gaity

Жаратқан Гаитиді неге жылатты?

gaity

Себепсіз ештеңе жоқ. Өздігінен ештеңе пайда болмайды. Бүгінде көптеген елдер табиғи апаттар: жер сілкіну мен цунамиден зардап шегіп отыр. «Бұл не, Алланың шірік жасаған күнәһар адамдарға ес жиғызып, тәртіпке салу үшін тарттырған азабы ма?» деген сұрақтың кім-кімді де мазалары анық. Оңтүстік Шығыс Азия курорттарындағы белең алған азғындық, Таиландтағы әлемге әйгілі «секс-турлар», яғни ата-аналарының күнкөріс үшін бүлдіршін қыз балаларын жезөкшелікке өз қолымен байлап беруі сынды сұмдықтар текке кеткен жоқ.
Қасиетті Құранда айтылатындай, Алла Тағала ауыр күнәға салынған бұзақы елдердің кейбіреуін жерге жұтқызған, кейбіреуін топан суға қарық қылған. Мәселен, Лұт пайғамбар қауымының адам айтқысыз азғындық әрекеттері үшін алған жазасы қасиетті кітаптарда егжей-тегжейлі баяндалған.

Ежелгі грек ойшылы Аристотель: «Мемлекетті Құдай жаратады, ал оны сақтау адамдардың қолында» — депті. Халықтың, әсі­ресе, әр елдің діндарлары арасында жақында жер сілкінуден зардап шеккен Гаити жұртының тыйым салуларды бұзғаны үшін Құдайдың қаһарына ұшырағандығы туралы пікірлер кең таралып жатыр. Осыдан он күн бұрын Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл Қазақстанға келді. Орыс православ шіркеуінің басшысы Абай атындағы Опера және балет театрында сөйлеген сөзінде: «он миллион халқы бар Гаити тұрғындары Құдайдың заңын бұзғаны үшін жер сілкінуінен тиісті азабын тартты» — деді (Гаитиде 200 мың адам қаза тауып, 250 мың адам жараланып, 3 миллион адам үйсіз қалғаны белгілі). «Бақытсыз ел! Кезінде француздардың колониясы болып тұрғанда, ол жерде ең сұмдық түрмелер болған. Оған Франциядан тұтқындарды жіберіп отырған. Бұл соңғы жүз жылда Құдайдың есінен тарс шығып кеткен әлемнің бір қуысы болатын. Бостандық алған соң да, бұл аралдағы ел саяси жағынан тұрақсыз, қылмыс пен жемқорлық, жезөкшелік пен нашақорлық дендеген, ең кедей, экономикасы күйреген қалпында қалды. Бір аралды теңдей бөлісіп отырған құдайы көршісі Доминикан Республикасы сияқты дами алмады. Ақыры ниет-пиғылы бұзылғандықтан, Құдайдың жіберген ауыр жазасын тартты» — деді орыс дінбасы Кирилл. Сөй­тіп, Патриарх қазақтың кеңпейіл қонақжайлығын, мейірімділігін үлгі тұтып, «табиғи зілзала аймағында тұрса да, қауіпті жер сіл­кінуден аман-сау келе жатқан, Құдайдың нұры түскен ел» — деп мадақтап кетті.
Гаитидің астанасы Порт-о-Пренсте жалғыз мешіт бар екен, қасындағы үйлер жермен-жексен болғанда, әлгі мешіт қабырғасына сызат та түспепті. Сөйтіп, мешіт қазір жаралы адамдар мен үйсіз-күйсіз қалғандарға пана болып тұрғанын әлемдік баспасөз жа­рыса жазып жатыр. Атақты америкалық телеуағыздаушы Пэт Роберсон діни телеканал эфирінде гаитиліктерді малғұнмен келіссөз жүргізгендері үшін айыптады. «Бір кезде Гаити Францияның қол астында болды. Наполеонның кезінде олардың басшылары малғұнмен келіссөз жүргізіп, егер ібіліс Франциядан бостандық әперсе, тұтас халқын шайтанға табындыруға уәде еткен» — деді ол. Бұл оның басына қара түнек орнағандарға жаны ашығаны ма, жоқ әлде табалағаны ма? Не десек те, Гаити — тұрғындарының тең жартысы табынатын Вуду дінінің (шайтанға шоқынғандар) басты орталығы. Бір көңіл аударарлығы, Америкадағы тасқын су тегіс қарап еткен Жаңа Орлеан тұрғындары да тегіс осы культке табынған екен.
2004 жылы 26 желтоқсанда Индонезия жағалауында, буддистер мен индуистар мекендейтін Шри-Ланке, Суматра аралдарында, Таиланд жағалауында болған алапат цунамиді еске түсірелік. Нұқ пайғамбардың кезінде болған тасқын суды еске түсіретін осы дүлей топан бір мезетте 300 мың адамның өмірін қиып кетті. БҰҰ-ның есебі бойынша, бұл соңғы 100 жылда болған ең ірі табиғи апат деп есептелді. Спутниктен түсірілген сол сұмдық көріністе жағалауға ұмтылған таудай толқынның кес­кінінен араб жазуындағы «Аллаһ» сөзін оқуға болатынын бүкіл әлем көрді.
Гаитиге қайта оралайық. Ғалымдар Гаитидегі зұлматты 1755 жылы Португалияның астанасы Лиссабонда болған жер сілкінісі­мен салыстырып отыр. Ол кезде Лиссабонда жер сілкінудің аяғы алапат өртпен, сұмдық су тасқынымен ұласып, соның салдарынан бір миллиондай адам өлген. Әрине, Гаитидегідей тұтас қаланы тып-типыл еткен мұндай қасіретті Құдай басқа салмасын! Есі ауған сауатсыз халықтың ас-ауқатқа таласа-тармасып, бетімен кеткен ұры-қарылардың аман қалған дүние-мүлікке сумаңдата қол салып, «бүлінгеннен бүлдіргі алманы» ұмытып, бір-бірін тірідей талап жатқан сан түрлі сорақылығына әлем жұрты куә болды. Халқына қорған болады деген ел президенті жатар орын таппай, ел-жұртын тастап, басы ауған жағына қашып кетті. Америкалық әскерлердің тәртіп орнату үшін қара тобырды амалсыз оққа байлап жатқанын «көк жәшіктен» көзіміз көрді. Қасіреттің көкесі — осы! Жалпы, Гаитидің тағдыр-талайы о бастан-ақ теріс қалыптасыпты. XVII ғасырда «Алтын іздеушілер» жергілікті үндістерді тегіс бауыздап тастаған. Сөйтіп, жаулаушылар аралға Африкадан ондаған мың жабайы негрлерді әкеп қоныстандырған. 1804 жылы сан түрлі қырғындардан соң құлдар жеңіске жетіп, бірнеше күнде негрлер 100 мың ақ адамдар мен мулаттарды қырып тастаған. Гаитидің қаралы тарихын көктей шолып шықсаңыз, осы күнге дейін бұл елдің бірде-бір басшысы өз ажалынан өлмепті. Бәрін де өз халқы өлтірген, тірідей өртеген, кескілеп, етін бөлшектеп, жан түршігер азаппен жанын алған. Одан аман қалған басшылары өздері өздерін өлтірген. Бір сөзбен айтқанда, бұзылған ел! Адамдарды ақылынан адастырып, зомбиға айналдыру белең алған. Малдың бауыздау қанын шімірікпей ішетін қансорғыштар (вампирлер) қаптаған. 2004 жылы бұл елде «Каннибалдар армиясы» (адамжегіштар) пайда болған. Олар журналистерге берген сұхбатында діни-магиялық рәсімдерде адам етін жейтіндіктерін мойындаған. Не керек, бұл елді Құдай жөнге салмаса, адам баласы тура жолға сала алмады. Испандықтар мен француздар да, бертінде өз алдына мемлекет құрып берген америкалықтар да жабайылық жайлаған қорқынышты аралға өркениет пен демократия әкеле алған жоқ. Тірідей адам жейтін қанішерлерден қорқып, христиан миссионерлері қатыгез аралдан тезірек бас сауғалауға мәжбүр болды. 1860 жылы Ватикан Гаитиге католик дінін зорлықпен таратуға күш салды, бірақ тұмшаланған қараңғылықты сейілте алмады. Себебі Вуду культі елдің арнайы дініне әлдеқашан айналып кеткен-ді. Тұтас мемлекеттің ресми діні шайтанға шоқыну болды (Бұл культті ұстанатындар әлемде 50 миллион адам деп есептеледі). Аяғы жақсылыққа апармады. Ауыр жазасын тартты. Құдайдың құдіретіне қараңыз, бір аралдың екінші жағын­дағы католик дінін ұстанатын Доминикан Республикасы аман-сау қалды да, шайтанға шоқынған, жексұрын кесапатпен шұғыл­данған Гаити сұмдық қасіретке, Алланың қаһарлы азабына душар болды. Міне, тура осы жағдай әлемдік діндарларды да, ғалымдарды да шындап ойландырып тастады.
Адамдар табиғатпен және бір-бірімен гармониялық келісімде өмір сүрген жағдайда ғана қоғамдағы зұлымдықтардың, табиғи апаттардың жолы кесілуі мүмкін. Өйткені адамдардың ниет-пиғылы бұзылып, қатыгездік, бұзақылық, агрессия ұлғайған жерде зілзала, эпидемия, цунами, т.б. зобалаңдар көрініс беретінін бұл күнде әлем ғалымдары тегіс мойындаған. «Қайсы елде бұзықтық пайда болып, олар оны ашық түрде жасай беретін болса, олардың арасында оба және өздерінен бұрынғыларда болмаған ауру пайда болады» — депті Пайғамбарымыз. Ендеше, табиғи апаттар мен қоғамдағы зобалаңдардың болуының басты себебі — адамдардың жаратылған гармониялық заңдылықтары бұзылғандығынан, қара ниеттің басым болғандығынан. Әйтпесе жер сілкінуі жайдан-жай бола салмайды.
Дөңгеленген қара жердің дін аман тұрғандығы жақсы-жайсаңдардың дұғасының арқасында делінеді. Сол үшін иман жо­лындағы адамдар неғұрлым көп болса, солар халықтың басына төнгелі тұрған қауіп-қатерге қорған болмақ екен…

 

«Айқын» газеті

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.