shapan

Қазақы шапанның қадір-қасиетін жоғалтып алған жоқпыз ба?

shapanҚазақтың ұлттық киімдері халқымыздың ақыл-ойы мен биік эстетикалық талғамының жемісі. Басқа ұлттық киімдерді былай қойғанда, қазақ халқы ежелден шапанды, камзолды, тақия мен бөрікті айрықша киелі киім санап, қадір тұтқан. Әсілінде, халқымыз ерте заманнан бері ұлттық киімдерді кімнің болса, соның иығына жауып, қалай болса, солай сыйға тартуды қаламаған. Керісінше, ел басқарған хандар мен сұлтандар қазақы қалыптың, ұлтымыздың айрықша белгісіндей болған шапанды әсте иықтарынан тастамаған.
Тіпті хан мен сұлтандардың өздеріне ғана тән мінезін үстіне киген шапандары ешкім айтпай-ақ айқындап тұрған. Ал бүгін ше? Атадан балаға мәңгілік мұрадай болып қалған сол бір қазақы шапанды, біз қазіргі күні қалай пайдаланып жүрміз? Жаңа заманда қазақ үшін ежелден киелі де қасиетті ұлттық киім — шапанның қадір-қасиетін жоғалтып алып жүрген жоқпыз ба? Бүгін біз осы мәселе төңірегінде ой қозғауды жөн көрдік.

 

Қалай десек те, шапан қазақ­тың көнеден келе жатқан ерекше қас­терлі әрі кәделі сырт киімінің бі­рі. Әдетте, оның тысы мен ас­тарының ортасына қойдың жүнін салып, сыртын шұға, барқыт кей жерлерде мақпал сияқты әдемі әрі мықты матамен қаптап, сырып тігетін болған. Тіпті тігіншінің ше­берлігіне қарай, шапанның жа­ғасы мен өңіріне, жең ұштарына әде­мі ою-өрнек салып, кестелеген. Бір ерекшелігі, шапанның тігілу мәнері мен оған кесте салынуынан шапанның кең байтақ қазақ елі­нің қай аймағына тән екендігімен қа­тар, оны киген адамның әлеу­мет­тік жағдайы, атқаратын қыз­меті немесе кәсібі айқын аң­ғары­лып тұрған. Тағы бір ерекшелігі, қа­зақ халқының арасында аса сый­лы қонақтарға шапанды сый-кәде ре­тінде тарту ету дәстүрі болған. Сон­дай-ақ шапан ертеде әртүрлі жағ­дайларда төлем түрін анық­тайтын әлеуметтік қызмет те ат­қар­ған. Мысалы, ежелгі «Жеті жарғы» заңында ұлттық салт-дәстүрді бұз­ған адамдарға көп жағдайда ат не­месе шапан айып тарттырған. Хал­қымыздың сөз қолданысындағы «ат-шапан айып тарту» деген сөз, мі­не, осыдан қалған.
Бұған қоса, шапан ежелден дін өкілдерінің де күнделікті киі­мі­не айналған. Діндар адамдар жі­бек немесе басқа да қымбат ба­ғалы асыл маталардан тігілген ша­панды айрықша қастерлеп, мұн­дай шапан адамды пәле-жала­дан, оғаш әрекет-қылықтардан сақ­тайды, ондай шапанды киген адам­ға қыдыр дарып, құт қонып, биік мансап билігі тиеді деп есеп­теген.
Әсілінде, ата-бабаларымыз ша­панды жағалы киім ретінде де ерек­ше бағалаған. Аса қадірлі һәм құр­метті адамды ауылына аттан­ды­рар сәтте, оның иығына шапан жауып, аса үлкен салтанатпен шы­ғарып салған. Сонау замандарда хан­дардың өзі батырлар мен би­лерге құрмет көрсеткен кезде, олар­ға қымбат бағалы матадан ар­найы шапан тіктіріп кигізген. Тіп­ті мемлекеттік қатынастарды бе­кітудің бір белгісі ретінде де аса сыйлы, мәртебелі адамдарға ар­найы шапан жіберіп отырған.
Халқымызда көнеден қалған ежел­гі салт бойынша құрметті қонақтардың иығына шапан жабу дәс­түрі бүгінде заңды жалғасын та­буда. Әрине, мұндай қазақы дәстүрдің жаңа ғасырда жалғасын тапқанына қуануға болар еді. Алайда атадан балаға жеткен сол бір асыл дәстүріміз бүгінгі күні қалай жалғасын тауып жатыр? Міне, басты гәп осында! Басқаны қайдам, соңғы уақытта «қонаққа сый-сияпат жасау осы» дей ме екен, бұлжымас қағидадай болып қалыптасқан бір үрдіс, кімге болса, соған «қонақ қой» деп, кел­сін-кел­месін қазақтың жағалы һәм киелі киімі шапанды ала жү­гіретін болдық. Басқаны былай қойғанда, кәрі-жасымыз өнеріне етене қанық, ұлты грузин Вахтанг Кикабидзенің бір өзінің үйінде ғана қазақтың 11 шапаны бар кө­ріне­ді. Сөйтсек, біздің қошемет­шіл жігіттеріміз оған әр келген сайын иығына шапан жауып, басына сусар бөрік кигізеді екен. Шын­дығы сол, журналист ретінде талай алқалы кездесулерге қаты­с­қанда байқайтынымыз, қазақтың қан­дай халық екенін білмейтін, хал­қымыздың салт-дәстүрлерінің иісі мұрнына бармайтын, қазақты көр­мек түгілі, өмірі кездестірмеген қайдағы бір шетелдік азаматтар­дың иығына қазақы шапан жауып, қошемет көрсетіледі де жатады. Мы­салы, бірде Алматыда го­ливудт­тық актер Кэри Тагавамен бол­ған үш кездесудің үшеуінде үш ша­пан кигенін көріп, таңданыстан жа­ғамызды ұстағанымыз бар. Әри­не, бұл біздің жаңа қазақ­тары­мыз­дың асыра сілтеуінің нәтижесі. Ал біз­ді толғандыратыны, қазақты та­нып білмейтін әлгі меймансы­мақ­тың иығына жабылған киелі де қасиетті қазақы шапанның одан арғы «тағдыры» қалай бо­ла­рын бір алланың өзі білсін?!. Егер сол азамат қазақы шапанды еліне апа­рып, үйінің төріне іліп қойса, жақ­сы-ау. Халқымыздың ұлттық брен­діне айналуы тиісті әлгі ша­пан төрге оза алмай, әлгі шетел­діктің үйінің босағасында жатпа­сы­на кім кепіл?.. Ол — ол ма, бірде той­ды басқарып тұрған тамада жі­гіттің мерейтой иесіне тілек ай­тып, шапан жапқан адамға: «Қа­зіргі күні біздің шаһарда тойға ар­налған бірнеше мың «де­жур­ный» шапан бар деп естуші едім.Мынау соның» нешіншісі екен, айтпайсыз ба?» дегенде, шапан жапқан ерлі-зайыпты үнсіз қалған еді. Ал тамаданың айтып тұрғаны әзіл болса да, бүгінгі күннің шы­найы шындығы екендігінде дау жоқ еді.
Бірде Алматыдағы түрік мәде­ни орталығының өкілі Т. Гусейі­н­ова ханым бізге «Менің Кипрде оқи­тын балам сондағы жатақ­ха­насына Қазақстанның Туын қойып қойыпты. Шетелде жүр­ге­ніне қарамастан, ұлым үстінен қа­зақ­тың шапанын тастамайды. Тіпті «бірге оқитын шетелдік дос­тарым мен ұстаздарым менің Қа­зақстаннан екенімді осы ша­па­ныма қарап таниды» деп үнемі мақ­танып отырады» дегенде, біз­дің жүрегіміз жылып сала бергені бар. «Шетелде білім алып жүрген әрбір қазақ баласы осылай жасаса ғой, қандай тамаша болар еді» де­ген ойда қалдық біз. Шынды­ғын­да, алыс-жақын шетелдерден ат арытып келген қайдағы біреу­лер­ге шапанымыз бен бөркімізді тұра алып жүгіргенше, оны ұлттық брендке айналдырудың жолын не­ге ойламаймыз?

ДЕРЕК-ДӘЙЕК:
2000 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діңдердің І съезі қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бас болып, Алматы орталық мешіті өз қызметкерлерінің киім үлгісі ретінде қою көк түсті мақпалдан (велюр), астарында төрт бұрышты қалтасы бар, екі жеңі, өңірі паршамен әдіптеп тігілген шапанды «Қазақстан конфессияаралық келісім орталығы» атты көрмеге арнайы дайындап, кейіннен оны Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының музейіне салтанатты жағдайда тапсырды. Міне, ұлттық киімге деген көзқарас осындай болса, игі!

Ырым-тыйымдар:
Халқымызда баланы бесікке салғанда, бесіктің үстіне жеті түрлі сырт киімдерді (шапан, тон т.б.) жабатын ырым бар. Шапанның жағасын баспайды. Ол жамандық шақырумен тең көрінеді. Шапанды «бисмилла!» деп оң қолдан бастап киеді, сол қолдан бастап шешеді. Әсте, шапанды желбегей жамылуға болмайды. Өйткені аруақтар ғана жеңсіз кебін киеді. Тозбаған шапанды қажетсіз деп тастау да — жаман ырым.

Шапан түрлері:
Әдетте, жергілікті тұрғындар шапанды ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз үлгілері деп те бөліп жатады. Бұған қоса, кейде шапан ру, тайпа атауларына байланысты қыпшақ шапан, арғын шапан, найман шапан, адай шапан, қызай шапан деп те аталады екен. Сондай-ақ оны географиялық аймаққа қарай Жетісу үлгісі, Арқа үлгісі деп те атайтын болған. Бір ерекшелігі, ұлттық киімдердің түрлеріне байланысты арнайы салт-дәстүрлер мен алуан түрлі ырым да бар.

Түйін немесе Қайран, Өз-ағам!..
Оңтүстікқазақстандық бір топ айтыс ақындарының облысаралық айтысқа
тас-түйін дайындалып жатқан кезі екен. Ойда жоқта олардың ортасына келіп қалған ұлттық өнер десе, ішкен асын жерге қоятын Өз-ағаң — Өзбекәлі Жәнібеков бірден ақындардың пошымдарына назар аударады. Сөйтсе, жетпіске келіп қалған ақын апамыз қос етек көйлек киіп, көлбеңдеп жүріпті. Мұны жақтырмаған Өз-ағаң: «Он сегіз жасар қыздар киетін көйлекті киіп, жетпіске келген қария-ау, сізге не болды? — дейді салған жерден. Оңтүстік ақындарының көшін бастап жүрген адуынды ақын апамыз болса, өкпелеген кейіпте сыртқа шығып кетеді. Сол кезде көрнекті халық ақыны Көкенов Манаптың ұлы, айтыскер ақын Әбдікәрім: «Көке-ау, бәрімізді ұрмай-ақ өлтірдіңіз ғой… Неден жазықты болдық?» дейді. Сонда Өз-ағаң: «Сен әуелі үстіңдегі шапаныңа қара! «Қазақтың шапаны» деп алшаң басып сахнаға шығып жүрсің, салынған оюы шапанға лайық емес, текемет, сырмақ, киіздің оюы! Әй, бірақ сендерде не жазық бар. Бар пәле, шапанды сендерге ұсынған шеберлердің ұлттық өнерімізді білмегендігінде, бағаламағандығында ғой» деп Өзағаң ауыр күрсініпті.
Қайран Өз-ағам-ай! бүгінгінің жаңа қазақтары ұлттық брендке айналуға тиісті қазақы шапанды құдды өзіңіздей қадірлей білетін уақыт келер ме екен?!.

 

 

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

«Айқын» газеті

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.