kazan

«Қазан» күйі қалай шыққан?

kazan     Қазақ сахарасына көнеден жеткен әрі кеңінен тараған көркем күйдің бірі — «Қазан». Негізінен, қобызбен әрі домбырада да тартылады. Мәселен, сарысулық домбырашы Мәді Шәутиевтің домбыраға түсірген «Қазан» күйінің тамаша бір нұсқасы ел-жұртқа белгілі. «Қазан» күйін атақты қобызшы Ықылас көбіне «Қазан сүргісі» немесе «Қазан жорығы» деп тартқан.
«Қазан» күйі атынан да көрініп тұрғандай, күллі түрік нәсілінің ең бір қанды да қайғылы тарихына — ай күмбезді Қазан қаласының күйреп құлауына арналған. Яғни «Қазан» күйінің шығарылған уақытын 1552-1560 жылдар аралығы деп шамалауға болады. Ислам дінінің Еуразия даласындағы белді тірегі болған «Қазан» қаласының қопарыла құлауы қаһарлы Иван патша бастаған кәуірлердің айбынын асырды, түрік нәсілінің түңлігін тіліп, керегесін уатты, шаңырағын шақты. 

     Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліппесінде» Қазан қаласының құлауын былайша сипаттайды: «…Бұл кезде бодандықтан біржола құтылған енді өзін Мәскеу княздігі емес, «Русия» деп атай бастаған орыс мемлекетінің күші әбден толысқан болатын. Шығысқа жол ашу үшін, кеше ғана құдіретті мемлекет құрып отырған түрік тектес қауымды бір-бірлеп талқандап, мәңгілік бұғауға түсіріп, баяғы Византия үлгісіндегі әлемдік империя құру үшін ең алдымен іргедегі Қазан хандығын талқандау керек еді.
      Ашық соғыстың үлкен шығынға түсетінін аңдаған Ресей әуелде Қазанды саяси тұрғыдан бағындыруға тырысады…. Бірақ Қазан хандығындағы түркі қауымының ынтымағы күшті, рухы биік еді… Алыстан айбынғаннан ештеңе шықпасына көзі жеткен Ресей ашық соғыс жолына түседі. Алайда әуелгі жорықтардың бәрі де сәтсіз аяқталады. Ақыры бүкіл орыс патшалығы түп көтеріледі, Иван төртінші патша 1552 жылы 19 тамыз күні ауыр қолмен Қазан қаласының түбіне келіп жетеді. Орыс жасағы бір жүз елу мың әскер еді. Жүз елу зеңбірегі, мыңдаған мылтығы болды. Ал Қазан қамалында небәрі отыз мың әскер бар еді. Жау адам саны жөнінен бес есе артық, ал қару-жарақ жөнінен жиырма-отыз есе басым болды.
      Құлдық өмірден ақ өлімді артық санаған қасиетті Қазан халқы ақырына дейін күресуге бел байлады. Иван патшаға қайтарған жауап хатында Жәдігер хан: «Қанды тойға келдіңдер, соғысқа әзірміз, күтіп аламыз!» деп жауап береді. Тынымсыз ұрыс үстінде, арада екі-үш күн өткенде Қазан қаласы темір қоршауға алынады, біздің туыстас түрік халықтарының бұрынғы-соңғы тарихындағы ең қанды, ең қайғылы, сонымен қатар кейінгі ұрпаққа үлгілі, даңқты шайқастардың бірі басталады…
     Аяусыз соғыс қырық күнге созылады. Қазандықтар оқтын-оқтын қамалдан шығып, орыс әскерлерін ойрандап кетіп отырады. Бірақ бір кісіге бес кісі жабылған қанды шайқаста қатары азая береді… Ал дәл іргеде екі апталық аймақта қаймағы бұзылса да қауқары қайтпаған Ұлы Ноғай ордасы, яғни Ноғайлы елі тұрған. Ноғайлының әміршісі Ұлы би Жүсіп ары кетсе он күнде екі жүз мың әскер шығара алар еді. Жүсіптің жаужүрек отыз ұлы бар еді, әрқайсысы… бес, он мыңға дейін әскер ұстайтын; Қазанға қатер төнгені туралы хабар жетісімен-ақ жиылып келіп, әкесінен рұқсат сұрайды, «шұғыл аттанайық, Қазан құласа, бәріміз де құримыз» дейді. Бірақ Жүсіп дабыл қақпайды, ұлдарының да атқа мінуіне қатаң тыйым салады. Бұл Жүсіптің өз заманында-ақ сұлулығымен аты шыққан, кейінгі тарихта ақыл-парасатымен, өзгеше мінезімен аңызға айналған Сүйінбике деген қызы бар еді, Қазанда хан бәйбішесі болып тұрған; осы Сүйінбикеден шапқыншы жетеді, «жау жақындап қалды, алмай қоймайды, аяушылық болмайды, елім бар десе, балам бар десе тезінен әскер аттандырсын» деген. Жүсіп бұған да қайыспайды. Мүмкін ақылынан алжасты, мүмкін Қазан құласа құласын, Ноғайлының жері кеңиді деп ойлады. Ал Жүсіптің жауынгер ұлдары рұқсат сұрап, күн сайын дерлік аяғына бас ұрып, табалдырығын тоздырғанымен, әмірші әкелерінің жарлығынан аттап кете алмайды. Сөйтіп, күш жетіп, мүмкіндік болып тұрған шақта дәл іргедегі Қазанға қалың әскер шықпай қалады…
…..Қырық күн бойы қан кешіп қорғанған қамал құлайды, орыс әскерлері тау-тау өліктен аттап, қамал ішіне басып кіреді… Иван төртінші патшаның өзі «кішкене балалар мен әйелдерді қалдырыңдар, қалған жұртты тегіс қырыңдар» деген қатал жарлық береді… Бас көтерген еркек атаулыны қасапқа шалған, ұзын етек әйел атаулының арын төккен, содан соң ішін жарып, найзаға отырғызған қанды қырғын, кенеусіз айуандық неше күнге созылды…
…..Қазанның құлауы бауырлас түрік халықтарының санасында ауыр із, айықпас жара қалдырады. Арада үш-төрт ғасыр өткен соң қағазға түскен қазақ жырларында Қазан соғысы айрықша орын алады. Ноғайлы-қазақ батырлары «Қазан қаласын кәпір қамап жатыр» деген хабарды алысымен жорыққа аттанады, жауды жеңіп, Қазанды азат етеді. Мәселен, «Шора батыр» жырында Нәрік ұлы Шора:
Қазан атты қаланы,
Кәпір алды деген соң
Қайтып шыдап тұрайын, — дейді.
Ата-анасының, сүйген жарының жылап-сықтағанына қарамастан, қатерден тартынбайды.
Мен Қазанға барғанша
Қан жаумасын, қар жаусын,
Мен Қазанға барған соң,
Қар жаумасын, қан жаусын! — дейді.
Шора батыр да, басқа жырлардағы басқа батырлар да кәпірдің қалың қолын жеңіп, Қазанды жау шеңгелінен құтқарады.
     Бұл — халқымыздың өз кезінде орындалмай қалған арманы ғана емес, сол замандағы түрік бірлігінің көрінісі, Алтын Орда елесі өшпегенінің, халқымыздың кеудесі басылмағанының айғағы…» («Жұлдыз» журналы, 1993 жыл, 12-саны).
Міне, қазақ арасына кеңінен тараған «Қазан» күйі сол естен кетпес ескі заманда ел үшін еңіреп туған, Отан үшін оқ жастанған, Алла жолында шейіт кеткен ержүрек түрік азаматтарының рухына шексіз бас июден туған. Сол бас ию сарыны күйдің бүкіл ұзына бойына үзілмей жалғасып отырады.

 

Төре ҒАЛИ

«Айқын» газетінен алынған

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.