Таңғажайып жеті саны Жеті санымен аталатын керемет көп

06.03.09Жердің жүзін мекендеген халықтардың көбісі ерте кезден-ақ жеті санында сиқырлық күш бар деп санаса, оны киелі, қасиетті деп ұғатын да ұлттар бар. Біздің ата-бабаларымыз да жеті санын қастерлеп, бірқатар таным-түсінігі мен табиғат құбылыстарын, аспан денелері мен заң, жүйелерді жеті санымен атайды. Аллаһ Тағаладан пенделеріне түскен қасиетті кітаптардың бірі – Тауратта жеті саны 500 рет қайталанады.

Қазақтардың таным — түсінігінде Жеті ата. Бұл – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасында адамның ата жағынан тегін таратудың нақты жүйесі. Әрбір қазақ баласы өзінен бастап жеті атасының атыжөнін білуге міндетті. Мұны әке-шешесі, ата-әжесі үйретіп, жаттатуға тиіс.

Өйткені қазақта жеті атаға дейін қыз алыспайды, оған дейінгі ұрпақ бір атаның баласы – туыс саналады. Қазақтар негізнен жеті атаны былайша таратады: 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Үлкен ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата.

Сондай-ақ, адамдар атасынан төмен қарай атағанда былайша ататек жалғасады: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Мұнан соң туыстың атаулар әрі қарай: жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын болып кете береді. Жеті аталық ұста-ным әрбір қазақтың, бүкіл халықтың бабалар рухы алдында іштей жауапкершілік сезімін оятатын күшке ие.

Ол – этникалық тұтастықтың қуатты арқауы, темірқазығы. Сол себепті ата-бабаларымыз: «Жеті атасын білмеген: жетесіз», «Ата – тегін айтқанның айыбы жоқ» деп ұрпақтарына жеті атасын білуді өсиет, аманат етіп айтып кеткен. Қазақтар бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жүрежатты «Жеті пұсты» деп те атайды.

Жеті қазына. Ол жөнінде пікір таласы көп. Алайда қазақтар ертеде жеті қазынаға мыналарды жатқызған: 1. Ер жігіт. 2. Сұлу әйел. 3. Ілім-білім. 4. Жүйрік ат. 5. Құмай тазы. 6. Қыран бүркіт. 7. Берен мылтық.

Қазақтар жеті қазынаны «жеті ырыс» деп танып, оған мыналарды жатқызған: 1. Адамның ақыл-ойы, санасы. 2. Денсаулық. 3. Ақ жаулық (ердің жары). 4. Бала (өмір жалғасы). 5. Көңіл (көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ, береке орнайды). 6. Жер («Жерсіз – ел тұл, ерсіз – жер тұл»). 7. Ит.

Ал, Ислам аңызы бойынша, жеті қазынаға мыналар жатады: 1. Қыдыр (қызыр). Қыдыр дарыған адам бай болады. 2. Бақ. Ол ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. 3. Ақыл (Байлық пен бақыттың тірегі). 4. Денсаулық. 5. Ақ жаулық. 6. Тұз (Ол – Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені). 7. Ит. (Адам Ата мен Хауа Ананың алғашқы серігі).

Қазақтардан басқа халық-тарда да жеті қазына туралы өзіндік таным, түсінік бар. Мысалы, грек аңыз — әңгімелерінде жеті қазынаға мыналар жатады: 1. Көк аспан. 2. Күн (барлық зат оның шуағынан нәр алады). 3. Ай (түнгі тіршлік нәрі). 4. От (От – Күннің жердегі сүлдесі. Оны пайдалану арқылы адамдар дүниенің төрт бұрышына тарады). 5. Су. (сусыз тіршілік жоқ). 6. Жер (тіршілік анасы). 7. Ит.

Жеті қат көк. Ол – аспан әлемі туралы мифологиялық түсінік. Оның үш мағыналық сипаты бар. Біріншісі: Аллаһ Тағала аспанды жеті қабатты етіп жаратқан. «Алланың жеті аспанды қабат-қабат етіп жаратқанын көрмедіңдер ме?» (Құран Кәрім, 72 сүре, 14 аят). Екіншісі: жеті жұлдызға байланысты атау. Олар: Ай, Мер- курий (Ғұтрад), Шолпан (Зуһ-ра), Күн, Марс (Миррих немесе Қызыл жұлдыз), Юпитер (Мүштари), Сатурн (Зұхал). Үшіншісі: ежелгі түркілік ми-фологиялық түсінік негізіндегі мағына. Ол мұсылмандық ұғыммен сіңісіп, ұмытылып кеткен.

Жеті қат жер. Ежелгі наным-сенім бойынша олар мынандай: 1. Тұңғиық. 2. Жылан. 3. Су. 4. Қос балық. 5. Қара тас. 6. Көк өгіз. 7. Жер. Жаратылыстың сегізінші қабаты – тағдырдың талайы жазылған «лайық» атты жазу тақтасынан, тоғызыншы қабаты – «күрсі», «мінбер» және «тақ» орнатылған тәңірлер әлемінен тұрады.

Жетіқарақшы. Ол – аспанның солтүстік жарты шарындағы шоқжұлдыз. Оның 1,8 көрінерлік жұлдыздық шамаға дейін жалтырап көрінетін ең жарық жұлдыздары – Алиот пен Дубке. Жетіқарақшының жарық жеті жұлдыздың сыртқы пішіні шөміш тәрізді. Оның шеткі екі жұлдызы бойынша Темірқазық жұлдызын табуға болады.

Жетіқарақшы наурыз, сәуір айларында жақсы көрінеді. Темірқазықты айнала қозғалатын жетіқарақшы арқылы жер тараптары мен түнгі мезгілді айыруға болады.

Аптаның жеті күні. Олар: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі. Кемпірқосақтың жеті түсі. Жарық мынандай жеті түстен тұрады: қызыл, қызғылт-сары, сары, жасыл, көгілдір, көк және күлгін. Күн сәулесі жаңбыр тамшысына түскенде, жарықтың жеті түсі сынып, тамшы арасынан көрініп, кемпірқосақ пайда болады.

Жеті жарғы. Ол – Тәуке хан (1678-1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. Тәуке хан «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы осынау заң жүйесін өмірге әкелген. Ол 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келді. «Жеті жарғы» деп аталуы Тәуке ханның бұрынғы заңдарға енгізген жеті өзгертуіне байланысты» дейтін тұжырым бар. Ол жеті өзгеріс мынандай:
1. «Халықтың ханы, сұлтаны, пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін».
2. «Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін».
3. «Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан, біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе, тек ат-тон айып тартады».
4. «Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады».
5. «Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойынына құрым іліп, ауылды айналдыру керек».
6. «Құйрық – бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі».
7. «Ұры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа, атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді».

Әрине, бұл жеті өзгерістен басқа да «Жеті жарғыда» жер дауы, отбасы, неке заңы, қылмыс пен құн дауы, куәлік ету, ант беру, тонаушылық және тағы да басқа жағдай-ларға, рәсімдерге байланысты әдет-ғұрып, заң шаралары өз көрінісін тапқан. Жеті жұт. Бұлар: 1. Құрғақшылық. 2. Жұт (мал қы-рылу). 3. Өрт. 4. Оба (ауру). 5. Соғыс. 6. Топан су. 7. Зілзала (жер сілкіну).

Жеті жоқ. Ол былай: 1. Жерде өлшеу жоқ. 2. Аспанда тіреуіш жоқ. 3. Таста тамыр жоқ. 4. Тасбақада талақ жоқ. 5. Аллаһта бауыр жоқ. 6. Аққуда сүт жоқ. 7. Жылқыда өт жоқ.

Жеті жетім. Бұл жөнінде мынандай даналық сөздер бар: Тыңдамаған сөз жетім, Киюсіз тозған бөз жетім. Иесіз қалған жер жетім. Басшысы жоқ ел жетім. Аққу, қазсыз көл жетім. Жерінен айырылған ер жетім. Замандасы қалмаса – Бәрінен де сол жетім.

Жеті ғашық. Халықтың ән – жырында жеті ғашық мынандай екі нұсқада кездеседі: а) Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Фархад – Шырын, Тахир – Зухра, Арзу – Қамбар, Уәлик – Ғарра, Уәки – Күлшаһ. ә) Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Фархад – Шырын, Баһрам – Күләнда, Сейпілмәлік – Бәдіғұл, Бозжігіт – Анула (кей нұсқада Қарашаш), Зияда – Хорлы (Хорлы — Ғайын).

Әлемдегі жеті санымен аталатын кереметтер Вавилондықтардың түсінігінше, әлемде жеті планета бар. Сол себепті олардың ғибадатханалары да жеті деңгейлі. Бірқатар діндерде де жеті саны киелі: еврейлердің балауыз қойғышы, шырағдандары, менорлары жетіден.

Ислам дінінде Жеті аспан: күміс, алтын, меруерт, ақ алтын, жақұт, анартас және ғажайып жарық. Жеті шәріп: Мекке шәріп, Мәдина шәріп, Бұхар шәріп, Шам шәріп, Қатым шәріп, Құддыс (Мысыр) шәріп, Кәләм шәріп (Құран). Жеті тозақ: 1. Сағир. 2. Лазо. 3. Сақар. 4. Жахим. 5. Жаһаннам. 6. Хауия. 7. Хатома.

Христиан дінінде Жеті саны: сенім, үміт, қайырымдылық, әділеттілік, сабырлық, ақылдылық және рухтың күші.

Таурат кітабы бойынша: Құдай 1 – күні жарықты, 2 – күні аспанды, 3 – күні жерді, 4 – күні Күн, Ай және жұлдыздарды, 5 – күні балықтар мен құстарды, 6 — күні аңдар мен адамдарды жаратқан, 7 – күні дем алған. Бұл әлемді жаратуға арналған жеті күн деп аталады.

Өлімге себепкер жеті күнә: 1. Тамақсаулық. 2. Жалқаулық. 3. Нәпсіқұмарлық. 4. Өркөкіректік. 5. Ашу. 6. Қызғаншақтық. 7. Сараңдық. Бұл жеті күнәні XV ғасырда суретші Иероним жоғарыдағы суретте тамаша бейнелеген.

Әлемнің жеті кереметі Алғашқы жеті керемет: 1. Египет пирамидасы. 2. Вавилонның аспалы бағы. 3. Ертедегі Артемида храмы. 4. Олимпиядағы Зевстің мүсіні. 5. Галикарнастағы Мавсол патшаның табытханасы. 6. Жерорта теңізі аралығындағы Гелиостың (Күн Құдайы) қолдан жасалған мүсіні. 7. Александрия маягі.

Бесінші ғасырдан бері танылған 7 керемет: 1. Рим колизейі. 2. Александрияда жер астында жол пішінде қазылған мазарлар. 3. Қытайдың ұлы қорғаны. 4. Англиядағы алып тас қорған. 5. Италиядағы Пиза қисық мұнарасы. 6. Қытайдың Нанжин қаласындағы фарфор мұнара. 7. Ыстамбұлдағы әулие София ғибадатханасы.

Жеті континент. Олар: Африка, Антарктида, Австралия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка.

Гептатлондағы (жетісайыс) спорттың жеті түрі. Олар: тосқауылдармен 100 метрге жүгіру, биіктікке секіру, 200 метрге ату, ұзындыққа секіру, 800 метрге найза лақтыру.

«Жеті саны – бақытты сан, ол — адамзаттың сүйікті саны». Көп халықтың түсінігі осындай.

Автор: Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН
«Инфо-Цес» газеті

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.