Қазақ тілі

Күш кеміді. Айбынды ту құлады.
Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.

Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті, күркіреген ел тынды.
Асқар алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар – асқан жандар ұмтылды.

Елдік, бірлік, ерлік, қайрат бақ ардың-
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың!

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кең – тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,
Таралған түрік балаларын баурыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!

Автор: Мағжан Жұмабаев

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.