8-d0bdd0b0d183d180d18bd0b7

Қазақ қызы

Көктемді қанатына қондырып Алматыға8-d0bdd0b0d183d180d18bd0b7 құс қайтты. Шуақты ілестіре келген құстар әсем, әуезді әнін айтты.
Жер-дүниені жылылыққа орап, жүректерге іңкәр сезім сыйлап көктем келеді. Жер-Ана бусанып, тоңы жібіп, жаны кіріп, тіршілік қайта жалғасады. Ал Жер-Анамен қатар Аналар да шатыққа бөленеді. Өйткені көктемнің алғашқы күндерінде дүние дидары әйел баласының көңіліне ауады. Кірпігіне кірбің ұялатпауға, жайдары жүзге енуіне, жүрегіне қуаныш сыйлауға ұмтылады. Себебі бұл – 8-наурыз.
Қазақтың қызы! Осы бір аяулы есім жаныңды тербеп, жараңды емдеп, шабыттанып, қолыңды сермеп, сезім гүлдеп, жүректегі отты үрлеп жібереді. Қазақтың мұңы, зары, арманы, үміті, ардағы, аманаты, тарихы, өмірі, бәрі-бәрі қазақ қызының кірпігінде тұрғандай көрінеді маған. Ұлт болып ұйысуда, жұрт болып жұмылуда, халық болып қайрат тантытуда қазақ қызының (әйелдерінің деп ұғыңыз) атқарар рөлі, алар орны тым ерекше. Өйткені тал бесікті тербеткен аналар ұлттың ұлын тәрбиелейді. Атқа қонған ағаларға сенімді серік болады. Абыз-ақсақалдарға ақылшы емес пе?!

Қазақтың қызы! Ер етігімен қан кешкен, ат ауыздықпен су ішкен жаугершілік заманда қара шаңырақтың отын өшірмей, ерінің артын бағып қалды. Дүние отқа оранып, оқ ауада зулаған тұста тылда еңбек етіп, белі қайысып, саусақтары майысып соғыс даласына азық жіберді. Нәзік саусақтар канал қазды. Егін екті. Қой бақты. Зауыттарда темір балқытты. Жауға қарата атылатын әрбір оқты даярлады. Қажымады. Еңсесі түспеді. Ішін өрт жалмап бара жатса да, егілмеді. Қайта қайратқа мінді. Қайсарлана түсті. Шарыққа түскен қанжардай жарқырай берді.
Қазақтың қызы! Желтоқсанда жұртының есесін қайтарамын деп, қазаққа дербестік әперемін деп, алаштың арда ұлдары биліктен шеттетілмесін деп гүрзі етіктің, шомбалдай шоқпардың астына түсті. Жаны жараланды. Ары тапталды. Таяққа жығылды. Қан жосасы шықты. Итке таланды. Абақтыға жабылды. Темір тордан сығалап сәулеге қарады. Бірақ мұқалмады. Азаматтармен бірге бір шепте тұрды. Қандыкөз империяның жендеттерінен қаймықпады. Өздерін құрбандыққа шалды.
Қазақтың қызы! «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен тұста отбасын асыруға кірісті. Ел ерге, ер жерге қараған заманда қазақтың қыздары қарекет қамын жасады. Ала дорба асынды. Темір төсек жастанды. Қытай барды. Түркия асты. Сауда жасады. Үйінде ұлардай шулаған бала-шағасының қамы үшін, ер азаматының ары үшін жанын аямады. Аптап ыстықта, қытымыр аязда, жаңбырлы күнде, қарлы-боранды түнде бірді екіге жалғап, қазақ дейтін қарға тамырлы елдің ертеңгі ұландарын тарықтырмауға тырысты. Қамықтырмауға барын салды. Сағыздай созылған өтпелі кезеңде үзіліп кетпесек, ол – арба сүйреген, ала дорба арқалаған аналардың арқасы.
Қазақтың қызы! Алып атырапты алып жатқан азғантай елдің басына қара бұлт үйірілгенде, қараңғылық жамыла бастағанда атқа қонады. Қазақ қызы атқа қонғанда олардың жеңіссіз оралмайтын тұсы кемде-кем.
Кешегі Домалақ ана, Айша-бибі, Құртқа, Баян, Ұлжан, Зерелердің бүгінгі ұрпағының ақылына көркі, пайымына парасаты сай. Бірі кем дей алмайсың. Өйткені олар – қазақтың қызы!
Мерекелеріңіз құтты болсын!

«Ана тілі» газеті сайтынан

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.