Арнайы медициналық түтікшелерде қолдан ұрықтандыру арқылы сәби дүниеге әкелуге, әсіресе, суррогаттық тәсілге (құрсақ ана) дініміздің үкімі қандай?

Қолдан ұрықтандыруға қатысты дініміздің үкімін айтпас бұрын қолдан ұрықтандырудың не екендігі жайлы оқырманға қысқаша түсіндірме бере кетейік.

«Қолдан ұрықтандыру» – табиғи жолмен өздігінен ұрықтана алмаған жағдайда, әйел жұмыртқа клеткалары мен еркек ұрық клеткасын сыртқы ортада арнайы медициналық түтікшелер көмегімен біріктіріп ұрықтандыру тәсілі. Ұрықтандырылған бұл зигота [1] артынша әйел жатырына салынады.

Бұл тәсіл XX ғасырдың алғашқы жартысында ең әуелі жан-жануарларда қолданыла бастады. Бір ғана еркек малдың ұрығымен мыңдаған ұрғашы малдар қолдан шағылыстырылды. Бұл ғылыми жаңалық мал шаруашылығына айтарлықтай экономикалық тиімділік әкелді. Мыңдаған сиырларға бір ғана бұқа салу қиындық туғызатындықтан, шаруа иелеріне бұрынырақта көптеп бұқа ұстау, оларды арнайы күту, бағу керек болатын. Енді жаңаша мына тәсіл арқылы оларды күтуге жұмсалатын шығын азайды. Оған қоса, бұқаларды көптеп ұстағаннан кейін қартайған бұқалардың етін өткізу де қолайсыз болатын. Жаңа тәсіл арқылы санаулы ғана бұқа ұсталатындықтан басқа еркек малдарды жас кезінде сойып етке өткізу де экономикалық пайда әкелді. Оның үстіне, бұқалардың ұрықтарын зертханада зерттеу арқылы олардың ішінен аурудан таза, етті, ең мықтылары таңдалып, ұрықтандыруға қажетті бұқалар іріктелетін болды. Сөйтіп, жоғарғы сапада мал төлдету мен мал түрлерін көбейтуде бұл тәсіл таптырмайтын мүмкіндік сыйлады.

Кейін келе-келе бұл тәсіл табиғи жолмен ұрықтана алмайтын адамдарға да қолданыла бастады. 1978 жылы Эдвардс және Стептоу атты дәрігерлер, Джон Браун, Луиз Браун атты ерлі-зайыптылардың ұрықтарын түтікшеде ұрықтандырып, оны қайтадан Луиз Браунның жатырына салады. Сөйтіп, 1978 жылы 25 тамызда Лесли Браун атты алғашқы сәби дүниеге келген.

Қолдан ұрықтандыру екі тәсіл арқылы жүзеге асады:

1. Қолдан іштей ұрықтандыру тәсілі. Бұл тәсілде ер кісінің спермасы алынып, әйел жатырының қолайлы жеріне қойылады.

2. Қолдан сырттай ұрықтандыру тәсілі. Бұл тәсіл ер кісінің спермасы мен әйелдің жұмыртқа клеткасы алынғаннан кейін оларды зертханада арнайы түтікшелерде ұрықтандырып, артынша оны әйелдің жатырына орналастыру арқылы жүзеге асады.

Осы негізгі екі тәсілге тән қолдан ұрықтандырудың алты түрі бар. Олардың екеуі ішкі ұрықтандыру тәсілі арқылы, қалған төртеуі сыртқы ұрықтандыру арқылы жүзеге асады.

Іштей ұрықтандыру тәсілі:

Біріншісі, үйленген ер кісінің ұрығы алынып, оны әйелінің жатырының ыңғайлы тұсына орналастыру арқылы жүзеге асады. Сонда барып еркектің спермасы табиғи жолмен әйелдің жұмыртқа клеткасымен ұрықтанады. Бұл еркектің спермасы өздігімен табиғи түрде әйелінің жатырына жете алмаған жағдайда қолданылады.

Екіншісі, ер кісінің спермасын өз әйелі емес, басқа бір әйелдің жатырына салу арқылы болады. Бұның әуелгіден айтарлықтай көп айырмашылығы жоқ. Айырмашылығы – ер адамның спермасы өз некелісінің жатырына емес, басқа әйелдің жатырына салынады.

Сырттай ұрықтандыру тәсілі:

Біріншісі, ерлі-зайыптылардың спермасы мен жұмыртқалары алынып, арнайы түтікшелерде ұрықтандырылғаннан кейін жұмыртқасы алынған әйелдің жатырына қайта орналастырылады. Ұрықтандырылған зигота жатырға жабысқан жағдайда өз дамуын ары қарай жалғастырады. Бұл әйелдің жұмыртқалық жолдары бітеліп қалған жағдайда қолданылады.

Екіншісі, ер адамның спермасы мен бөгде әйелдің жұмыртқасын түтікшеде ұрықтандырғаннан кейін оны әйелінің жатырына орналастыру арқылы болады. Бұл жол әйел адамның жұмыртқалығында ақау болса әрі жатыры зиготаны қабылдай алатындай сау жағдайда қолданылады.

Үшіншісі, бөгде ер-әйелдің спермасы мен жұмыртқасы түтікшеде ұрықтандырғаннан кейін оны басқа бір тұрмыстағы әйелдің жатырына салу арқылы жүзеге асады. Бұл тәсілге жатырына зигота қойылған әйелдің жұмыртқалығының жұмыс істемеуі әрі күйеуінің спермасы жарамсыз болған жағдайда жүгініледі.

Төртіншісі, ерлі-зайыптылардың спермасы мен жұмыртқа клеткалары түтікшеде ұрықтанғаннан кейін, оны жүкті болып босанып беруге келісім берген басқа бір әйелдің жатырына орналастыру арқылы болады. Яғни, суррогаттық тәсіл арқылы жүзеге асады. Босанып беруші анаға – «құрсақ ана» делінуде. Бұл жолға ерлі – зайыптылардың сперма, жұмыртқалары болғанымен, әйелдің жатыры жарамаған яки түгелдей жоқ жағдайда немесе бала көтеріп, тууды қаламаған жағдайда жүгініледі.

Қазіргі таңда әлемде жоғарыда айтылған барлық тәсілдер кеңінен қолданылуда. Қолдан ұрықтандыруды біреулер тек ақша табу мақсатында пайдаланса, енді біреулері үйленбей-ақ балалы болу үшін немесе ерлі-зайыптылардың біреуіндегі яки екеуіндегі жүкті болуға бөгет келтіретін кей ақауларға байланысты кеңінен қолдануда. Бүгінгі таңда танымал яки белгісіз адамдардың спермаларын сақтап, сосын оны қажетсінген адамдарға сататын арнайы әлемдік сперма банкалары көптеп құрылған.

Ислам ғұламалары «Рабитатул-аламил-ислам» (Әлем мұсылмандарының өзара байланысы) ұйымы ұйымдастырған фиқһ (ислам құқығы) мәжілісінің VIII кезекті отырысында жоғарыда айтылған қолдан ұрықтандырудың барлық түрлері мен жолдарын зерттеп мынандай пәтуалар шығарған:

1. Ерлі-зайыптылардың спермасы мен жұмыртқа клеткалары табиғи түрде ұрықтана алмаған жағдайда, оларды қолдан ұрықтандыруға шариғат рұқсат етеді. Яғни, жүкті болуға қажетті «сперма, әйелдің жұмыртқа клеткасы және жатыр» бәрі бірдей бір ерлі- зайыптылардікі болған жағдайда ғана қолдан ұрықтандыруға рұқсат. Ал бұған жоғарыда айтылған сырттай және іштей ұрықтандырудың бірінші жолдары ғана сай келеді.

Рұқсат етілген бұл жолдың өзінде де мынандай шарттар орындалуы тиіс:

• Әурет жерін көрсетуге тыйым салынғандықтан, әйелдің жұмыртқасын алу немесе ұрықтанған зиготаны жатырына қайта салу істерін мүмкіндігінше сенімді мұсылман әйел дәрігер яки басқа әйел адам, әйтпесе, мұсылман ер дәрігер, ол да мүмкін болмаған жағдайда басқа кез-келген сенімді ер дәрігер атқарады. Бірақ, жанында басқа туысқандары бірге болуы керек.

• Ұрықтардың ауысып, шатастырылмайтындығына нақты көз жеткізілуі керек.

• Қолдан ұрықтандыру күйеуінің көзі тірісінде жасалуы керек. Өлгеннен кейін рұқсат жоқ.

• Ерлі-зайыптылардың бұл іске бірдей рұқсаты болуы керек.

2. Қолдан ұрықтандырудың қалған барлық түрі шариғат бойынша – харам. Бұл жолдардың кез-келгені зинаның бір түріне жатады [2]. Өйткені, бұл тәсілдерде сперма мен жұмыртқа бірдей ерлі-зайыптыға тиесілі емес яки тиесілі болған күннің өзінде жатыр оларға еш қатысы жоқ бөтен біреудікі. Мұндай жолдар ата-тектің шатасуына, көптеген келеңсіз жайттардың етек алуына әкеп соғары сөзсіз. Аталмыш тәсілдердің ішіндегі кең тараған суррогаттық (құрсақ ана) тәсілмен балалы болуға оң көзбен қарайтын адамдар да кездесіп жатады. Алайда, оның да өзіндік қауіп-қатері мен кері нәтижелері болатындығын ескермей болмайды. Айталық, олардың кейбірі:

• Батыста туылған сәбиді құрсақ ананың зигота иелеріне қайтармау оқиғасы жиі кездеседі. Расында да, ұрық басқа біреудікі болғанмен өз қанымен қоректендіріп, тоғыз ай бойы қиналып көтерген, жан алып — жан берісіп барып толғатып дүниеге әкелген бауыр еті баласын кім басқа біреуге көзі қиып бере салсын? Қайтарған күннің өзінде бұл жағдайдың ананың ішкі жан дүниесіне, психологиясына қалай әсер ететінін дүниеге сәби әкелген аналар жақсы түсінер. Ана баласын табыстағаннан кейін өмір бойы оны санасынан өшіре алмасы анық. Ғұмыр бойы рухани күйзеліске түседі. Бала мен ана арасында өзара рухани тығыз байланыс болатындығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Себебі, жаратылысының негізгі кезеңдерін бала ананың жатырында тәмамдайды. Рухы ананың жатырында беріледі. Құранда былай делінеді:

«Расында, біз адамды нағыз (сүзілген) балшықтан [3] жараттық. Сосын оны шәуеттің бір тамшысы күйінде мықты жерге орналастырдық. Сосын ол тамшыны алақаға (жабысқақ ұрықтанған клеткаға) сосын оны мудғаға (бір тістем ет бейнесіндегі жаратылысқа) сосын мудғаны сүйектерге айналдырдық, сосын сүйектерді етпен қаптадық, сосын оны басқа бір жаратылыс жасадық. Алла – ең керемет Жаратушы» [4].

Құранда баланың анасы ұрығын берген әйел емес, оны дүниеге әкелген жан екені айтылады: «Oлардың аналары – оларды дүниеге әкелгендер ғана» [5]. «Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді…» [6]. «Әлсіреген үстіне әлсіреген күйде анасы оны көтерді» [7].

• Сәби өскеннен кейін әке-шешесіне қарсы шығып, өзін тапқан құрсақ анасына қайтамын деп қиғылық салған жағдайда не болмақ?

• Бұған қоса, баланың пікірімен санаспастан оны туған анасына емес, жұмыртқа иесі әйелге тапсырылуына кім рұқсат берді. Яғни, әр сәби өзін туған анасының құшағында өсуге, ақ сүтін емуге құқылы емес пе?

• Құрсақ ана алдын ала берілген қаржыны қанағат тұтып, өзгесін керек етпей ішіндегі баласын әдейі түсік қып тастаса ше?

• Ал баланың түр-әлпеті ұнамаса немесе дене бітімінде бір ақау кездесе қаласа, тіпті, ешбір себепсіз балаға тапсырыс берген ұрық иелері баладан бас тартқан жағдайда баланың және құрсақ ананың жағдайы қалай болмақ?

• Құрсақ ана өз өмірінде бірнеше жанұяның ұрпағын туып берсе [8], кейіннен ол балалары ер жете келе бір-бірімен үйленіп жатса қалай болады? Яғни, шешелері бір аға-қарындастар бір-бірімен тұрмыс құрып жатса қалай болғаны? Олай дейтініміз, құрсақ ана бәрінің бірдей анасы емес пе?

• Құрсақ ана үйленбеген қыз болған жағдайда оның тұрмысқа шықпастан жүкті болғанын көрген ел не ойлайды? Бұл бәлкім діні бұзылған батыста ерсі болмағанмен, біз секілді зинаны үлкен күнә санайтын мұсылман елдерінде өте жиіркенішті қылық.

• Батыста суррогаттық ананың өз күйеуінен жүкті болып қалу жағдайы да кездесуде. Германияда бір әйел суррогаттық ана болуға келісім берген. Сөйтіп, жатырына келісілген шарт бойынша ерлі-зайыптылардың зиготасы қойылғаннан кейін аяғы ауырлайды. Алайда, уақыт өте келе оның сол зиготадан емес, өз күйеуінен жүкті боп қалғаны анықталады. Бірақ, ол алдын ала 8000 АҚШ долларын алып қойғандықтан, әлгі ерлі-зайыптыларға күйеуінен жүкті болған өз баласын табыс етуге мәжбүр болған. Кейбір адамдар өз балаларын ақшаға осылай сатуда. Міне, бұл – дінсіз, рухсыз ғылымның жетістіктері [9].

• Қазір батыста табиғи жолмен өзі босануға денсаулығы жете тұрып, әйелдің баланы кестіртіп алдыруы сәнге айналды. Себебі, толғатып, қиналып туғанша кестіріп алдыра салу әлдеқайда оңайырақ. Бірақ қиналмай әкелген баланың анасына деген құрмет-ықыласының қаншалықты болары тағы белгісіз.[10] Себебі, ана мен баланың арасында рухани байланыстың бар екені сөзсіз. Ол ғылыми зертханада білінетін нәрсе емес. Ананың аналығы да, қаһармандығы да оны тоғыз ай бойы қабырғасы қайыса көтеріп, қиналып босануында емес пе? Ал енді суррогаттық тәсілдің де бара-бара еріккендердің ермегіне айналмасына кім кепіл? Бала көтеріп қиналғысы келмейтін кей әйелдер баласын тауып беретін басқа біреуді жалдауды әдетке айналдыруы мүмкін ғой. Бұл – батыста кең етек алған ауру. Қазіргі күннің өзінде елімізде «Мен бала туып дене-бітімімді бұзғым келмейді», «жасым қырықта, баламды басқа біреу туып берсе… Өйткені, мен үшін жұмысым маңыздырақ» деп, орталыққа келетіндердің бар екендігін Қазақстандағы «Экомед» клиникасының бастығы Салтанат Берденқызы да айтуда [11]. Сонда әйел ана болудан қашса, күйеу бөгде еркектің ұрығын өзінің әйелінің жатырына қойылуына намыстанбаса, оны ұят деп қабылдамаса, ағасының баласын қарындасы немесе анасы тағысын тағы жақын туысқандары туып беріп жатса бұл адам баласының азғындауы емес пе?

• Жоғарыдағыларға қоса, сперма мен жұмыртқаны түтікшеде ұрықтандырғаннан кейін оны үшінші бір әйелдің жатырына қою жолымен дүниеге келген баланың жаратылыс, болмыс, мінез-құлық, психология, ақыл-есінің ақаусыз болатындығына ешкімнің кепілдік бере алмасы және хақ [12]. Мұны алдағы уақыт көрсетеді. Бұл өз алдына зерттеуді қажет ететін тақырып.

Қысқасы, суррогаттық тәсілмен дүниеге бала әкелу мейлі діни тұрғысынан болсын, мейлі адамгершілік жағынан болсын құптарлық іс емес екені айқын. Ислам ғұламалары бірауыздан қолдан ұрықтандырудың бұл тәсіліне «харам» деп анық пәтуа берген.

Иә, өмірде бала сүюдің қандай бақыт екені баршаға аян. Алайда, міндетті түрде бала сүю керек екен деп шариғат тыйымдарын аттап, адамгершілікке жат қылықтарға бару дұрыс емес. Бұл тұрғыда батыстық экспериментер мен адасулар бізге үлгі бола алмайды. Батыста үйленбей-ақ балалы болуды қалайтын әйелдер арнайы құрылған сперма банкаларынан белгілі бір мөлшердегі қаражатқа қалаған адамының ұрығын сатып алып балалы бола береді. Белсіз азаматтар өз әйеліне осы сперма банкаларынан танитын яки танымайтын еркектердің ұрығын пайдалануына рұқсат етуде. Бедеу әйелдер күйеулеріне өзі мүлдем танымайтын бөтен әйелдің жұмыртқа клеткаларын қолдануына разы болуда. Керек десеңіз, шешесі қызының баласын, қызы шешесінікін, қарындасы ағасының баласын босанып беретін жайттар да кездеседі.

Бүгінде батыста құрсақ аналар мен баласыз ерлі-зайыптылар арасында бизнестік мақсатты көздеп делдалдық жасайтын мекемелердің, әйелдердің жұмыртқа клеткалары мен ер адамдардың спермаларын саудалайтын орталықтардың кең тарағандығы баршаға мәлім. Бұлардың қай-қайсысы болмасын біздің адамгершілігімізге сыйыспайтын, келер ұрпақ алдындағы адалдығымызға нұқсан келтірер жиіркенішті істер екені сөзсіз. Сұрақтың жауабын Шәкәрімнің:

«Ғылым деген бұл болса – адыра қалсын,

Демеске бара жатыр ішім толып» [13]

— деген даналық сөзімен тамамдайын.


[1] Зигота – әйелдегі жұмыртқалық клетканың еркек ұрығымен ұрықтанған кезі.

[2] әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-фәтәәуа, 281-бет. Даруш-шуруқ, Каир, 2004 ж

[3] Бұл жерде Адам атамыздың әу баста балшықтан жаратылғандығы яки адам денесінің топырақтағы элементтерді қамтитындығына ишарат етілуде.

[4] Муминун сүресі,12-14-аят.

[5] Мужадәла сүресі, 2-аят.

[6] Ахқаф сүресі, 15-аят.

[7]Тафсируль-мунир, 13-т, б. 347

[8] Мысалы, Ұлыбританияның 38 жасар тұрғыны құрсақ ана — Керол Хорлок осымен қатарынан сегіз рет өзгелердің баласын босанып, енді тоғызыншысына аяғы ауыр. Ол — Childlessness overcome through Surrogacy (ұрпақсыздыққа қарсы бөтен кісілердің нәрестесін көтеру) ұйымында жұмыс істейтін көп әйелдердің бірі. Өздігінен сәби көтере алмайтын жанұяларға жалдамалы құрсақ аналарды іздеу мақсатында 1990 жылы құрылған бұл ұйымға Керол Хорлок 1994 жылы келген. Ол жыл сайын бір нәресте көтеріп келеді. АҚШ-та бұл үлкен бизнес көзіне айналған. Заң жүзінде төлемнің ең жоғарғы мөлшері белгіленбеген. Алайда, Sunday Times – тың хабарлауынша төлем мөлшері 12 мен 18 мың евро көлемінде өзгеріп отырады. (бұл мағлұмат Mednovosti.ru сайтынан алынды.)

[9] Мухаммед Али әл-Баарр, Дин ве тып ачысындан түп бебек. 80-81 бет. Ауд: Адил Бебек. Несил иайынлары, Стамбул, 1989 жыл.

[10] Әрине, мәжбүр жағдайда кестіріп алу басқа жағдай.

[11] «Қазақстан заман» газеті, 11 қараша 2005.

[12] Мұхаммед Барада Ғазиюли, әл-ихсабус-синағи мин манзурин исламии.

[13] Шәкәрім, Өлеңдер мен поэмалар, 139-бет. Жалын баспасы, Алматы 1988 ж.

 

Қайрат Жолдыбайұлы,

Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы

http://muslim.kz/kk

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.