Пайғамбарымызға тіл тигізгендердің тілін қалай тиямыз?!.

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,
жазушы, «Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим
«Асыл арна» телеарнасының «Болар елдің баласы…» атты танымдық бағдарламасы бойынша «Аллаға серік қосқан адасады» деген тақырыппен көрсетілген бұл хабарының алғаш эфирден өткеніне біршама уақыт болды. Тақырыбы тәп-тәуір болған соң, кезінде уақыт бөліп, ден қойып көргеніміз бар. Масқара…

Дін деген жаратылысынан нәзік, сонымен бірге сабырлылыққа негізделген тылсым әлем. Хабарды ә дегеннен-ақ жүргізуші-журналист Берік Сұлтанов көрермендерді тіксінте бастады. Бұлайша хабарға баға бере сөз өрбітіп отырғаным, кезінде мен де он сегіз жыл «Қазақстан» телеарнасында хабар жүргізгенмін. Сол кезде түкірген түкірігі жерге түспей дүрілдеп тұрған ҚКП Орталық Комитетімен айтыса жүріп, елімізде алғаш рет теледидардан осы діни хабарлардың жүйелі түрде берілуін қалыптастыруға өз үлесімді қосқан едім…

Дін – өзі сұлу әлем болған соң, сөз тізгінін ұстаған насихатшыларының да жүзінен нұры төгілген сыпайы да рухани сұлу адамдар болғанын ұнатады. Мұның нақтылы дәлеліне – намазға имамдыққа он екі мүшесі түгел емес, жүзінен жұрт секем алар адамдарды өткізбейтіндігін келтіруге болады. Бұған қосымша, дін Жаратушының сұлулықпен жаратқан жаратылысына қарсы болғандарды да қаламайды. Адамзат баласы жаратылысында хайуандардан айырмашылығы ақыл, ой, сана қазынасына иелік етумен қатар, үсті-басын сабалақ жүн басқан мақұлық болған емес. Мұрт, сақал дегендер де тумысынан емес, белгілі бір жасқа келгенде ғана ретімен көрініс береді. Мұның өзі түсінген саналы жанға үлкен сабақ болар жайт. Соған сай мұрт, сақалды уақыты келгенде жас ерекшеліктеріне орай сүйкімді етіп қойып жатса, бек жарасады. Біздің атадан мұра болып қалған салт дәстүріміз де осылай емес пе. Cондықтан болар тумай жатып өзін өзі ерте қартайтқан жүргізушінің бет пошымы да ұнай қойған жоқ…
Хабар, бүгінгі күннің ең басты проблемасы деп шешкен болулары керек, Аллаға серік қосу тақырыбына арналыпты. Өте нәзік және сақтықпен, сабырлы сабақтауды қажет ететін тақырып. Ой елегінен өткізе қарасам, басынан аяғына дейін қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен әдет ғұрпын барынша күстаналап, «білгіш пәтуагерлері» ұлттық менталитетімізді «кешірілмес күнәлар» қатарына апарып қосып тастады. Мен білетін бүгінгі Қазақстанда таза діннен дәріс беретін бірде-бір оқу орыны да, соған орай ел мойындаған дін ғұламалары да жоқ. Солай бола тұра, бұлар қайда дайындалған «ғұламалар» ?.. Ой, сабаздар ай, тілі тілдеріне жұқпайды-ау…

Хабар 20 минутқа созылды. Осы аз ғана уақытта хабарға көптеген респонденттер (сауалнама алғандар) мен сарапшылар қатынасты. Қатысушылардың басым бөлігі еліміздегі зайырлы оқу орыны саналатын (?!) әл-Фараби атындағы Қазақ университетінің философия-саясаттану факультетінің студенттері. Сұхбат берушілердің арасында «Нұр Мүбәрәк» университетінің ұстаздары мен шәкірттері де көрініп қалды. Осыған қарағанда хабар үлкен дайындықпен және арнайы тапсырыспен дайындалған сияқты. Хабарды ұйымдастырушылар сауалнамаға жауап берушілерді кездейсоқ көшеде кездескен адамдар ретінде көрсеткісі келгенімен, олардың ойда жоқта қойылған тосын сұрақтарға жауап берудегі «дайындық деңгейі» қазіргі имам болып жүрген кейбір дүмше молдаларымыздан көш ілгері көрінді, әрі кісі таңғаларлық «тұжырымдар» айтты. Сөздерін таразыласаң біздің қоғамымыз тұтастай, әрі тек қана Аллаға серік қосумен, яғни «шірікпен» және сол ортақ қосушылармен (мүшіріктермен) күреске ғана жұмылдырылып отырғандай сезінесің. Мұны айтып отырғаным, сөздерінен жан шошырлық бұл жастар, соңғы кезде айтар әңгімесінің бағытын өзгертіп алған «Асыл арнаның» өздері тәрбиелеп шығарып отырған «өнімдері» екеніне көз жеткізу пәлендей қиынға түспейді. «Шірікпен» күресуге бел шешіп кірісіп кеткен бетімен кеткен бұл жастар, «тауыққа ақыл айтқан жұмыртқадай», тіпті өздерінің кім екенін ажыратудан да қалған сияқты. Өйткені, олардың бірі: «Шірікке» тіке жол бастайтын «қазақтарда көбінесе кездесетін дұға, қабір басына бару, басқа да құлшылықтардың көптеген түрі бар» (ҚазҰУ-нің 3 курс студенті Берекет Қадір) десе, енді біреуі «қазақтардың әруаққа сенуі» деп өзін қазақ секілді «мүшірік» халықтан аулақтатып көрсетуге тырысады. Хабар басында блиц-сауалнамаға жауаптардың бірінде «Асыл арнаның» басты «сырқаты» білініп те қалды. Бір жас жігіт, түсірілген хабар мен оның идеологиясының түп мақсатын жайып салды. Ол; «Алла Тағаланы тек қана аузыңа алып, «Лә Иләһа Илалла, Мұхаммед Расулулла» деп Мұхаммед дегенде пайғамбарымызды аузымызға алып жүрсек, сол Аллаға серік қосу деп ойлаймын» деп соғып жіберді. Бұдан соң «…Расында, Аллаға серік қосу – зор зұлымдық». («Лұқман» сұресі,13 аят), «…Кім Аллаға ортақ қосса, расында Алла оған Жаннатты харам етеді. Оның орыны – тозақ оты. Сондай-ақ залымдар үшін жәрдемші жоқ». («Мәйда» сүресі, 72 аят) деп жазылған субтитрді берді. Алла сақтасын! Естімегеніміз көп екен. Сонда «Ләә Иләһа Иллаллах, Мұхаммедур Расулуллах» деп немесе қазақшалап «Жалпы ғаламзаттағы барша мадақ пен мақтаулар, алғыс атаулы мен марапаттаулар һәм жер мен көкте жасалған күллі құлшылықтар – осынау жеті қабат әлемді шексіз құдіретімен жоқтан бар етіп, ұлы һәм әсем есімдерінің айнасы еткен, ғаламат арыштың Раббысы –Ұлы Жаратушы Жаббар Иеге тән. Әрі Оның күллі әлемдерге рахым етіп жіберген екі жаһан сардары, жаннаттың гүлзәрі, парасат падишасы, Құдай тағаланың сүйіктісі, әлемді хақ дінімен нұрға бөлеген, ғаламның рахым рухы Мұхаммедке  сансыз салауат айтып, сәлем жолдаймыз» деп иманға келгенде айтып жүрген калиме шахадатымыздың не болғаны? Пайғамбар түгілі оның сахабаларына деген сүйіспеншілік пен сағынышымыз ше? Мұндай ыстық ықыластың түп төркіні Ұлы Жаратушы Жаббар Иеге деген ұлы сүйіспеншіліктің көрінісі емес пе?. Сонда «Асыл арналық» идеологтардың Пайғамбарымызға  мойын ұсынуды тұп тура «шірікке» балауын қалай ұғынамыз?..

Бар мұсылманды өзінің үмбеті санаған Мұхаммед пайғамбар – ғаламның рахым нұры. Талдап айтсақ Ғалам – күллі жаратылыс, Рахым – он сегіз мың ғалам иесінің бір сипаты, шексіз мейірімділігінің нышаны, Нұр – Алла тағаланың ара сипатының бірі. Ол әлемдегі ең мейірімді жаратылыс, яғни Алла тағаланың ең таңдаулы сүйіктісі. Бір қауымға ғана емес, бүкіл адамзат пен жындарға жіберілген ақырзаман пайғамбары. Қияметке дейін. Алла тағаланың өзі оған «Біз сені әлемдерге рахым етіп қана жібердік» деген аят түсірген. Демек, кәміл мұсылмандықтың алғы шарты — жүрекпен бекіткен иманды ақылмен жетілдіру десек, соның ең негізгі жолдарының бірі һәм бірегейі – осы Мұхаммед пайғамбарымызың болмысын тануға ұмтылу емес пе? Оның өшпес өнегесін үмбеттері әрқашанда терең түсіну керек. Мұхаммед – Аллаһтың ең сүйікті құлы, пайғамбарлардың ең абзалы, адамзаттың ең жоғары мәртебелісі. Құран Кәрімнің күші қиямет қайымға дейін жетсе, сол нұрды жер әлемге таратқан пайғамбарымыздың есімі де онымен бірге жасайды. Біздің пайғамбарымыз екі дүниеге рахым ету үшін жіберілген…

Діннен аз-кем хабары бар немесе намазхан адам Аллаға деген құлшылық оның жіберген елшісіне иман келтіріп, куәлік бермей, толық болмайтынын білсе керек. «Ағраф» сүресінде Жаратушы егеміз «…рахметім барлық нәрсені сыйдырады. Мархаметімді сондай тақуалық қылғандарға, зекет бергендерге және аяттарымызға сенгендерге жедел жазамыз (156). Олар, сондай жандарындағы Тауратта және Інжілде жазулы жіберілген, сауатсыз пайғамбарға ергендер (Мойын ұсынғандар). Ол, оларды жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыяды. Жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді арам қылады. Олардың үстеріндегі ауыр жүктерді (түсіріп) шиеленіскен нәрселерді шешеді. Енді соған (Мұхаммед Ғ.С) сенгендер, олар оған құрмет етіп әрі оған көмек көрсеткендер сондай-ақ оған түсірілген нұрға (Құран) ергендер, міне солар құтылушылар» (157) деген. Бұл аятта Жаратушының өзі Пайғамбарымызға табиғ болуды парыз қылып отыр. Ал сол пайғамбарды мойындауды «ширк», Аллаға ортақ қосу деп пайғамбарымызға тілін тигізушілердің тіліне қалай тоқтау салуымыз керек. Осыны айттырып отырған бұл арнадан не «асылдық» күтеміз. Керісінше «Асыл арна» болмай, жамағатты діннен шығаратын кәпір арнаға айналған жоқ па?! Бұл сұмдықты, «пайғамбарға мойынсұнудың өзі ширкке тең» деген қатерлі пікірді «Асыл арна» қапыда аңдаусыз айтып, яки аитқызып отырған жоқ. Асылы, бұл әрекеттің астарында жұрттың құлағын күпірлікке үйрете беру мұраты жатыр. Бұлай деп кесіп пікір айтуымызға да негіз бар. Хабарды мыңдаған көрермендер көрді. Оның үстіне көрсетілген бұл хабар жерден жеті қоян тапқандай бір емес бірнеше рет қайталап көрсетілді. Ол аз болса ДVД диск түрінде мыңдаған тиражбен мақсатты түрде тегін таратылды. Демек, «Асыл арна» біз үшін атына заты сай болмай, керісінше ата дінімізге қарсы жойқын ақпараттық шабуыл бастап отыр. Мұны осылай бағлаудан басқа жол жоқ!

Хабардағы екінші бір бассыздық, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат жасаушыларды көрсете отырып, олардың сол зиярат жасаған кескіндеріне крест қойып, зияратшылардың бұл тірлігін айықпас дерт, кешірілмес күнә етіп көрсетуі. Шындығында бұл көріністі көрсетушілер өз қағынан жеріп, «ширк, бидғат, жиһад» терминдерін жалаң ұғынған, үйретілген тотықұстай шиқылдаған шерменделер. Өздерінің қай шиырды шиырлап, кімнің сойылын соғуын білмей жүрген дүмшелер. Бұған әлем мұсылмандарының Конституциясы немесе өзгертілмейтін Ата Заңы Құран аяттарынан да дәлел келтіруге болады.. Құранда Ислам заңы жалпылама айтылады. Ары қарай әр аятты тереңінен талдап елге түсіндіріп жеткізу, сол елдегі дін ғұламалары мен муфтияттардың жұмысы. «Құжырат» сүресінде «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» (49 аят) деген аят бар.

Бұл әр ұлтты ұлт етіп жаратқан соң, сол ұлтқа ұлттық дәстүр тұрғыдан ойлануға, дінін дамытуға кеңшілік беру ғой. Ұлт болған соң оның қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше өз дәстүр салты болады. Демек, діннің шын жанашырлары мен зиялылары осы тұрғыда Исламға өз жанашырлықтарын білдіруі қажет. Бізге арабтың, түріктің, татардың, өзбектің діни дәстүрі емес, бүгінге дейін мықтап қалыптасқан һәм тамыры тым тереңге кеткен қазақтың діни дәстүрі қажет. Сондықтан біздің әулиелі жерлерге, мешіттерге зияратымыз зиярат күйінде қала береді. Әсіресе, көзіміздің ағы мен қарасындай Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне деген құрметіміз еш уақытта жойылмақ емес. Мына дәлелге назар аударыңызшы. Меккеге бір зиярат жасаған мұсылман сол жерді қайта көргенше неге ынтығып тұрады? Себебі, ол жерде қасиетті Қағба һәм иләһи шуақ бар. Осы қасиетті мекен мен оның таң ғажайып әсерлі күші адамды баурап алып, жүрегіне Алла тағалаға деген жақындық нұрын себе түседі. Қағбаға қараған адам одан Ұлы Жаратушының ұлылығы мен Жаббарлығын әйтеуір бір сезінбей қоймайды. Яғни, Қағба арқылы Хақ тағала өзінің орасан зор ұлылығының ұшқынын шашыратады. Сонда мұсылман сол ұшқынды қайта сезінуге тырысып, Қағбаға баруды көксеп тұрады. Оның Қағбаға деген сағынышы негізінде Алла Тағаланы тағы бір сезінсем екен деген ұлы сағыныштан туындайтыны белгілі. Осы сияқты Қағбаға аяғы жетпеген қазақ бауырларымыз да өзінің Әзірет Сұлтан кесенесіне деген ынта ықыласын жоймақ емес. Бұл алты ғасыр бойы қалыптасқан біздің имани салтымыз.

Сөз соңында айтарымыз, әңгіме «Асыл арнаның» бір ғана хабарынан шығып отыр ғой. Бұл арнадан соңғы кезде дәл осындай дәстүрлі исламға өшпенділікті өрістету, қазақ топырағында «уахабшылдық» діни ағымды орнықтыру бағытында ашық әңгіме көптеп айтыла бастады. Діни фанаттардың бұл қимылына тоқтау салмасы еліміздің ертеңі қорқынышты. Бұған осы арнаға бас көз болып қаржыландырып отырған Байланыс және ақпарат министрлігі мен Мәдениет министрлігіне қарасты Дін істері жөніндегі комитет не дер екен?..

“Жас қазақ үні”
№29 (454), 31.07.2010 – 05.08.2010

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.