Мемлекеттік мәселе______
Өз қайығымызды өзіміз шайқамайық
Ел болып еңсе көтергелі бері 20 жылға таяп қалды. Бір адамның өмірімен өлшегенде аз уақыт емес. Бұл 20 жастағы жігерлі, өскелең, жинақы жігіттің тас шайнап, мұз бүркетін кезеңі. Екінші жағынан қарағанда, бодандықтың қамытынан құтылып, ой-сананы сіңір болып кеткен ескі сүрлеуден шығарып бүгінгі жеткен биігімізге қарасақ, 20 жыл көп уақыт емес. Тәубе, іргеміз бекіді, ірі екенімізді таныттық. Ырыс – ынтымаққа, ынтымақ – бірлікке ұласып жатыр. Иә, біздің халық текті ұлт екенін дәлелдеді, тәуелсіздіктің ұйытқысы бола алды.
Әрине, бар мен жоқтың қатар жүретіні бар. Біз қазір барымызды түгендеп, бақ пен таққа, молшылыққа, момын малға кенелген кезде өмір сүрудеміз. Бірақ, дәл осылай бола береді деп, тоқмейілсіп бір орында отыра беруге болмайды. Дүние де, адам да, адамның санасы да көп өзгереді және тынымсыз дамуын жалғастыра береді. Осы жағдайда қай қоғам өз жағдайын саралап, бара жатқан бағытын бағдарлап, тынымсыз түзетіп отыра білсе, сол қоғамның келешегі жарқын да зор болары айқын. Міне, осындай сара жол ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға көшіп жалғаса беруі өмірдің заңы.
Біздер халық арасында көп жүреміз. Сонда байқайтынымыз, мынау байтақ елге, байтақ жерге қарап, неше түрлі ойға қаласың. Бұрынғы заманда телефон, радио, теледидар, пошта, бүгінгідей жол, әуе қатынасы жоқ, барыс-келіс аз кезде ата-бабаларымыз қалай осы даланы мекендеген халыққа ие болып, қалай басқарған, мұның астарында нендей кереметтер жатыр деп таңқалмасқа шараң жоқ. Ұлан-асыр мекенде бір тілде сөйлейтін, бір әнді барлық жерде айтатын, бір салтты тұтынатын, бір әдет-ғұрыпты ұстап, бір дінге ұйитын жұрт әлемде жоқ болуы керек. Осының бәрін қалыптан шығармай, халықтың көңілін тауып, ұйымдастырған біздің ата-бабаларымыз не деген кемеңгер, не деген шебер болған шіркін-ай, деп көзің жетіп, көңілің тояды.
Болмаса, ол кезде заң да жоқ, заң шығарушы орган да болмаған, бірақ соның өзінде сан салалы өмірдің кілтін қолда ұстап, ұлтымызды өркендетудің өркенді жолына салған сол данышпандардың баға жетпес қасиетін есіңнен шығармай күнде бас июге тұрарлық іс. Олардың озық ой-санасы ел ішіндегі жақсылықты жарқыратып көрсеткен, әттеген-айларды жөнге келтіріп отырған, ұлттың тектілігіне бір мысқал да шаң жұқтырмауды көзден таса, көңілден шет қалдырмаған.
Әрбір жағдайда мірдің оғындай дәл тиетін мақал-мәтелдер қаншама десейші. Қазақ тілге бай халық қой. Сонымен бірге, қыруар, аса күрделі істердің түйінін бір ғана сөзге әкеліп теліп, осы арқылы шешімін тауып отырудың жолын таба білген. Осы тұрғыда бүкіл халықтың болмысын, бірлігін, мықтылығын, тектілігін дүниенің төрт бұрышындай мығым ұстап тұруда, бәрі де бір А әрпінен басталатын төрт-ақ сөздің алатын орны ерекше болғаны байқалады. Олар – Алаш, Аттан, Асар, Алас сөздері.
Бірінші, Алаш сөзі ең басында бүкіл сақ әлемінің бас ұраны болғанға ұқсайды. Алаш ұраны айтылғанда Сақ елінің түкпір-түкпірінен атқа мінер азамат бірі қалмай жауға аттануға тиіс болған екен. Сондықтан да ешкімнің тісі бата алмайтын мықты ел болыпты. Бұл туралы тарихта мәлімет баршылық. Соның тек біреуін елдің есіне сала кетуді жөн көрдік.
Тарихта үш Майқы би болғаны дәлелденеді. Оның біріншісі – Ата Майқы би, екіншісі – ұран Майқы би, үшіншісі – ұлы Майқы би. Бұлардың әрқайсысынан біздің халқымыз айта жүретін аталы сөздер қалған. Мәселен, Ата Майқы биден “Ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш, қазақтан туған халықпыз” деген сөз. Бұл кешелі бері емес, сонау мыңдаған жылдар бұрын айтылған ұлы ұғым. Мағынасына қарап отырсаң, қазақ қандай халық екенін айдай анық айтып берген. Қараңызшы, қазақтан туған халықпыз дейді, түгел қазақ бір адамның кіндігінен тарапты, бір ұранмен өмір сүріпті, бір тілмен сөйлепті, бір дәстүрмен өмір кешіпті. Түсінген адамдарға бұл сөз бекер айтылған сөз емес. Ол кісілер келешекті көре білген, кемеңгер адамдар болған. Сондықтан осыны әдейі ұрпақ адаспасын деп шегелеп айтып кеткен.
Әрине, кейінгі шежірелерді де білген жөн. Бірақ бәріміздің түп-тамырымыздың бір екенін жарқыратып, жария еткен, бабалардан қалған осы бір қасиетті сөзді әрбір қазақ жадында сақтап, жиі-жиі айтып жүрсе нұр үстіне нұр болар еді.
Ал аттан деген сөз айтылса, сол бір ауылдың ер азаматы түгел атқа мінген. Мұндай жағдайда ешкім бұғып қала алмаған. Әркімнің белінде найзасы мен қылышы, белдеуінде бір аты үздіксіз байлаулы тұрған. Аттан деген сөз бүкіл бір елді атқа қондыратын, бірлікті бұзып, тірлікті талқандағысы келген қара ниеттерге соққы беріп, қалыпты күнді орнататын ұран екен. Аттан деп бір зұлмат жағдай бола қалғанда да немесе малға ит-құс шапқанда да елді ұйымдастырып қарсы шара қолдануға шақырып отыратын сөз болған.
Асар деген сөз қазақтың күнделікті өмірінде жиі кездесіп отыратын тіршілікті білдіретін сөз. Ел бірігіп тоған, арық қазса, біреу үй салса немесе әйелдер киіз басып, кемпірлер жүн сабап, күбі пісіп, тары ақтаса осындай жұмыстарға ауыл адамдары түгел жиналып ақысыз жәрдем етуге тиіс болған. Бұларға асар иесі тек тамақ берген. Мұндай жұмыстарға біздер де бала кезімізде жиі қатынасып өстік. Бұл өзі көңілді өтетін, елдің бірлігін нығайтатын, татулыққа шақыратын иманды іс болатын.
Алас сөзі, керісінше ел ішінде қатаң тәртіп орнатуға бағытталған шараны білдіретін ауыр сөз. Қалыптасқан салт, әдет-ғұрыптарды бұзғандарға қатал жазалар қолданылып отырған. Мысалы, бір ауылдың жетімі, жесірі қаңғып кетсе немесе ол ауыл құдайы қонақты қондырмаса, жетесіз жастары жеті атаға жетпей үйленсе, ондай ауылға немесе жеке отбасына айналасы алас жариялаған. Дене сүйегімізге таңба салды деп олармен қарым-қатынас жасамаған. Үйлеріне бармаған, үйіне кіргізбеген, қыз алысып, қыз беріспеген, ештеңе бермеген, ештеңе алмаған. Содан кейін бұл ауыл, не мұндай үйлер бөтен елге көшіп кетуге мәжбүр болған. Қатты жаза. Бірақ халықты тәртіпті ұстайтын әділ жаза.
Бұл сөздің екінші бір пайдаланылатын жері кей адамдардың денесіне дерт кірген болса оны тазалап шығаруды аластау деген. Осындай ұғымда сөздің мысалы ретінде де пайдаланылған. Міне, бұларды білгеннен адамдарға да, қоғамға да келер пайда көп.
Бүгінгі күнге келсек, уақыт өзгерді, заман жаңарды. Өзге жұрттармен қарым-қатынас көбейді. Қазақ ата-салты бойынша келген адамды төріне шығарып, төредей күткен. Осы күні де солай. Елдігімізді танытып, келіп жатқандарды құрмет көрсете қарсы аламыз, риясыз қабылдаймыз. Әрине, жақсылығын да көріп жатырмыз.
Бірақ, біз бұрын әңгіме де айта білетін, тыңдай да білетін халық едік. Ал еліктеуге жоқ едік. Енді империялық езгінің иммунитетімізді жоқ етіп жібергені ме, тіпті де еліктегіш болып кеттік. Мұның залалдары екі құлағы қылтиып әр жерден көрініп те қалып жатыр. Ішімізден бірен-саран адамдардың басқа дінге кірген қылығы қанша намысымызға тисе де, қойшы бұлар бір шіріген жұмыртқа болды ғой, өзімен кетсін деп қойып едік. Кешегі бір Ақтаудағы түрмеден қашқан 21 баланың ойраны елді бір дүр еткізді. Осының артынша “Жас Алаш” газетіне шыққан солардың ішіндегі бір баланың анасының жан айқайы, біздің де бойымызға бойлап, жайылып бара жатқан дерттің пайда болғанына көзімізді ашып, жағамызды ұстатты. Ауруыңды жасырсаң, өлім әшкере қылады дегендей, алғашқысы ауыр да болса жоғалған дүние еді. Ал мынау денеге жайылып бара жатқан ауру ғой. Осы елді ішінен ірітіп, бөліп, жарып бүлдіріп бара жатқан жара ғой. Қаршадай ғана балаларды қас-қағым уақытта санасын уландырып, адамгершіліктен жұрдай етіп, өзгертіп үлгереді деген кімнің ойына келген. Осындайлардың ішінен ата-анасынан, ағайын-туысқан, бауырларынан, бала-шағасынан, ұлтынан, отанынан безгендер табылып жатыр дейді. Білімнен бас тартып, қызметінен шығып кеткендер бар дейді.
Әке парызы, ана парызы, бала-шағаның алдындағы парыздары болады әр адамның. Бұл туралы құранның аяттарында, пайғамбардың хадистерінде де анық айтылған. Осының бәрінен бас тартқан адам, жақынына, ұлтына, отанына мейірбанды болудың орнына қатігездік жасаған адам, қалайша мұны имандылық деп түсінеді, қалайша бұл Аллаға жағатын іс деп ойлайды. Біле білген адамға бұл күнәнің үлкені емес пе?
“Жалғыз жүріп адасқанша, көппен бірге жол тап”, “У ішсең ұлысыңмен іш”, “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген сөздер бізге ата-бабадан қалған. Сендер беттерің басқа жаққа бұрылып, бізге бөтен болсаңдар, сендер туғанда неге шілдехана жасалып, жұрт неге қуанды, сендер бірінші қадам басқанда тұсау кесеріңді жасап әке-шешелерің неге жұртты жинап той жасады? Сендер туғанда отандарың неге елімізде бір азамат дүниеге келді деп есепке алып куәлік берді, қарақтарым-ау?! Мынау елді, жерді бізге қалдырған ата-баба жолын кім қуады, анау-мынау бола кетсе бұл елді, жерді кім қорғайды жаудан? Кім сендерді осы “бұл мұсылмандық жол” деп алжастырып жүрген?
Дұрыс түсінген адамға құран Алладан түскен өмір сүрудің тәртібі. Ол мейірбандыққа, тазалыққа, ұстамдылыққа, әділдікке, рахымдылыққа тәрбиелейді. Ислам деген сөздің өзі бейбіт өмір деген мағынаны білдіреді. Демек, қатігездік, зұлымдық, зорлық-зомбылық, лаңкестік, бейбіт адамдардың өміріне қауіп төндіру, қорқыту, үрейлендіруге барған адамдар ислам дініне қайшы, жат жолға түскендер болып саналады. Олар ислам дінінен өздері шығып кеткен адамдар болып есептеледі. Ислам дініндегілерге тек қана өзін амалсыз болғанда қорғау шараларын ғана жасауға рұқсат берілген. Жиі-жиі айтылып елді дүрліктіріп жүретін “жиһад” сөзінің өзі бір қырғын соғысты емес, әр адамның өзінің бойындағы пендешілігін жеңу үшін жүргізетін күресін білдіретін сөз. Бұл туралы 2009 жылы Алматы қаласындаға “Хикмет” баспа үйінде басылып шыққан Ислам танушы ғалым Осман Нұри Топбаштың махаббат және мағрифат атты кітабының 182-бетінде: Нәпсіні тыйып, соның жолында шын ықыласпен күреске кірісу маңыздылығы мен қиындығына орай, “жиһад әкбәр” деп саналған. Бұл сөзді Пайғамбарымыз саллаллаһу әлейһи уә сәлләм өте қиын болған Тәбук жорығынан қайтып келе жатқанда: “Енді кіші жиһадтан үлкен жиһадқа оралдық” – деп айтқан екен бар болғаны. Осыдан үлкен бүлік шығаруға бола ма?
Осы жағдайлардың бәрінің тонын теріс айналдырып, елді алжастыруда не мән бар? Әзірге көзге көрінетіні, бір жасырын күштер осыны шебер пайдаланып, бар айналаға ислам дінін құбыжық етіп көрсетуде. Екіншісі, ислам мемлекетінің ішкі жағдайларын шиеленістіріп, өз ішінде бүлік шығарып, бірін-бірі қырғынға ұшыратуда. Мұндай әртүрлі ағымдар кіріп алған мемлекеттердің бәрінде де тіршілігінде береке жоқ, елі аш-жалаңаш, күнде қырғын, оның бәрін өздерің көріп, естіп отырсыңдар. Олардың саны біраз ел болып қалды қазір. Қарақтарым-ау, іздегендерің осы ма? Бізді неге осындай жағдайлар ойлантпайды.
Тағы бір айтатын жай, дінді елге түсіндіргенде көп мәселені терең ойланып барып, халықтың өміріне зиян келтіріп алмайтын жағына мұқият қарап отыру керек. Өйткені, көп мемлекеттерде бар ағымдар бізге тура келе бермейді. Мысалы, тіпті осы ислам діні түскен елдің өзіндегі қазір орын алған ұстанымдар бізге қайшы. Олар діни монархиялық мемлекет. Ал біз зайырлы, демократиялық елміз. Бізде зайырлы мемлекет болғандықтан әр бала мектепке барып білім алуы керек, ал оларда мұндай талап жоқ. Мысалы, ілім мен білім таразының екі басындай бірге, тең жаралған дүние. Оларда ілім терең тарауына барлық мүмкіншілік жасалған, есесіне білім кенжелеп, кейін шегініп қалып қойған. Білім төмен жерде ғылым дамымайды. Діни кітаптардан басқа әдебиет жоқ. Мәдениет туралы сөз қозғауға болмайды. Театр жоқ, кино жоқ, өлең жоқ, теледидарда тек қана діни уағыз.
Осымен айналысып жүрген біраз жігіттер ештеңе емес, бір-екі айтқандарын істеп ары қарай құтылып кетеміз деп ойлайтын шығар. Қателесесіңдер! Бұл зомбылаудың бірінші ғана сатысы. Ары қарай да қыр соңдарыңнан қалмайды, 13 сатысынан түгел өтіп мәңгүрт болғандарыңа дейін жалғаса береді. Тыныштығыңнан түк қалдырмай түтіп жібереді бәрі.
Сөз жоқ, ислам діні түбінде барлық адам баласы шоғырланатын келешегі зор, күшті дін. Оны зорлықпен де, қорлықпен де, үркітумен де, алдаумен де, ақшамен де енгізуге болмайды. Ол тек қана таза жүректен шыққан Алланың ақиқатын адамдардың санасына біртіндеп, тамшылатып құйып отыру арқылы ғана тарайтын дін.
Осы бағытта біршама дұрыс істеліп жатқан жұмыстардың қатарында теледидардағы жаңа ашылған діни ұғымда әңгіме жүргізетін арнаны айтса болады. Әсіресе, аяттарды дауыстап оқып, мәтінін табиғаттың көрінісімен қатар беріп отыру үйлесімді және жүректе терең сезім қалдырады. Әйткенмен, кетіп жатқан кемістіктері де аз емес. Жаңа имандылыққа бет бұрған адамдарға неден бастау керек, алдымен нені білу керек соны түсіндірудің орнына немесе осы бүгінгі қоғамда қандай жағымсыз істер, зорлық-зомбылық, қорлық, қастық, адам тонау, кісі өлтіру, қарақшылық, жемқорлық, ұрлық жасау, кісі жамандау, зияндық келтіру, сиқырлау сияқты толып жатқан күнәларды жасағандарды ертең о дүниеде не күтіп тұр, ақырет деген не, тозақ деген не осыларды түсіндіріп имандылық жағына елді тарту орнына басқа жаққа кетіп барады. Оның орнына қазақтың жанына қайшы келетін, ешқандай шарасына сыймайтын, ата-бабаңды ұмыт, олардан без, әулие дегенге барма деген әңгімелермен елдің зәресін ұшырып, шошытуда.
Аллаға ширік келтіруге болмайды деген әңгімені шығарып алды да, міне осыдан шыға алмай жүр. Құранда, әрине, мұндай аяттар бар. Өйткені, Мұхаммед (ғ.с.с.) пайғамбар ілімі жаңадан бастағанда ол кезде жағдай тіпті де басқаша еді. Адамдар бір Алланы білмеген, не болса соған сенген. Сондықтан солардың бетін қайтару керек болды. Сөйтіп, бұл ол кезде өте ауыр, шиеленіскен мәселелердің бірі еді. Ал қазір мұндай мәселе жоқ. Адамдардың барлығы да 18 мың әлемнің жаратушысы және оның иесі бір Алла деп біледі. Сенетіндер тек қана бір Аллаға ғана құлдық ұрады. Бірақ, сонымен қатар, басқа ұлы бабаларының, әке-шешелерінің басына барып та зиярат жасайды. Бұл екеуі бір-біріне қайшы келетін ұғым емес. Зиярат деген сөз де арабтың сөзі. Әруақтар сендерге не береді дейді. Ештеңе бермесе бармау керек пе екен? Әруаққа бірдеңе алу үшін бара ма екен? Әруақты риза ету үшін барады. Осы елді, жерді, халықты сақтап қалдырған сол ата-бабаларымыз. Енді олардың басына белгі қоймай, ешкім бармай атын ұмытатындай не жазды олар ұрпақтарына? Сонда осы ұрпақтарының кім болғаны? Егер бір пақыр не әке, не шешесі, небір басқа бір жақыны дүниеден өтіп, соған жетісін, қырқын, жылын беріп құран оқытып Аллаға жалбарынып жатса, күнәларын кешіріп, жеңілдік жасай көр деп, қалайша ондай адамдарға Аллаға ширік келтірдің деп айып тағуға болады.
Бір уағыздаушы теледидардан былай деп сөйлейді: “тек қана бекітілген Мекке, Иерусалим қалаларына ғана зиярат етіп баруға болады (кім бекіткен, қайда бекіткен?). Басқа қасиетті жерлерге барса ол “уже многобожие” болып саналады екен”. Кісі сөз айту үшін сол сөздің мағынасын терең ұғып алуы керек емес пе? Бүкіл әлемнің иесі Алла қайда әулие қайда, “многобожие” болу үшін, адам менің тағы бір басқа құдайым бар еді деп оған да арнап өзгеше намаз оқып құлшылық жасауы керек емес пе? Ондай жағдай жоқ. Онда неге жоқ жерден дау шығарады?
Біз ғалымдармыз деген екі жігіт, сөреде жиналып тұрған кітаптардың қасында тұрып: “Міне, әлемдегі барлық Геродоттан бастап жазылған ескі кітаптар. Осылардың барлығын қарап шықтық. Ішінде әулиелер, әруақтар және оларға берілетін құдайы тамақтар туралы бір ауыз да сөз жоқ” дейді. Осындай өтірік айтатындай не зор келді екен сонша?
Мақұл, онда біздер де кітаптарды ашып көрейік. Қытайдың тарихшы-ғалымы, профессор Су Бихай өмірінің көбісін қазақ халқының тарихын зерттеуге арнаған жан. Сол кісінің жазған “Қазақ мәдениетінің тарихы” деген кітабының 162-бетінде былай деп беріліпті: “Ханнама. Ғұндар баянында”: “Көкек айында тайпа басшылары тәңірқұт ордасына жиналып тасаттық береді. Ерентұз айында Аждаһа қаласына жиналып, ата-баба рухына, аспан мен жерге, әруақтарға сиынады” деп жазылғанын келтірген екен.
Осы қытай еліндегі мәліметтерді зерттей отырып сол елдің белді тарихшылары 1987 жылы “Қазақтың көне тарихы” деген үлкен еңбек шығарды. Ол кітап 1993 жылы Алматыда кириллица әрпімен бастырылып шықты. Сол кітаптың 94-бетінде мынадай бір мәлімет берілген: “Қаңлылар ата-аналарының әруағына табынған. Қаңлы елінде ата-бабалар мазары бар, әр жылы маусым айында барлық иеліктер жиналып ата-бабаларына шек береді”. Бұл жолдарды олар “Суй патшалығы тарихы, батыс өңір шежіресі” кітабының 83-бөлімінен алған екен.
Енді Геродотқа келейік. Бұл кісі де біздің халқымызды аз зерттемеген. Өзінің әлемге белгілі ұлы еңбегінің 250-бетінде ол кісі былай депті (Біз сенімді болу үшін сол кітап аударылған тілінде беріп отырмыз): “Ведь у скифов нет ни городов, ни укреплений и свои жилища они возят с собой. Все они конные лучники и промышляют не земледелием, а скотоводством; их жилища в кибитках. Как же такому народу не быть неоделимым и неприступным”.
Бейітке белгі қою, құдайы беру мәселесіне келсек, дәл тауып айту қиын, бірақ өте ерте ықылым замандардан бері жасайтын рәсімдер екені көрініп тұр. Ондай рәсім болмағанда біз Күлтегін, Тоныкөк, тағы да басқа кісілердің басындағы белгі тастарын тауып, жазуларын оқып, ол кісілердің нағыз біздің бабаларымыз екеніне көзіміз жетіп қуана алмас едік қой.
Геродотта бұл туралы мынадай бір әңгіме бар. Парсы патшасы Дарий 700 мың әскер жинап, скифтерді мен жеңемін деп шабуыл жасайды. Скифтердің әскері аз жиналып қалып, амалсыз бір әдіске көшеді. Дариймен тіке шайқаспай, жерінің алыс шөлейт жеріне оларды тарта береді. Бұдан шаршаған Дарий, адам жіберіп “сендерді батыр халық деуші еді, сендер неге бізбен ашық соғысқа келмейсіңдер” депті. Бұған осы кітаптың 176-бетінде былай жауап беріпті: “Если вы желаете во что бы ни стало сражаться с нами, то вот у нас есть отеческие могилы. Найдите их и попробуйте разрушить, и тогда узнаете, станем ли мы сражаться за эти могилы или нет”. Бұл соғыста скифтер жеңіске жеткен екен. Бірақ әңгіме онда емес, ол осы халықтың ілгері заманнан бабаларының мазарларын қастерлеп, оны жан-тәнімен қорғайтын болғандықтарында.
Ал скифтердің құдайы тамақ беруі жөнінде де Геродот өзінің кітабында көп жерде қайталап, терең әңгіме шертеді. Сол кітабының 253-бетінің ең соңында “60. Обряды жертвоприношений всем богам и на всех празднествах у них одинаковы и совершаются вот так: жертвенное животное ставят со связаннымми передними ногами. Приносящий жертву, стоя сзади, тянет за конец веревки и затем повергает жертву на землю. Во время падения животного жрец взывает к богу, которому приносит жертву. …В жертву приносят также и других животных, в особенности же коней (астын сызған біз – Ө.Б.)”.
Ал енді 255-беттің екінші абзацы 63 пунктінде “Таковы обряды при жертвоприношениях у скифов. Свиней (қарайтқан біз – Ө.Б.) они не приносят в жертву и вообще не хотят разводить этих животных в своей стране”.
Тағы да осы кітаптың 235-беті екінші абзацының екінші бөлімінде скифтердің биенің сүтін ішетіндігін әңгіме еткен. “Всех своих рабов скифы ослепляют. Поступает они так, из-за молока кобылиц, которые они пьют” (кітаптың соңында көздері байлаулы деп тұтқынға түскен кимериліктерді айтатынын түсіндіреді).
Кітаптың 426-беті екінші абзацында “…Саки же (скифское племя)… деп келеді де… Персы ведь всех скифов зовут Саками (қарайтқан біз – Ө.Б.)”, – дейді. Мұны сол кезде сол сақтарды да, гректерді де көзімен көріп, екі елді де аралап, сұрап зерттеген тарихтың атасы деп әлем атаған Геродот жазып отыр.
Сол кездегі өмірді көзімен көрген адам тайға таңба басқандай етіп анық жазған. Енді содан 2,5 мың жыл өткеннен соң біздің кейбір тарихшыларымыз Геродоттың өзін жөндегісі бар. Өздерінше тон пішіп, скифтерді басқа халыққа апарып, сақтарды парсылар етіп дәлелдейміз деп әуре болып жүр. Оған парсылардың өзі көне ме, жоқ па, онда шаруасы жоқ. Бұларға енді не дейсің.
Осы жерде бір-бірімен байланысы жоқ, арасы көк пен жердей, қашық Грек елі мен Қытай елінің біз туралы айтқандарының бәрі бірдей болып тұр. Геродот грек халқымен салыстыра келіп: “Оларда гректердікіндей көп құдай жоқ, олар бір-ақ құдайға сенеді”, деп кеткен жері бар. Сондықтан бұл жерде айдан анық көрініп тұрған бір-ақ нәрсе бар, ол біздің халқымызда көп құдайлық атам заманнан бері, бұрын да болмаған, қазір де жоқ.
Патшалардың мәйітін құрметтеп ел аралатып, халқымен қоштастырған. Қазір де ұлы адамдарын ел жиылып арулап шығарып салады, барлығы бір-бір уыс топырақ салады. Ал өлген адамның мәйітін ешкімге көрсетпей, айтпай, жаназасын шығармай апарып көме сал дегенді қазақ нағыз анайылық, барып тұрған көргенсіздік деп біледі.
Мұхиттың: “Сен қалған отыз ұлдан едің Зәуреш, бір уыс бұйырмады-ау топырағың”, деп бір уыс топырақ сала алмағанына өкініп, зар жылаған әкенің зарына, осы ән айтылғанда барша қазақ қосылып зарлаушы еді. Енді оларға, қой, ол өлеңді айтпаңдар, олай айту дұрыс емес екен, енді мәйіттерді басқаша жерлейміз дейміз бе, не дейміз? Ол дүниелік болған адамға, қоштасып, бір уыс топырақ салу, әр қазақ үшін марқұмның әруағы алдындағы ең үлкен парызы емес пе? Мұның “көпқұдайлыққа” қандай қатысы бар?
Дүниеден өткен адамдардың басына барма, құран оқыма, басына белгі тұрғызба, ешкімді әспеттеп қалаларда ескерткіш қойма, оларды ұлы адамдар деп дәріптеме, ол “многобожие” болады, дейді. Астапыралла! Енді Ұран Майқы би бабадан қалған бір сөз бар еді:
“Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер”, – деп.
Енді осы сөздерге:
Абылайсыз, Абайсыз,
Қазақ қалай күн көрер, деп қосып айтар күн келіп қалған сияқты.
Сонда осы біздің халқымыздың істеп келе жатқан тіршіліктері иманға, құранға қайшы ма? Кешеге дейін мұсылманша осылай жасау керек деп, молдалардың айтуымен жасалып келді ғой осының бәрі! Жоқ, ешқандай қайшылық жоқ. Онда бұл не тіршілік?
Онда бұл дінге қатысы жоқ басқа тіршілік. Саясат. Білдірмей келіп бойыңды алып, түбіңе жететін қу саясат. Алдымен ата-бабаңның атын ұмыттырып, тарихыңнан қол үздіреді, өлең, күйің, әніңнен айырады, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпыңды түгел жойып, жоқ етеді. Содан кейін халық тамыры сөніп, үзілген қаңбақтай, жел қайда қуаласа солай зымырап, дөңгелеп ұша жөнеледі. Қай сайға қуып тықса, сонда жатады. Міне, осыдан кейін халифат боласың ба, басқа боласың ба, кім білсін? Әйтеуір, өз тағдырыңа өзің ие болмайтының анық. Сенің еркіндігің өзіңе керек болмаса, кімге керек?
Елімізде бүгінгі күнге 2200-дей мешіт салынып, жұмыс істеп тұр екен. Үлкен-үлкен мешіттер салынуына мемлекет те қол ұшын беріп жатыр, жер-жердегі кіші мешіттерді ел ішінен шыққан азаматтардың өздері-ақ салып, ешкімнің көмегінсіз жайлап алға жылжып келеміз. Бәрі өстіп орнына келері сөзсіз. Тек қана артық қыламыз деп жүріп, тыртық қылып алмайық.
Солардың айтқаны бола қойды дейік. Сонда елдің бәрі тырп етпей үйлерінде отырады. Бейіттердің, әулие, ұлы бабалардың бәрінің басы қаңырап бос тұрады. Бір адам келмейді. Бұлардың ішінде Ғайып Ерен Қырық Шілтен, Қазығұрт, Укаш Ата, Арыстан Баб, Түркістан, Қорқыт Ата, Пір Бекет Ата, Баба түкті шашты Әзиз, Әулие ата, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Айша Бибі, Райымбек Баба, Қабанбай батыр, тағысын тағылар бар. Бұлардың бәріне үлкен инфрақұрылым салынған, жолдар, мейманханалар, елді күтетін, демалдыратын орындар. Жалпы айтқанда, қайнап жатқан өмір. Осы өмір тоқтап, сөніп жоқ бола ма? Басқаның бәрін қойғанда бұл дамып жатқан ішкі туризм ғой. Адам бір жерде отырып өмір сүре алмайды, жүргісі келеді, көргісі келеді. Еш болмаса ауылының қасындағы көк төбені көріп келгеніне мәз болатын қазақпыз. Қазір жол бар, көлік бар. Көріп көңілі көншиді, рухани тазаланады, әртүрлі діни, ғылыми мағлұматтар алып, түсінігі кеңейеді.
Жақында ғана Пір Бекет Атаның 260 жылдығы аталып өтті. Оған еліміздің көптеген белгілі азаматтары барып қайтты. Басқа елдерден де ресми қонақтар келді, Парламенттің депутаттары болды, еліміздің бас мүфтиі Дербісәлі қажы да қатысты. Осы халық тізбектеліп таудан Атаның кесенесіне жүріп келе жатқанда, кәдімгі түздің тағысы, үлкен құлжасы басқарған бақандай бес арқар көлденең келіп, елге қарап, тоқтап, жол сұрағандай ишарат білдірді. Ел мұны түсіне қойып, арасын ашып жол берді. Олар еш асықпастан, жүгірмей, жәй, әдеміленіп, кербезденіп жолды кесіп өтті. Және қашқан жоқ, сол бойында өздерін көрсетіп көп тұрды. Ондайды, алдыңдағы күнде бағып жүрген қойларың да істемейді.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын барғанымызда ол жерде топ-топ болып жүрген 30-40 арқарлар жүрді қасымызда, осыншама шамалас бұл өңірде тіпті болмайтын, биік тауларда ғана өмір сүретін ұларлар жүрді ұшпай, бір таудың қапталында сансыз шілдер ұшып-қонып, ойнап-тойлап жатты. Бір құдірет болмаса осындай құбылыс, жай уақытта, жай жерде кездесе қоя ма?
Сендер осы әулиелерге соғыс жарияладыңдар, одан басқа жұмыс жоқ па? – деген сұраққа, олар біз әшейін Аллаға серік қоспасын деп, Алланың атын қорғау үшін айтып жатырмыз дейді. Естеріңде болсын, “Алла ешбір пенденің өзін қорғауына, қолдауына мұқтаж емес”. Өйтіп мүләйімсіп, күнәһар болуға болмайды. Кім қателессе, Алланың алдында өзге емес, тек өзі ғана жауап береді. Он сегіз мың ғалам да, бәріміз де бір Алланың алақанындамыз. Ол емес, біз Алланың қорғауына мұқтажбыз, біз Алланың қолдауына мұқтажбыз!
Алла тағала айтқан: “Қаһарым келсе бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйғызамын, мейірімім түссе, бүкіл адамдардың көзінен нұр тамызамын!” — деп. Демек, Алланың қолынан бәрі де келеді. Алдымен адам Алланың қаһарына ұшырамауды ойлауы керек. Соңғы жылдары жиілеп кеткен үлкен апаттар мен опаттар, цунами, жер сілкіну, топан сулар мен түсініксіз өрттер, жанартаулардың атқылауы әлі Алланың қаһары емес, ескертулері ғана. Әр осындай ескертулерден адамдар одан қорытынды жасап, өз кінәларын мойындап, Алладан кешірім сұраулары керек. Егер бұдан кейін қателерін түземесе, нағыз қаһар сонда болуы мүмкін. Кейбір жерлерге ауыртпалықтың қайта-қайта, әр түрлі болып түсуі осымен байланысты. Жамандыққа жамандық, жақсылыққа жақсылық деген осы. Бұл әр халыққа да, әр адамға да беріп отыратын Алланың әділ бағасы. Түсіне білген адамға өмір осылай реттеліп отырады.
“Бақ, қайда барасың?”, дегенде, “бірлікке барамын” деп жауап берген екен дейді. “Сендер бөлінбеңдер” деген Алладан түскен сөз Құранның аятында да бар.
Адамның сыртқы көрінісі туралы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өз аузынан шыққан бірден-бір әңгімесін жоғарыда айтылған түрік ғұламасы Осман Нұри Топбаш өзінің кітабында беріпті. Сол кітаптың 112-бетінің бас жағында: “Хазіреті Пайғамбар… Киімді дұрыстап киюді әмір еткен. Киімнің алабажақ, салмақсыз болуын қош көрмеген Хазіреті Пайғамбар саллаллаһу алейһи уә сәлләм шаш пен сақалдың жалбырап жүруін ұнатпаған. Бір күні Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләм мешітте отырғанында шашы мен сақалы бір-біріне шатысқан бір кісі кіріп келді. Хазіреті Пайғамбар саллаллаһу алейһи уә сәлләм қолымен оған шашы мен сақалын түзетуін ымдады. Ол кісі бұл әмірді орындағаннан кейін Аллаһ Расулы саллаллаһу алейһи уә сәлләм:
“Осы хал қайсібірің болсын шашы-басы жалбырап жүргеннен гөрі абзал емес пе?” – деп бұйырды. (Муатта, Шаар, 7; Бәйхаки, Шуәбул-Иман, V, 225).
Жасыратыны жоқ, мұсылмандардың киім киюі жөнінде қазір қоғамда пікірталас күшейіп тұр. Осының да ешкім анығын ашпай, екі жақ та өзінікін дұрыс деп айтуда. Шын мәнісінде біздің түсінігімізше мұсылмандардың киімі былай болу керек деген нұсқа жоқ. Кітаптарда осы айтылған жайға қоса айта кететін бір ғана түсінік бар. Ол әйел адамдардың ұятты жерлерін көрсетпей, жауып, киініп жүруі дұрыс екендігі туралы.
Адам баласы жаралғаннан бері біздің қазақтың қыздарының басына орамал салынбаған еді. Ал, әйелдерінің жүзі жарқын болып келді. Бірақ еркектер де, әйелдер де өзінің жалаңаш денесін көрсетпеген. Киім кию тәртібі жөнінде де айтылып кеткен бір бағалы мәлімет бар. Оны Геродот өзінің кітабының 600-бетінде төртінші абзацында былай берген. “Заметно ироническое отношение грека к некоторым восточным обычаям. Стыд который вызывало у варваров обнаженное тело, мог показаться греку, проводившему большую часть дня обнаженным на палестре, нелепым и смешным предрассудком” – деп. Ал сол кітабының 426-бетінің екінші абзацында “Саки же (Скифские племя)… Они носили штаны” (қарайтқан біз – Ө.Б.) деп берген. Шын мәнінде шалбар киюді әлемге таратқан сақтар еді. Кім қалай киінеді, әрине, әркімнің өз жұмысы. Бірақ біреулердің бір халыққа өзінің салт, әдет-ғұрпын, түрі-басын өзгерттіріп, тез арада басқа елдікіне көшіреміз деуі ешқандай ақылға келмейтін тіршілік.
Біз негізінен мұсылмандар тұратын елміз. Екінші жағынан біз өркениетті елдің азаматтарымыз. Дәл бүгін біздің халқымыз дүние жүзіндегі әдемі, жарасымды, тіпті, сылқым киім киетін халықтардың бірі болып саналады. Оны барлық елдер де солай баға беріп айтып жүр. Бір заманда қазақтың даласына дәруіштер қаптап кеткен екен. Халық өзі қабылдай қоймаған соң, олар кеткен екен келмеске. Біраз жыл бұрын біздің қыз-келіншектер де басқа жаққа ауытқып, денесін жалаңаштап жүруді сәнге айналдырып алған еді. Оны да халық жақтырмай, ерсі тіршілік деп балағаттаған соң ол да қалып бара жатқан сияқты. Осы ары-бері ауытқып, астымыздағы қайықты шайқалта бермей, осы жағдайымызды сақтап, алдыңғы қатардағы елдердің бірі деген атаққа ие болғанымыз дұрыс сияқты.
Біздің халқымыз мықты халық. Біздің халқымыз үлкен қасиеті бар халық. Біреудің ала жібінен аттамаған халық, қой аузынан шөп алмаған халық. Есіктен кіріп келген кісіге кімсің демей, төрлет деген халық, көрпесін төсеп, дастарқанын жайған халық. Қырықтың бірі қыдыр деп, өзі аш отырса да, барын келген кісіге берген халық. Дүниеге сенім-нанымы күшті халық, әр ісінің ар жағында бір кемеңгерлік пен даналықтың көрінісі білініп тұратын текті халық. Қаншама ғасыр қорлап, зорлап, тырналап, мазалап, мазақтап, жоқ етеміз дегенде де бой бермей осы қалпын сақтап қалған халық. Осыншама сынақтан іркілмей өтіп, Алласын аузынан тастамай, дінін берік ұстап қалған халық. Сол үшін де Алла қолұшын беріп, маңдайының бағын ашты. Шүкір, Алланың енді берер жақсылығы мол болар деп деп үміт етеміз. Бізді алдымызда жарқын болашақ күтіп тұр деп сенеміз. Тек қана өз тіршілігімізді өзіміз бүлдіріп алмасақ болды. Ол үшін әр адымымызды аңдап басқанымыз жөн. “Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында” деген. Біз біраз дүниені көрген адамбыз, біраз дүниені зерттеп, зерделеген адамбыз. Біз де жас болғанбыз, өздеріңдей әр нәрсеге еліктеуіміз де болған. Бірақ мына нәрсе ойын емес, мұның арты өртке айналып кетуі мүмкін. Мұны кім ұйымдастырып отырса да, халқымыздың тыныштығын кетіріп, ішінен ірітіп, быт-шытын шығаруға жасалып жатқан әрекет. Осындай бір бәленің жайылып келе жатқанын байқап, аурудың алдын ал дегендей, біз айтпасақ кім айтады деп, Аллаға сыйынып, қолыма қалам алдым, шын жүрегімнен шыққан сендерге деген аталық сөзімді айтуға бел байладым.
Қарақтарым, келіңдер, бірге жақсылап ойланайық. Жақсы мен жаманның арасын ажыратайық. Дұрысы қайсы, бұрысы қайсы екенін анықтайық. Содан кейін барып, қай жақ дұрыс болса, сол жаққа қарай барлығымыз бірігіп бетімізді бұрайық.
Алла адамдарға “мына дүниені жасап, сендерді ие еттім. Осыларды дұрыс пайдаланып, бақытты өмір сүріңдер” деген екен. Кейінірек бейбіт өмір деген ислам дінін түсіріпті. Міне, осы екі нәрсені дұрыс түсінсеңдер, қателеспейсіңдер. Әркім өз еліне, өз жеріне, өз халқына еңбек ету керек. Біреудің алдауына түсіп, алжасып, басқа бір елдің қанын төгіп, күнәһар болған адам оңбайды. Адам баласы бақытты олай іздемейді. Бақытты отанына, халқына, жанындағыларға жақсылық істеу арқылы ғана табады. Сондайларға ғана Алла жұмақтың есігін ашады. Адасқан, бөлінген, елін бүлдірген адамдардың ақыреті жаман болады, қарақтарым. Біз дұрысын айтамыз, сеніңдер бізге.
“Адасқанның алды жөн, арты соқпақ” демей ме Абай, қайтыңдар райларыңнан. Қара нәрседен қашық болсаң аман боласың. Онсыз да біраз боздақ босқа кетті дүниеден. Бізге әрқайсыңның өмірің алтыннан да қымбат. Біздің шамалы халқымызға соның өзі де көп болып отыр. Ол оның үстіне жаман үлгі. Енді Алла ондайды біздің басымызға бермесін. Тыныштық бәрінен де қымбат. Алла да бізге соны тілеген.
Дүниеден құрып кетпеуің үшін ұлтың күшті болу керек, біреуге құл болып кетпеуің үшін отаның күшті болу керек. Күшті мемлекет болу үшін бірлік күшті болу керек. Сондықтан да, бәріміз: “Иә, Алла тағала, біздің қай уақытта да бірлігімізді бере гөр, Иә, Алла тағала, біздің мәңгі тыныштығымызды бере гөр, Иә, Алла тағала, бізге өзіңнің тура да, ақ жолыңды бұйырта гөр”, деп тілеу тілейік, ағайын.
Өмірбек БАЙГЕЛДИ.
Егемен Қазақстан газеті
3 Қараша 2010