Сенің әкең қандай?

Тосыннан қойылған осы сұраққа әдетте жасы үлкен адамдар әкесінің жақсы қасиеттерін санамалап, құлшына жауап берсе, балалар жағы мүдіріп қалады екен. Неге? Азды-көпті ғұмырында тіршіліктің жақсы да, жаман да жақтарын көріп, ой түйген, өздері де талай қателесіп, өзгенің де қателіктеріне кешіріммен қарай алатын жасқа жеткен жандар бөгде адамның алдында өз өмірінің көлеңкелі жақтарын көрсетпеуге ұмтылатыны хақ. Ал жандары нәзік, жүйке-жүйесі әлі шыңдалмаған бүлдіршін, жасөспірім, тіпті кәмелетке толған ұл-қыздарымыздың біразына бұл сұрақ жайсыз тиетіні жасырын емес.

«Өтірік айтуға болмайды» деп үйрететін өзіміз. Сол тәрбиені бойына сіңірген соң, шындықты бұрмалағысы келмейді. Намыстанады. Қиналады. Өкпесі де бар. Ақыл мен сезім тайталасып, кібіртіктейтіні, қиналатыны, тура жауаптан жалтаратыны содан. Оның сырын білу үшін ресми деректерге үңілсек, бі­раз жайға қанық боламыз. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің соңғы халық санағынан кейін шығарған қорытынды деректеріне жүгінсек, елімізде 452730 от­басында 719248 бала әкесіз өсіп келеді екен. Әрине, бұлардың арасында әкесінен оның қазасына байланысты айырылған, яғни әкесінің бейнесін сағына сүйіп жүрген ба­лалар да бар. Дегенмен осы цифрлардың ішінде жоғарыдағыдай сауалға әкеге деген өкпеден, реніштен жауап бере алмай, мүдіріп қалатындардың саны басым екендігін және жоққа шығара алмаймыз.

«Әке-шеше болу да — сынақ қатал» деп жазады «Бала» деген өлеңінде ақын Фариза Оңғарсынова. Жоғарыдағы деректен әкесіз өсіп келе жатқан балалар санын көргенде отау тігіп, отбасын құруға ұмтылған жігіт­теріміз алдарында осы өлеңде айтылатын сынақтың бар екенін біледі ме екен деген ой келеді. Сүйген жандарының көңілінен шығу үшін әлденешінші қабатта тұратын қыздың терезесінен гүл ұсынатын, асфальт жолға мың сан гүлден «сүйемін» деп жазып, ол сөзін телефонмен мың қайталайтын, айтып-айтпай не керек, көңілі қалаған аруының жүрегіне жол табу үшін небір қауіп-қатерге де бас тігетін жігіттер әке болу сынағына қан­ша­лықты төтеп бере алады? Өмір тәжірибесіне сүйенсек, жоғарыдағы деректер алдымыздан шығады…

Оған қоса, қылмыс жасап, темір торға түскендердің, босап шыққан соң барар жер, басар тауы болмай, тағы да жағымсыз ортаға тап болатындардың басым көпшілігі отбасы жылуын, ата-ана мейірімін сезінбей өскен-дер, — дейді зерттеушілер. Жалпы, әлеуметтік, психологиялық себептер жиыла келгенде, негізгі себеп бәрібір отбасына келіп тіреледі. Әке-шеше мейіріміне шомылып өспеген жандарды әке-шеше болудың терең жауап­кершілігін түсінбеді деп кінәлау қаншалықты орынды?

Бірде ұзақ жылдар бойы қылмыскерлер контингентімен жұмыс істеген психолог ма­манның шалыс басып, жас өмірін абақтыда өткізетін адамдардың психологиялық аз­ғындауы туралы сұхбатын тыңдаудың сәті түсті. Өкініштісі сол, жасы жетпей қылмысты болып, төбелесіп, суық қару пайдаланып, мылтық атып істі болған жігіттердің көпшілігі өздерінің еркек екендігін дәлелдеу үшін сондай қадамдар жасайды екен. Оларға жастайынан өз өмірімен өнеге болып, еркек болу — біреуге қысастық жасаумен, қорлық көрсетумен, басынумен, қорқытып-үркітумен өлшенбейтінін түсіндіретін әке болмауының салдары осыған келіп тіреледі деді.

Бұл жерде «әке болмауы» деген ұғымды олардың қайтыс болғаны деп түсінбеуіміз керек. Әке бола тұрып, әкелік жауапкершілігін түсінбегендер де сол санатқа жатады. Және олардың әлемнің қай бұрышында да кез­десетіні өкінішті. Таяуда «The Daily Mail» агенттігі әкелердің ұлдарына күнделікті қанша уақыт бөлетіндігін анықтау үшін жүргізілген зерттеу қорытындысын жа­риялады. Мамандар бірге ойнау, спортпен шұғылдану, бірге киноға бару және кітап оқу әке мен ұл баланың арасында тығыз байланыс орнығуға әсер етеді деген өлшемдер негізде сауалнама жүргізген. Мына қызықты қараңыз: сауалнамаға қатысқан әкелердің 18 пайы­зының ұлына күніне 15 минут қана уақыт бөлуге мұршасы бар екен, соның ішінде 44 пайызы бұған себеп ретінде жұмысбас­тылығын атапты. Үштен бірі өзара қатынас­тарын телефон арқылы реттейтінін, ал 20 пайызы «sms» жазып отыратынын айтқан. Бұл әкелер де ұлын тәрбиелеуге көңіл бөле ал­мауына жұмыс бабындағы қиыншылықтар немесе қаржылық мұқтаждықтары себеп болды дегенді желеу етеді.

«Жұмыстан шаршап келдім» деп сылтау айтатын ағайынның бізде де жетіп-арты­латынын кім жоққа шығара алады? «Жұмыстан шаршағанын» сылтау етіп, ата-аналар жи­налысына (не баласымен бірге ағаш отырғызуға, қар тазалауға, жорыққа…) барғаннан гөрі, теледидардың алдында демалғанды жақсы көретін бауырларымыз еске түседі. Оларды көріп өскен ұлдарының еркек болудың жөні осы екен деп, үлгі ретінде қабылдайтынын неге ойламаймыз? Оған мысалдар аттап бас­қан сайын кездеседі емес пе?
Ойды ой туғызады. «Әкесіздік» тақырыбын індете қазып жүріп, әке болу сынағынан өт­пегендерді өзімізше топтадық.

Бүгінгі таңда әкелері бала тәрбиесіне «бас­тарын қатырмаса» оларды тек отбасын тастап кеткен деп түсіндіру жағдайды дәл сипаттамайды. Олардың қатарына үйінде жүрсе де ішімдіктен басқаны білмейтіндерді, не жұмыс жоқ, не үй тірлігіне пайдасы жоқ «те­ледидар алдының тұрақты тұрғындарын», тіпті ертеден түн жарымына дейін «жұмыс істейтіндіктен» балаларын ұйықтап жатқанда ғана көретін әкелерді де қосуға болады. Алғашқы үш санатқа жататындарды: жауап­кершілікті сезінбейтін, ерік-жігері жоқ, масыл деп сипаттап, көп айтылып, көп жазылды. Ал соңғы тип — қазіргі заманның жемісі. Бірақ бұлар алдыңғылардан еш артық емес. Себебі олардың арасында бала тәрбиесіне «басын қатырмау» үшін, ал әлдеқандай жағ­дай бола қалса «мен материалдық тұрғыдан қамтамасыз еттім, сен не бітірдің?» деп, жауап­кершілікті әйелінің мойнына іле салу үшін саналы түрде «жұмысбасты» болып жүретін әкелер де кездеседі екен.

Иә, солай. Әкелері ас та төк тамақпен, киіммен қамтамасыз етіп отырса да, тіпті астына қымбат көлік мінгізіп қойса да, ондай ер баланың біздің ұғымымыздағы отбасының қамқоршысы, арқа сүйері, ұл-қызы өнеге тұтар адам, бір сөзбен айтқанда, нағыз еркек болып қалыптасуы неғайбыл. Таяуда ғана қылмыстық хроникада берілген хабар біздің осы ойымызды нықтай түседі. Алматының ең беделді жоғары оқу орнында оқитын сту­денттердің төменгі курста оқитын студенттен ақша бопсалап, «салықты» алуға шетелдік қымбат көліктермен келгені және араларында аты танымал кісілердің балалары болғаны — ол әкелердің тәрбие беруге «бас қатыр­майтынының» бір дәлелі емес пе?!

Тәрбие отбасынан басталады. Бұл да — дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Күні кеше ғана, наурыз айының басында әйелдер өкілдерімен болған кездесуінде Елба­сы­мыздың «Анаға тағзым күні» мерекесімен қатар, «Мерейлі отбасы» деген атақ белгілеу туралы ұсынысында елімізде әкеден — ұлағат, шешеден — қасиет даритын отбасыларды кө­бейту ниеті жатыр. Осы ретте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мектеп оқушылары мен студент жастардың бойында отаншылдық, рухани-имандылық қасиеттерді тәрбиелеу бағытында жоспарлы түрде жүр­гізіп отырған жұмысы туралы айту парыз. Ұлттық комиссия жұмысында отбасылық құндылықтарымызды жаңғыртуды көздейтін, соның ішінде әке беделін арттыруға ба­ғыт­талған іс-шаралардың орны бөлек. Об­лыстық комиссиялардың қолдауымен 2010 жылы отбасындағы әкенің орнын, бала тәрбиелеудегі әке рөлінің маңызын ашып көрсету мақса­тында еліміз өңірлерінде алғаш рет әкелер слеттері өткізіле бастады. Жер-жерлерде «Үлгілі әке», «Өнегелі отбасы», «Әкелер сайы­сы» сияқты байқаулар өткізіліп, мақтаулы әкелер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихатталды. Сый-құрметке бөленіп, түрлі марапаттарға ие болды.

Іс-шараларды өткізуде әр өңір өзіндік ерек­шелігін паш етуге тырысты. Солардың бірі — Қызылорда облысында осы бағытта жүр­гізіліп отырған игі жұмыстарға өзіміз куә болдық. Елдің демографиялық өсіміне облыстың елеулі үлес қосып отырғандығын ескерсек, отбасы берекесі сақталып, әке ұла­ғаты мен ана қасиетінің ұрпақ бойына сіңуіне облыс әкімі жанындағы әйелдер іс­тері, отбасылық-демографиялық саясат жө­нін­дегі комиссияның (төрайымы — Р.Ах­метова) сіңіріп отырған еңбегі ауыз толтырып айтар­лықтай екен. «Шаңырақ» клубы, көпбалалы аналар одағы сияқты қоғамдық бірлестік­тердің ішінде бізді елең еткізгені облыстық әкелер кеңесі, соның ішінде «Жалғызбасты әкелер одағы» болды.
Арқа сүйер азаматтармен таныстырып, кім-кім де мақтана алатын іс-шараларын көр­сете жүріп Рахима Ахметова ең әсерлі іс-ша­раны кездесу соңына қалдырыпты. «Жал­ғыз­басты әкелер одағы» облыстық балалар құ­қықтарын қорғау департаменті (директоры — А.Қаржаубаев) аясында құрылыпты. Жас та болса, Арман Молдабайұлының өзі облыстық әкелер кеңесінің төрағасы екен.

Жасыратыны жоқ, қазақшылықтың қай­мағы бұзылмаған, яғни атом ғасырында да менталитеті жүз жыл бұрынғыдай сақталған өңір­де мұндай атаумен одақ құрудың өзі көзсіз ерліктей көрінді. Кездесуге баруға асық­тық.

Кездесудің бірінші бөлігі департаменттің ұйымдастыруымен қала мектеп оқушылары арасында өткізілген «Менің әкем — керемет!» балалар суреті көрмесін тамашалаудан бас­талды. Міне, құрылысшы каскасын киген әкенің суреті. Міне, үстел басында отырған әке. Тағы бір әке полицияның ала таяқшасын көтеріп тұр. Енді біреуі әдемі көлік мініп кетіп ба­рады. Бір бала әкесінің әскери борышын өтеп жүрген кездегі портретін салыпты. Қан­ша сурет — сонша бейне. Ең қуаныштысы, бә­рінде де «Менің әкем — керемет!» деген жазу тұр.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау ке­зінде бір ой қылаң берді: онсыз да бірен-саран өзге ұлт өкілдерінің балаларын әкелері алып келіпті. Өздерінің бейнелерін көріп, мәз болып күліп, балаларын құшақтап, сүйіп жатты. Біздің бауырлар ата-аналар жина­лысына бармайтыны сияқты, мұнда да төбе көрсетпеді. Сондықтан әке бейнесін сомдаған көрмені де қызықтаған жоқ, әке атын ас­қақтатқан ән мен күйді де естіген жоқ, әрине. Сол жандар, баласының мақтау естіп, марапат алғанын көзбен көруге уақыт таппаған әке­лер, көп нәрседен құр қалғанын, бала мен әке арасында орнығатын ерекше қарым-қаты­настың маңызды буынын өткізіп алғандарын сезбеген де болар…

«Жалғызбасты әкелер одағының» бел­сенді мүшелерімен кездесу көп жайды аң­ғартты. Мұнда патронат әке де, балаларын талай жылдан бері бір өзі тәрбиелеп келе жат­қан әке де, жалғызбастылықтың ащы дәмін енді татқан әкелер де бар екен. Бәрі де салмақты, сөздері орнықты, айтып отырса, үйлеріндегі шаруалары да нақпа-нақ. Пат­ронат әкенің жөні бөлек — өз балаларына қоса, өзгенің балаларына жүрек жылуын төгіп отырған әке жарқылдап сөйлеп, ұл-қызының жетістіктерін желпіне айтты.
«Бала — бауыр етің» деп бекер айтпаған ғой, балалардың жетістіктері туралы тақырып әкелердің өңін бірден өзгертті. Біреуі қызы қалалық волейбол командасында ойнайтынын, екіншісі ұлының Қарағандыда өткен әскери жекпе-жек сайысынан оралғанын, үшіншісі таяуда ғана өнерпаз балаларын теледидардан көрсеткенін айтып жатыр.
Тағдыр соққысы қанша қатты тисе де, құ­лата алмаған жандардың күн қаққан жүз­деріне балаларының кішкентай жеңістері күлкі үйірілтіп, ашыла сөйлесті. Кейде көрген қиындықтарын айтып, бір-біріне жөн сілтеп қояды. «Коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеуге барсам өңкей әйелдер, шу-шу етіп, «еркек басыңмен мұнда неғып жүрсің?» деп, әрі итеріп, бері итеріп, есімді шығарып жіберді» дейді біреуі күле сөйлеп. «Білмейді екенбіз ғой, ми ашытып жіберетін ұсақ-түйек шаруа көп екен» дейді екіншісі бас шайқап. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ деген осы» деп ой түйеді үшіншісі. Ең бастысы, әке­лер жыланып, алақан жайып, ештеңе сұра­мады. Бәрін бір жай — балаларының білім алуы, бір кәсіпті меңгеруі толғантатыны кө­рініп тұр. Уақытша жұмыстармен күн көру қиындығын, мүмкін болса, тұрақты жұмысқа тұруға көмектесуді өтінген әкеге Р.Ахметова көмектесуге уәде берді.

Кездесу көп жайды аңғартты және Ұлттық комиссияның әке беделін, отбасы мәртебесін арт­тыруды жұмысына мақсат етуі, сол бойын­ша өткізіліп жатқан іс-шаралардың қа­жет­тілігіне көз жеткізді. Өйткені баланы жалғыз тәрбиелеу — осы отырған әкелердің басындағы ғана жай емес. Елімізде тағы да 68256 жал­ғызбасты әкенің бар екендігі, олардың бауы­рында 121939 бала өсіп келе жатқандығы ту­ралы ресми дерек бар. Ол әкелердің де біз қатысқан «Мейірімді әке» дөңгелек үстеліне келген азаматтардай еңсесін тік ұстап жүруі орталарына, жергілікті атқарушы органдарға, бізге байланысты. Сондықтан өнегелі әке­лер­ді елге таныту, оларды көпке үлгі ету па­рыз. Елбасының «Мерейлі отбасы» атағын беру туралы жария етуімен, осы өнегені таратып, ба­лаларының тәрбиесін бәрінен биік қоятын әкелер қатарын көбейтетін жұмыс басталып та кетті деп санауға болады.
Түбі, «Сенің әкең қандай?» деген сұраққа ба­лалар «Менің әкем — керемет!» деп мақтана жауап берсе, біздің мақсатымыздың орын­далғаны.

К.ӘЛПЕЙІСОВА,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия консультанты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.