Әруақтардың әлемдегі алатын орны қандай?
«Әрбір кісі жақсылық үшін жаралған, сол жолды ұстаса бәле жаладан аулақ болады. « (Пайғамбарымыз Мұхаммедтен)
– Әруақ дегендер кімдер? Әлемдегі олардың алатын орны қандай? Олар адамдармен не себептен хабарласады?
– Олар басқа бір жан иелері емес, осы жерде, не болмаса болмыстың басқа әлемдерінде өмір сүрген жандар екені, олардың өздерінің тәндерін тастап, енді ғарыш кеңістігінде жүргендері анықталды. Әруақтардың арасынан өздерінің бұрынғы туысқандарын, достарын танығанда, олармен сөйлесіп, кім екендерін біліп, көптеген
дәлелдерді көргенде, бұған ешқандай күмән қалмайды. Әруақтардың тәні қалып, бірақ жандары рухтарымен әлі де болса бұрынғы кезіндей өздерінің жақындарын көріп-біліп, олардың арасында жүргендерін, оларға жақсылық ойлап, көмектескілері келетіні туралы айтатынын, бұған көптеген дәлелдерді өзім де көптеп келтіре аламын.
Шын мәнінде халық арасында әруақтар жөнінде ертеден қалған түрлі аңыздардан басқа нақты деректер әлі де болса жеткіліксіз. Әруақ ұғымы барлық халықтар арасында бар. Осының өзі олардың адамзат пайда болғанынан бастап бар екенін, адамзатпен бірге пайда болғанын дәлелдейді емес пе?
Әруақтар әлемі қандай әлем?
Әруақтар әлемі көрнеу әлемге қарағанда өте нәзік, ауа, леп, дем тәрізді көрінбейтін, сондықтан адамдардың көріп-білуіне болмайтын әлем. Себебі, көрнеу әлем мен көмескі әлемнің екеуінің және ондағы өмірлердің мақсаттары екі бөлек. Олардың әрқайсысының өздерінің бөлек өмірі бар. Сондықтан болмыс заңдылығы бойынша олар біріне бірі кіріп, бірінің өміріне бірі араласпаулары керек. Осылай болу үшін бұл екі әлем бір-бірінен қатаң шектелген.
– Екі әлемнің арасында байланыс бар ма?
– Әлемдердің өзара ешқандай байланысы жоқ деуге болмайды. Керісінше олар бір-бірімен тығыз байланыста. Мысалы, жоғары нәзік әлемдер төменгі әлемдерді басқарып, тағдырдың ұлықсатымен олардың дамуын бағыттап отырады. Тағдырдың ұлықсатымен деп жердегілердің еркіне қарсы емес, оларға ерік беріп, бірақ белгілі бір бағыт сілтеп отыруды айтамыз. Жоғары әлемдегілер төменгі әлемдегілердің еркіне ешуақытта шек қоймайды. Бұл болмыс заңдылығы. Сондықтан жоғары әлемдегілердің берген дұрыс бағытына қарамай, адамзат теріс бағыт алатын болса, оған әруақтар жауап бермейді. Бірақ, адамзат өмірінің қиын-қыстау кездерінде әруақтар әрқашан да көмекке келеді.
Әруақтардың адамзатқа көмегі
«Ей, пенде ойланып іс істе. Істеген ісің ұят келтірмейтін болсын. Сонда жақсылық істеген боласың, жамандыққа жол қойылмасын.»
(Пайғамбарымыз Мұхаммедтен)
– Әруақтардың адамзатқа көмегі бар ма?
– Әруақтардың адамзатқа көмегі туралы барлық қасиетті жазбаларда, көптеген халықтардың ауыз әдебиетінде, аңыздарында молынан берілген. Әруақтардың адамзат өміріне ықпалы ешуақытта да тоқталмайды. Ол өмірдің әр кезеңінде байқалып отырады. Әсіресе, заманның қиын-қыстау кезінде олардың көмегі ерекше болады.
Осы өмірде өздерін жетілу жолына салып, жоғары деңгейге жеткен адамдардың рухы жоғары әлемдерге көтеріліп, әруаққа айналады да, олар өздерін есіне алып, жәрдем күткен ұрпақтарын жебеп, қиын жағдайдарда көмек беріп отырады.
Әруақтардың қандай түрлері болады?
– Әруақтардың қандай түрлері болады?
– Жеке адамдарды қорғайтын әруақтар ғана емес, ұлтты, қоғамды, тіпті бүкіл адамзатты қорғайтын да әруақтар болады. Олар өздерінің қамқорына алғандарды үнемі бақылап, оларға қиын-қыстау кездерде көмек беріп отырады. Қаншама қиын жағдайдарда біреудің көмегі болғандай, жеңілдік көрген уақытымыз өмірде кездесе береді.
Бірақ, біз оны елемейміз, ұмытып кетеміз. Бұл көмектің өзі Жаратушының бізге жасаған мейірімділігінің бір белгісі емес пе? Оның Өзі ештеңеге мұқтаж емес, ештеңені жасамаса да, Оның әмірін орындауға дайын, нұрдан жаралған көмекшілері сансыз көп. Біз тек қана соны түсіне біліп, оны дұрыс пайдалана білуіміз керек. Әрине, бұл Жаратушыны ұмытып, әруаққа табыну керек деген сөз емес, тек қана болмысты толық қабылдап, ғажайып көріністерін жоққа шығармай, саналы болуымызды білдіреді.
Әруақтар не істей алады?
«Әр адам не үшін жаралса, соған ғана ылайықты өмір сүреді».
(Пайғамбарымыз Мұхаммедтен)
– Әруақтар не істей алады?
– Әруақтар адамның кемшілігін көрсетіп, одан арылудың жолын айтып бере алады. Әруақ басына барған көптеген адамдар олардың көмегімен өздерінің кемшіліктерінен арылып, арақ, темекіден бас тартты, денсаулығын түзетіп намазға жығылады. Көпшілігі өмірін дұрыс жолға қойып, тіпті Алла Тағалаға беріліп, имандылық жолға толық түскендері де бар. Осылай әруақтардың ақиқат екенін, бұл көрнеу әлемнен басқа тағы да көрінбейтін әлемнің бар екенін түсініп, білгенде адам ой-өрісі толық өзгеріп, дүниетанымы мүлде басқа бағыт алады.
Адамның өз бетімен ізденіп өзінің қадір-қасиетін, мінез-құлқын өзгертуі, жаман әдеттен бас тартуы өте қиын және көп уақытты керек етеді. Ал әруақтар оларды бірден жоқ қылады. Мұның сырын төменде түсіндіреміз. Бұл жеңілдікті әрбір адам бірден сезініп, түсіне бастайды. Осылай адам өте үлкен әсер алып, болмысын толық өзгерте алады. Әруақтармен байланыстыратын емшілердің міндеті олардың халыққа деген қызметінің маңызы осындай.
– Әруақтармен байланыстың қалай болатынын емшілер, (медиумдар) түсіндіріп айта ала ма?
– Өкінішке қарай, емшілердің көпшілігі әлі де болса әруақтармен байланыстың қалай болатынын анық түсіндіре алмайды. Себебі, арнайы білімдерінің жоқтығынан олар мұны білмейді. Бұл олардың өздеріне берілген мүмкіншіліктерді толық пайдалануға үлкен бөгет. Емшілер, көбінесе әруақтардың айтқанын ғана қайталайды. Ал жетілген медиум – емшілер әруақтардың бергенін ғана емес, сонымен бірге, олар өздері сұрақ қойып, ол сұрағына жауап алады. Осылай олар түрлі хабар алып, адамға бәймәлім көптеген нәрселерді анықтай алады.
Әруақтардың арасында жақсылары да, жамандары да бар
Дене менен – жан анау, көңіл – мынау,
Қайсысына билеттің байғұсым-ау?
Ең түбінде өзің – кім, сенікі кім,
Досың қайсы, өзіңе қайсысы жау? Шәкәрім
– Әруақтар адам қалпынан нәзік әлемге өткеннен кейін олар бірден өзгеріп кете ме?
– Осы өмірдегі жеткен рухани деңгейіне байланысты жан о дүниеде түрлі деңгейлерге көтеріледі. Қазақта «Аспанның жеті қабаты» деген түсінік бар. Жеті қабат дегеніміз осы өзіміз өмір сүріп жүрген тұрпайы әлемнен бөлек, бірақ қатар өмір сүретін әлемнің жеті қабаты, ғаламаты. Олардың өздерін жеті әлем деп есептеуге болады.
Жан өзінің осы әлемдегі өмір сүруінің нәтижесіне байланысты сол әлемдерде өзіне тиісті орын алады. Егер адам бұл әлемде қара басының қамынан аса алмай, нәпсінің ықпалымен ғана өмір сүрсе, ол соған байланысты тәнін тастағаннан кейін төменгі қабаттарға барады. Бұл қабат нәпсіқұмарлықтан туатын төмегі сезімдер қабаты. Бұл қабаттағы әруақтарды әр халық өз тілдерінде түрліше атайды. Мысалы, әруақтың палтергейс, гном, домовой, сура, асура және тағы сол сияқты басқа атаулары бар.
Әруақтар жоғары әлемге өтсе де, олардың барлығы да жоғары қасиетті емес. Хабарласқан кейбір әруақтардың сөздері өте маңызды, шешен, олардың сөздері байсалды, өздері салмақты, мейірімді екені байқалса, ал екінші бір әруақтардың өте жеңілтек, айтқан сөздерінде ешқандай маңыз жоқ, өздерінің тек қана жамандық ойлап, кесірін тигізуге дайын, деңгейінің төмен екені білініп тұрады. Осылай түрлі әруақтар болады екен. Мұны түсіндіру де қиын емес.
Әруақтар адам қалпынан нәзік әлемге өткеннен кейін олар бірден өзгеріп кете алмайды. Өздерінің ынтасымен түрлі кемшіліктерін жоймайынша олар адам қалпындағы өздерінің кемшіліктерінен арыла алмайды. Сондықтан әруақтардың арасында жақсылары да, жамандары да бар. Тәндері болмағандықтан, әруақтар өздерінің жаман қасиеттерін жасыра алмайды. Нәпсіқұмарлығымен өмірін кешіп, өзіне әлі дұрыс қадір-қасиет алып үлгірмеген жандар о дүниеде де, сол өмірін жалғастырғысы келеді. Сондықтан олар нәпсілерін қандыру үшін адамдардың денесіне барып қонып, соларды дұрыс жолдан тайдырып, өздеріне ләззат алады. Не болмаса түрлі ойын-сауықтар құрып адамдардың
өміріне араласады. Бұлардың қазақ тілінде «жын», «албасты», «шәйтән», «пері» және тағы сондай атаулары бар.
Нәзік әлемде барлығы қолмен қойғандай көрініп тұрады. Сондықтан жаман қасиет зардап әкеледі, ал жақсы қасиеттер, керісінше, басқа әруақтардың алдында үлкен сый-құрмет әкеледі.
Заттық әлем мен нәзік әлемнің байланысы – адамдар мен әруақтардың арасындағы байланыс
Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек,
Мұрын иіс, тіл дәмнен хабар бермек.
Біреуінен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр істі сол тексермек. Шәкәрім
– Заттық әлем мен нәзік әлемнің байланысы дегенімізді қалай түсінеміз?
– Жан денені өзінің рухымен басқаратыны тәрізді, Алла Тағала да заттық әлемді рухани әлем арқылы басқарып, онымен үздіксіз байланыста болады. Ал рухани әлем заттық әлеммен нәзік әлем арқылы байланысады. Заттық әлемдегі жетілген жандар адамдар болса, ал нәзік әлемдегі жетілген жандар періштелер (жоғарғы таза әруақтар) болып табылады. Сондықтан заттық әлем мен нәзік әлемнің байланысы дегеніміз – адамдар мен әруақтардың арасындағы байланыс болып табылады.
Осыдан нәзік әлемдегі әруақтар заттық әлемдегі адамдармен үнемі байланысып, олардың іс-әрекеттерін басқарып, кезінде көмегін беріп отыратынын түсінуге болады. Нәзік әлем рухани әлемнің, ал рухани әлем Алла Тағаланың құралы ғана болғандықтан, нәзік әлем Жаратушының ықпалынан ешқашан да шықпай, соның «әмірінде» болады.
Рухани болмысқа сенудің зияны бар ма?
«Ілімге кәдімгі шопан сияқты күзетші, қорғаушы болыңдар, бірақ ілім туралы тек қана әңгімелеуші болмаңдар. » (Пайғамбарымыз Мұхаммедтен)
– Рухани болмысқа сенудің зияны бар ма?
– Бүкіл тіршілік көрінісі рухани және заттық негізден құралатыны белгілі. Рухани болмысқа сенудің ешқандай да зияны жоқ. Керісінше, ол болмыстың біртұтастығын түсінуге мүмкіндік беріп, сана-сезім, ой-өрісті жаңа деңгейге көтереді. Бірақ, заттық өркениет басым болып тұрған заманда мұны әркім бірден түсініп, оған толық сеніп кете бермейді.
Ата-баба әруағына Құран бағыштау
«Әрбір мұсылман садақа беріп тұруы дұрыс. Егер садақа беруге дүние таба алмаса жұмыс істеп өзіне және садақа үшін дүние тапсын. Оған да мүмкіншілігі болмаса (әлі келмесе) мүсәпірлерге жәрдем берсін. Ол да қолынан келмесе адамдарды жақсы жолға сілтесін. Ол да қолынан келмесе адамдарды жамандықтан қайтарсын, ең болмаса ешкімге жамандық жасамасын, ол да садақа болып есептеледі».
(Пайғамбарымыз Мұхаммедтен)
– Не үшін ата-баба әруақтарына Құран бағыштаймыз?
– Бұл мәселе де исламда өз шешімін тапқан. Мұсылманның өмірде үш парызы бар. Олар – үй салу, ағаш отырғызу және артыңда ұл бала қалдыру. «Үй салу» міндеті о дүние ғана емес, осы өмірдің тіршілігін де ұмытпа дегенді білдірсе, «Ағаш отырғызу» міндеті табиғатты аялай біл, сен де табиғаттың бір мүшесісің дегенді білдірсе керек. Ал «Ұл бала қалдыру» міндеті – келесі өмірдің қамы. Себебі артыңда қалған бала ата-бабасының рухына Құран бағыштап, Алла тағаладан шапағат тілеп, біліп-білмей жасаған күнәләрін кешіруді сұрап жалбарынады. Осылай ұлдар өзінің ата-бабасының о дүниедегі өмірін жеңілдетеді. Әруақтар бұл туралы айтып, білдіреді. Шәкәрім ол әруақтар туралы: «Кейбір жандар артымнан дұға қылып, күнәмді кеш деп сұрайтын кісім жоқ. Сондықтан жоғарылай алмай жүрмін дейді» деп жазады.
(Асет Мұқашбеков)
Бул асет мукашбеков аферист адам жасару купиясы деген китаби бар олжакта аштык жайлы жазылган ал бул асетке звондасан сразу жауап бермей комектеспей алдын ала карточкасына акша салуды талап етеди халыкка шын жаны ашыса ставка коймайды осыны билип журиндер казак бауырлар аферист адам бул
Әрбір адам баласының жындылығы, шайтандығы қос жүреді. Ақылдың мақсаты да керегін алып керек емесін тастап, жамадықтан, жамандардан да пайда таба білуде. Сократтан; «Осынша даналықты қайдан үйрендіңіз?» дегенде «Надандардан» деген екен.