Қара жығу

Қара жығу (салт). «Байдалы белдеудегі қараны суырып алып, Байсалға берді… Ол ырымын істеп, қараны жерге сұлатты да, табанымен басып, сындырып тастады».(М.Әуезов). Кісі қайтыс болған күні тігілген қараны жығу салты тағы бар. Ол жылы беріліп, ас өткен соң жасалады. Яғни қара жалауды алып, сындырады да отқа жағып жібереді. Бұдан кейін жақын – жуықтары, әйелі, балалары, елдің ақсақалдары құран оқып, бата береді. Соңғы жоқтау айтылады. Тұл аударылады. Бұл, қаралы жыл өтті, азалы күндер аяқталды деген сөз.

               Өлім, қаза сөздері: арыздасу,мақылдасу, иман, иман су, аманат, естірту, жоқтау, көңіл айту, жаназа, бата, дұға, аза,ақ жуып арулау, кебін, дауыс қылу, қара дауыс, тұл көрісу, жерлеу, үші, жетісі, қырқы, жылы, садақа, құран шығару, дәуір айналдыру, қаралы ақирет, қаза, өлім т.б.
              Өлімнің астарлы сөздері:көзі жұмылды, жан тәсілім етті, жүрегі тоқтады, қайтыс болды, қайтпас сапарға аттанды, келмеске кетті, опат болды, қаза болды, шейіт болды, о дүниелік болды, марқұм болды, фәниден өтті, бақиға кетті, ажал жетті, демі бітті, дәмі таусылды, дүние салды, ата – баба ізімен кетті, ажал оғы тиді, дүниеден озды, о дүниеге көшті, күні бітті, күні батты, жамбасы жерге тиді т.б.
              Көңіл айту, тілек сөздер: «иманды болсын», «топырағы торқа болсын», «жаны жәннатта болсын», «қалғандарға ғұмыр берсін», «жасамаған жасын ұрпақтарына берсін», «өлмектің соңынан өлмек жоқ», «арты жақсылыққа жалғассын», «құдайға да жақсы керек», «өлмейтін пенде жоқ», «желеп – жебеп жатсын», «өзі өлсе де сөзі өлмесін», «өзекті жанға өлім бар», «құдай өзі берді, өзі алды», «жақсының аты өлмейді», «қазаның қайырын берсін» т.б.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.