Әлемдік тәжірибеде мойындалған бір ақиқат бар. Ол – ел болудың биік мағыналы ұғым екені. Оның іргетасы – мемлекет, анығырағы ұлттық мемлекет. Әділіне көшсек, тек мемлекет құрған ел ғана әлемдік көшке ілесе алады, өзіндік келбеті бар өркениет жасай алады, өз кезегінде өркениет жасай алған ел ғана басқа өркениетті елдермен терезесі теңесе алады. Олай болса, еліміздің тап бүгінгі болмысы мен әлемдік кеңістіктен өз орнын табуға ұмтылысын мемлекетшілдік бастаулары деп айтуға толық негіз бар. Ресейге отар ел болып тұрғанымызда “туған ұлт”, “ұлттық”, “ұлтшылдық”, “ұлттық идея”, “ұлттық мүдде”, “ұлттық тәрбие” мәселесі туралы сөз қозғау мүмкін болмады. Өйткені, бұл жайында сөз қозғау отарлаушы елдің “жасампаз” интернационалистік идеологиясына қарсы шыққандық деп есептелетін.