Атақты Абылай ханның белді, бас билерінің бірі. Шақшақ Жәнібек тархан, тама Есет батыр сияқты ірі тұлғалы батыр, билердің жорықтас замандас досы. Әкесі Тілеулі батыр 92 баулы Қыпшақ жұртының құрама қолын басқарған Аңырақай, Қалмаққырылған, Қалақұм тағы сондай атақты шайқастарда талай – талай ерлік көрсеткен Абылай ханның жеңімпаз батыры болыпты.
Осындай ұлы батырлардың, билердің ортасынан тәлім алған Нияз ержете келе Есіл, Нұра жағаларын, Атбасар, Қараөткел, атырабын мекен еткен елдерді басқарып, оларға әділ билік жүргізген. Елдікті, ерлікті, бірлікті, ынтымақты, адалдықты, адамдықты уағыздап келген. Нияз бидің тапқыр, шешендігі жөнінде мына бір аңыз ел есінде қалыпты.
Атақты Абылай ханның он екі биі болыпты. Бәрі шетінен «сен тұр мен сөйлейін» дейтін нағыз дана, шешен екен. Талай айтыс, тартыста, билік, шешім кезінде әлгі билер бірінен – бірі асып түсіп отырған. Мұндайда бірін – бірі күндеу, қызғанышта болады емес пе? Өзге он би:
— «Нияз бен Кенжетай ханды қалжақтайды.
Ал, Абылай болса оларды жақтайды» — дейді екен. Бұл мәтел айтыла келе елге жайылып кетеді, Абылайдың құлағына да шалынады. Абылай хан әлгі он биді сынап, байқамақ болып, оларға былай депті:
Жердің құты не?
Елдің құты не?
Ауылдың құты не?
Аймақтың құты не? –
Билер бұл сұраққа дәл жауап бере алмапты. Сөйтіп отырғанда хан ордасына Нияз бен Кенжетай сәлем беріп кіріп келеді. Абылай хан енді бұл екеуін сынамақ болып:
— Белдеріңді шешпей тұрып мына бір сұраққа жауап беріңдерші? – деп, әлгі төрт сұрақты қайталапты.
Кенжетай би:
-Ныке, сіздің жасыңыз үлкен ғой, алдымен Сіз айтыңыз, Сізден сөз қалса мен айтайын деп, әдеп көрсетіпті. Сонда Нияз би , алға бір қадам басыпты да:
-О, о, Хан ием,
Жердің құты – жаңбыр,
Елдің құты – ер-азамат,
Ауылдың құты – жақсы әйел,
Аймақтың құты — әділ басшы – емес пе?
Бұған кімнің таласы бар!? – деп, бүктелген жез қамшысын төсіне басыпты. Бұған риза болып масаттанған хан:
-Жауабың жауап – ақ екен, төрге шық, қасыма кел, — деп, өзінің оң жағынан Нияз биге орын беріпті.
Мұндай тапқыр шешен сөздер Нияз биде көп болған. Оның ілуде бірлі – жарымды бізге жетіп отыр.
Зерттеуші Қуаныш Ахметов «Қазақ әдебиетіндегі» (7 қаңтар, 1998) бір мақаласында атақты сері ақын Иманжүсіптің:
Абылай аспас қазақтың сары белі,
Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.
Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,
Аюлы мен Нияздың Қараөткелі –
деген өлең жолдарын келтіре отырып, Нияз бидің қонысы Қараөткел екенін, оның қайтыс болғанда сонда жерленгенін, басына кесене, сағана тұрғызылғаны, оны кейін ел «Ақмола» деп атап кеткеніне былайша дәлел келтіріпті:
«Қарөткелден Нұраға қарай жүргенде 18 шақырым жерде төбе басына салынған сол ақ бейіт Нияз бабамыздың кесенесі , Ақмола атауының осыдан шыққандығын дәлелдейтін нақты құжат Омбының мемлекеттік архивінде жатыр». Дәлел сенімді. Тек қана оны тағы да анықтай түсіп, толықтыру ләзім. Нияз тәрізді ұлы да, баба билердің, батырлардың ел үшін, халық үшін атқарып кеткен игі істерін өшпестей етіп, тарих беттеріне түсіріп, мәңгі есте қалдыру алдағы міндетіміз.