«Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық…»

Елбасымыздың Тәуелсiздiк туралы қанатты ойлары

ХХ ғасырдың соңында әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекет пайда болды. Сол құрылған Қазақстан атты тәуелсіз мемлекеттің бастауында тұру бақыты Нұрсұлтан Назарбаевтың бақытына тиді. Президент ХХІ ғасырға Қазақстан Республикасын әлем таныған тәуелсіз мемлекет тұғырына қондырған тарихи тұлғаға айналды. Тәуелсіз мемлекет құру жылдарында Елбасымыздың әр жылдары айтқан қанатты сөздері мен ойларын еліміздің ең басты мерекесі қарсаңында және алдағы аптада өтетін халқымыз үшін айтулы оқиға ЕҚЫҰ саммиті аясында оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

* * *

Дана халқымыз қателiктерiмiздi түсiнедi, оларды кешiре де бiледi. Халық кешiрмейтiн бiр-ақ нәрсе бар, ол – елдiң қолына зарықтырып барып қонған Бақыт құсынан, Тәуелсiздiктен айрылып қалуды кешiрмейдi. Егер бiз Тәуелсiздiктен айрылсақ, бiзге кешiрiм жоқ.

* * *

…Тәуелсiздiк – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты.

* * *

Тәуелсiздiктiң әрбiр жылының бiз үшiн мәнi бөлек, маңызы айрықша.

* * *

Қиындық атаулыны жеңетiн бiр-ақ күш бар, ол – бiрлiк. Елiңдi, жерiңдi қорғау үшiн бiрлiк қаншалықты қажет болса, Тәуелсiздiк жемiстерiн, бүгiнгi қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшiн де ол сондай қажет.

* * *

Бiздiң халқымыз үшiн тұрақтылық, келiсiм, теңқұқылық басты құндылықтар екенiн әрдайым ұстау керек.

* * *

Бiз ендi ешкiмнiң қолтығының астында жүрмеймiз. Бiздiң ел ендi ешкiмге кiшi iнi болып, тiзiмге қосылмайды. Бiз еркiн ел болдық.

* * *

Тәуелсiздiк туын тiгуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек.

* * *

Тәуелсiздiктiң тар жол, тайғақ кешуiнен, беттен қағар желiнiң есуiнен тайсалмауға тиiспiз.

* * *

Арпалыспен келмесе – шынайы азаттық бола ма? Оңайлықпен келсе, оның қадiрi бола ма? Қадiрi жоқ нәрсе қолда ұзақ тұра ма?!

* * *

Дүниеде тәуелсiз Қазақ елi бар;
Әлемде егемен Қазақстан бар;
Оның көпұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар;
Қуатты экономикасы, сенiмдi саяси жүйесi бар;
Ең бастысы – бүгiннен нұрлы, бүгiннен кемел болашағы бар;
Сол күнге берiк сенiмi бар!

* * *

Бiз ата-бабаларымыздың аңсар-арманына қол жеткiзiп, мыңжылдықтың түйiскен тоғысында тәуелсiз мемлекет құрдық.

* * *

Қазақстанның Тәуелсiздiгiнiң болашағы үшiн, өсiп-өркендеу үшiн, нығаюы үшiн қазақтың – өзiмiздiң ұлттың бiрлiгi керек.

* * *

Тәуелсiздiгiмiздi көздiң қарашығындай сақтап, мемлекетiмiздi нығайта беру үшiн бiзге ең әуелi бiрлiк қажет.

* * *

Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тiккен адаммын. Маған ары үшiн жанын садаға ететiн осындай тектi халыққа, менi ұлым деп, перзентiм деп төбесiне көтерген халыққа, арғы-бергiдегi қазақ баласының бiрде-бiрiнiң пешенесiне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсiз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенiң керегi жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабiлетiмдi, бiлiм-бiлiгiмдi аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын.

* * *

…бiздiң жеке шаңырақ көтергеннен кейiнгi жанкештi ең-бегiмiздiң, толағай табысымыздың ең толымдысы әрi баға жетпес құндылығы, ел егемендiгiн баянды етудiң берiк қамалы, Тәуелсiздiк жүрегiне қан жүгiрткен сарқылмас қуат көзi.

* * *

– Халқымызды пиғылы бұзықтардың қанды құрсауынан құтқару үшiн қаншама бабаларымыздың осы Тәуелсiздiк үшiн қаны төгiлдi. Ендi, мiне, олардың арманы орындалды. Тәуелсiздiк алу бiр басқа да, оны нығайту оңайға түскен жоқ. Экономиканы нықтау, шекараны бекемдеу және халықтың әл-ауқатын көтеру сияқты күрделi мiндеттер алдымызда тұрды. Осының бәрiн жақсыға шешу қолымыздан келдi.

* * *

Ұлттық бiрлiк – бiздiң стратегиялық таңдауымыз.

* * *

Қазақстанның егемен, тәуелсiз мемлекет ретiнде орныққаны айқын болып отыр. Бiз әлемдiк қауымдастыққа абыройлы кiрiгiп, өз айналамызда қолайлы халықаралық ахуал қалыптастыра алдық, әлемнiң жетекшi елдерiмен саяси, экономикалық және мәдени салаларда ынтымақтастықты жолға қоя бiлдiк.

* * *

Тәуелсiздiк бiзге ең жанды мәселелердi шешуге – Семей ядролық сынақ полигонын жабуға, жан-жақты экономикалық реформаларды жүргiзуге, экономикадағы терең құрылымдық сәйкессiздiктi жоюға, елдiң табиғи ресурстарын халық игiлiгiне жұмыс iстеуге мүмкiндiк туғызды. Тәуелсiздiк дәстүрлi мәдени құндылықтардың ыдырауын тоқтатуға, қазақ тiлiн өркендетуге көмектестi.

* * *

Тәуелсiздiктiң алғашқы жемiстерiн көргенге дейiн Қазақстанға мемлекеттiк өзiн танытудың тар жол, тайғақ кешуiнен өтуге тура келдi.

* * *

Бiз Тәуелсiздiктi ұлтты сақтау мен өркендетудiң түп негiзi ретiнде, аса ұлы құндылық ретiнде қарастырамыз. Ол мемлекеттiлiктi қалпына келтiрудiң, дербес дамуға деген қабiлеттi дәлелдеудiң және өткен кезеңдерде қордаланған проблемаларды еңсерудiң тарихи мүмкiндiгiн бердi.

* * *

Тәуелсiз Қазақстанның ең алғашқы күндерiнен бастап мен принциптi түрде адамдарды партократтар мен партократ еместерге, коммунистер мен коммунист еместерге бөлген жоқпын. Мен өзiм де сол жақтан шыққанмын, демек, мен мұны ешкiмге айып етiп қоя алмаймын.

* * *

Шынын айту керек, азаттық жолы – кедiр-бұдыр, Тәуелсiздiк соқпағы – соқтықпалы. Қиындық көп. Алынар асулар да ауыр. Ынтымағымызды ыдыратпай, бiрлiгiмiздi божыратпай жұмыла бiрiксек, ауыр жүгiмiздiң жеңiлдерi анық.
Бұл сөздерiмдi мен ең әуелi өз халқыма – қазақтарға, қала бердi күллi қазақстандықтарға арнап отырмын.
Мен елге сенемiн. Елiм де маған сенедi деп ойлаймын… Өйткенi сөзiмiз – адал, iсiмiз – ақ.

* * *

Тәуелсiздiктiң бiздiң бәрiмiзге артар мiндетi мол. Ендi еңселi ел болудың жолына шындап түсуiмiз керек. Әулетiмiздiң асуы да, дәулетiмiздiң тасуы да өз қолымызда. Тарих көшi ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елiмiзде дәулеттi де сәулеттi өмiр орнайтынына кәмiл сенемiн.

* * *

Бiздiң толерантты да iскер халқымыз жылдан-жылға әлемге өзiнiң оң табыстарын, өзiнiң алға үздiксiз iлгерiлеуiн паш еттi. Және де айрықша қазақстандық артықшылығымыз мынада болды, бiз революциялық дiлмарсуға ұрынбадық.

* * *

Жаһандық әлем өңiрлер бойынша бiрiгуде – бұл қазiргi дүниеде аман болудың шарты да. Бiз озық болдық, бiз мұны белсендi түрде жүзеге асырдық, бiз сөйтiп табысқа қол жеткiздiк.

* * *

Тәуелсiздiктiң кезектi жылдығын атап өту бiзге ең алдымен той тойлау үшiн емес, ой ойлау үшiн керек. Тәуелсiздiктiң тайғақ кешулi жолында алдымыздан шығатын асу-асу белдер де болады. Ұлттың ұлан асуында ұйытқи соғатын желдер де болады. Сол асу-асу белдерде белiмiздi талдырмауымыз керек. Сол ұйытқи соғатын желдерде ұлы мұраттарымызды ұмыт қалдырмауымыз керек. Нағыз Тәуелсiздiкке қиын iсте тәуекелге бара алатындардың ғана қолы жетедi.

* * *

Бүгiнгi өз келешегiне бет алған тәуелсiз Қазақстан – бұл бiздiң ортақ жетiстiгiмiз, бұл бiздiң ортақ мақтанышымыз! Өз сөзiмдi аяқтай келе, мен бүкiл көпұлтты Қазақстан халқына отансүйгiштiгi мен ел игiлiгi және елiмiздiң Тәуелсiздiгi жолындағы жасампаздық еңбегi үшiн алғысымды айтқым келедi.

* * *

Өз Тәуелсiздiгiн алған соң Қазақстан Республикасы дәл осы Пирамиданың жақтарындай болып дүниенiң төрт бұрышына бiрдей айқара есiк ашты. Адамзаттың бәрiн ұлтына, дiнiне, нәсiлiне қарамай теңдей көрiп, ыстық құшағына алды.

* * *

Бiздiң айқын да сындарлы iс-қимыл стратегиямыздың, ниеттестер командасының ынтымақшыл жұмысының, бiздiң отандастарымыздың жанқиярлық еңбегi мен толайым қолдауының нәтижесiнде Қазақстан мемлекеттiлiгi толық орнықты!

* * *

Тәуекелi тұратындардың ғана қолы жетпесе Тәуелсiздiк бола ма? Азаппен, арпалыспен келмесе Азаттық бола ма? Оңайлықпен келсе оның қадiрi бола ма? Қадiрi жоқ нәрсе қолда ұзақ тұра ма?

* * *

Бiз тәуелсiздiктi ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын.

* * *

Ең бастысы – адам факторы: оның еркi, күш-жiгерi, табандылығы мен бiлiмi. Өркендеп даму мен тәуелсiздiкке аттар табалдырықтың алтын кiлтiн де осы шамадан iздеген жөн.

* * *

Тәуелсiздiк – тарихтың мәңгiге бөлiп берген еншiсi емес, халықтардың мамыражай өмiр сүруiне берiлген кепiлдiк те емес: аңғал болмағанымыз абзал.

* * *

Дүние жаһандық, өзара тәуелдiлiк сипат алды: жаһандық әрiптестiк үстемдiк ету үшiн бұл таным бiздiң берiк принципiмiзге айналуы тиiс.

* * *

Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзiнiң егемендiгi мен тәуелсiздiгi үшiн күресiп келдi. Өзiнiң ең жақсы қасиеттерiнiң: қатер төнген сәтте бiрiгiп, ұйымдаса бiлуiнiң, сондай-ақ басқа халықтармен бейбiтшiлiк, келiсiм мен тату көршiлiк жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзiнiң мемлекеттiгiн қалпына келтiре алды.

* * *

Тәуелсiздiктiң қайта оралғаны – бiздiң ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресiнiң заңды өтеуi. Жаратқан иенiң жасаған әдiлдiгi. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жердi ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен қорғап қалғанының арқасы. Мұндай жер болмаса, мұндай елде болмас едi.

* * *

Тәуелсiздiктiң негiзгi мәнi – тарихтың жаңа бетiн өз еркiңмен, өз шешiмiңмен бастауда болса керек. Тәуелсiздiк бiзге жаңа жолымызды, өзiмiздiң соны соқпағымызды табуға зор мүмкiндiк ұсынды.

* * *

Тәуелсiздiгiн жаңадан алған елдердiң көптеген ғасырлық тарихы бар немесе тәуелсiздiгiн елу жыл бұрын алғандарға қарағанда өзiнiң саяси инфрақұрылымында, саяси дәстүрi мен мәдениетiнде төзiмдiлiк сапасы төмендеу екенiн естен шығармаған жөн.

Бетті дайындаған,
А.БАЗАРБАЙҰЛЫ
http://ushkiyan.kz/

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.