Әр шаңырақтың қарапайым, салтанатты түрде атап өтетін мереке, тойлары бар. Олардың кейбіріне көп қонақ шақырылса, кейбіріне ең жақын туған-туыс, көрші-көлем ғана келеді. Той – қуаныш-қызықты бірге бөлісу үшін ағайынның басын қосу, туған-туысты ынтымақ-ырысқа шақыру, өзара қарым-қатынасты нығайту, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау. Алайда мал-мүлік шашып, атын шығару үшін көл-көсір той жасау – астамшылық, ысырапқорлық. Тек, Аллаһ Тағала әр шаңырақты «Баласына бір той жасап бере алмай, бұл өмірден өтіп кетті-ау, қанша адам!», — деп ақын жырлаған өкініштен сақтағай!
Жеті ата
Жеті ата (дәстүр). Жеті атасын білмеген – жетесіз (мәтел). Өмір тәжірибесі мол халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген және оны үйреткен, жаттатқан. Мұның әлеуметтік зор мәні болған. Екіншіден, қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспаған. Бұрынғыадамдар бір – бірімен танысқанда, жүздескенде руын, тегін сұрауы осыдан шыққан. Сондықтан әр қазақ баласы өз ата-тегін білу тектілік әрі ұлттық тәртіп пен жөн білудің бір саласы болып саналған.
Жеті ата әкеден төмен емес, жоғары таратылады. Оның дәлелі: «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген қазақ даналығына тоқталсақ, әр адам өзінен кейінгі баласының, немересінің, әрі кетсе шөбересінің, атын білер. Одан ары білу үшін адам 100 жылдан астам өмір сүруі керек емес пе? Ал, ғасырдан аса беретін адам бар ма?
Олай болса жеті ата: 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата. (Ата-тек деген сөз осыдан шыққан сөз). («Жеті қазына» 34 бет. 2001ж.).Мысалы осы кітапта жазушы өз жеті атасын былай таратады: Сейіт-Кенжеахмет- Құттыгелді- Нұрет-Байтоғай-Аманбай-Дербісәлі-Солтан (жетінші ата) Таңғұлы-Жылқайдар (ру аты, ол Арғынға жатады). Жеті атаны тарату осылай жіктеледі.