. Сосын шалды алып шығып, жуындырып, тамағын береді. Түрме бастығы оған құрмет көрсетеді. Бұған ғалым да аң-таң болып, олардың әрекетіне түк түсінбейді. Тамақтан кейін түрме бастығы: «Бізді кешіріңіз, пенделік жасадық. Алайда, сіз қылқындырған қызметкеріміз бізге шал мені ұрды деп шағымданды», – дейді. Сөйтеді де сол милицияны шақырады. Қараса, расында милицияның бетінде қолдың ізі түскен екен. Адамға көрінетін беті қалмаған. Ғалым: «Мен битханада жатып, қалай оған қол жұмсай аламын», – дейді. Түрме бастығы да, әлгі милиция да таң-тамаша болады.
Милицияға көрінген әруақ қой. Басқа не болсын? Ғалым камерада қамалып жатса, оны қалай ұрады? Сосын түрме бастығы ғұламаны құрметтеп, Ташкенттегі Зәңгі ата абақтысына ауыстырады. Мұндай жағдайлар өмірде көп болған.
– Сіздің басыңыздан өткен бе?
– Әкем 8 айлығымда дүние салды. Оның алдында анам төркініне бір келгенінде атам оны әкеме қайтып жібермей қояды. Әкемнің жолдасы әрі сол елге күйеу бала болатын бір ағамыз: «Баламды бір көрейін» деп баланың әкесі сәлемдеме жіберді. Анасы мен баланы жіберіңіз», – деп өтініш айтады. Сосын атам ол кісіге анам мен мені қосып, ауылына жібереді. Орта жолға жеткенде кеш те болды. Қар жауған. Айналаның бәрі қамыс-қопа еді. Жұрт ол жерден Құдайдың күндізінде өтуге қорқады. Содан жолаушылар сапарды ертең жалғастырамыз деп бір жайлы жерге аялдайды. Сол кезде әкем марқұм қысылып жатқан екен ғой. Ағам: «Біз әкеңнің: «Бейшаралар есіктің алдына жете алмай қиналды ғой», – деп айтқан сөзін естідік», – деген еді.
Ертеңіне ауылға келсек, әкем жүріп кеткен екен. Бұл сөзді айтқан, әрине, әкемнің әруағы да.
Міне, осының бәрі біздің ақылымыз жете бермейтін тылсым жағдайлар екенін түсінуге болады. Өмірде мұндай жағдайлар көп. Әруақтар Алланың әскері болмаса, хабарды кім жеткізеді?
– Кейбір кісілердің қорғаушы періштелері бар деп жатады. Сол сөз қаншалықты рас?
– Түркістанда Икрам ишан деген кісі болған. Ол алты жасында «Бала ишан» атанған. Ол қалай ишан болды?
Бала әкесіз жетім еді, анасы жастай жесір қалған. Бір күні бауына су әкелуге анасы баласын жұмсайды. Ауылдың алты жасар баласы су айдауды біледі. Бірақ жарты жолда үлкен бір кісі баланы жетім әрі жас екенін пайдаланып, ұрып-соғып, айдап келе жатқан суын тартып алады. Сөйтіп ол баланы жылатып қоя береді. Бала анасына: «Бір кісі ұрды», – деп жылап шағым айтып келеді. Жесір әйелдің қолынан жылаудан басқа не келсін, анасы баласын құшақтап бірге жылайды.
Олар осылайша жылап отырғанда баланың марқұм аталарының әруағы баланы ұрған әлгі кісіге кәдімгідей көрінеді. Олар кісіні тапа-тал түсте ұрып-соғып, аттың бауырына салып, шаңға аунатып кетеді. Әбден таяқ жеген әлгі кісі үйіне келіп әйеліне: «Ойбай, мені Құдай ұрды. Ағайын-туыстарды тезірек шақыр», – деп еңірейді. Әйелі күйеуінің үсті-басы адам қарауға ұялатынын көріп, туыстарына хабар береді. Ағайын-туыстары жиналған соң әлгі кісі: «Мені әруақ атты. Пәленшенің баласына зорлық қылып арықтағы суды тартып алған едім. Пәленше-түгенше шалдар, ишандар келіп, аттың бауырына салып, мені әбден сабап кетті», – деп зар илейді. Сосын ол мойына ала арқан салып, айыбын жетектеп, әлгі жетім мен жесірдің аяғына жығылып, кешірім сұраған.
Міне, алты жасар бала осылай ишан болады. Жұрт оны содан кейін «Икрам ишан» немесе «Бала ишан» деп атаған. Құдай зәбір көрген кісіге осылай қорған болады.
– Сіз палшы-тәуіптерге барасыз ба?
– Мен палшыларға бармаймын. Маған олар неменеге керек? Мейлі, олар алдында болатын нәрсемді айта қойсын делік, мен сол болатын нәрсеге бірдеңе жасай аламын ба? Болатын нәрсе бәрібір болады ғой. Оған бас қатырудың қажеті қанша? Одан да Аллаға сиын. Оларға барып, тағдырыма болатын нәрсемді тексеремін бе, әлде Құдайды сынаймын ба?
– Дуа деген нәрсе бар ма?
– Дуа бар. Пайғамбарымызды да еврейлер дуалаған. Сосын ол қатты ауырды. Пайғамбар дуадан ауырса, біз оның қасында кімбіз? Дуаландың ба, оны тек дұғамен қайтару керек, оқытылу қажет. Ал оның әр түрлі жолдары бар.
– Сиқыр туралы не айтасыз?
Сиқыр – харам. Бірақ сиқырды білу керек. Жұртты сиқырламасаң да өзің сиқырланудан сақтанғаның жөн.
– Кейбіреулер: «Әруақ көзге көрініп, адамға көмектеседі» деп жатады…
– Иә, қиналған адамдарға Құдай әруақты көрсетеді. Осыған қатысты бір оқиғаны айтайын.
Пойыз жүргізушілері орамалын бұлғап темір жолда тұрған бір жас әйелді көреді. Әйел: «Тоқта!» – деп жан ұшыра айқайлап, пойыз алдына шығып алған. Жүргізушілер: «Бұл неғылған әйел? Неге тоқта деп жатыр?» – деп таңтанады. Олар поезды тоқтатып, жерге түсіп қараса… ешкім жоқ. Бірақ анандай жерде, рельстің үстінде бір сәби жатыр еді. Олар нәрестені алып, полиция бекетіне тапсырады. Содан полиция: «Мынау кімнің баласы?» – деп тексеру жүргізеді. Жүргізушілер болған жайтты түгел айтады. Полициялар: «Көрсеңдер, танисыңдар ма?» – деп бірнеше әйелдің суретін көрсетеді. Сонда олар бір суреттен өздері көрген әйелді таниды. Сөйтсе, ол әйел қайтыс болып кеткен екен. Одан бір бала қалған. Рельсте жатқан сәби сол әйелдің баласы екен.
Әйелі өлген соң, күйеуі басқа әйелге үйленеді. Ал ол әйел баладан құтылу үшін оны рельске әкеліп тастаған екен. Міне, Алла әлгі баланың өмірін сақтап қалу үшін анасының бейнесіне кіргізіп, бір әскер-әруағын жіберген ғой. Әйтпесе, әйел көрден шығып, көмектесті дейсіз бе?
Тәуіп-балгерлердің айтып отырған әруақтары далбаса. Мен айтып отырған әруақ басқа, қиыншылыққа түскен адамдарға Құдай әр түрлі жағдайлармен осылай көмек береді.
– «Жақсы, жаман істеріңді марқұм болған ата-анаң көріп жатады» деген сөз рас па?
– Бұл сөздің жаны бар. Ол туралы хадисте: «Пенденің амалы бейсенбі күні көтеріледі» делінеді. Яғни көтерілген амал алдымен Аллаға барады, сосын «үмбетіңнің жұмысы» деп пайғамбарға көрсетіледі, одан кейін амалың ата-анаңның алдына апарылады. Сонда: «Мынау балаңның істеген жаман амалы», – десе, ата-анаңның жүзі төмен болмай ма?
– Қабірде мал сою, үйді малмен қандау дұрыс па?
– Қандау да, қабір басына мал сою да дұрыс емес. Мұны Имам Әбу Ханифа жек көрген.
– Дұғаның қандай пайдасы бар? Онымен табиғи тылсым құбылыстарды жасауға бола ма?
– Пайғамбарымыз: «Дұғаның болғанына да, болмағанына да пайдасы бар», – деген. Ал дұға өте пайдалы. Дұғамен суды кері ағызып, жаңбыр жаудыру, осы сияқты ғажайып нәрселерді істеу бұрын болған нәрсе. Мен өзім де мұндайды көзіммен көрдім.
Түркістанда 1974-75 жылдары бір кісі біреуді есек қылып мініп алған. Бірақ оны қайта қалпына келтіре алмап еді. Сонда ол бәлені әкесі қайтарған болатын.
Тағы бір өзімізде болған оқиғаны айтайын. Бір ишан базарға барса, бір саудагердің үлкен бір түйені сатып жатқанын көреді. Ол жерден бір уыс топырақ алып, «суф» деп шашып жібергенде әлгі түйе еңгезердей бір жігіт болып шыға келеді. Сөйтсе, әлгі саудагер сол адамды сиқыр-дұғамен түйе етіп, базарға сатуға шығарған екен. Содан саудагер ел-жұрттың алдында масқара болып, алды-артына қарамай қашып кетеді.
Алла кейбір адамдарға осындай рухани күш береді.
– «Түс – түлкінің тезегі» дейді біреулер. Бұған не айтар едіңіз?
– Пайғамбар: «Менен кейін пайғамбар болмайды, бірақ түс болады», – деген. Түс деген хабар-аян ғой. Бірақ түсті пайдалана білу керек. Жаман түс көрсең, «Субханаллаһ» деп жүрек тұсына үш рет түкіру керек. Бұл төбеге келіп тұрған Құдайдың жіберген бәлесі. Аузыңнан шығарсаң, басыңа түседі. Сондықтан жаман түс көрсең, оны ешкімге айтпаған жөн.
Әңгімені жазып алған – Ә. АХМЕТ.
http://islam.com.kz/publ/abdulla_azhy_quot_rua_tar_allany_skeri_quot/16-1-0-406