Жоқтау

Жоқтау (салт). «Сен жоқтау айтқалы отырсың, мен тоқтау айтқалы отырмын» (Байдалы би). Жоқтау – аза ғұрпын көтере түсетін, қайғыны басатын, қазаға аса лайықты қаралы салттың бірегей түрі. Қайтыс болған адамның жақсылығын, еліне істеген қызметін, жақсы қасиеттерін паш ететін тұрмыс – салт дәстүрі, , жыры, зарлы өлең. Жоқтауды белгілі ақындар немесе сол адамның әйелдері мен ана, қарындастары да шығара беретін болған. Жоқтаудың дінге қатысы жоқ, ол қалыпты халықтық салт, өлімнің берік әдет – ғұрпы деп ұғыну керек. «Боздағым» атты қазақтың жоқтау жырларында (Алматы, 1990 ж.) Бұхардың Абылай ханды жоқтауы, Қаз  Дауысты Қазыбек биді қызы Қамқаның жоқтауы, Абай ұлы Әбішті әйелі Мағыштың жоқтауы сияқты жоқтаудың көркем үлгілері бар. Жоқтау тәрбиелік үлгі — өнегесі бар, мәдениеттілік пен адамды бағалаудың және оны есте сақтаудың бір белгісі ретінде қалыптасқан.Олөлген адамның жылына дейін айтылады. Жоқтау – азалы, қайғылы, зарлы үнмен жырланады.

Жоқтауды қайтыс болған адамның әйелі, апасы, қарындасы, қызы және жақындары айтады. Ал аса құрметті адамдарға сол елдіңсұлу, әнші қыздары қатыстырылады. Мысалы, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Сарыкөл жерінде (Қостанай) өткен Шауыпкел батырдың асында Шәңкі бидің немересі Төкіш болыстың сұлу қызы Бәдігүл мен Байғасқа бидің қызы Бәпіш жоқтау айтқан.
              Қазір жазба және ауыз әдебиетімізде жоқтаудың үлгілері өте көп. Ондағы парасатты сөздер, жақсыны ардақтау, сипаттау, мадақтау, теңеу сияқты өлең жолдарының көркем қисыны таңданарлық шеберлікпен жырланады. Оның мысалы мынадай:
 Алты атасы бай өткен,
 Алты атанға жүк артқан.
 Жеті атасы бай өткен,
 Жеті атанға жүк артқан.
 Үйде сұңқар түлеткен,
 Қияда сұңқар тілеткен.
 Алтайы қызыл түлкі алған,
 Қиядан барып теке атқан.
 Паршаны бөздей жырттырған,
 Жібекті жүндей түттірген.
 Қонақ келсе – қон деген.
 Қой семізін сой деген.
 Шынжырлы қауға тарттырған,
 Қайыңнан астау шаптырған.
 Қаптатып жылқы шаптырған…
  (Кеңгірбай биді жоқтау)

 Айналайын, әкежан,
 Қараның болдың ханындай.
 Қарайғанды ықтаттың,
 Қамысқа түскен жалындай.
 Орта жүздің көркі едің,
  Қоңыраулы бұйра нарындай.
 Ағайынды жинадың,
 Алпыс үйлі ауылдай.
 Орынды болдың орасан,
 « Мыңжылқының» қауындай
 Көпке пайдаң көп тиді,
 Көктемдегі жауындай.
 Желінбей қалды жеңсігің
 Жаңа піскен қауындай.
 Өте шықты сұм жалған.
 Бәйге атының шаңындай.
 Адыра қалды ақ ордаң,
 Иесіз қалған ауылдай.
   (Әйтекені жоқтау)
              Қазалы күнде жоқтау айту – ұлттық дәстүріміздің жақсы үлгісі. Оны айтудың, жалғастырудың ешқандай ерсілігі жоқ. Халық ғұрыпы бойынша жоқтау айтқан әйелдер мен қыздар үш күн бойы аяқ – табаққа араласпайды, яғни тамақ әзірлеуге қосылмайды. Біздің қазақ ұлтының осы ырымынан – ақ ғасырлар бойы жинақталып түзілген қасиетті салт – дәстүріміздің сыпайы мәдениеті мен әдебінің жоғары болмысы көрініп тұрған жоқ па! Туған халқымыздың осындай тәрбиелік әрі зор рухани мұраларының бірегей де тәлімдік тәсілдері мен жолдарын кейінгі өсер ұрпаққа жеткізе, түсіндіре білу барлық білікті азаматтардың парызы екенін ұмытпағанымыз жөн.

One thought on “Жоқтау

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.