Тұлдау

        Тұлдау (салт). «Орта жүздің ішінде Атымды тұлдап байласын»(М.Ж.Көпеев). Қайтыс болған ер адамның мінген атының жал – құйрығын кесіп (күзеп емес) «жануар, о дүниедегі иеңнің жолына құрбандыққа шалын» деп бос жібереді. Ол ат мінілмейді, иесінің жылына сойылады. Мұндай жылқыны «тұл ат» дейді. Сол сияқты қайтыс болған адамның киімдерін астарын сыртына қаратып іледі. Ер – тоқымын ешкім пайдаланбайды. Әйелі сақина, сырға салмайды, оны «қаралы қатын» дейді, басына бүркей жамылады. Мұндай жай «қаралы», деп аталғанмен қазақ қара жамылмайды. «Қара жамылып» деген сөз айтуда болғанмен істе жоқ.