Қасиетті Құран Кәрімде: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық»/ Хұжырат, 49-13/ – деген сөз бар.
Шүкіршілік етелік, Жаратушының бізді ұлт етіп жаратқан кеңшілігінде мін жоқ. Ал осы ұлтты ұлт есебінде ұстап қалу, өзімізше ойласақ, әрбір қазақтың, сол қазақ тіршілік етіп отырған мемлекеттің ең негізгі міндеті! Демек, халқымыздың тілімен емес, ділі, жүрегі дін деп соққан зиялылары осы тұрғыда исламға өз жанашырлығын танытулары керек. Бізге ешкімнің емес, таза қазақия діни құрылымы мен дәстүрі қажет. Ол мәселен пір ұғымына негізделген жүйе.
Оқырманға түсінікті болу үшін алдымен пір деген сөзге және оның Қазақ еліндегі тарихына назар аударалық. Осы орайда ойға Еңбек Ері, жазушы Әбіш Кекілбаевтың төмендегі сөздері оралады: «Халық ұғымы табиғатқа саясаттан да көбірек әрі тікелей тәуелді көшпелі үрдіс – рух ықпалын қашан да бірінші орынға қойған. Олар табиғи өзгерістердің өзіндік жүйесі мен заңдылығы барын ежелден аңғарды. Оны өз өзінен емес, санадан тысқары әлдебір құдіреттің еркімен болып жататын құбылыстар деп түсінді. Қауым сол өзгерістерден аман-сау қалу үшін табиғатқа ықпал ете алатын құдіретті таба білу керек деп санады. Бұл кез келгеннің емес, айрықша қасиетке ие болып жаралған әруақты адамдардың – абыздардың ғана қолынан келеді деп есептелді.
Ондай қасиеттерімен көзге түскен адамдардан халық билік иелерінен бетер айбынып, аса зор құрмет тұтты. Биге құлақ асса, сардарға бағынса, пірге табынды. Хан ауысса да пір ауыспады. Сондықтан кейде билікті әулет саяси үстемдік пен қоса рухани үстемдікті де өз қолына алып алуға тырысты. Бұл, әсіресе, шығысқа тән еді. Мәселен, Тәуке, оның балалары Жәңгір, Болаттардың Лхастағы “киелі үйге” жіберіліп, бірнеше жыл тәрбиеленуі тек көрші елдердің геосаяси ықпалынан ғана емес, тақ маңындағылардың әлгіндей іш есебінен де өрбіп жатса керек. Тәуке хан сайланғанда пір де сайланып, үш ұлыстың пірлері жұрт алдында әруақ салыстырысып, Керейт Сұпы Әжінің (Мүсірәлі) жеңіп шығатыны да соны аңғартқандай. Тәукеден Абылайға дейінгі барлық ханға пір болған Сұпы Әжі (Мүсірәлі) дүние салғаннан кейін жалпықазақтық пір сайланған емес. Бірақ содан қайтып пірлік институт мүлдем құрып кетті екен деп санауға болмайды. Әр ұлыс, әр тайпаның өз пірлері өз қалпында қала берген. Ақтабан шұбырындының шашыратпасынан кейін көптеген тайпалар ежелгі ұрандарын өзгертіп, өз тұсындағы елге ұйытқы бола алған абзал арыстандарын ұранға шығара бастаған секілді…» – дей келіп жазушы, – … «Ескі дала үрдісінде қауымға билік жүргізетін хандар мен әскерге билік жүргізетін сардарлар ғана сайланып қойылған, ал батырлар мен пірлер аттарына лайық қасиеттерімен қапысыз танылып, жұртты тегіс мойындатқан. Жоғарыдағы Тәуке заманында үш ұлыстың үш пірінің жұрт алдында әруақ салыстыруына келсек, ол да түптеп келгенде, сайлау емес, өз қасиетінің басымдығын жария мойындатудың жолы болып табылды. Мұны кие, әруақ туралы ғылым-агиалогия “таңғажайып сайыс» деп атайды. Бұл – тек дінге дейінгі нанымдар заманында ғана емес, әлемдік діндер үстемдік құрған тұстарда да орын алған үрдіс” (Ә.Кекілбаев. «Үш пайғамбар». 1992 ж.) – деп қайырады. Бұл пікірмен біреу келісіп, біреу келіспес, бірақ кім-кімді де ойға жетелейтіні анық.
Осы жерде пір Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі туралы да айта кеткен жөн сияқты. Бұл кісі туралы бүкіл идеологиясы атеистік тәрбиеге негізделген Кеңес үкіметі кезінде шықса да, “Қазақ КСР Энциклопедиясы” 1-томының 644-бетінде; “Пір, діндар, азан шақырып қойған аты Мүсірәлі. Руы Керейт болғанымен, дінге шын берілген сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары Керейтқожа аталып кеткен. 1680 жылы Күлтөбеде Тәуке ханды сайлағаннан кейін артынша пір таңдалды. Бүкіл қазаққа пір болу үшін үш арыстың пірлеріне жеті сұрақ беріліп, үш шарт қойылады. Осыдан сүрінбей өткен Әжіқожаны (Мүсірәліні) билер бүкіл қазақтың пірі деп жариялайды да, оны ақ киізге отырғызып, хан сарайына көтеріп апарады” – деп жазған.
Энциклопедиядағы осы дерек өткен ғасырдың 30-жылдары жарияланған “Әдебиет майданы” журналынан алынса, абыздың пір болып сайланғандығы туралы мәліметтер ХІХ ғасырдағы көрнекті түрколог-ғалымдар Ә.Диваев пен В.Радлов еңбектерінде де молынан кездеседі. Ал мына дерек көптің көзін көбірек ашады.
“…Тәукенің иманын үйіріп, оң жаққа жатқызған, жаназа намазын оқып, өз қолымен Қожа Ахмет әулиенің кесенесіне жерлеген Мүсірәлі қожа да 79 жаста еді. Тәукенің жетісін берген күннен бастап үлкен ханның тағына таласқан төре сұлтандар Хан кеңесін, Дін әзіретін таратып, жеке билік орнатуға кіріседі. Текетіреске түскен төрелердің енді ешкімнің кеңесін тыңдамайтынын сезген жасы егде Мүсірәлі қожа бір күн өмірім болса да Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің басына барып, шырақшы болып, Алладан халқымды қанды аласапыранның қырғынынан құтқаруын тілеп, дұға оқиын, әр таңда машқар күніндегі күнәмді жеңілдетуін сұрайын деген ойдың жетегінде Созақ жеріндегі Жылыбұлақтың басында Баба Түкті Шашты Әзиз зиратына 1719 жылы біржола көшіп барады. Қожа Ахмет әулиенің жолымен тәулігіне бір жұтым су мен бір тістем нан жеп, Алладан халықтың амандығын, босағасының бүтіндігін тілеп, дұға оқып, әулиеге шырақшы болған Мүсірәлі қожа 1721 жылы күзде 82 жасында Алланың аманатын тапсырып, мәңгі дүниеге жол тартады. Халық айтып кеткен өсиеті бойынша оның денесін Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің оң жағына, сәл төменірек жерлейді. Ислам дінінің тәртібі бойынша басына саз балшықтан төрт құлақ белгі салады…” («Тәуке ханның бас хазіреті». Қарақалпақстан.). Бұл – зерттеуші Ж. Мұратбаевтың пікірі.
1680 жылы Күлтөбедегі үлкен жиында Тәуке хан болып сайланған соң, үш жүздің бас билері сынақтан өткізгенде, ел аузында “Жеті адамға жан берген Мүсірәлі” атағымен аты қалған, осындай ерекше ұлық қасиетімен бүкіл қазақтың тұңғыш пірі болып ақ киізге отырғызылған, Қазақ елі тарихындағы алғашқы дінбасы Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі сопы әзіз туралы жазылған менің алғашқы мақалам “Қазақ елі” газеті бетінде 2000 жылы “Бас мешітке Мүсірәлінің, Астанадағы мешітке Ғылманидың есімдері берілсе…” деген тақырыппен жарияланған еді. Сол жылы осы мақалаға орай «Егемен Қазақстан», “Түркістан”, “Қазақ әдебиеті”, “Ана тілі” газеттері беттерінде “Жақсының өзі өлсе де, аты өлмейді”, “Алғашқы дінбасы”, “Пір тұтып, қол тапсырған талай адам…”, “Киелі пір иесі”, “Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі”, “Жеті өлікке жан бітірген”, “Мүсірәлі Қосым сыры”, “Орынды ұсыныс орындалса…” атты қызылордалық ел ағаларының бірі С.Далдабаев бастаған бірсыпыра қарттардың қуаттау мақалалары бірінен соң бірі жарық көрген болатын. Тіпті, осы мақалалардың басын біріктіріп Құрманғали Ашанов деген кәсіпкер азамат республика Ғылым академиясы жанындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сол кездегі директоры, академик Манаш Қозыбаевтың “Пірге құрмет – елге құрмет” деген тақырыптағы алғысөзімен “Мүсірәлі абыз” деген атпен жеке кітапша да етіп шығарды. Солай бола тұра қалың бұқара қуаттаған бұл мәселе назардан тыс қалумен келеді.
Қазақ хандығы алғаш қалыптасқанда, әсіресе, әз Тәуке ханның тұсында кеңес сайланған ханның жанына, ең алдымен, елдің діни сенімін нығайтуда дін қайраткерін ел танып, мойынсұнған пір ұстау мәселесін шешкен болатын. Өйткені, пір мәселесін шешу, Құран Кәрімде жазылған тәртіп негізінде ел басқару Жарғысын дайындау үшін өте қажет еді. Далалық заң «Жеті жарғының» бірінші Жарғысы «Халықтың ханы, сұлтаны, пір әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін» – деп жазылуының өзі пір әзіреттің кім екенін ұғындырса керек. Сол кезде, Әйтеке би ұсынған әулиелігі, тақуалығы және көріпкел-пірадарлығымен Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі абыз, өзінің 40 жасында қазақтың тұңғыш пірі болып тағайындалды және «Жеті жарғы» авторларының бірі болды.
Бабамыздың туған жері профессор Жауғашты Ахметовтің айтуынша, Тамды ауданының Кербұлақ елді мекенінде. Пірдің кіндігінен өрбіген өзінен кейінгі төрт-бес ұрпақтың мүрделері осы өңірден үш шақырым қашықтықта орналасқан «Бассай» қорымында жатыр. 2000 жылы өзі сияқты ерекше қасиетке иелік еткен перзенті Дәуітқожаның 100 жылдығына сол елде үлкен ас та берілген. Жауғаштың өз кіндік қаны да осы Мүсірәлі құдығының маңында тамған.
Екінші, 1752 жылы өмірден өткен Мүсірәлі сопы әзіздің ұлы Сауранбайдың Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленуі. Тарихтан белгілі бұл пантеонға қазақтың ел тарихында орны бар ұлылары мен тұлғалары ғана қойылған. Бұл кісінің тіршілігіндегі қызметін кім біледі?.. Ал Мүсірәлінің Баба Түкті Шашты Әзиздің жанына өз аманатымен жерленуі туралы айтатын болсақ, өзі пір болған Мүсірәлінің тіршілігіндегі өз пірі, желеп жебеушісі Баба Түкті Шашты Әзиз әулие болған. Пірдің қадір-қасиетін пір болған жан ғана ұғынады. Мүсірәлі сүйегінің өз ұрпақтары жатқан «Бассай қорығына» жеткізілмеуі, не өз ұлы Сауранбай сияқты Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылмауы, былайғы жұрт түсіне бермейтін, киелі әруақтардың өзара тылсым байланысының қорытындысы… Бір өкінішті жәйт, артық қыламыз деп тыртық қылып жүру әдетіміз ғой, 2008 жылы Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің күмбезін қайта көтерушілер ондағы үш мүрдені жермен-жексен етіп, жойып жіберді. Сол мүрденің бірі Мүсірәлі бабаныкі еді. Орын алған бұл оғаштықты қалпына келтіруміз керек. Әруақтың рухы ризалық танытса, тірінің тіршілігі алға басатынын көзіміз көріп жүр ғой…
Жоғарыдағы аты аталынған мақаламдағы ұсынысыма байланысты кейбір азаматтардың: “Пір Мүсірәлінің есімі Алматы мен Астанадағы салынып жатқан көп мешіттердің біріне неге осы күнге дейін берілмейді?” деген пікірлерін өз құлағыммен де естіп жүрмін. Орынды тілек қой. Мен де бүгінге дейін өз егемендігімізді алған соң Алматыда салынып, бүгінде ел аузында Бас мешіт аталып кеткен үлкен мешітке қазақтың тұңғыш пірі Мүсірәлінің есімі лайықты деп келгенмін. Осы ой жүзеге асса, сауапты іс болар еді.
Пір жөніндегі пікірімізге орай: «Елімізде пірлік қасиетке лайықты жандар бар ма?» деген сауал алдан шығады. Оған жауап – елді, тіршілікті жаратқан Жаратушы өз заманына лайықты мұндай хикметті жандарын да жіберіп отырады. Бұл жайлы Құранның «Бақара» сүресінде; «Алла (Т.) хикметті (терең білімді) қалаған құлына береді. Ал кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Мұны ақыл иелері ғана түсіне алады» (269) – деп көрсеткен. Діни жолда пайғамбарлардан кейінгі орынды машайықтар мен әулиелер иеленеді. Бұлар көпшілік алдында мұғжизаның бір түрі өз кереметтерін көрсете алады.
Біздің білетініміз, пір болатын адам ладуни ілімін терең игеруі тиіс. Ал ладуни ілімін меңгерген жанға уақыт пен кеңістік ешқандай кедергі келтіре алмайды. Барам деген жеріне аңыздағыдай көзді ашып жұмғанша жетіп барады. Сүлеймен Бақырғанидің Қожа Ахмет Ясауи туралы;
Қараса Қағба (тап қасындағыдай) көрінген,
(Аяғын) басса, жер (қысқарып) түрілген.
Ладуни ілімі (өн бойына) үйірілген,
Пірім Ахмет Ясауи, – деп жырға қосуы шындық.
Жаратушы адамзат баласына екі түрлі көз берген. Бірі заһир (сыртқы), осы дүниені көріп болжай алатын, екіншісі, батин (ішкі), бұ дүниені де, о дүниені де көре алатын көз деп аталады. Жүректің көзі ашылса, адамға ақиқаттың сәулесі түседі. Кәпірдің басты белгісі заһир көзімен көрсе ғана сенеді. Ясауидің батин көзі айтуға тіл жетпестей дәрежеде ашылған. Ол жаратушының хиқметтерін түсініп, түсіндіріп қана қоймай, Алла тағаланың дидарын көруге ғашық болған.
Ал ладуни ілімі деген не?
Өркениет әлемінде ілім негізінен екіге бөлінеді. Бірі – ғақли, екіншісі – ладуни. Алғашқысы бәрімізге етене таныс кәдімгі өзіміз оқып үйренген, күнделікті көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүрген адамның өре санасының жеткен жерімен пайымдауы арқылы игерілетін ғылым. Екіншісі – ладуни ілімі. Ғылымдардың басы мен соңы болып саналатын бұл мұғжиза ілім тіршіліктің барлық саласын қамтиды. Мұғжиза ладуни ілімін бір топ ғалымдарымыз осы ілімнің негізін қалаған белгілі шығыс ғұламалары жазып кеткендей фәлсафа ілімі ретінде таныса, екінші бір топ Абай мен Шәкәрімнің айтуынша толық адам танымы немесе ар ілімі, ал үшінші топ қазақ табиғатына жақындатып, Алланың аян ілімі (Құдайтану) ретінде атап жүр. Жалпы, бұл ілім жүрек тазалығымен Жаратушы тарапынан келетін ілім. Оның құпиясы мен сыры ішіне бүгілген. Бойында тумысынан ерекше қабылдау қасиеті жоқ адам игере алмайды. Сондықтан да бұл ілімді жете таныстыруда осы ғылымның негізін қалаушы шығыс ғұламаларының тұжырымдарын алға тартуға тура келеді.
«Ғылымдардың шығу тегі» деп аталатын трактатында Әбунасыр әл-Фараби бабымыз былай дейді: «Есіңде болсын дүниеде субстанция мен акциденциядан және оларды Жаратушы мәңгілік Жардан басқа ешнәрсе жоқ». Сосын осы Жарды танытатын рухани ғылымға орай: «Бұл ғылым жаратылыстану ғылымының өресіне сыймайды. Оны «метафизика» немесе «акаид» (Құдайтану) ғылымы деп атайды. Бұл ғылым барлық ғылымдардың басы мен соңы болып табылады, одан кейінгі зерттеулердің еш мағынасы жоқ. Барлық зерттеулердің түпкі мақсаты мен тағат табатын жетер шегі де осы ғылым». Жас Әбу Бәкірден ғұлама ибн Рушд: «Аян арқылы белгілі болған ілім мен философиялық пайымдаулар арқылы алынған білім сәйкес келе ме?» деп сұрағанда ол: «Әлемнің шексіз субстанцияларын тануда кәдімгі білімдер дәрменсіз, ол тек мистиктердің қолынан келетін іс» – деп жауап берген.
Міне, аян мен пайымдаудың ара салмағы! Аян жолымен жүрушілер Жаратушының болжау беріп отыратынын және оның қайталанбайтынын біледі. Олар әрбір аянмен жаңа дүниені жаратып, жаратылғанды әкететіндігін көріп, куәландыра алады.
«Бай бол, жарлы бол, молда бол, диуана бол, бірақ әрқайсысың өз орныңда бол», деп кеңес беретін әз-машайық Қ.А.Ясауи өз хикметінде егіліп жылайды да отырады екен. Неге? «Мен түймедей кінә үшін жыласам, түйедей кінәсі барлар неге ойланбайды?» деп егілген әулие оны шариғат жолымен түсіндіреді.
Мемлекет жеке адамдардан құралса, мемлекеттің қуаттылығы сол мемлекетті құрап отырған адамдардың сенімінің мықтылығына байланысты. Сенім – дін. Сол сенімді жұдырықтай жұмылдыру – елдегі дінді басқарушы діни құрылым еншісі. Олай болса, оның қызметіне көмекке келетін пірлік рух ұмытылмаса дейміз.
Өйткені, пірлік жүйе рухани жүйе болумен қатар, құдіретті жүйе. Оның мүмкіндігі мол. Осыны ұмытпауымыз керек.
Атадан қалған дәстүрлі исламымызға Құдай қуат берсін.
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ, «Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы. Алматы.