Қазақ даласының ардақты Аналары мен Қыздары

Батырларымыз бен аталарымызды көтеріп жатырмыз ғой, ендеше сол батырлар мен ақындарды туған, ақылымен ел билеген және айбатымен жау қашырған Аналарымыз бен Апаларымызды — Қазақтың Қыздарының есімдерін келешек ұрпақтың есінде қалдыру мақсатында ұлықтайық:

Домалақ ана

Бәйдібектің 2-ші әйелі, шын аты Нұрила (Бибісара). «Диһнат мама» (әулие ана) деген атаудан шығарылып, Домалақ ана есімімен аталып кеткен. Ұлы жүздегі Албан, Суан, Дулат — үш ру Жарықшақтан (Жарықбас) тарайды. Қазақтың бұл іргелі рулары негізінен Алматы, Жамбыл облыстарын мекен етеді — Бәйдібектің Домалақ Анадан тараған ұрпақтары. Домалақ Ананың өзі Қожа руынан, Мақтым ағзам қожаның немересі.

Домалақ ана өмірінің соңғы жылдары Ташкент қаласында өтеді. Алайда ері Бәйдібектің түсінде берген аяны бойынша, өздерінің ескі қонысы Қаратауға барып тұруға қамданып, жол шегеді. 1456 жылдың жиырма сегізінші мамырында көш Балабөген өзенінің жағасына жеткен кезде Домалақ ана сол жерде намаз оқып тұрып көз жұмады. Өзінің тілегі бойынша Домалақ ана сол жазыққа жерленеді. 

Домалақ ананың қадір-қасиеті ерте-ақ танылған. Ел аузында ол кісі жөнінде аңыз-әңгіме көп. Солардың бірі мынадай: «Бәйдібек заманында жайлауында үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы өрген, шығыс пен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болған. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрилә: «Бай-еке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Амандық болса, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей өзі ауылға келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіз» – деп өз отауының белдеуінде матамен байлаулы тұрған, жүген-құрық тимеген шу асау айғырды көрсетіпті. Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай, жасағын бастап жүріп кетіпті. Бәйдібек жасағы жауға Күйік асуында жетіп, қырғын ұрыс салыпты. Алайда жасанып келген жау аттанға ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермепті. Осы соғыста қаза тапқан алты ұлын Үшқарасай жазығына жерлеп, кері қайтыпты. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте дүлей күшпен кісінеді дейді. Сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Ереуілдеп барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ана осылайша үйде отырып-ақ түгел қайтарып алса керек. Мұндай әңгімелер көп-ақ. Домалақ ана қос Бөгеннің сағасындағы бір жазыққа жерленген. Айналасын көгілдір таулар қоршаған сол жазықта қазір бозарып сәулетті күмбез көрінеді. Ол – Домалақ ана кесенесі. Кесене 1957 ж. қайта жөндеуден өткізілді. Әулие ананың қасиетін қастерлеген ұрпағының ана бейітіне ағылған ізі, салған жолы ескіріп көрген емес.

Домалақ ана туралы ән :

Кенде емес қой бұл қазағым ақыл берген данаға,

Кенде емес қой бұл қазағым ақ сүт берген анаға.

Теңізімнің тамшысындай арналады бұл әнім –

Елін сүйген қасиетті Домалақтай анаға

Елін сүйген қасиетті Домалақ ана

Қиратқан соң тас-талқан ғып қасиетті мазарын,

Ата-баба әруағы салмай қойды назарын.

Бәлкім әлде содан болып жүр ме екен өмірде

Ұрпағыңның бұл күндері тартып жүрген азабы.

Толғанайын, айналайын, Домалақ ана

Көп адасқан ұрпағыңды кешіре гөр ардағым,

Әруағыңмен желеп-жебеп жүре берші әрдайым!

Қадіріңді, қасиетіңді кеш білсем де әз Ана,

Есіміңді әнге қосып мәңгілікке жалғайын!

Толғанайын, айналайын, Домалақ ана

Риза болшы қолда барға, Домалақ ана

Абақ Ана

Орта жүздің Абақ Керейі — он екі ата Абақ деп аталады. Олар Ш.Құдайбердіұлының айтуынша: Жантікей, Жәдік, Жастабан, Шұбарайғыр, Шеруші, Ителі, Итемген, Молқы, Меркіт, Сарбас, Қарақас, Көнсадақ. Бұл он екі ру өздерінің Анасының атымен «Абақ Керейлер» атанып кеткен. Абақ Керейлер негізінен қазір Шығыс Қазақстанда, Монғолияның Баян Өлгей аймағында тұрады.

Қызай Ана

Бәйдібектің әйелі Нүриладан (Домалақ ене) Жарықшақ туған. Жарықшақтың Күнбүбі (Айқыз деп те айтылады) деген қызы Найман еліне келін болып түсіп, ақыл-көркімен жұртқа жағып, төңірегі «Бәйдібектің немере қызы атасы мен әжесәіне сай екен!»» деп сүйсінетін болған. Осыдан Күнбүбі аты бірте-бірте ұмыт болып, келін боп түкен елі оны «Қызай» деп атап кетеді. Қызайдан өрбіген рулы ел де «Қызай» аталады (Н.Қазыбеков. Ат тергеу − әдептілік белгісі. − «Түркістан» газеті. 2000, наурыз).

Күнбүбінің келін болып түскен жері Найман ішіндегі іргелі ата − Төлегетайдың (Төлеқытай) елі. Атап айтқанда, Төлегетайдан − Қаракерей, Садыр, Матай, Аталық туса, Осылардың ішіндегі Аталық батырдың (Төртуыл Құттыболат деп те айтылады) Шағыр деген баласына Күнбүбі тұрмысқа шыққан. Шағыр мен Күнбүбіден − Дербіс, Бегімбет, Итемген, Меңіс туып, осылардың ұрпағы кейіннен «Қызай» деп аталатын рулы елге айналған.

Келесі бір шежіре дерегінде Ұлы жүз Албан, Суан, Дулаттың шешесі Нүриланың (Домалақ ене) қызы Қызай еді дейді. Қызайдың күйеуі Найман ішіндегі матай руының Шағыр деген білікті адамы болса керек. Шағыр мен Қызайдың арасынан Жеңіс (Итемген), Меңіс деген екі ұл туады. Шағыр ертерек дүние салып, Қызай өзінің қайнысы Тоқтарға тиеді. Тоқтардан Дербіс, Бегімбет деген екі ұл көреді. Қызайдың бауырынан өрген төрт ұлдың ұрпағы кейін өсіп-өне келе рулы елге айналып, «Қызай елі» атанады.

Қызай руының басым көпшілігі Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Іле, Текес алабын мекен етеді. Шежіре дерегінде Қызайларды Шығыс Түркістанға Барлық батырдың бастап барғаны айтылады. ХIХ ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Түркістандағы Қызайлар 16 болыс, 40 мыңдай шаңырақ болыпты.

Жанат Ана

Орта жүздегі Абақ керейдің ішіндегі он екі атаның бірі − Жәдік. Шежіре дерегінде Жәдіктің бірінші әйелінен − Итемген, Мұңал туады. Екінші әйелі Жанаттан − Қосай, Қыдыр, Тілеке, Байқазан, Байыс, Бұқай, Тоқай, Майма есімді сегіз ұл туған. Осы сегіз ұлдан өрбіген ұрпақты Қазақта шешелерінің есімімен «Сегіз Жанат» деп атайды.

Қарқабат Ана

Арғын ішіндегі ең бір өсіп-өнген ата − Мейрамсопыдан тарайды. Шежіре дерегінің басым көпшілігі Мейрамсопының бәйбішесі Нұрпиядан − Қуандық, Сүйіндік, екінші әйелінен − Бегендік, Шегендік, үшінші әйелінен − Болатқожа (Қаракесек) туып еді дейді. Бұлардың әрқайсысынан өрбіген ұрпақ бір-бір іргелі руға айналған.

Мейрамсопыны Қарқабат ерекше құрметтеп, қызмет көрсеткені сондай — өмірінде Мейрамның табанынан сыз өткізбей, етіне суық су тигізбей күтіпті. Түзге отын тере шықса, қу көдені жұлып әкеліп отағасысының табан астына төсеп, түнде дәрет алатын құманды бауырына басып жылытып жатады екен. Қарқабаттың осындай ықыласын көрген сайын Мейрамсопы: «Ой, көсегең көгерсін! Бір туғаныңнан бір туғаның аса берсін! Өсіп−өнген ұрпағыңның ұранына шық!» деп бата беретін көрінеді. Аруақты атаның сол батасы қабыл болып, Қаракесектер іргелі елге айналады, кезінде 25-26 болыс ел болды, елі мен жерінің айбары сияқты нелер жақсы-жайсаңдар шықты, Қарқабат ананың есімі Қаракесек руының ұранына айналды (Дерек беруші Мұқатұлы Ғалымжан (1905-1976), Ақмола облысы, Ерейментау ауданы; Осы тараудағы «Нұрпия» атауына қараңыз; «Лақап немесе жанама этнонимдер» тарауындағы «Қаракесек» атауына қараңыз).

Момын Ана

Қазақтың қария сөзінде Орта жүз Арғынның Аргүл есімді бәйбішесі ақылына көркі сай, оған қоса адуынды адам болыпты. Келін болып түскен соң Арғыннан Тоты есімді бір қыз, Мейрамсопы есімді бір ұл көріп, баладан тоқтап қалса керек. Содан, Тәңірдің берейін десе рахымы мол ғой деп, біраз жыл күтеді, бірақ бала болмайды. Ақыры әрі ойланып, бері ойланып Аргүл бәйбіше «Қой болмас, өмір өтіп барады, отағасымның бауырын суытпайын, жорық кезінде Ұлы жүз Бәйдібек бидің Момын деген қызына көзі түсті дегенді естіп едім, сол қызға өзім барып құда түсейін!» деген ойға бекініп, жөн-жоралғысын сайлап жолға шығады.

Бәйдібектің ауылы орынында, Момын қыз үйінде екен. Бәйдібек би «Бастасымның бәйбішесі келді!» деп, шат көңілмен қарсы алады.

Сол күні түнде Момын қыз түс көреді. Түсінде бір ақиық қыран аспаннан сорғалап келіп Момынға жеті рет түседі. Қыран бүркіт әрбір түскен сайын Момынның бауырына бір-бірден жұмыртқа пайда болып, жетіге жетеді. Сол жеті жұмыртқаны қызықтап, бауырына басып жатқанда одан жеті балапан шығады. Жетеуі де жұтынып, көктегі қыран әкесіне қарап, қанаттарын сабалай бастағанда Момын қыз оянып кетеді.

Осы түсін ерке де еркін өскен Момын қыз таңертеңгі дәм үстінде айтып береді. Сонда Бәйдібек би: «Шырағым-ай, түсіңнің түйіні бар екен, «Қырықтың бірі − Қыдыр» деуші еді, жоруын бастасымның бәйбішесі Аргүл айтсыншы!» дейді.

Аргүл көктен тілегені жерден табылғандай қуанып кетеді. Сол жерде келген шаруасымен сабақтай отырып, Момынның түсін былай жориды: «Ақиық қыран − Арғын би болар, аңсары ауса айналып қонар. Өңдеріңде танысып, түстеріңде табысып жүрсеңдер, бір-біріңе ықыластарыңның ауғаны болар! − деп келіп, жүзін Бәйдібек биге бұрып сөзін жалғайды. − Уа, Бәйдібек би, қызыңның бауырына береке дариын деп тұр екен, бастасыңа қи, менің де ниетім қабыл болып, көңілім толып қайтсын!» дейді.

Бәйдібек би үн-түнсіз төмен қарап отырып қалыпты. Сонда, ерке де еркін өскен Момын қыз үнсіздікті бұзып: «Әке, Арғын ағаның қанатының астында болсам, ешкімнен қор болмаспын. Батаңызды беріп, ұямнан ұшырыңыз, мен қарсы емеспін!» депті.

Осылайша Арғын би Момынға үйленеді. Момын қыздың түсінде көргені өңінде келіп, Арғыннан жеті ұл көреді. Ол жетеуі өсіп − өніп, өркен жайып, Орта жүз арғын ішіндегі «Жеті Момын» деп аталатын іргелі руларға айналады.

Шежіре деректерінің басым көпшілігі Арғын ішіндегі «Жеті Момынға» − Қанжығалы, Тобықты, Бәсентиін, Бәйімбет, Жанай, Қарауыл, Атығай руларын жатқызады. Бұларды «Ортаншы арғын» деп те атайды.

М.Ж.Көпейұлы Момыннан өрбіген деп қанжығалы, тобықты, қарауыл, бәсентиін, атығай, дәуіт аталарын атайды (Дерек беруші Мұқатұлы Ғалымжан (1905-1976), Ақмола облысы, Ерейментау ауданы).

Алтыншаш Ана

Қыпшақ Тоқтар бидің бәйбішесі Алтыншаштан − Бұлтың, Торы, Көлденең, Ұзын, Қарабалық атты бес ұл туған. Бұл бес баланың өсіп-өнген ұрпағы бес рулы елге ұласқан. Шежірешілер осы бес атаны қалың қыпшақ ішінен даралап, аналарының атымен «Алтыншаш» деп те атайды

Мұрын Ана

Орта жүз Найманның ішіндегі Қаракерейден өрбіген аталардың бірі − Байыс. Шежіре деректерінде Байыстың бес баласының бірі − Сары (Ерсары). Осы Сарының бәйбішесінің есімі Ақбике екен. Мұрыны зор кісі болса керек. Осы Ақбикеден өсіп-өнген ұрпақтың «Мұрын» аталып кетуі содан еді дейді, ел аузындағы аңыз деректері. Кезінде осы «Мұрын» аталған ұрпақтың өзі сегіз болыс ел болған.

Балқы Ана

Шежіре бойынша Кіші жүздің алты ата Әлім бірлестігіндегі Шөмекейден − Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл есімді төрт ұл туған. Осылардың Бозғұлынан − Қарақожа (Қаратамыр), Қайқы, Келдібай, Сарыбай, Торыбай туған. Бұлардың ішіндегі Қайқының Балқы (Балқия) есімді әйелінен − Андағұл, Отарбай, Қиық, Қалтаң, Әлімбет, Қосбармақ, Ақбалқы деген балалар туып, солардың ұрпақтарының бәрі де шешелерінің атымен «Балқы» деп аталып кеткен. Балқылар Қазақта тұқымына таралған ақын-жырауларымен, би шешендерімен белгілі. Әйгілі Базар жырауды − Балқы Базар дейтіні, сол түп Анасының есімімен аталатын руын меңзегені.

Әлпеш Ана

Қазақтың қария сөзінде, яғни, қазақтың ауызша тарихы бойынша Найман екі әйел алған адам екен. Бірінші Қырғауыл деген әйелінен − Ақсақал (Ақсопы деп те атайды), Үйелші, Күйелші деген үш бала туады. Екінші Шүңірекей деген әйелінен − Тоқбан жалғыз туыпты.

Ол кез ел іргесін жау торыған бір мазаң заман екен. Найман әулетіне тіс басқан қасақы дұшпан қапысын тауып ауыл-елге жойқын шабуыл жасапты. Тұтқиылдан тиген қаскөй жау еркек кіндіктіні қынадай қырып, қарт Найманның төрт ұлын көз алдында өлтіріп, өзін ойрандалған жұртында жалғыз қалдырыпты. Онысы − «қартайғанда қу бас атанып, қалған өмірі ит қорлықта өтсін» дегені болса керек.

Найманның қаза тапқан төрт баласының ішінде үйленгені жалғыз Тоқбан екен, оның Әлпеш (Ақсұлу, Мәзбура деп те айтылады) деген келіншегі жесір қалады. Әлпеш үйсін Дулат бидің қызы болса керек. Шабылған әулет пен қорғансыз қарт Найманның ауыртпалығы енді Әлпештің иығына түседі.

Содан Әлпештің әмеңгерім деп алаңдайтын ешкімі болмаған соң, ақылына көркі сай жас келіншекке ата жолымен арғын мен қыпшақтың балалары сөз салады. Найман уәж айтар қисын таппай, ерікті келінінің өзіне береді. Әлпеш болса «Атамның тұяғын үзбеймін, атын жоғалтпаймын, ошағын сөндірмеймін, Тәңірдің бір жазғаны болар!» деп, арғын мен қыпшақтың балаларына жолын беріп, басын босатып алады.

Әлпештің бұлай етуінің өзіндік сыр-себебі бар еді дейді. Зерделі келіншек өзінің жесірлігінен гөрі келін болып түскен әулет тұқымының жалғаспай қалатынын уайым етіп жүріп, бір күні атасының дәрет ұсатқан жеріне көзі түседі. Найман қарттың дәреті құмдауыт жерді ырсита жырып, көпіршіп жатса керек. «Е, Тәңірім, бере көр! Атамның бойында әлі де қуат бар екен-ау!» деген үміт сәулесі Әлпешті тәуекелге жетелегендей болады.

Сол үміт жетегімен Әлпеш төркін жұртына барып, әкесі Дулатпен бірге туысқан Ақмырза деген кісінің Гүлше (Құрым, Дәмелі, Дәмеш, Тұрымтай деп те айтылады) есімді қызын атасы Найманға айттырып алып қайтады.

Әлпеш атасы Найманға алып берген Гүлше қызда мейлінше құрметтеп, «енді сен маған ене болдың» деп, атын атамай «Қызене» дейді екен.

Гүлше Найман қартқа тиген соң алты айдан кейін жүкті болады. Күндердің бір күнінде Найман қатты сырқаттанып, төсек тартып жатып қалады. Ауруының бетін байқаған соң арғын ағайындарын шақыртып өсиет айтады. «Жасым сексенге келіп, бұл өмірден тұяқсіз өтемін-ау деп өкіріп жылап жүргенде көремін бе деген балам еді. Мына Қызенеден ұл туса, оның жауабын Тәңірдің алдында сендерден сұраймын» дейді. Мұнан соң Найман көп ұзамай дүние салады. Кешікпей-ақ, Гүлше де аман-есен қол-аяғын бауырына алып, бір ұл бала табады. Бұл кезде Найман шаңырағының бас иесі болып отырған Әлпеш алты алаштың басын қосып, ақ түйенің қарынын жарып, ұлан-асыр той жасайды. Осы тойда үйсін Дулат би: «Найман − қаны араласқан қадірлес құдам еді, мына нәресте артында қалған белгі ғой, атын Белгібай қояйық» дейді. «Балаға ат қою жолы біздікі еді, Найман атамыздың Тәңірден өкіріп жылап жүріп тілеген баласы ғой, атын Өкіреш қоямыз»,− деп арғындар да тілек білдіреді. Мұның бәріне Әлпеш ақ жамбы, ақ бас құндыз, ақ атан бастатып жолын беріп, риза қылады. Бұл жөнінде ел аузындағы шежіре сөзде мынандай өлең бар:

«Баланың атын қойды Белгібай деп,

Атадан туып қалған белгі ғой деп.

Ару Әлпеш баланы ардақтайды:

«Тәңірім бір тілекті берді ғой!»,− деп».

Ақыл-парасаты мол Әлпеш көз алдында дүниеге келген кішкене қайнысы Белгібайды он алтыға келгенше күтіп отырып, өзі отыз жетіге келгенде әменгерлік жолымен қосылған екен. Белгібай мен Әлпештің арасынан бір ұл туып, «Сүйінші, Найманның тұяғы жалғасын тапты!» деп қуанып, атын Сүйініш қояды. Сүйініштен − Төлегетай, одан − Қытай, одан − Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл туып, бұл соңғы буынның өсіп-өнген ұрпағы «Төрт Төлегетай» атанады.

Найманның тұяғы Белгібай Әлпештен басқа да бірнеше әйел алған. Бұл жөнінде шежіре сөз айтады, Әлпеш: «Мен аруақтың орынын силаған соң саған қосылған жеңгең едім, енді өзің таңдап қыздай қатын ал» деп, Белгібайдың көңілі сүйген бір қызды алып береді. Ол − түрікмен Арлауыт бидің Қаракөз атты қызы болса керек. Белгібайдың бұл әйелі бала көтермейді. Бұл екі ортада Әлпеш екінші балаға жүкті болып, ол аман-есен туған соң, есімін Сүгірше қояды да, оны Қаракөз сұлудың бауырына салады.

Әлпеш Сүгіршеден кейін баладан тоқтап, өзі бөлек шығып, «енді орынымды бассын» деп, өзінің Тоқсұлу атты немере сіңілісін Белгібайға қосады. Тоқсұлудан − Өтеген туады. Сөйтіп, Белгібай (Өкіреш) некелеп қосылған үш әйелінен Сүйініш, Сүгірше, Өтеген атты үш бала көреді. Қазақтың қария сөзінде тоғыз таңбалы қалың найман осы үшеуінен өсіп-өнген. Осындай күйге жеткізген Әлпеш сияқты дана әйелді қазақтың қария сөзін айтушылар күні бүгінге дейін «Найманның әулие келіні», «Иісі найманның ардақты анасы» деп қадыр тұтады.

Енді, Белгібайдың анасы, «Қызене» атанған Гүлше бар емес пе? Оның жайын шежіре сөз былай баяндайды: Найман өліп, асын берген соң, ата жолымен Найманның ұлы атасы Сарымен бірге туысқан Шомақтың немересі Елтайға Гүлшені әменгерлік жолымен қосады. Кейбір шежіре дерегінде Елтай Найманның туған інісі Наймантайдан туып еді дейді. Сол Елтайды Әлпеш: «Атамның орынына ата болды» деп, есімін «Елата» деп атап кетеді. Кейін Елата мен Гүлшенің арасынан бір ұл туады. Оны Белгібайға серік болсын деп, атын Серікбай қояды. Серікбайдан − Келбұға, Кетбұға атты екі ұл туады. Шежіре сөздің бір нұсқасы Келбұғадан − Балталы, Кетбұғадан − Бағаналы туады дейді. Бұлардың ұрпағы да бір-бір іргелі руға ұласқан. Сөз орайында, Кетбұға жырау әйгілі Шыңғыс ханның оң тізесін басып отырған би болғанын, «Ақсақ құлан» сияқты күйді тудырған ұлы күйші екенін айта кеткен жөн.

Найман атасының тұяғын жалғар ұрпақты шашау шығарғысы келмей, ұжымын жарастыру үшін Әлпеш Серікбайды өз бауырына салып өсіреді. Белгібай мен Серікбайдың енелес-емшектес болғаны өз алдына, екеуі де Әлпештің бауырында өскендіктен, жұптары жазылмай біте-қайнасып, бір туғандай болып кетеді.

Осының бәріне Әлпеш-ана ұйытқы болып, Найманның кіндігінен тараған ұрпақ жиырмашақты ауыл болғанша «жат болып кетпесін» деп, енші бөлістірмей, мал-жанын ортақ ұстатыпты дейді. «Байдың малы ортақ болсын, батырдың жаны ортақ болсын, шебердің қолы ортақ болсын, шешеннің тілі ортақ болсын, балуанның күші ортақ болсын, біреуге біреу зорлық жасамасын!» деген өсиет осы Әлпеш-анадан қалыпты деген сөз бар (Дерек беруші Қожбанұлы Шайхыбасар (1905-?), Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы).

Айбике Ана

Орта жүз арғын, оның ішінде Қаракесек руынан өрбіген аталардың бірі − Шаншар. Сол Шаншардың үш әйелінің бірі − Айбикеден өрбіген ұрпақты, аналарының есімін қосып, «Айбике-Шаншар» деп те атайды. Айбике Есім ханның тұсында Ташкентті билеген Тұрсын ханның қыздарының бірі болса керек. Шежіре дерегінде Айбикеден − Жәнібек, Келдібек, Тінібек, Әсірбек туады. Осылардың Келдібегінен Қазақтың әйгілі Қаз дауысты Қазыбек биі туған. Осылайша Қаз дауысты Қазыбек бидің тегі «Айбике-Шаншар» болады.

Айбике Ару

Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы болған. Өзінің қол астына бірнеше тыңшы, барлаушы ұстаған және ұзақ жылдар бойы жаугершілікте «қолға түскен күң» түріндегі бейнеге еніп, Қалмақ Қоңтайшысының ордасында күтуші болған. Тарбағатай мен Алтай бойындағы, Ертіс пен Емілегі жаудың күші мен қару-жарағы, олардың орналдасқан жері мен шапқыншылық ниеті туралы Абылай ханға, Қабанбай мен Бөгенбай батырларға және басқа да қолбасшыларға астыртын құпия хабарлар мен құнды ақпараттар жеткізіп тұрған.

Айбике алғыр ойлы ержүрек қыз болған. Қалмақ тілін өте жетік білген. Және Тарбағатай мен Алтай тауларының өңірінде, Зайсан мен Марқакөл алабында күндіз де, түнде де тұманды, боранды күндері адаспай-ақ жол тауып, көзге көп түспей жалғыз жүре беретін болған «жер шолғыштығымен» де аты шыққан. Кейін Жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін 1958 жылдары ата мекеніне оралған.

Айғаным

Айғаным Сарғалдаққызы, Шоқан Уәлихановтың әжесі, Уәли сұлтанның кіші әйелі. Патша үкіметі Қазақ еліндегі хандық билікті жойғасын, Уәлиханның барлық мұрасы балалары арасында бөліске түскенде, «Хан Ордасының қызыл ағашы» — Үлкен ұлы Ғұбайдолла ұрпақтарына, ал Сырымбет кіші әйелі — Айғанымнан туған балалардың иелігіне қалады.

Уәлихан қаза болғанда Шоқанның әкесі Шыңғыс 10 жаста болған. Ал Ғұбайдолла ұзақ жылдар бойы айдауда жүріп қайтыс болады. Соның салдарынан Уәли әулетінде ел басқару ісі оның жесірі Айғанымның қолына тиді. Айғаным өз заманының алдыңғы қатарлы адамы болды, бірнеше шығыс тілдерін меңгерген. Петербордағы Сібір комитетімен, Ресей патшалығының сыртқы істер министрлігінің Азия департаментімен дипломатиялық хат жазысып тұрды.

Сібір Қазақтарының жарғысы қабылданғаннан кейін, солтүстік Қазақстан өңіріндегі көптеген мәселелердің шешілуіне оның оң ықпалы тиген. Айғанымның жергілікті хаолық арасындағы ерекше абырой-беделін көрген Патша үкіметі Қазақтарға қатысты мәселелерді шешу ісінде ол кісімен ақылдасып отырған. Бұл хаттар Ресей архивтерінде қазірге дейін сақталған.

Александр І патша арнайы бұйрықпен Айғанымның өтініші бойынша Сырымбетте қыстау салдырып беруген. Қыстау сыртынан қоршалған, ал қыстаудың ішінде үлкен үйі, мешіті және қонақ үйі, және үлкен бес бөлмелі бала оқытатын меткеп үйі, монша, диірмен, керме және сарайы т.б. болған. Батыс Сібірді тексеруге келген В.Безродный және Б.Куракидермен кездесіп, оларға халықтьың мұң мұқтажы туралы жащылған хатты табыс еткен.

12 жасына келгенде Шоқанды да, оның шешесі Зейнептің қарсы болғанына қарамастан, Омбы қаласына оқуға жіберген. Айғаным әжесі Шоқан Уәлихановтың ұлы ғалым, қоғам қайраткері болып қалыптасуына тікелей ықпал еткен адам.

Айнакөз

Орта жүзде Арғын ішіндегі «кіші арғын» атанған Шақшақ, Саржетім сияқты аталардың түп анасы — Айнакөз деген кісі екен. Бұл аталарды шежіре дерегінде «Кіші арғын», «Тоқал арғын» немесе «Айнакөз» деп те атайды.

Айсары және Таңсұлу

Шежіре бойынша Орта жүз арғын ішіндегі іргелі рулардың бірі қуандық болса, сол қуандық ішіндегі белгілі аталардың бірі − Аралбай. Әлібекұлы Аралбай (1685-1778) тарихта болған адам. Тәуке ханның белді батырларының бірі. Әйгілі Бұланты (1726), Аңырақай (1729) шайқастарына қатысқан. Аралбай батырдың бейіті Ұлытаудан ағатын Аралбай өзенінің бойында.

Аралбай батыр үш әйел алған адам. Бірінші әйелі − әйгілі Қанжығалы Қарт Бөгембайдың Айбике деген қарындасы. Бұл кісіден Өмір деген бір ғана ұл туған.

Аралбай батырдың екінші әйелі − Айсары, Ұлы жүз дулат ішіндегі жаныс руынан шыққан Төле биге аталас адамның қызы. Айсарыдан − Құттыбай, Жоламан, Тоты деген балалар туған. Осылардан өрбіген ұрпақты «Шанаң» немесе «Шанаң ұрпағы» деп атайды. Шанаң − Айсарының ел құрметтеп қойған жанама аты болса керек.

Арал атаның үшінші әйелі − Таңсұлу, тама тайпасының ішіндегі текті жердің қызы екен (кейбір деректерде ноғай қызы екен деп те айтылады). Таңсұлудан − Байтоқа, Бәйтелі, Жабағы, Жабық, Сеңкібай туған. Бұлардан тараған ұрпақты «Танаң» немесе «Танаң ұрпағы» деп атайды. Танаң − Таңсұлудың ел құрметтеп қойған жанама аты екен дейді.

Аралбай батырдың кіндігінен өрбіген халық арасында «Шанаң», «Танаң» деп аталатын ұрпақтары, негізінен, Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында тұрады.

Айтолқын Ару

Ақтөбе облысындағы Терісбұтақ өзенінің бойында «Айтолқын күмбезі» деп аталатын сәулетті бір белгі бар. Сұр тастан жымдастыра қаланған ескерткіш күмбез халық ықыласының айғағындай. Халық жадында сақталған аңыз-әңгіме бойынша Айтолқын қалмақтармен болған қанды шайқастарға көп қатысып, солардың бірінде ерлікпен қаза тауыпты дейді.

Келесі бір аңыз-әңгімеде Айтолқын Абылай ханның қызы еді деген дерек те айтылады. Айтолқын әкесі Абылай ханмен бірге жорықта жүреді екен дейді (Айтолқын туралы дерек «Тургайская газета» басылымының 1896 жылғы № 1 санында жарияланған).

Ақбикеш пен Мақпал

Қазақта ел-жұрттың ұжымын жарастырып отыратын, ағайын арасының адтын арқау дәнекері сияқты небір ақылды аналар, ару қыз-келіншектер болған ғой. Ұлытауды қоныс еткен бағаналы найманнан шыққан домбырашы Ербатырдың қызы Ақбикеш деген кісі сондай ару аналардың қатарында аталады.

Ұлытаудан құлай ағатын Торғай өзенінің бойын негізінен арғын мен қыпшақтар қоныстайды. Былайша айтқанда, Ұлытаудың бағаналы найманы мен Торғайдың арғын-қыпшағы қашаннан бір өзеннің суын ішкен, ауылдары аралас, қойлары қоралас дегендей, жапсар жатқан елдер. Жапсар жатқан соң да бұл елдердің арасында құда-андалық, нағашылы-жиендік, дос-жарандық қарым-қатынастар көп болады. Сол дәстүр бойынша бағаналы Ербатырдың Ақбикеш деген ару қызы арғын ішіндегі әйдерке атасынан шыққан Таңғұлы деген кісінің Солтан деген баласына ұзатылады. Бәрі де жазудан ғой, Ақбикеш келін болып түскен соң, сегіз-тоғыз жыл өтсе де бала көтермей қойыпты. Ақылына көркі сай Ақбикештің бұл жағдайы әулет-атаның ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың уайым-арманына айналады.

Содан, күндердің бір күнінде Ақбикеш бір ойға бекініп, ұшқан ұясына төркіндеп барып қайтпақшы болады. Ата-енесінен рұқсатын алып, жанына жасөспірім қайнысын ертіп, жолға шығарда Ақбикеш айтыпты дейді: «Бұйырса, екеу болып кетіп, үшеу болып оралармын» деп. Бұл сөздің мәнісін қайын жұрты түсіне қоймаса да, жақсылыққа жорып қала береді.

Ақбикеш ауыл-еліне келіп, ағайын-туғанмен қауышып, мауқын басқан соң, әке-шешесіне бұл келісінің мәнісін айтады: «Құдайға шүкір, барған жерімде бағасыз емеспін, ел-жұрттың алақанындамын. Көңілдегі жалғыз кірбең − перзенттің болмай жүргені ғана. Осы олқылықтың орыны тола ма деп, арман-үмітімді жетекші етіп, алдарыңызға келіп отырған жайым бар. Мені қиған жерге сіңілім Мақпалды да қисаңыздар екен. Мақпалымды құдай қосқан қосағым Солтанға екінші әйелі етіп қосайын. Құдай көз жасымды иіп, тілегімді қабыл етсе, осы ниетімнің қайыры болар деп үміт етіп келдім!» − дейді.

Бұл сөзді естігенде Ақбикештің анасы көз жасына ие бола алмай қалады. Ал, еркөңіл, сері көкірек Ербатыр болса тұғырдағы шәулідей дүр сілкініп, еңсесін тіктеп: «Тәңірім өзі күзеп, өзі түзегендей бір істі ойыңа салған екен, қарағым! Қайыры болсын. Сен бар жерде Мақпалымның мерей-мәртебесі ешкімнен кем болмас. Бәйбіше, көзіңнің жасын тый, қамдан, балаларды ақ тілекпен, ақ жолға аттандырайық!» − деген екен.

Айтқанындай, Ақбикеш екеу болып кетіп, үшеу болып оралып, қайын жұртын да күтпеген қуанышқа кенелтеді. Арада бірер жыл өтер-өтпесте, құдай тілеуін беріп, Ақбикеш те, Мақпал да қатар бала көтеріп, әулет-атаны одан сайын мерейлендіре түседі.

Сөйткен Ақбикештен Қожаназар, Майқара, Шойқара деген балалар туып, Мақпалдан Бердібай, Дербісалы, Бердалы, Бердіс деген балалар туған. Бұлардан өрбіген ұрпақ қазір рулы елге ұласқан. Ал, Ақбикеш пен Мақпалдың есімдері бір-бір әулет-атаның атауына айналған. Осы күні Торғайдағы Сарықопа көлінің төңірегіндегі екінің біріне кімсің десең «Арғын әйдеркеміз, оның ішінде ақбикешпіз» немесе «Арғын әйдеркеміз, оның ішінде мақпалмыз» деп отырады.

Әне, бір ананың ақыл-парасаты бір рулы елді дүниеге келтірді деген осы. Сөз орайында айта кеткен абзал, қазақтың белгілі қаламгері, этнограф Сейіт Кенжахметұлы Мақпал ананың Дербісәлісінен өрбіген ұрпақ (Дерек беруші Әбіқайұлы Ахметхан (1903-1986), даңғайыр шежіреші, Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы; С.Кенжахметұлы. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. − Алматы, 2006. 355-356-беттер).

Ақбикеш

Ел жадындағы аңыз-әңгіме бойынша Ақбикеш Кіші жүз алшын елінің батыр қызы еді дейді. Қаратаудың солтүстік өңірін қоныс еткен елге келін болып түскен екен. Ол кездің жаугершілігі көп болса керек. Ақбикеш келін екенмін демей, елдің ер-азаматтарымен тізе қосып, жауға бірге аттанып жүреді. Талай-талай шайқастарға қатысып, жаудан тайсақтамайтын әбжіл қимылдарымен көзге түседі.

Күндердің бір күнінде қазақ пен қалмақ арасында қамданып келіп тірескен қанды шайқас болады. Екі жақтан да талай ерді шығындаған осы соғыста Ақбикеш ерлікпен қаза табады. Елі мен жері үшін құрбан болған аруды халқы ардақ тұтып, арулап жерлеп, басына биік мұнара орнатады. Халық ол мұнараны кейін «Ақсүмбе» деп атап кеткен.

Ақбикеш Ару

Есім ханның шолғыншы батырларының бірі. 17 ғасырда өмір сүрген. Есім хан жасақтарының Бұхараға, Қашғарға Қалмақ жеріне жорықтарына қатысқан ержүрек қыз. Ол негізінен алыстағы жау жасақтарының орналасқан тұсын дәл болжау арқылы Қазақ жасақтарына көп көмектескен. Аңыз бойынша оның көргіштік және болжағыштық қасиеті ерекше болған екен. Ақбикеш еліне оралған соң, Қаратау өңірінен биік мұнара тұрғызып, сол мұнарадан төңіректі шолып тұратын қарап тұратын болған. Және сол аңыз бойынша Ақбикешті Жоғарлар қапыда қолға түсіріп, өшікеннен оның көздерін ойып алған дейді.

Ақкете Ана

Кіші жүздің ішіндегі Әлімнің Кете руынан өрбіген бір ата − Тойқожа. Сол Тойқожаның ұрпағын шежірелерде және ел ішінде «Ақкете» деп те атайды. Бұл атау оларға Кетебике атты аналарының есіміне байланысты телінген.

Бопай ханшайым — Абылай ханның немересі, Қасым төренің қызы, Кенесары ханның қарындасы Бопай (Бопы) 1837-1847 жылдардағы Ресей отаршылдығына қарсы жүргізілген көтерілістің көрнекті тұлғасы. Қасым төреден туған Санжар, Есенгелді, Ағатай, Көшек, Кенесары, Наурызбай сияқты алты ұлдың ортасында ерке де еркін өскен Бопай ел ісіне ерте араласып, ақыл-көркімен жұрт аузына ілінген.

Төре Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына тұрмысқа шыққан Бопай одан алты перзент көрген. Ағасы Кенасары Ресей отаршыларына қарсы ашық күреске шыққан кезде, яғни 1837 жылы Бопай өзінің қайын жұртын көтеріліске қосылуға үгіттейді. Алайда, қолдау таппаған соң, алты баласын ертіп көтерілісшілерге келіп қосылады. Ел тағдыры сынға түскен шақта Бопай өзінің есейген балаларын жорыққа баулып, жауапты шайқастарға салып отырған. Бұған Бопайдың он жеті жасар баласы Төреханның (Нұрхан) қанды шайқаста ауыр жараланып, орыстардың қолына түскені айғақ (Е.Бекмаханов. Казахстан в 20-40 годы ХIХ века. − Алматы, 1947. 211-бет).

Бопай арнайы жасақталған 600 адамнан тұратын қолды бастап, көтерілісшілерді азық-түлікпен, қару-жарақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуде айырықша қажыр-қайрат көрсеткен. Ол сын сағаттарда қол бастап, қару алып, соғысқа да қатысады, тұтқынға да түседі. Соның бәрінде де ерлік-табандылығымен, ақыл-парасатымен танылып отырған.

Кенесары ханның қырғыз жеріндегі ақтық шайқасында Бопай бірге болған.

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында, Ырғыз бойында Бопай есімімен аталатын ауыл бар. Сол ауылдың іргесіндегі төбешік басындағы бейітте елінің азаттығы үшін арпалысып өткен Бопай-ананың рухы мәңгілікке дамылдап жатыр.

*Бұл деректе Бопай ханшайымды енді Кенесарының қарындасы деп беріпті.

Бопай ханым

БОПАЙ ханшайым, Әбілқайыр хан зайыбы. Қазақ халқы бастан кешкен аса күрделі кезеңдердің бірі ХҮШ ғасыр болса, сол кездің саяси-әлеуметтік істеріне белсене араласқан көрнекті қайраткерлердің бірі Бопай (Бәтима) болған. Бопай − Кіші жүздің ханы Қожасұлтанұлы Әбілқайырдың зайыбы әрі мүдделесі. Сол кездегі қазақ халқының басына ел болу немесе елдігін мүлде жоғалту қауіпі төнгенде Әбілқайыр ұстанған саяси бағытты Бопай жалтақсыз қолдап, ең бір шешуші кезеңдерде айырықша икемділік-тапқырлық танытып отырған. Мұны Бопай ханымның орыс патшайымдары Анна Иоановнаға, Елизавета Петровнаға, бригадалық генерал А.И.Тевкелевке, Орынбор губернаторы И.И.Неплюевке, канцлер А.П.Бестужев-Рюминге жазған хаттарынан және ол хаттардағы ел мүддесіне қатысты ұстанған әрекет-ниеттерінен айқын аңғаруға болады. Тарихшы А.И.Левшин: «Бопай… өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті»,− деп жазды (А.И.Левшин. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. − Алматы, 1996. 217-бет).

Бопай ханым ұзақ жасап, тоқсанға жақындаған жасында 1780 жылы дүние салды. Топырақ бұйырған жері Елек өзенінің бір тармағы − Жосалының жоғарғы жағындағы қорым. Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның арасынан Нұралы, Ералы, Қожахмет, Айшуақ, Әділ есімді бес ұл туған (Казахско-русские отношения в ХҮI-ХҮШ веках. − Алматы, 1961; Джон Кестль. 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы. − Алматы, 1996).

Айша бибі

Айша бибі (ХІ ХІІ ғғ.) Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның қалыңдығы, оның басына қазіргі Тараз қаласының жанындағы, сонау сақтар заманынан бастап-ақ қазақтың қол өнеріне енген, содан бері қолданылып келе жатқан ою-өрнек, әшекей түрлерінің бәрін қамтитын күрделі де сәулетті «Айша бибі кесенесі» атты архитектуралық әсем ескерткіш тұрғызылған.

Айша бибінің кім екені жөнінде атадан балаға қалған аңыз болмаса, тарихи деректер жоқ. Ал, аңыз оны төрт түліктің бірі сиыр малының атасы деп есептейтін Зеңгі бабаның қызы еді дейді.

Сол аңыздың айтуынша, Айша бибі Түркістанда жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін-бірі ұнатқан екі жас бас қосып, өмірлік серік болуға уағдаласады. Жаугершілік заман болса керек, тұс-тұстан анталаған жаумен арпалысып, елін-жерін қорғаумен жүргенде Қараханның уәделі мерзімде Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Арада біраз уақыт өтіп кетеді. Ақыры шыдамы таусылған Айша бибі Қараханның мекені Тараз қаласына өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Баба әже қатынды ертіп, жолға шығады. Бірнеше күн жол жүріп, Таразға жетеді.

Қаланың төбесі көрінгеннен кейін өзеннің жағасына тоқтап, сол арада суға түсіп, шаң тозаңнан арылып, біраз дем алуға тоқтайды. Күтушісі ас жабдығына кіріседі.

Салқын суға шомылып, денесі сергіп шыққан Айша бибі күтушісі ас әзірлегенше дем алмақ болып, арнайы өзіне төселген төсенішке келіп жатады. Су сабатының салқын ауасына қосылған таудың самал желі ұзақ жолдан шаршаған жас арудың балғын тәнін аялай сипап, рахат құшағына бөлейді. Сүйіктісінің ауылының төбесін көріп көңілі жайланған, енді аз уақыттан кейін онымен кездесетінін ойлап, тәтті қиял бесігінде тербеліп жатып, маужырап ұйықтап кетеді. Осы ұйқыдан оны даланың улы жыланы шағып оятады.

Денесін у жайлап, тынысы тарылып бара жатқан Айша бибі дереу Қараханға хабар бергізеді. Қарахан тәуіптерін, молдасын алып жеткенде ару қыз ісіп кеуіп екі дүниенің арасында жатыр екен. Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол қызды қолына алып, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: « Айша, сен енді бибі болдың!» деп үш рет айқайлапты. Ханның өлі қызбен неке қиысқаны одан бұрын да, кейін де тарихтан кездеспейді.

Қайғырып, қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады. Жауын шайып, жел мүжіп, уақыт өз белгісін салғанымен бір-бірін шынайы сүйген ғашықтардың махаббатының өшпес белгісіндей болып, сол күмбез әлі тұр Тараз қаласының іргесінде.

Гауһар

Қазақ пен қалмақ арасындағы ұлы сүргін соғыс кезінде (ХҮШ ғ.) ерлік істерімен ел есінде қалған аяулы арулардың бірі − Гаухар. Ол әйгілі Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары, бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы. Саны мол, қауып-қатері көп жорық жолдарында Гаухар айырықша табандылық көрсетіп, Қабанбай батырмен тізе қосып талай рет қанды шайқастарға қатысқан.

Гаухар қылышын қынапқа салмаған батыр атанған. Қабанбай мен Гаухардың тұла бойы тұңғышы − Назым қыз да ерлік істерімен танылған.

Апай

Орта жүздегі Тарақты тайпасының құрамындағы он екі ата рудың бірі Апай деп аталса, енді бірі Тоқтауыл деп аталады. Апай Тоқтауылдың жағалбайлы еліне ұзатқан апасы (әпкесі) екен, бала көтермепті. Содан, уақыт өтіп, Апайдың жасы ұлғайып, күйеуі дүние салған соң, елге көшіп келіпті. Сонда, Тоқтауыл апасының көңілін аулап, бір баласын Апайдың бауырына салады. Сол баланың өсіп-өнген ұрпағы кейін «Апай» атанған. Күні кешеге дейін дейін тарақты ішіндегі Тоқтауыл мен Апай рулары «бір атаның балаларымыз» деп, өзара қыз алыспайтын болған.

Арухан

Қият руының ұранына айналған − Арухан анасы. Шежірелік аңыздың айтуында, ел басына күн туған қиыншылық замандарда ел-жұртқа ұйытқы болған қасиетті ана болса керек.

Қазақ арасындағы Қият руы дәстүр бойынша жүздерге кірмеген. Сондай-ақ Қарақалпақтардың іргелі руының бірі − Қият. Қазіргі кезде Қазақ арасындағы Қият руы басқа үлкен рулардың құрамына сіңіп, бірігіп кеткен.

Баян Ана

Шежіре дерегі бойынша Орта жүз Қоңырат тайпасының үлкен бір бұтағы − Жаманбай деп таалады. Жаманбайдан − Қылбелбеу, Құрбан, Қараша, Қырғызәлі т.б. деп аталатын аталар өрбіп, әрқайсысы рулы елге ұласқан. Осылардың Қылбелбеуінен − Жауғашты, Ноғай, Шоқпарлы, Қира аталары тарайды. Бұл аталардың ішіндегі Ноғайдың бір бұтағы − Қарамойын Тоқас, келесі бұтағы − Баян есімді әйел атымен аталады. Яғни, Ноғайдың әйелдерінің бірі болған Баянның бауырынан шыққан балалар кейін өз алдына бір атаға ұласқан.

Дәулетбике

Орта жүз қыпшақ, оның ішінде торы қыпшақ, оның ішінде түйішкеден өрбіген аталардың бірі «Дәулетбике» деп аталады. Дәулетбикенің қыздай тұрмысқа шыққан адамы түйішке ішіндегі Мұрат деген кісі екен. Мұрат қайтыс болып, Дәулетбикені әмеңгері Мәмбет алады. Әмеңгері Мәмбетке қосыларда Дәулетбике «бөлек ауыл болып отырайын» деп шарт қояды. Бұл шартын Мәмбет орындаған. Содан, бәйбішесі бір ауыл, тоқалы бір ауыл болып отырған соң, Мәмбет ары-бері қатынайтын болады. Сонда, жолшыбай жөн сұраған адамға Мәмбет: «Дәулетбикенің ауылына барамын» деп жауап береді екен. Осылайша Дәулетбикеден өрбіген ұрпақ анасының есімімен аталып кеткен. Дәулетбике Есім хан тұсында Ташкентті билеген Тұрсын ханның қызы еді деген сөз бар.

Дәулетбике

Орта жүзде Дәулетбике деп аталатын тағыда бір ата бар. Шежіре дерегі бойынша Орта жүз Арғыннан − Мейрамсопы, одан − Қуандық, одан − Қарпық туып еді дейді. Қарпықтан − Көзей мен Тоқа туған. Тоқадан − Бесім туады. Бесімнің кіші әйелі Дәулетбикеден − Бірғана, Айтқожа, Сатыпалды деген балалар туған. Осы Дәулетбикенің бауырынан өрбіген ұрпақты жинақтап, шешесінің есіммен «Дәулетбике» деп атайтын шежірелік дәстүр қалыптасқан.

Дәулескер күйші Шоңманұлы Тоқаға арнаған өлеңінде әйгілі Шөже ақын былай дейді:

«Бақтыбай, Берден шықты төменгі елден,

Шоң шықты дәулетбике деген елден.

Баласы бес мейрамның бас қосқанда

Ақылға, Сары Тоқа, сізге келген».

Осындағы Бақтыбай, Берден деп отырғаны Арқадағы алшын, тама елдерінің өз кезіндегі белгілі адамдары. Шоң деп отырғаны Бесімнің кіші әйелі − Дәулетбикеден туатын Айтқожаның ұрпағы. Шоң өз кезінде әрі болыс, әрі би, көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты адам болған.

Нұрпейіс келіні Дина (1861-1955)

Қазақтың «Күй Анасы» атанған әйгілі күйші-сазгері. Бала кезінде-ақ Құрманғазының өзі сүйсініп тыңдаған талантты шәкірті болған. Туып өскен жері Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмы деген жер. Топырақ Алматы қаласынан бұйырған. Қазақстанның халық әртісі (1944). Халық өнерпаздарының 1937 жылы өткен республикалық байқауына қатысып, 75 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Москвада өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында, одан кейін 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі он күндікте Дина тағы да жүлделі орындарды жеңіп алады.

Дина ата-ана шаңырағында бұлаңдап өскен жас кезінің өзінде-ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күшілердің күйін нәшіне келтіре тартып, төңірегі «домбырашы қыз» деп атаған. Қаршадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген. Ол Динаның домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген. Осыдан кейін Динадан көз жазбай, үнемі айналып соғып, додалы күй айтыстарына ертіп барып, домбыра тартудың терең сырларын үйретеді. Дина тоғыз жасынан бастап он тоғыз жасына дейін, қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болады. Құрманғазыдай дәулескер күйшінің ұстаз болуы Динаның ғана бақытты болып қойған жоқ, исі қазақтың күй өнерінің бақыты болды.

Дина 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті «Жәпек» деп атайтын болған. Кейбір деректерде «Жәпек» деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, әйтеуір бір тізім алу атай алмаған Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған. Міне, Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осында.

Жәпек пен Дина бақытты ғұмыр кешіп, берекелі жанұя құрған. Динаның әсем сазды аяулы күйлері осынау жар қызығын көріп, бала бақытына мейірленген жылдарда туған. Ұзатыларда әкесінің еншің деп мінгізген қарақасқа атына арнап шығарған «Қарақасқа» ат» күйі, өзі пір тұтатын күйшілері Дәулеткерей мен Түркешке еліктеп шығарған «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма» сияқты күйлері, ақылды да айбарлы, сұлу да сырбаз абысынан арналған «Кербез» күйі, үлкен ұлы Жұрымбай 1916 жылғы «Июнь жарлығы» бойынша әскерге шақырылғанда тартқан «Он алтыншы жыл» («Набор») күйі, қадірлес замандастарына сүйсінуден туған «Қосалқа» күйі, балдай тәтті, бауыр етіндей жақын баласы Қоңырға арнаған «Әсем қоңыр» күйі, міне, бұлар Динаның өзіндік қолтаңбасын айқын танытатын біртуар күйлер. Бұл күйлері арқылы Дина қазақ күйлерінің өрісін ұзартып, өресін биіктетумен бірге, өзі де ұлы күйшілермен терезесін теңестірді.

Дина Кеңес заманында да өзінің арман аңсарын, үміт тілегін халқының жолына бағыштап өтті. Жасының ұлғайғанына қарамастан Қазақстанның 20 жылдығына орай «Тойбастар», Отан соғысы жылдарында «Ана бұйрығы», «Жеңіс» сияқты күйлер шығарды. Динаның қанатты өнері халқының рухани асыл қазынасы ретінде бүгін мен болашаққа қызмет көрсете бермек.

Белең ана

Ұлытау өңіріндегі қираған көне қаланың (13-14 ғасыр) орны. Бұл қаланың аты бізге белгілі әдебиетте тұңғыш рет Әмір Темірдің Тоқтамысқа қарсы жорығы жайлы жазбада аталады. Қаланың құрылыстарының қираған үйінділері Сарысу өзенінің бойында Телікөлден бір күндік жерде жатыр. Жошы ұлысының Ақ Орда бөлігін билеген Орда Еженнің екінші ұлы Құлидің әйелін Белеңхатун деп атаған.

Плано Карпинидің Монғол империясына саяхаты жайлы жазбаларында Шыңғыс хан ұрпақтарының бірнеше әйел алғандығы және олардың Орданың белгілі бір бөлігіне иелік етіп, билік жүргізгендігі жайлы айтылады. Осылардың негізінде Белең ананы Ақ Орданың ең алғашқы ханы болған Орда Еженнің келіні деп кесіп айтуға болады.

Қираған қаланың үйінділерінің көлемінен оның аумағы өте үлкен болғаны байқалады. Орыс ғалымы П.Ричков бұл қаланың жұртының ұзыны 6, ені 2 верста (1 верста=1,06 км) шамасында деп жазады. Белең ана – зерттелуін күтіп жатқан тарихи маңызы зор күрделі ескерткіштердің бірі. Ол ұлт бірлігінің ескерткіші саналатын “Таңбалы таспен” іргелес жатыр.

Жұбан ана

Тарихи маңызы мен географиялық орны жағынан Ұлытау өңірі архитектуралық ескерткіштері тобына кіретін күмбезді кесене. Жарық-Жезқазған темір жолының 189-шы разъезінен солтүстік-шығысқа қарай 2 км жерде, Сарысу өзенінің оң жағалауында тұр. VIII-IX ғасырларда қыпшақтар қолданған сәулет өнерінің үлгісімен салынған. Төртбұрышты қабырға қалауының үстінен барабан шығарылып, оған сегіз қырлы күмбез орнатылған. Ішкі төртбұрышында сүйірлеп өрілген мехрабтары бар. Есігі оңтүстік-шығыс жаққа қаратылған. Сыртынан өлшегенде ескерткіштің ені мен көлденеңі бірдей – 6м х 6м, биіктігі де 6 м. Іргетасы жарты метр, жалпақ тастардан қаланған, құрылысқа көлемі 27 см х 27см х 6 см күйдірілген кірпіштер пайдаланылған.

Болған ана

Болған ана күмбезі — ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші. Сарысу мен Қаракеңгір өзендерінің қиылысында,Қаражар шатқалында орналасқан. Аңыздарда Болған ананы Алаша ханның келіні деп айтйды. 1990ж. Алматы мемлекеттік архитектура және құрылыс институның экспедициясы(жетекшісі Е.Байтенов)зерттеген. Кесененің қосбетіндегі арқалы порталды кірер ауызының айналасы қуыстана жасалған.Бөлменің төменгі шаршы бөлігінің күмбез шеңберіне өтер тұсындағы бұрыштары арқалы-тромыты тәсілмен өрілген. Тормп қолтықшалары қосарланған кірпішті қиғаштап,бұрышын шығара қалау арқылы өрнектелген. Ескі сылақтың қалдығы П тәрізді порталдық арканың белдеуімен жапсырылған әшекейлі қыш тақташалардың терракота түсті болғанын көрсетеді. Порталдық ширек бұрышты бағаналары мен басқа қабырғалары түгел ақ түсті. Көрнекті жерге салынған Болған ана күмбезі алғашқы нұсқасында әдемі болғанға ұқсайды. Ал осы өңірдегі кейінірек салынған кесенелер архитектурасына (Ақтыбай,Қауқабай т/б) да әсерін тигізеді.

Қыз әулие

Ақтөбе облысындағы “Қыз әулие” атанып кеткен киелі жер туралы айтылып жүрген аңыз көп. Бірақ «қыз әулиенің» тарихтағы орыны туралы нақты ешкім білмейді. Халық санасында қалып қойған қасиетті мекен. Оның шын аты – Сұлу болған екен.

Жұрттың айтуы бойынша, «Қыз әулие» — Кеңқияқ маңында жатқан тағы бір киелі қорым иесінің қызы. Өйткені, апатты жағдайлар болғанда, не боларда жергілікті халықтың түсіне бір қарт адам мен қыз әулие кіріп ескерту жасайды. Сондықтан исі қазақ, ағайын-туыс болып 1996 жылы «қыз әулиенің» басына құлпытас орнатқан. Ол жерде ерекше бір ағаш өсіп шыққан. Жапан түзде жалғыз өзі тұратын. Сосын халық сол ағаштың маңына құлпытас белгі орналастырған.

Өскен ағашты да, орнатқан құлыптасты да 2007 жылы Ваххабистер жиналып келіп, қиратып-шауып тастаған. Өз халқының тарихы мен көне мәдениет орындарын сыйламайтын «сақалды» топқа не айтарсың.

Бабаша-Хатун

Қазақстандағы ортағасырлық сәулет өнерінің ендігі бір тамашасы – Бабаша-Хатун ескерткіші (аңыздың айтылуына қарағанда, байдың қызының (кейде Айша бибінің) бағушысы, күтушісі). Бұл осы өңірдегі ең көне ескерткіш. Арыстан баб пен Қарахан, Айша бибі кесенелері одан кейінірек салынған.

Айша-Бибі ескерткішінен мұның ерекшелігі формасының қарапайымдылығы мен оюлардың жымдаса қиысуы және оның осы кезге дейін жақсы қалпында сақталуына себеп болған құрылыс жұмыстарының сапалылығы. Себебі Қарахан, Арыстан баб, Иассауи және Айша бибі т.б. кесенелер салынғаннан кейін бірнеше рет қайта салынған, күрделі жөндеулерден өткен, бұл кесене өзінің алғашқы салынған қалпында сақталып тұр. Әшекейлік оюлардың қарапайымдылығына қарамастан, кесененің айбындылығы мен кескін сұлулығы көз тартады.

Зеріп ана

Ұлы жүз ру-тайпаларының қасиетті бабасы Бәйдібектің Домалақ ана (Нүрила), Сары бәйбіше (Марау), Зеріп есімді үш әйелі болған. Шежіре дерегі бойынша, Домалақ анадан Албан, Суан, Дулат рулары өрбіген болса, осы Зеріп анадан тараған ұрпақтардан Шапырашты, Ысты, Ошақты деп аталатын қазіргі Ұлы жүз Үйсіннің іргелі үш тайпа елі өсіп-өнген.

Зеріптен әйгілі Жәлменбет батыр туады. Жәлменбеттің Жұпар, Сыланды, Тұмар есімді үш әйелі болған. Үшеуі де ел-жұртқа ұйытқы болған қасиетті аналар.

Жұпар ана

Байдібек бидін келіні, Қонырат Қызыл бидін кызы. Жұпар ана — жасында еркекшора болып өскен, ер мінезді қыз болған. Шапыраштыға жүкті болғанда Жолбарыстын жүрегіне жерік болған екен. Жұпар келін атасынын малын жайлауға ерлермен бірге айдасып, би атанын талай алғысын алған екен.

Сыланды ана (Қарашаш)

Жұпар ананын сінілісі, Карашаш сұлу сабырлы, арі акылды болыпты. Сән-салтанатпен үнемі кербез журеді екен. Сондыктан ел «Сыланды келін» деп атаган. Шежіреде өсіп-өнген ұрпактары Ысты елі атанып кеткені көрсетіледі. Ұлдары Нұртай, Қырбайдан Ысты мен Ошакты тарайды. Енесі Зеріп ананын жанына жерленген.

Яғни, Зеріп пен Сыланды аналардың бейіті Бәйдібек баба мазарының маңындағы Қосмола деп аталатын жерге орналасқан.

Қарашаш ана

Сайрам орталығында орналасқан бұл табиғи ескерткіш XIX ғасырға жатады. Алғашқы кезде кесене XIII ғасырда салынған болатын. Қарашаш-ананың шын аты — Айша-бибі, ол шейх Мұсаның қызы болған. Ол өзінің қарапайымдылығымен, сыпайылығымен ерекше адам болған. Қарашаш-ананы әлемнің барлық Түріктері аса құрметтейді. Оны аналық қасиеттің белгісімен құрмет тұтады.

Бегім ана

Бегім ана мұнарасы ІХ-ХІ ғасырларда салынған. Қызылорда облысы Арал ауданы Жаңақұрылыс кеңшарында орналасқан. «Казпроектреставрация» институты 1979 жылы паспортын жасаған. Республикалық маңызы бар, қорғау аймағы белгіленген архитектуралық ескерткіш.

Бегім ана — аңыз деректері бойынша оғыз-қыпшақ заманындағы әрі батыр, әрі діндар болған Қарабура әулиенің қызы болады. Қарабураның қасиеті осы қызына дарыған екен.

Бұл аңыз Ұлжан Шайхы Назардың «Ордалы» хикаясынан алынды: «Қарабураның қызы Бегім елді аузына қаратар сұлу болып өседі. Сұлулығына қызыққан талай жанның қол жетпес арманына айналады. Бірақ жар болу тек Шаншарға (Санжар сұлтан) ғана бұйырады. Қырсық шаларда адам жаңылады емес пе. Қызғаныштың кесірінен ханның бір беткей әрекеті, адам заты кешірмес күнәға әкеп соқтырады. Бегім сұлудың адалдығына күмән келтірген Шаншар хан ашу үстінде қылышпен оның оң қолы мен бұрымын кесіп тастайды. Бұл кезде әкесі Қарабура қартайған кезі еді, бірақ қызының жағдайын естігеннен, жедел Жанкентке келеді. Қарабураның хан алдына келіп, істің мән жәйына қаныққан. Қаhарланған қарт ханға: «Қызымда күнә болса, сенікі жөн, ал күнәсіз болса ертеңге дейін қолы мен шашы орнына келсін, азабын өзің тарт!» деп теріс бұрылып кете берген. Қарабура әулиелігі тірісінде елге мәлім болған, айтқан сөзі бос кетпеген таманың аузы дуалы әулиесі еді. Қарттың налып айтқан сөзінен қала халқы қатты секем алып қалады. Енді істің артын бағудан басқа қолдарынан еш нәрсе келмеді, ел ертеңгі күнді қауіппен күтті. Халық Бегім сұлудың жағдайын өз көздерімен көруге хан сарайына қарай таң ата шұбырай бастайды. Жиналған жұрт Қарабураның жаны пәк қызының шашы мен қолы өз жәйында тұрғанын көреді. Жазықсыздығына ел куә болады. Есесіне қарғысқа ұшыраған хан Шаншардың жазасына, Жанкент шаhары сол жылғы күзінде үлкен апат күтіп тұрған еді. Қалаға адам сембес көп жылан қаптап, жаулап алады. Жұрт үдіре көше бастайды, бір сәтте құжынаған халқы бар қала жұт жерге айналады. Қаптаған жыланды ел «Ордалы жылан» деп, қоныстарын іргесінен аулақ көшіреді».

Гаухар ана

Гаухар-ана бейіті тарихи архитектуралы құнды ескерткіштердің бірі, қазіргі Түркістан ауданы М.Әбенова ұжымы жерінде орналасқан, ені 20 метрге жуық кішкене төбе болып келеді, алғашқы қабыр орны бұзылып кеткен, шатыры жоқ, төрт құлақты дуалдан тұрады. 1990 жылдары қабыр жанынан зиаратшыларға арналғам үш бөлмелі құрылыс тұрғызылды.

1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» қорық музейі құрамына еніп, мемлекет қарамағына алынды. Тарихи деректер бойынша, Гаухар ана — Қожа Ахмед Иассауидің қызы.

Рабиа Сұлтан бегім

Дешті-Кыпшактың ханы болған үлкен Абілқайыр ханның жары. Бұл хандық тарихта «көшпенді өзбектер мемлекеті» деген атпен белгілі. Керей мен Жәнібек хандар осы Әбілқайыр ханнан бөлініп, Қазақ хандығын құрған.

Рабия Султан Бегім — Ұлыкбек хакімнің кызы, яғни Әмір Темірдің немересі. Әбілқайыррмен 16 жыл отасып, 1468 жылы кайтыс болганда, Әбілқайырдан Сүйініш жане Кішкене деген 2 ул табады. Өзі дүние салған соң, хан сарайы мен баласы Сүйінішхан анасына арнап, күмбез салдырады. Кожа Ахмет Иассауи ғимаратынын онтүстік шығысында соғылған күмбезді 1895 жылы Ресей әскерлері «ескі, бір күні кұлап қалуы мумкін деген» сылтаумен кираткан. Қазіргі күмбезі жаңартылып салынған.

Марау ана (Гулжамал)

Марау ана (Сары бәйбіше) — Ұлы жүз Үйсіннен (Албан, Суан, Дулат, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Сарыүйсін) шыққан рулардың ұлы атасы Бәйдібек бидін бірінші айелі, Арыстан бидін кызы. Марау анадан туған 10 ұлдан тек Байтокты ғана жалғыз тірі қалған. Байтоктыдан Мырзағазы деген, кейін Сарыуйсін атанып кеткен жалгыз ұл калады. Марау ана өжет, бірбеткей, қайсар, өз дегені болмаса ешкімге көнбейтін, кісінін тіліне ермейтін мыкты адам болған екен. Ел-жұрты курметтеп, атын атамай, «Сары бәйбіше» деп кеткен.

АҚҚОЯН АНА

Шежіре дерегінің ішенде Орта жүз Арғын ішіндегі іргелі рулардың бірі Қуандық болса, сол Қуандықтың бірінші әйелінен − Қарпық, Өмір, Темір, Есен, Қарт деген бес ұл, тоқалынан − Алтай жалғыз туыпты дейді. Алтайдың бірінші әйелі Аққояннан − Әліке, Байдалы, Сайдалы туған. Бұлардан өрбіген ұрпақты шешелерінің атымен «Аққоян» деп атайды.

ЕНЕҢ АНА

Шежіренің сөзі бойынша Орта жүз Арғын ішіндегі Қуандықтың бір баласы − Қарпық. Қарпықтан − Мәмбет, Көзей, Тінәлі атты үш ұл туған. Көзейден − Қаратоқа туады. Қаратоқадан − Түнқатар, Бесім, Молқы, Тоқтауыл, Сары, Құлымбет туған. Осылардың ішіндегі Бесімнің бәйбішесі Бәтей деген кісі екен, елге ана болғандай қасиетті қалпына орай жұрт «Енең» деп атайды екен. Сондықтанда, Бесімнің бәйбішесі Бәтейден тараған ұрпақты «Енең тоқалары» дейді. Сәкен Сейфуллин осы атадан.

ӘЛЕУКЕ АНА

Орта жүз Тарақты тайпасы он екі рудан құралған. Олар: қыдыр, жәші, әлі, сары, әйтей, қосанақ, қарашие (көгедей), келіс (әлеуке), алакөз, шәуке, апай, тоқтауыл рулары.

Шежіре дерегінде Келістің әйелі Әлеуке деген кісіден ұл бала болмапты. Содан, өзімен қадірлес (Келістің екінші әйелі) баласын етек астынан жерге түсірмей көтеріп алып, бауырына басқан екен. Сол баланың өсіп-өнген тұқымы Әлеуке, «он екі Әлеуке» деп, апасының есімімен аталып кетіпті.

АЛТЫН АНА

Шежіре сөзінде кіші жүздегі Алтын-Жаппас деп аталатын ру осы Алтын деген анасының атымен аталып кеткен. Ол өзінің төрт баласына қосып Жаппасты да тәрбиелеп өсіргендіктен бұл екі ру көбіне қосарланып айтылады. Алтын ана — Қыдырқожаның (Байұлының) екінші әйелі болған.

ЖӘНДЕЛІ ҚЫЗ

Қалмақ шапқыншылығы кезінде, одан кейін Алтай-Тарбағатайды қытайлар иемденіп қалмақшы болғанда қол бастап, ерлік-тапқырлықтарымен даңқы шыққан, жауынгерлер ұран еткен ару қыздардың бірі − Жәнделі. Жәнделі қыз Руы − найман. Жәнделі туралы Ноғайбай ақын былай деген:

«Гүліндей жауқазынның нәзік жүзі,

Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызын.

Адамзаттың аққуы Жәнделінің

Жауға аттанған Сауырда жатыр ізі».

ТҮРІКПЕН АНА

Бұл кісінің шын аты белгісіз. Шежіре деректері бойынша Кіші жүз Байұлыдағы Адайдың екі баласының бірі Құдайке өзінің алғашқы әйелі төрт баласымен жаугершілікте суға ағып кетіп қаза болғаннан кейін, Түрікмен халқынан қыз алады. Құдайке одан екі ұл көреді: екеуіне Тəзіке мен Қосай деп ат қояды. Бұл Екеуі де батыр, мерген, жаужүрек болып ержетеді.

Ер Қосайдың есімі Қазақ хандығын құрған Жәнібек пен Керей хандардың тұсында барлық Дешті Қыпшақ даласына әйгілі болған. Сол Түрікмен анасынан, яғни барлығы «сегіз арыс Адайдың» ішіндегі екеуі болатын Тәзіке мен Қосайдың кіндігінен тараған ұрпақтарды, қазір Маңғыстауда жарты млн-нан асып отырған барша тұқымдарын осы екеуінің аналарының тегіне орай «Түрікпен Адайлар» деп те атайды.

ҚАРАКЕМПІР АНА

Шежіре дерегінде Кіші жүз Қыдырсиықтан − Шеркеш, одан − Қосым, Қойыс, Жауғашты, Шумақ, Қылышкескен туыпты дейді. Осылардың Қойысынан − Дербіс туады. Дербістің бәйбішесі Зылиха деген кісі, өңі қара болған соң «Қаракемпір» аталып кеткен көрінеді. Бүкіл Дербіс әулетіне ұйтқы болып, жөн үйреткен, жол көрсеткен адам. Дербіс батырдың бәйбішесі Зылихадан − Тоқтар, Базар, Қошқар, екінші әйелінен − Түрке, Шыңбай, үшінші әйелінен − Сатай, Сатылған туған. Дербістің осы үш әйелінен тараған ұрпақтан жөн сұраса «шеркешпіз, оның ішінде қаракемпірміз» дейді. Сөйтіп, Қаракемпір ру атына шыққан.

Қаракемпір (Зылиха) туралы айтылатын қария сөз көп. Бірде әлімнің ел қамымен жүрген жақсы-жайсаңы жолаушылап келе жатып Сағыз бойында отырған Дербіс батырдың үйіне тап болыпты. Дербіс батырдың өзі үйде жоқ екен, сыйлы қонақтарға жақын жерден алдыра қоятын малдың реті болмай, Зылиха сол жерде күйеуі Дербіс батырдың жауға мінетін екі атының бірін сойып, қонақтарды құрметтеп аттандырыпты. Әлімнің жақсы-жайсаңы былай шыққан соң «Апырай, Дербістің құты үйіндегі Қаракемпірі екен ғой!» деп таң-тамаша болысыпты.

Содан, Дербіс батыр үйіне келеді. Бәйбішесі Зылиха: «Әлімнің алты жақсысы келіп еді, ақтабан атыңды сойып құрмет көрсеттім» депті. Сонда, Дербіс батыр «Әлімнің алты жақсысына құрмет көрсеттім дегенше, мені алпыс жауымнан құтқардым десейші!» деген екен.

Қаракемпірге (Зылиха) халықтың құрметі сияқты ел ішінде тартылатын «Қаракемпір» атты күй бар. Cондай-ақ, Батыс Қазақстан облысына қарасты Казталовка ауданында «Қаракемпір» деп аталатын елді мекеннің де бар екенін айта кеткен жөн.

ҚАРАҚЫЗ АНА

Қыпшақ Тоқтар биден бес ұл − Бұлтың, Торы, Көлденең, Ұзын, Қарабалық туған. Олардан өрбіген ұрпақ бес рулы ел болғанда, осылардың Қарабалығынан Қарақыз деп аталатын бір ата тарайды. Қарақыздың шын аты Қарашаш екен, өңінің қараторылығына орай «Қарақыз» аталып кетсе керек.

Қарабалықтың Шоманақ деген баласы болыпты. Шоманақтан Тауқұрыш жалғыз туыпты. Сол тауқұрыштың сырт тұлғасы көзге қораштау болса керек, біразға дейін үй болып, бас құраудың орайы келмей жүреді. Сол кезде Ұлы жүз үйсіннің ішінде Беген, Шеген деген ағайынды екі бай болады екен. Соның Шегенімен Шоманақ досжар болса керек. Бірде Шоманақ Шегенге қолқа салады: «Бегенде бойжеткен қыз бар, менде ержеткен ұл бар, ебін тауып екеумізді құдандал етсеңші» дейді. Бұл сөзге Шеген құлақ асып, ағайыны Бегеннің қызын Шоманақтың баласы Тауқұрышқа қосып қашыртып жібереді ғой.

Содан арада бірер жыл өтеді. Тауқұрыш пен Қарақыздың арасынан бір бала туады. Мұнан соң ағайын арасындағы өкпе-наз басылып, бір күні Қарақыз күйеуі мен баласын ертіп төркіндеп келеді. Сонда күйеу бала − Тауқұрыштың қораштау кейпін көрген бір келіншек Қарақызды өзімсініп тіл қатады: «Қарағым-ай, қор болған екенсің ғой, шөккен түйеге міне алмайтын мына бір мықыр пәлені қайдан тауып алғансың?» депті. Бұл сөзді елеусіз қалдырмай, Тауқұрыш сол жерде былай депті:

«Сұрасаң атам аты Қарабалық,

Жылқыда болады екен таңбасы әліп.

Қастасып қарсы келген дұшпанына

Кетеді көрместей қып ойран салып.

Боламын сол кісінің немересі,

Отырған тұйғындай боп жұмырланып.

Түйеге мінер-мінбес болсам-дағы,

Үйсіннің қызын алдым сауғаланып.

Алыппын бір қызыңды түйедей қып,

Үстіне зорға шығам өліп-талып.

Біреуің мініп-түсіп үйретіп бер,

Қаларсың өл-өлгенше сауап алып.

Қауыпсыз мініп-түсіп мен жүрейін,

Бұйырса шыққан төлін пайдаланып.

Мен келіп таңдап сұлу алған жоқпын,

Бұйрық боп қосылған-ды өзі барып.

Қимасаң қыздарыңды алып қалғын,

Өлерсің ұрмай-соқпай қапаланып.

Көрнекті көзге түсер қызың да жоқ,

Қоймасаң етін тұздап, сүрге салып.

Келген қыз − кетілген ыдыс деген сөз бар,

Базарға сата алмассың алып барып.

Кездескен бүкір ұлға бағы ашылып,

Жеңгейлер қуандың ба, қайғыланып!»

Мұнан кейін де талай сын-тосқауылдан Тауқұрышты ақындығы мен тапқырлығы алып шығып, үйсін еліне «ерке күйеу» атанып, қадыры артады.

Тауқұрыш пен Қарақыздың арасынан Жөке, Жолтай есімді екі ұл туған. Бұлардың тұқымдары да өсіп-өніп, іргелі аталарға айналған. Ел ішіндегі шежіре сөзде қыпшақтың қарабалығынан өрбіген Жөке мен Жолтай тұқымдарын шешелерінің атымен «Қарақыздар» деп атайды (Дерек беруші Әбіқаев Ахметхан (1903-1986), Торғай өңіріне белгілі халық ақыны, жезтаңдай әнші, дәулескер күші, даңғыл көкірек шежіреші).

БАЯН СҰЛУ

Қазақ халқында және көршілес Түркі халықтарында кеңінен таралған «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» атты қазақ ауыз әдебиетінің інжі-маржаны саналатын таңғажайып ғашықтық жырдың кейіпкері. Сұлулық пен адал махаббаттың бейнесіне айналған ару қыз. Алайда, Қозы Көрпеш Баян сұлу мазары оның тарихи өмір сүрген тұлға екенін көрсетеді.

Замана толқыны тарих теңізінің жағалауында көркем өнердің баға жетпес меруерт — маржандарын қалдырады. Бұл – бағзы заманнан қалған архитектуралық ескерткіштер, өткен дәурен адамдарының жай-күйін аңыз етіп шертетін сурет пен музыка. Бірақ сол асылдардың асылы – адам баласының рухы мен ақыл –ойын барша ұрпаққа паш еткен ескірмес, өлмес өшпес өлең – жыр деп Мұхтар Әуезов жазып кеткендей биылғы жылдағы ерекше маңызды оқиғаның бірі – «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жырының өзекті желісі пайда болып, аңыздық арқауы тартылғанына он бес ғасыр толды. Сөз жоқ айтулы уақиға, атаулы жағдай. Қазақ халқы ғасырлар бойы айтып келген бұл жыр сахарадағы мал өсіруші тайпалардың ең ескі дәуірде шығарған жарқын, сәулетті аңыз әңгімесі.

Қозы-Көрпеш –Баян сұлу күмбезі Аягөздің оң жақ жағасында, Таңсық деген ауылда қарсысына салынған. Аңыз бойынша, оны тұрғызуға Сарыбайдың інісі Тайлақ би Тобыл өзені бойынан Аягөзге төрт сан қол (40 кісі) жіберіп, ас бергізіп, ат шаптырып той жасайды. Қозы-Көрпеш –Баян сұлудың күмбезін берік етіп тұрғызып, кескін келбеттерін тасқа түсіреді. Әсіресе Баян сұлудың өң – ажары әдемілеп келтірілген.

Жанақ ақынның жырлауынша, елу мың кісі бастап келген –Айбас, көш жерден тас тасып, Аягөздің биік белесіне күмбез орнатады. Ол күмбез әлі тозған жоқ, махаббаттың мәңгілік белгісі ретінде күні бүгінге дейін тұр.

Кешендегі төрт мүсін тас –Қозы –Көрпеш- Баян сұлу жырындағы бейнелерді кескіндейді. Олардың үшеуі әйел, біреуі жас жігіт. Халық аңызы оларды Қозы Көрпеш және олардың апалары Айтаңсық пен Айғыздың суреттері деп атайды.

«Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жырының қазақша жиырмадан астам нұсқасы бар. Бұл эпосты зерттегендер Ш.Уәлиханов, Г.Н.Потанин, В.В.Радлов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, М.О.Әуезов, Ә.Х.Марғұлан.

Қозы Көрпеш –Баян сұлу мұнарасын, оның сюжет құрлысын қызыға зерттеген аяулы ғалымдардың бірі –Г.Н.Потанин. Қозы Көрпеш-Баян сұлу жырын жаңадан жинау үшін, оның мұнарасын жақсылап зерттеу үшін Г.Н.Потанин көп ғалымдармен, қазақ ақындарымен, шежіре айтушылармен байланысқан. Осының нәтижесінде оның қолына Қозы Көрпеш –Баян сұлудың бірнеше варианты түседі. Оларды жіберген атақты Абай ақын (1884ж)

Г.Н.Потанин қазақтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын өте жоғары бағалап, мейлінше әділ пікір білдірген: «Орынбор мен Зайсанға дейінгі кеңістікті алып жатқан ұлан байтақ дала-түгелдей білетін сүйікті хикая, қазақ эпикасының ұшар биігі. Жалпы жұртқа ортақ сюжет болғанмен, бірде – бір халық мұны дәл қазақтардай өз эпикасының асқар шыңы ете алмаған» деген( Марғұлан Ә. Қозы Көрпеш Баян сұлу кешені .-Алматы: Өнер, 1994.-Б.12)

1839 жылы еліміздің заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов осы жырдың негізінде 4 актілі драмалық пьеса жазып шығарған. (Мүсрепов Ғабит. Драмалық шығармалар.-Алматы : Өнер, 1982.- Б.10-61)

Тарихи заманнан келе жатқан сәулетті құрылыстың ең көрнектісі әрине, Қозы Көрпеш – Баян сұлу күмбезі. Оны төрт бұрышты таспен өріп, ішін жып –жылтыр сыпайы етіп қалаған. Оның биіктігі бұрын 18 метрдей болған, ішкі ені төрт метр шамасында, еденін таспен қалап, жарты метрдей жоғары көтерген. Күмбездің оңтүстігі шығысында кіретін есік, төбесінде терезе сияқты екі тесігі болған.

Қозы Көрпеш – Баян сұлу жыры көне замандағы түркі-монғол тайпаларының арасында көп тараған бір ғажайып оқиғаның сюжеті. Бұл аңыздың ең ескі заманда (б.з. ІІІ ғасыр бұрын) дүниеге келіп, содан жырға айналғанын дәлелдейтін нәрсе – алтыннан құйылған белбеудегі әдемі эпикалық сюжет. Онда көркем түрде «Шоқ терек» бейнеленген, оның түбіндегі екі жастың махаббат елестері сақталған. «Шоқ теректі» суреттеген бұл алтын бейне XVIII ғасырда Ертістің күншығыс жағында жатқан байтақ даладан, Алтай тауының ішінде таяу жерден табылған. Ол бейне бүгінде Эрмитажда сақтаулы тұр. Суреттің негізгі фоны жапырақ жайған шоқ терек. Оның түбінде бір жас әйел мен бір сақа кісі отыр. Өліп жатқан ердің басы жас әйелдің тізесінде, бөксесі сақа кісінің алдында. Еркектің қолында екі аттың тізгіні бар. Ту сыртында ағашта ілулі тұрған өлген ердің садағы, қорамсақтан толы жебенің қауырсын басы көрініп тұр. Еркектің басында қазақша елтірі бөрік, белінде камар белбеу. Әйелдің басында ерте замандағы бесі шошайған биік қарқара, үстінде кебенек, қолымен өліп жатқан ердің басын сипап отыр.

Ежелгі елдігіміздің сондай ескерткішін бүгінгі ұрпақ қадірлеп-қастерлеп, бабаларға лайықты мұрагер –мирасқор болуы –ұлтымыздың ізгі мүддесі, игі мақсаты. Тәуелсіз мемлекетіміз ілгері өрлеп өркендеуі үшін еңбек жолына қадам басқан әрбір жас адамды рухани нәрлендіріп, жан әлеміне азаматтық абзал қасиеттер дарытуымыз керек болса, сол көкейтесті міндетті орындауда «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жыры – зор қазына.

Қорыта келгенде, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының қазақ жағдайының өзінде әр түрлі ортада жасалып, заманы өткен сайын өзгеріп, жаңарып отырған. Бұл дастанның тууына, бір жағынан халықтың өз өкілдері араласса, екіншіден, бұған белгілі ақындар да қатынасып, өз нұсқаларын өңдеп, толықтырды. Археологиялық зерттеулер бұл ескерткіштің 7-8 ғасырда тұрғызылғанын көрсетіп отыр.

НҰРПИЯ АНА

Шежіре деректерінің бірінде Орта жүз Арғын ішіндегі Мейрамсопының бәйбішесі Нұрпия еді дейді. Нұрпия алшын ішіндегі Құдаспай деген кісінің қызы екен. Шешесі ертерек қайтыс болып, Нұрпия ұзатыларда жеңгесі: «Еркежанға шешесінің жоқтығын білдірмеймін» деп, бірге ере жүріпті. Ұзатылып бара жатқан Нұрпияның жасауы теңделген түйесінің бұйдасын ұстау үшін бір жетім қызды да ала кетіпті.

Ел ішінің бүліншілігі көп, жаугершіл заман болса керек. Нұрпияның жеңгесі мен жетім қыз еліне қайта алмай қалады. Сонда Нұрпия Мейрамсопыға қолқа салып: «Елден бір мен деп еріп келген көзкөргендерім ғой, үшеуміз бір босағада болайық. Жеңгеме ағамның төсі тиіп еді, басқаға қимаймын, өзіңіздің адам қылғаныңызды қалаймын, еріп келген жетім қызды да шеттетпей бауырыңызға бассаңыз екен. Сіз жалғыз жігітсіз. Ұрпағыңыз өсіп-өнсін. Мен өз тарапымнан еш уақытта таршылық жасамаймын»,− деп сөзін өткізеді.

Мейрамсопы Нұрпиядан − Қуандық, Сүйіндік, Нұрпияның жеңгесінен − Шегендік, Бегендік, Нұрпияға еріп келген Қарқабат атты жетім қыздан − Болатқожа (Қаракесек) атты балалар көріп, солардың бәрінің де өсіп-өнген ұрпақтары бір-бір рулы елге айналып еді дейді.

Мейрамсопы бұрынырақ дүние салып, одан қалған бес балаға Нұрпия бәйбіше қамқор болып, басалқылық көрсетіп, «Бес берекенің ұйытқысы» атанып еді дейді (Дерек беруші Өтебаев Рахмадия (1902-1989), халық ақыны, Қарағанды облысы, Қарқаралы аданы).

НҰРБИКЕ АНА

Орта жүз Арғын, оның ішінде Қаракесектен өрбіген аталардың бірі − Шаншар. Шаншар ақылгөй, көреген адам болса керек, шежірешілер «Шаншар абыз» деп отырады. Сол Шаншардың үш әйелінің бірі Нұрбикеден тараған ұрпақты «Нұрбике-Шаншар» елі деп атайды. Нұрбике болса Есім ханның тұсында Ташкентті билеген Тұрсын ханның қызы болса керек.

Нұрбике-шаншар елінен әйгілі күйші-композитор Қазанғапұлы Тәттімбет шыққан. Шежіре дерегі Тәттімбетті былай таратады: Ақжол (Дайырқожа) − Мейрам − Болатқожа (Қаракесек) − Ақша − Бошан − Таз − Бұлбұл − Шаншар − Бердібек (Бертіс) − Бектемір − Мөшеке − Қазанғап − Тәттімбет. Қазанғаптың Тәттімбеттен басқа Ырсымбет, Құттымбет, Жақсымбет, Әлімбет, Дүйсембет деген балалары болған. Тәттімбеттен − Мұсатай, Қысатай, Исатай туған. Осылардың Мұсатайы мен Исатайынан ұрпақ бар.

МАҚПАЛ АНА

Орта жүз Арғын ішіндегі іргелі рулардың бірі сүйіндік болса, сол Сүйіндіктен − Суғаншы, одан − Жанболды, Құлболды, Жолболды туған. Құлболдының Мақпал деген бәйбішесінен − Күлік, Тұлпар, Айдабол туған.

Сол заманда арғынның дені Сырдарияның батысын мекен етеді екен. Қалмақтардың беті қайта бастаған кезде бірлі-жарымдап Сырдан өтіп, Қаратауды жайлай бастапты. Сонда қарақалпақтар мазасызданып, «арғын жаппай өтсе, таң атырып, күн шығармайды» десіп, өткел аузын алып тұра қалыпты дейді. Көш басында Мақпал бәйбіше болса керек. Астындағы қара шұбар атын тебініп жіберіп, белдемшесінің етегін көтере түрініп, соңындағы жүк тиелген нарды жетектеген қалпы іркілместен дарияны кешіп өте шығыпты. Өткізбейміз деп тұрған қарақалпақтар: «Пай-пай, мына бәйбішенің бөксесіне болайық!» − десіп тұрып қалса керек. Сонда Мақпал бәйбіше:

«Күлсең күлерсің, күлерсің,

Күндердің күні болғанда

Езуіңді жия алмай жүрерсің.

Бұл қай бөксе,

Айдабол шыққан бөксе,

Артың болса Айдаболдай ұл тап!», − деп жүре беріпті.

Ел ішінде Құлболдының бәйбішесінен өрбіген ұрпақты «Мақпал бәйбішенің балалары» деп атайтын дәстүр бар (Дерек беруші Бәйсейітұлы Оспан (1902-?), Павлодар облысы, Баянауыл ауданы; М.Ж.Көпейұлы. Қазақ шежіресі. − Алматы, 1993. 19-20-беттер).

ТОЙҚАРА ҚЫЗ

Кіші жүзге хан болған Әбілқайырдың Нұралыдан кейін туған Тойқара есімді қызы болған. Тойқара сол кездегі Орынборда әйелдер үшін ашылған гимназияда оқыған. Гимназияда жүргенде Тойқараға дала генерал-губернаторы Гессеннің көзі түсіп, шын ниетімен сөз салады. Мұнан бұрын Тойқараны қалмақ ханы Ғалдан Церен (Шерін) өзінің бел баласына айттырып, Әбілқайыр ханның алдынан өтіп қойса керек.

Ол кез Қазақ хандығын бір жағынан Ресей империясы, бір жағынан Жоңғар хандығы, тағы бір жағынан Қытайдың қыспаққа алып, ел тағдырының сынға түскен шағы. Осындай жағыдайда алдымен Әбілқайыр хан, кейін Нұралы хан Тойқараға сөз салғандарға шешімді жауап қайтара алмай, екі оттың ортасында қалғандай күй кешеді.

Күндердің күнінде Ғалдан Цереннің баласы ата пәтуасын арқа тұтып, қалыңдығы Тойқараны алып кетуге ұрын келеді. Бұл кез Әбілқайыр ханның дүние салып, Тойқараның гимназияда оқып жүрген кезі болса керек. Әбілқайыр хан өлген соң Кіші жүзге хан болған Нұралы қарындасы Тойқараны дереу шақыртып алады. Бұл жағыдай сол кездің қапысыз іс атқаратын тыңшыларының арқасында генерал-губернатор Гессенге де мәлім болады. Тойқараға құлай ғашық болған Гессен шұғыл қимылдап, Нұралы ханның ордасына ол да жетеді.

Нұралы хан үшін орыс жағының да, қалмақ жағының да мәмілелі қарым-қатынасы керек. Бірақ Тойқараны екіге бөліп беріп, екі жақты бірдей риза ету мүмкін емес. Бірін қол қусырып құда етсе, екіншісінің жаулығы өршитіні аян. Нұралы хан бір тоқтамға келе алмай дал болады. Онсыз да сыныққа сылтау іздеп отырған орыс пен қалмақтың қайсысы болса да ширығып шыға келері хақ.

Осындай ел басына қауып төнген қиын шақта түйінді Тойқараның өзі шешеді. Орыс генерал-губернаторы Гессен де, қалмақ ханзадасы да бір-бір оңаша ордада сый-құрмет көріп жатқан түні Тойқара ару өмірімен қош айтысады.

Ел мүддесі үшін қыршын өмірін қиған Тойқараның құрбаншыл ұлтжандылығы әлі күнге ел жадында аңыз болып айтылады (Дерек беруші Талжанов Сәйділ (1906-1972), жазушы, филология ғылымының докторы).

ҚАРАШАШ СҰЛУ

Бұл кісі әйгілі Жиренше шешеннің әйелі болған. Ол өзінің ақлдылығы, тапқырлығы және данагөй ақылдылығымен Жиренше шешеннің өзіне лайықты жары бола білген ерекше адам ретінде суреттеледі. Жиренше шешен өзі — Әз-Жәнібек (Алтын Орданың ханы) ханның тұсында өмір сүргендіктен және Кіші жүз Жетіру бірлестігінің Рамадан руынан шыққандығы тарих пен шежірелерден белгілі болғандықтан, Қарашаш сұлуды да тарихи тұлға ретінде бағалай аламыз. Төменде Жиренше шешен мен Қарашаш сұлу туралы көптеген шешендік сөздердің бірін келтіре кеткенді жөн көрдік:

Қаракөз ханым өлген соң, Жиренше қатын алмай көп жүріпті. Ойлаған сынына дәл қыз кездеспейді, кез келген қызды ұнатпайды. Сөйтіп жүргенде бір жігіт кездесіп, жолдас болыпты, өзі көп үндемейтін адам екен. Бір мезгілде Жиренше жігітке қарап: «Жол қысқартайық»,- дейді. Жігіт жауап қайырмайды. Тағы бір кезде Жиренше жігітке: «Ағаш қазан қайнатайық»,- дейді, жігіт жауап қайырмайды. Тағы да біраздан соң бір көшіп кеткен елдің жұртын көргенде Жиренше: «Мынау бір бейбастақ үйдің жұрты екен»,- дейді. Жігіт оған да жауап бермейді. Сонымен екеуі бір елге жақындағанда, жаңбыр құйып кетеді. Ауыл сыртында тезек теріп жүрген бір топ қыз жаңбыр жауып кеткен соң қаптарын арқалап, ауылға қарай жүгіре жөнеледі. Тек бір қыз сырт киімін шешіп, қапқа жауып отырып қалады. «Мына қызда бір сыр болар», — деп, Жиренше отырып қалған қызға келеді. Қыз асқан сұлу екен, Жиреншеге қыздың көркі ұнайды. Енді ақылы қандай екен деп сынау үшін: «Сен көп қыздан неге бөлініп, жалғыз отырып қалдың?» — дейді Жиренше.

— Мен басқа қыздарға еріп ақымақ болайын ба?- дейді қыз.

— Олар қалай ақымақ болады?- дейді Жиренше.

— Олардың, ақымақтығы мынада: келе жатқан алды бар, арты жок, шағын бұлт. Бұл өткінші жаңбыр, аз жауып ашылады. Ал олар үйге барғанша отындары да, барлық киімдері де су болады. Су болған отындары жанбайды, киімдерін кептіре алмайды. Мен отыныма шапанымды жаптым, отынымның, ығына өзім отырдым; менің су болған жалғыз-ақ, шапаным. Отыным, өзге киімдерім құрғақ; үйге барғанда отынымды жарып, шапанымды кептіріп аламын, — дейді. Қыздың көркіне ақылы сай, Қаракөздей болып көрінеді. Бұл қызға енді бір сөз айтып көрейін деп Жиренше:

Бүркеніп жалғыз отырсың,

Бойға жеткен жас бала.

Ұнатсаң, айтқан сөзімді,

Күлімдеп көзің бері қара!

Оңаша бір сөзім бар,

Ақылың болса сен ұғар.

Менің атым Жиренше,

Жол берген маған хан-қара,— дейді.

Сонда қыз бөгелместен:

Сыртыңнан естіп қанық ем,

Шешен деген атыңды.

Түсіңе бұрын танық ем,

Жаңа көрдім затыңды.

Айтар жерің осы ма,

Көңілдегі датыңды? — деп күлімсіреп өң бергендей болып:

Уәде қылып келіп пе ең,

Сөйлесем деп осы жерге.

Жалғыз атты жолаушы,

Аулақ менен көш жерге.

Құрбыңды іздеп тауып ал,

Жас қыз сөзіңді есітер ме? — дейді.

Жиренше шешен қызды әбден ұнатып ішінен: «Құдай жазса сені алармын», — деген ойға келеді. Ауыл мен екі арада өзен бар екен.

— Мынау өзеннің өткелі қай жерде? — дейді Жиренше.

— Анау жерде бір өткел бар — алыс; алыста болса жақын. Мына жерде бір өткел бар- жақын; жақын да болса алыс, — дейді қыз.

— Сенің үйің қайсы?— дейді Жиренше қызға.

— Менің үйім анау — үлкен ақ үйдің жанындағы қараша үй,- дейді қыз.

Жиренше алыс өткелге кеткенде, жолдасы жақын өткелге бұрылады. Қыздың алыс, алыста болса жақын дегені өткелдің суы саяз, асты құмқайыр екен. Жиреншенің аты желіп өтеді. Ал «жақын, жақын да болса алыс» дегені өткелдің суы терең, асты балшық екен, жолдасының аты батпақтап зорға өтеді.

Жанындағы жігітке: «Сен қайда қонасың?» — дегенде, «Мен мына ақ үйге қонамын»,- дейді ол. «Ендеше мен қараша үйге қонамын»,- дейді шешен. Сөйтіп екеуі екі бөлініп, бірі байға, бірі кедейге барып түседі. Бір уақытта отынын арқалап манағы қыз да келеді. Жиренше төрге жайғасқан соң, үйдегі кемпір амандықтан кейін: «Шырағым мынау байдың үйі тұрғанда, біздің қосқа қалай түстің?» — дейді. Жиренше: «Менің баспанам да осындай еді, өз үйім тәрізді болған соң өзімсініп түстім», — дейді.

— Жиренше түскен үй іңір болған соң, от жақты, келін сиыр сауды. Кемпір от басында, қыз үйдің іргесінде отыр.

Жиренше төрде отырып қызға қарап басын сипайды. Бұл: «Сенің қалыңмалың шашымнан көп-ау» — дегені еді. Қыз оған түсініп астындағы тақыр тулақты сипады. Ол «теңімді тапса тақыр кедей болса да береді» дегені еді… Жиренше мен кыз бірін-бірі ұнатқанын осылай ыммен ұғысады.

Таң, атқан соң жұрт тұрып жайланған кезде бай Жиреншені шақыртып алады. Жиренше келсе, кешегі жігіт мәз-мейрам болып сонда отыр екен. Амандасқаннан кейін бай: «Кешегі бірге келген кісі осы ма?» — дейді, жігіт: «Ия»,- дейді «Екеуің бірге келіп екі бөлек түскендерің қалай?» — дейді бай. Жиренше: «Бұрынғының сөзі бар еді, сол есіме түсіп, бөлек түстім»,— дейд!. «Ол не деген сөз? — дегенде Жиренше:

Өзің білмес ісіңді

Білгендерден сұрап біл.

Өліп жатсаң, наданнан

Қабырыңды жырақ қыл! — деген дейді.

Бай: «екеуің жолда не сөйлестіңдер, не айттыңдар?» — дегенде жігіт түндегі жол-жөнекей айтылған сөзд! баяндайды. Жиренше: «Екеуден-екеу жапанның сары даласында келе жаттық; әртүрлі сөз айттым, біреуіне де жолдасым сөз қайтармады. Сонан соң мен де үндемей отырып едім, ұйқы келді, маужырап жүре алмадық. Ұйқыдан мезі болған соң «жол қысқарталық» дедім. Оным әңгіме айт дегенім еді. Екінші «ағаш қазан қайнатайық» дегенім — насыбай атып алайық дегенім еді. Үшінші «бейбастақ үйдің жұрты» дегенім бір жұртта екі басы бірдей күйік кесеу жатыр екен. Айтқан сөзімнің біріне жауап қайырмаған соң «мына жігіт надан екен, деп бөлек қонған едім»,- дейді. Бай Жиреншенің бұрын атын есітіп бір көруге құмар болып жүреді екен. Өзін көріп, сөзін естіген соң есі кетіп мал сойып, қымыз құяды. Бәйбіше: «Шырағым, бүгін осында бол!» — деп қондырады. …Бай Жиреншенің ақылына қызығып қызын бергісі келеді. Қызы: «Мені бір жалғыз атты кедейге бар дегені несі, бармаймын»,- деп астан-кестен болып бүлінеді. Қызынан бұл сөзді естіп өтірікші болдым-ау деп ойланып отырғанда, Жиренше: «Бай, сіздің қиналып отырғаныңыз маған әбден батты. Көнбеген балаңызды қояйық, мынау көршіңіздің қызының қалың малын төлеп алып берсеңіз болады»,- дейді. Бай көрші жігітті шақырып алып, сұраған малын беріп, Қарашашты Жиреншеге қосады.

***

Қарашаш сұлу Жиренше үйде жоқта ауырып қаза болыпты. Әз Жәнібек хан «Жиреншеге 6із естірте алмаспыз, өзіне-өзі естіртсін, ешқайсың сездіріп қоймаңдар», — деп уәзірлерімен сөз байлап кояды. Бір күні Жиренше шешен елге қайта оралып ханның үйіне түсіп сәлемдесіп отырады. Хан Жиреншеге:

— Ау, шешенім, әкесі өлген қалай болады?- депті. Жиренше шешен отырып:

— Әкесі өлген асқар тауы құлағанмен бірдей болады, — депті.

— Шешесі өлген қалай болады?

— Ағар бұлағы суалғанмен бірдей болады.

— Ағасы өлген қалай болады?

— Оң қанаты қайрылғанмен бірдей болады.

— Інісі өлген қалай болады?

— Сол қанаты қайрылғанмен бірдей болады.

— Апа-қарындасы өлген қалай болады?

— Ұзын өрісі қысқарғанмен бірдей болады.

— Қатыны өлген қалай болады?

— Аһ!.. Менің Қарашашым өлген екен ғой? — дейді Жиренше. Ол күйініп қамшысын таянғанда, қамшының сабы ортасынан шарт сынып кетіпті.

Карашаш Жиренше орта жаска келгенде каза болады. Жиреншенің бұрынғы жас күні емес, кыз карастыруға ыңғайы келмей, бірер жыл жүреді. Әр күні әз Жәнібек хан Жиреншеге: «Шешен, сенің үйленбей жүргенің жарамайды, пәленшенің катыны ерінің тұсында жаксы әйелдің бірі еді, соны сен ал!» — дейді. Жиренше шешен: «Сіз ұйғарған болсаңыз жарайды», — деп сол қатынды алады. Арада біраз уақыт өткенде хан: «Шешен, мына қатыньң бұрынғылардай болатын ба, қалай?»-дейді. Сонда шешен: «Күндіз екеуіміз, түнде төртеуміз», — дейді. Хан: «Түнде төртеуің қалай?» — дегенде, Жиренше шешен былай дейді:

Ері есіне түседі,

Теріс қарап жатады,

Оныменен ол екеу.

Қарашашты ойлаймын,

Мен де теріс қараймын,

Оныменен мен екеу.

Оймен тауып жолдасты

Боламыз түнде біз төртеу.

Таң атқан соң оянып,

Тұра келсек тағы екеу!

Қыздай алмай қатын болмас,

Есік көрген мақұл болмас.

Қанша жақсы көрем десең де,

Бұрынғыдан жақын болмас.

Байы өлген қатынды алу,

Ойлағанда ақыл болмас.

Хан мен жиылған көп шешеннің сөзін тыңдап «рас» десіпті.

Әз Жәнібектің алпыс биі болған екен. Бір жолы хан билеріне: «Дүниеде не өлмейді?» — деп сұрақ қойғанда, алпыс биі бір ауыздан былай депті:

Ағын су өлмейді,

Асқар тау өлмейді.

Аспанда ай мен күн өлмейді,

Әлемде қара жер өлмейді.

Сонда Жиренше шешен бәріне қарсы шығыпты:

Ағын судың өлгені,

Алты ай қыста қатқаны.

Асқар таудың өлгені,

Басын бұлттың жапқаны.

Ай мен күннің өлгені,

Еңкейіп барып батқаны.

Қара жердің өлгені

Қар астында жатқаны.

Ажал деген атқан ок,

Бір Алланың какпаны.

Дүниеде не өлмейді?

Жақсының аты өлмейді,

Ғалымның хаты өлмейді.

Қарашаш өліп, Жиренше қартайып, ақылсыз әйел, парықсыз бала сыйламай, Жиреншеге бұзау баққызып, тезек тергізіп қояды. Көріскелі келген әз Жәнібек Жиреншеге далада кездесіп:

-Уа, шешенім, тезек теріп жүргенің қалай? – дейді. Сонда

Жиренше шешен іркілместен:

— Қатын шайпау, ұл тентек,

Екеуледі, ей ханым!

Кәрілік жеңді, мал тайды,

Төртеуледі, ей ханым!

Басымнан бақтың тайғанын

Көрмейсің бе, ей ханым!

Арқамдағы ку тезек,

Әркімге келер бір кезек — депті.

ТОҚҚОЯН АНА

Ел ішіне кең тараған шежіре сөзде Орта жүз арғын ішіндегі іргелі рулардың бірі Қуандық болса, сол Қуандықтың бірінші әйелінен −Қарпық, Өмір, Темір, Есен, Қарт деген бес ұл, тоқалынан − Алтай жалғыз туыпты дейді. Алтайдың екінші әйелі Тоққояннан − Мойын, Кенжеқара туған. Бұлардан тараған ұрпақты шешелерінің атымен «Тоққоян» деп атайды.

59.Қойсана

Қойсана — Тарақты Байғозы батырдың қызы. Қазақ әскерлерінің жоңғарларға қарсы отан соғысындағы әйгілі қолбасшы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың анасы болады. Ер Ағыбайға екіқабат кезінде елінің жылқыларын түн жамылып келіп ұрлап айдап кеткен барымташыларды соңынан қуып жетіп, бәрін аттан түсіріп байлап әкелген. Ауылға келген соң қарақшылардың басшысы «бізді аттан түсірген әйелдің күші емес, оның ішіндегі баласының күші» деген екен. Көп ұзамай Қойсана Ағыбай батырды туыпты. «Алып — анадан туады» дегенде халқымыз алыптардың анасы да тегін адам болмайды дегенді мегзесе керек.

Айғыз Көшкінбайқызы (1876-1918)

Айғыз — елдегі 1916-18 жылдардағы көтерілістерге және елдегі азамат соғысына қатысқан, Семей облысы Аягөз ауданында туған. Сермопольдегі қорғанысқа қатысып, жаралы жауынгерлерге көмек көрсеткен, тамақ тасыған. Ак казактардың атаманы Колчактың әскерлері Айғызды азаптап өлтірген. Оның өмірі мен ерлік істері туралы жазушы Қ.Исабаевтың «Айғыз» атты романы бар.

Бақты (Бақтықыз)

Әкесі әйгілі батыр болған текті жердің қызы екен дейді. Бақты — Алашорда көсемдерінің бірі, азаттық қозғалысының алыбы Мұстафа Шоқайдың әжесі, Торғай датқаның бәйбішесі болып келеді. 19 ғасырдың орта кезінде Бақты қыз әкесімен бірге Түркістанды жаулаушы орыс отаршылдарына қарсы күресіп, жау торабын барлаушылық қызмет атқарған. Оның тапқырлықтары мен жүрек жұтқан батырлығы туралы аңыз-әңгімелер ел арасында көп сақталған.

Кете Ботагөз

Оқиға былай өрбіген: 1749 жылы Барақ сұлтанның қолынан Әбілқайыр хан қаза табады. Оның орнына тағына баласы Нұралының отыру рәсіміне Әжібай би елдің бас көтерер бар азаматтарын ертіп Орынборға аттанып кетеді. Соны пайдаланып, Еділ қалмақтары қорғансыз оңашадағы шал-шауқан, бала-шаға, қатын-қалаш қалған бейбіт ауылды тауып алып, қанға бөктіріп, бүкіл малды барымталап айдап кетеді. Бұндай содырлы сойқанды естіген Есет Көкұлының қызы Ботагөз — аз уақытта өз руының жігіттерін «Келбатыр» тутөбеге жиналуға үндеп, ата жауға тойтарыс беруді ұйымдастырады. 150-дей сарбазды бастап барып, оқыста Ойыл өзені бойында қамсыз жатқан қалмақтарға аш бөрідей тиіп, қанға қан, жанға жан алып кек қайтарады. Сол жерде жауын тұтқындап алып келіп, тартып алынған мал-мүлікті еліне қайтарады.

Сапура (Көктемір) батыр

Сапураның — 22 жасар жас келіншектің бірінші күйеуін қашқын қалмақтар өлтіріп кетіп, әмеңгерлікпен қайнысы Жанболатқа қосылады. Ол Досалы сұлтанның ауылымен қоңсы екі мың кісімен Қобда бойында көшіп-қонып жүреді. Ресей патшалығында шаруалар күресін басуға шыққан орыс әскерлеріне қарсы күрестің аңызға айналған қолбасшысы. Әйел басымен қол бастауға қымсынғандай, далада жүретін бір құпия тұлға — «Көктемір» туралы аңыз таратады. Барлық іс-қимылды соның атынан жүргізіп, көзге көрінбейтін күрескер келіншек шайқасқа шығады. Алайда, орыс әскерлері оның әйел екендігі туралы ғана емес, тіпті кім екенін білмейді, «Көктемір» деген атын ғана білетін болған. «Көрінбейтін Көктемір батыр» туралы алып-қашпа әңгімелер тараған.

Кейін көтерісшілерден әбден ығыр болып, оған қарсы мәліметтер жинау үшін Орынбор губернаторы Рейнсдорп деген шенеуік Сейітов слабодкасының татарлары жасауыл Ғұбайдулла Адгамов пен Рақымқұл Ибраевты қазақтардың ішіне жансыз етіп жұмсайды. Сонда Сапура «Көктемірдің» атынан бұйрық беріп: «Сендер губернатордың атынан қырғыз (қазақ) халқы туралы тың тыңдауға келдіңдер. Сіздер ана жақты қиратқансыздар, енді осы жерді бүлдіргілеріңіз келеді, – дегенге бәрін ұйытады.

Орыс дереккөздерінде Пугачев көтерілісі кезінде қазақ даласындағы «ұстатпайтын ұстын», «көзге көрінбейтін жан» деп аталған Сапура Мәтенқызы да жұмбақ жағдайда өмірден өтеді. Алайда азаттықтың ақ таңы үшін арпалысып, жанын құрбандыққа шалғандардың арқасында армандай бостандық жолы бізге жақындай түсті.

Көктемір Сапура қыз туралы ғалым Н.Бекмаханова «Көрінбейтін адам туралы аңыз» атты зерттеу еңбегін жазған. Көктемір (Сапура) батыр туралы Әбіш Кекілбаев, Аян Нысаналин т.б. жазушылардың мақалалары жарық көрген.

Ұлбике ақын

Жанкелдіқызы Ұлбике (1825—1849) — қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы. Тал бойына алуан түрлі өнер дарыған ару. Туып-өскен жері — Қызылорда облысы Тереңөзек ауданына қарасты өңір. Топырақ бұйырған жері Жамбыл облысына қарасты Талас өзенінің бойы. Шыққан тегі — Ұлы жүз ішіндегі Ошақты руы, Тасжүрек.

Ұлбикенің бойындағы туа біткен ақындық дарынының ертерек ұшталуына әкесі Жанкелді мен анасы Жаңылдықтың ықпалы айрықша болған. Бұл жөнінде Ұлбикенің өзі былай дейді:

Әке сөзін жасымнан жаттап алғам,

Тал бойыма жинақтап хаттап алғам.

Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп,

Өлеңімді әнімен баптап алғам.

Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,

Бесігінде үйренгем мен өлеңді.

Балапандай кезінде қайран шешем,

Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді.

Ұлбике 12—13 жасының өзінде-ақ айтар ойын ұрымтал өлеңмен жеткізіп, ұтқыр сөздері төңірегін тәнті етіп, атақ-даңқы ауыл арасынан әріге жайыла бастайды. Әке шаңырағында бұла болып өскен қыз өз ортасындағы оқу-білімді игерген, көзі қаоақты жан болғанға ұқсайды. Өзінің өлеңінде былай деуіне қарағанда, бойындағы ақындық дарынды жазба мұралар арқылы да ұштаған болу керек.

Ұлбике оң солын танып, бой жете бастаған кезде Ошақтының Есмырза деген дуалы ауыз биі әулетін бастап, Әулиеата маңына көшіп келеді. Сол кезден бастап Ұлбикенің ақындығы айрықша қарқын алып, жұрт мойындаған көшелі ақындармен айтыстың додасына түсе бастайды. Күдері қожа, Майлы қожа, Мәделі қожа, Таспа қожа, Серәлі қожа, Жанкент ақын сияқты, сол кездің сөз ұстағандардың талайы Ұлбикемен айтыста тауы шағылып шығады. Ұлбикенің ақындық тегеурініне, тапқырлық-шалымына жан баласы шыдамайды. Бұл жөнінде сөз асылын терген әйгілі Мәшһүр-Жүсіп Көпеев былай дейді:

«Бұрынғылар домбыра ұстап, айтатұғын «Қайым білесің бе?» деуші еді. «Қайым» деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда «Қайым» өлеңінің басын Күдері қожа мен Ұлбике айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі — мақал, тақпақ… Күдері қожа албырт бозбала күнінде Ұлбикемен айтысамын дегенде Күдерінің әкесі (Еркөшек қожада ақын екен, жырлап сөйлейді екен): «Бала, Ұлбикемен айысамын десең Бұхарға барып үш жыл оқып кел. Әйтпесе онымен сен айтысуға жарамайсың» — деген екен.

М-Ж. Көпеевтің бұл дерегіне Ұлбикенің алдына қара түсірмес дүлдүл ақын екені аңғарылып қана қоймай, сонымен бірге қазақтың сөз өнерінде ақындық айтыстың негізін салушы, орнықтырушы ақын ретінде дараланады.

Ұлбике — ойы ұшқыр, өлеңі сұлу, кісілік — парасаты өрелі ақын. Ұлбике бұл сияқты ұтқыр уәждердің небір тамаша үлгілерін жүрген жерлерінде маржандай шашып отырған. Солмол мұрадан бүгінгі ұрпаққа жеткені мың шумақтай өлең. Бұл жиырмаға тарта айтыстары мен санаулы ғана көңіл күй толғаулары. Ұлбикенің асыл мұрасын жинауға М-Ж. Көпеев, Ә. Диваев, В.В. Радлов сияқты әйгілі фольклор жинаушылар айрықша ыждаһатпен ден қойған. «Бұдан 120 жылдай бұрын жанды бетіне қаратпаған ақын болып, қазақтан Ұлбике деген қыз шығыпты», — деп жазады Ә. Диваев. Ұлбикенің шығармаларын В.В. Радлов Петербург қаласында бастырып, кейін орыс және неміс тілдеріне аударып жариялады. М. Әуезов, С. Мұқанов, М. Жолдасбеков қатарлы білікті ғалымдар Ұлбикенің ақындығына жоғары баға берген.Осы қатарда, яғни қайымдасу мен қағыса отырып айтысуда «Ұлбике, Жанкел және Күдерi қожа», «Iзтiлеу мен Ұлбике», «Серәлi қожа мен Ұлбике қыз» айтыстарын; қыз бен жiгiт айтысындағы «Ұлбике мен жiгiт», «Ұлбике мен Мәделi», «Ұлбике мен Таспақожа» айтыстарын; ақындар айтысы жанрындағы: «Күдерi қожа мен Ұлбикенiң» айтысын және тағы да басқа ақындық жекпе-жектердi атап өтуге болар едi.

Ұлбикенің ғұмыры қызғалдақтай келте болған. Тәңірі шебер оны ақындық өнерпаздығына қоса, хор қызындай көрікті етіп жаратқан. Оны ақындар «аққудың жүнді үрі», «тілі шешен, жүзі көркем» деп өлеңге қосқан. Алайда «бір кем дүние» деген емес пе, Ұлбикенің күйеуі Байтан өнердің парқын білмейтін ұрдажық, қызғаншақ адам болып кездескен. Ұлбике нағыз кемеліне келіп, ақын ретінде төңірегін тәнті ете бастаған шағында тентек күйеуінің қолынан мерт болған.

Қазақ айтыс өнерiнiң тарихында өз орнын айқындаған, өз мектебiн айшықтаған, ең бастысы, өзiндiк ақындық қолтаңбасымен жарқырап көзге түскен Ұлбике Жанкелдiқызының сөз өнерiндегi қайталанбас кестесi киелi әдебиетiмiздiң асыл қазынасы. Қазір Қаратау қаласында «артына өлмейтұғын сөз қалдырған» қазақтың ақын қызы Ұлбикеге ескерткіш орнатылған.

Ақын Сара

Тастанбекқызы, Сара (1878-1916) — қазақтың әйгілі айтыскер ақын қызы. Туған жері қазіргі Алматы облысының Қапал ауданы. Руы Найман.

Өзінің қысқа ғұмырында тауқыметтің талайын көріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшыраған Сараның шығармашылық жолы тым ауыр да күрделі жол. Ол үш жасында әкесінен айырылып, еңсе басқан жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көріп өседі. Бұл аз дегендей, сырттай болса да жалғыз сүйенер тірегі немере ағасы Жайсаңбек «өгіз ұрлады» деген жаламен түрмеге түседі. Жоқшылық өтінде жеке қалған жетім бала, жесір әйелге қамқоршы болып, ауылына көшіріп әкелген Тұрысбек қажы Сараны шырылдатып, өзінің теңі емес, жаратылысынан кеміс туған, бай баласы Жиенқұлға атастырады.

Жетім қыз үшін мал алған Тұрысбек қажының әрекетін естіген Есімбек қажы дау шығарып, Сараны өз ауылына көшіріп алады. Бірақ бұдан Сараға жақсылық болмайды. Ақырында бар шаруа екі қажының қыздың қалың малын тең бөліп алуға келісуімен тынады.

Осылайша қаршадайынан басы дау шарға түскен ақын қыздың бағының ашылуына осы кезде Найман елін аралап, серілік жасап жүрген атақты Біржан салмен кездесіп, шаршы топтың алдына онымен айтысуы үлкен себепші болады. Бұл айтыс Сараның халық алдындағы беделін арттырып, атағын алысқа жаяды. Елдің құрметіне бөленіп, халықтың махаббатына ие болған ақын қыздың тағдыр тізгінің өз қолдарынан сусып шығып бара жатқанын сезген қажылар да көпке көренеу қарсы шыға алмай, оның басына бостандық береді.

Сөйтіп ақын Сара өзінің асқан дарынының арқасында теңдікке қол жеткізіп, он тоғыз жасында өз теңі Алтынбекұлы Бекбай дегенге тұрмысқа шығады. Теңдікке жетіп, теңіне қосылып, көзі ашылғандай болған осындай күндердің бірінде Верный қаласынан Әбіштің (Әбдірахманның) сүйегін алып қайтқан жолда Қапалда Абайға көңіл айтуға келген Найман елінің игі жақсылармен бірге Сара да келіп, ұлы ақынмен көріседі, аяулы баласынан айырылған ауыр қайғысына ортақтастығын білдіреді.

Жастай жоқшылықты көп көріп, ауыр тұрмысты бастан кешкен теңсіздіктің зардабын шегіп, қайғы мұңды серік еткен ақын қыз көп ұзамай ауруға шалдығып, жалғанның қызығын жарытып көре алмай, ерте көз жұмады.

Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі, інжу-маржаны болып саналады. Ақынның бұл айтыстан басқа «Жүрек», «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Жүрек сыры», « Жайлауда», « Әбіштің аруағына», « Хош бол, елім» секілді көптеген өлеңдері мен «Тұзақ» атты дастаны бар.

Қыз Данай

Қыз Данай – Кіші жүздің қызы, Төремұрат батырдың әйелі (19 ғ). Сүймеген адамға еріксіз қосылғалы тұрған Данай сұлу Төремұрат батырға еріп қашып кетеді. Жылыой жеріндегі (қазіргі Атырау облысы, Құлсары ауданы) Төремұрат батырдың елі атақты Құрманғазы күйшінің нағашы жұрты болатын. Ел аузындағы қыз Данай десе, дегендей еді. Құрманғазыдай күй құдырет иесі «Қыз Данайдың күлкісі», «Қыз Данайдың жүрісі» атты күйлер шығарған. Сиқырлы сазға толы әсем ырғақты күйлер құлаққа сіңісті, жүрекке қонымды болып ел арасына тез тарап кетті.

Батыр жолаушылап келе жатып, Түркімендермен шайқаста қаза табады. Қыз Данай Түрікмендердің тұтқынынан қашып шығып өз еліне жетеді. Алайда оны күштеп бұрынғы айттырған адамына қайта қосады. Қыз Данай да көп ұзамай құсадан қаза болады.

Төремұрат батыр мен Қыз Данайдың қайғылы тағдырын естіген Құрманғазы өзінің «Төремұрат» атты күйін шығарған. Бұл күй ел арасында «Қыз Данайдың қырғыны» деп те аталады. Күйдің ерекшелігі — Данай қыздың әсем сұлулығы мен Төремұрат батыр қаза тапқан қым-қуыт аласапыран шайқас және қаза болғандарды жоқтау сарындары араласып қатар өріліп жатады. Қыз Данай туралы Құрманғазының күйлері А.Жұбанов еңбектерінде талданады.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.