Құмар баба мен оның ұлы Баба Түкті Шашты Әзіз

…Аланның мақамы ғажап мақам дүр,

Ол мақамды білуге басшы керек.

Тарихаттың басына жақсы керек,

Осы жолда серттен таймас серке керек.

Ондай көсем жұмақта сайран қылар.

(Құл Қожа Ахмет «Хикметтер», 59-хикмет).

Табиғаттың аумалы-төкпелі адуын мінезі секілді кейде адамзат жан дүниесінде де ауық-ауық буырқанған кезеңдер болып өтеді. Дауыл дүрліктірген теңіз бетіндей тау-тау толқын жылдар сананы сапырып, кейде құрдымға бастап, кейде оқыстан әлде бір бейтаныс жағалауға шығарып тастайды. Мұндайда сергек рух қана шағаладай шарқ үрып, тыным таппайды. Олар қонар тұғырын іздейді. Рухы бастаған бүкіл халық шиыршық атып талпынысқа түседі. Ол болашақтың қамы, ол — бүгінгі ізденіс, ол — жан дүниесінің талпынысы. Адам жаны талпынбай, тыныш өмір сүруге жазбаған. Ол шындық жолы! Мынау ғаламдағы орны! Көңіл орнықпай байыз табу мүмкін емес. Өйтпейінше хайуанша күн кешпек. Бұлғақ аңсаған рух бұған көнбек емес. Бұл аласапырандағы Адам-Тәңірі — Құдай — Рух — жан — дүние, мына өмір мен ана дүние, беймәлім үрейлі де тылсым, әлі күнге дейін ешкім оралмаған бақи әлем. Осы дауылды теңізде алдан жылтырап көрінер бағдаршам болғаны игі! Сол бағдарыңнан, сол үстап қалған сәулеңнен айырылмасаң жан тыныштығы жайланар жағалау, шарқ ұрған әлгі шағала-рухтың тұрақтап қонар тұғыры да көріне бастауы кәміл.

Осындай дүрбелең шақты ұлы дала бастан талай кешірген. Бірақ, бұл жолы бүкіл болмысымен еңсесін тік көтеріп, алыстағы аңсар көкжиегіне жазбай танып иек артқан сияқты.

Бауыр еті — баласы Шашты Әзіз енді бір жола ислам жолына түскенше Құмар баба не бір қиын ішкі жан күйзелісін бастан өткергені хақ. Сенім-нанымды өзгерту ең ауыр нөрсе. Сеніміңнен айырылсаң нең қалады? Енді байқаса сол сенімнің өзі де жүрекке жол тапқанда ғана берік болмақ екен. Құмар жабғы Ысқақ хазіреттен хат алып, оны оқып, дінін өзгерту, жаңа дінге кіру жөнінде көп ойланған деседі. Ел аузындағы аңызда тіпті дала кезіп, жаны жай таппай көп сенделіп, әулие-әмбиелерді аралап, ата-баба басына барып, олармен тілдескен екен дейді. Өткен — ұстаз! Олар бірақ тіл қатпайды. Ілуде бір аян беретіні болмаса. Тірі адам өз ұрпағының қамын өзі жер болар. Ұрпақ мықтылығы сенім мықтылығына байланысты. Мың жаңа діннің әуезі бөлек, бірақ жүрекке жылы сияқгы. Ең бастысы Алла сөзі деп айтады. Кітап сөзі Алладан.

Міне, осылайша ой құшағында, терең толқу үстінде былай айтыпты: Алғашқы алған сабақтар да игерілген сияқты. Иман келтіру, сәждеге бас қою мұсылманшылықтың негіздері… Мына көкірекке нан пісіп, демі маңайын шарпып тұрған жабғылық мансабы, мыңғырған байлығы Аллаға мойынсұнған соң түк те емес екен. Ысқақ хәзірет солай деген. Пақыр мақалы сегіз тұрар: өуелі — тәуба тұрар, онан соң әнбадат тұрар, махаббат тұрар, сабыр тұрар, шүкір тұрар, ырза тұрар, захид, арифтық тұрар. Бұл сонау Адам атадан бермен қарай жалғасып келе жатқан шарттылықтар. Әр буында әр пайғамбар өз білігін қосып, адам мағынасын арттырып отырған. Абидтық яки әнбадат етушіліктегі беріктік хәзіреті Ыдырыс Әлөйхисәламнан қалған. Ал бұған Ибраһим пайғамбар шүкіршілік пен махаббатты, яки тәңірге құлшына берілуді тіркеді. Сабыр болмаса құм үйіндісіндей сусып кетері хақ. Сондықтан Хәзіреті Айюб Әлейхисалам әлгі айтылған мақалдарға сабырды қосты. Бұдан соң тәңірімен жеке өзі талай рет тілдескен Мұса Пайғамбар ырзалық болсын деп, мұны қосты. Ал Иса Пайғамбар захидтық — яки дүние қызығынан баз кешіп, бірыңғай әнбадат, сопылық жолын қосты. Мұның бәрін қаперге ала отырып, мұның бәрін мойындап Мұхаммед Ғалайһи Әләйһи Уассалам арифаттықты қабыл қылды. Иә, арифаттықтың мәнісі білімділік, Алланы соқыр сезіммен емес, көкеймен, жүрекпен, тілімен танып білу керек деді. Ысқақ бап сөзімен айтқанда батыл дүние — ішкі көңіл. Адам өмірінің бүкіл мән-мақсаты да осы болса керек. Бұл Хакраһ Алланы тану.

— Уа, Кутуб уль-ақтаб, уа, Сайпид ут-тайфа — деген сонда Ысқақ Хазірет — (Құмар тілмашқа қарады). Хазірет лезде, — Уа, әулиелердің ұлығы, зор падиша, уа, тайпаның басшысы — деген. — Муждаһит пәнда мұнажаты муксар болар. Ынтаңыз кәміл болса, пәндағатыңыз жеткеніңіз қабыл болары хақ, Алла жолыңызға өзі пәрмен береді деген.

Хазіретпен болған әңгімеден кейін Баба Құмар жабғыға үлкен ой түсті. Расында өмір мақсат па? Тіршіліктің мұраты тірі жүру ме? Онда мән-мағына не? Сөйте тұра мына жарық дүниеден адам жалықпайтыны несі? Қызыққа тою, енді болдым, бүгін алсаң да разымын демейді ешкім. Тудың, өстің, іштің-жедің, күлдің, ойнадың, артыңа ұрпақ тастадың, өлдің, өштің. Шөп сияқты, жан-жануар, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей сияқты. Келдің-кеттің, одан не шықты? Өлім соншалық қасірет пе? Сені өлген екен деп сулар ағысын тоқтатып, құстар сайрағанын қоя сала ма? Оларға сенің барың не, жоғың не? Тегінде әлгі хазіреттің сөзінің жаны бар сияқты, «өзіңді өзің таны» депті Құран Кәрімде. Өзіңді өзің біле білсең Алланы білгенің. Адамдықтың мәнісі бір жаратқан иесін танып білу. Мәңгі өлмейтін жан, рух тазалығын сақтау. Сол рух тәңірдің демінен екенін үғына білу.

Иә, өмір — ақиқат еліктіріп, желіктіріп, алдарқатып алып кетеді. Уақытын сездірмейді. Өмір өлшеулі дем, кесімді уақыт. Адам уақытпен оңаша арбаспау керек шығар. Онан соң өлім келеді. Бұл да ақиқат. Жаңа дін мұны мәңгі өмір дейді, мәнді өмір дейді. Өлім деген жоқ. Өлім — ол өмірдің жаңа сапасы дейді. Тайталас дүние, арпалыс, қысқа мына ғұмыр сонда да мәңгі ғұмырға бой бермесем деп әлектенеді. Жандүниенің арпалысы, осы арпалыс ақиқатты тануға жеткізген.

— Пәлі — деді біраздан соң өзіне-өзі. «Иеленсем», «жеңсем», «жеңдірмесем», «иелендірмесем» деген түп мақсатым өзімді-өзім жеңуге келе алмапты ғой. Өзімді өзім иелене алмаппын. Әлде бір сыртқы күш, құмарлық ырқында кетіпті ол күш. Солармен сыбайлас болып… иә, нағыз жүрек алаңы дейтін оның бір шет-шегі де жоқ екен. Міне, мына жерден бастап мен енді жеңген-жеңілгенімді білем. Ілгері жүрсем — жеңгенім, жерім кеңейді. Мына келеден мына келеге дейін келе санын көбейтсем — иемденгенім, малым көбейгені. Мына тума, мына ағайынды сөзіме қаратсам — ол енді мені ықтайды. Мен үлкен тәуіппін. Мына қолымды адамға тақап, емдеп, сылап, қағындысын алып тастасам ол менің бақсылық, әулиелік, абыздық даңқымды елге жаяды. Бірақ мұның тұрысар жері қайсы? Жердің шегі жоқ, тәңірі құт болған жердің бәрі адамдікі. Мал болса, оған қатер — жұт. Оның да шегі жоқ, қойдым, тойдым, қанағат демейсің. Бола берсін, бар болса зияны жоқ дейтін пиғыл бойыңды алған.

Ал мынау не еді әлгі? Ә, иә михрат екен ғой. Михрат деген өзіңмен өзің тұрысатын жерің екен. Майдан алаңы.

Міне, тағы тайталас ойлар меңдеп барады. Құмар бабаның ойына аталары айтқан әңгіме түсті. Бұдан мың жыл бұрын біздің бабаларымыздың түп бабасы Анақарыс деген болған екен. Ол бүкіл елін абырой даңққа бөлеген батыр да көреген, сонымен бірге 7 тіл білген білімпаз екен. Оның нағашы жұрты грек деген халық екен. Олар өнерпаз, бейнеткеш, тастан сарай салатын әрекетшіл жұрт екен. Бірақ, отырықшы боп қалған. Міне, сол Анақарыс нағашы жұртына барып, онда бұдан бұрын келген Тоқсары атты туысын тауыпты. Бұлар жат жерлік болғанымен, сол елдің тілінде еркін сөйлеген. Шешендігімен патшалардың, данышпандардың алдында сөз таластырған. Өзімнен артық дана жоқ деп жүрген грек патшасының мөжілісінде отырып, шешім қабылданып біткен соң, оның орындалуына онша мән бермейтін ойсыздарға «Сөзді ақылдылар айтады да, ал мәселені ақымақтар шешеді екен» — деп орнынан тұрып кетіпті.

Тағы бірде сондай бір элладалықтардың билер кеңесінде әлгі ойының рас екеніне тағы көз жеткізгендей болып:

— Мына қызықты қараңыз: сөзге білімділер мен жайсаңдар түседі де, төрелігін қайдағы бір можан топай-тоғышарлар айтады екен, — дейді.

Иә, міне сол баба Анақарыстан жат жұрттық нағашылары «сендерде құдай бар ма?» деп сұрапты.

Әрине бар, дейді ол. — Бірақ, біздің құдайымыз сөзден гөрі сүйектен, ағаштан жасалған аспаптардың даңғырын жақсы түсінеді, біз солай тілдесеміз. Ал сөйлесек өлеңмен, жырмен, тәңірі өзі сыйлаған өнер тілімен сөйлесеміз деген екен. Иә, сол Анақарысқой — деп ойын жалғастырды Құмар — дін үшін опат болды. Нағашы жұртына барғанда Құдай-Анаға табынушылықты өзінің ата діні Тәңірі қуатымен

үйлестіріп, дабыл қағып, оңаша зікір салып, екеуіне бірдей табынған екен. Сол үшін ұлы далаға оралып, ел аралап жүргенде өз бауыры Сабыл патша өлтіртіп

жіберіпті дейді.

Бұл оқиға, бүл әңгімелер Құмар бабаның ойына тектен тек түскен жоқ. Осы ойдың жеткен жері — шет-шекара. Не бұрынғыша Тәңір құт дінінде берік қала беру жөн, олай болса көңілге ұялап келе жатқан исламды қайта серпіп тастау, не біржола Алланы тану керек. Бірақ бұл жол ұзақта, созылыңқы болуы ықтимал. Анақарыс бабаның жолы бұған үлгі емес. Ол бұтқа, суретке еліктеп кетті. Ал Алла жолы басқа.

Міне, содан бері де қырық жылдай уақыт өтіпті. Әлгі елші де қартайып, сақал-шашы қуарып селкілдеген шал бопты. Енді оның баласы Мұхаммед — Ыскақ ибн Хишам әке орнын басып, уағыз айтып, көрген-білгенін жазып жүр дейді.

Сонда… деп ойын жалғастырды Құмар баба — бұлар отбасы ошақ қасы, бас қамының пайдасымен жүрген жоқ қой… Әйтпесе, түу сонау бір қиырдағы Арабстанға мал айдап, не алтын-күміс теңдеп апарып жатқан жоқ. Құдай жолына, хақтың жолына бүкіл өмірін сарп етіп, өзі жеткен жерінен әрі қарай баласына, үрім-бұтағына мирас қылып, бастапқы ісін жалғастыра беруді мұрат тұтқан. Аспан асты кең, мен жаратқан дүние жетеді — депті ғой Алла тағала, — бәріне имандылық ұрығын себіңдер, исламды таратыңдар, баласына құран үйреткеннің сауабы мың есе өседі, мың халыққа есеп екен, тағы да мың адамды бірдей, немесе мың құл азат етіп, сауабына қалғандай, тағы да…. мың рет дін үшін соғыс қылған сауапты — депті. Яки балаңа құран оқытуды үйретсең, дін үшін мың соғыс ашқан есепті екен.

Ой артынан ой… толқын-толқын, лек-лек. Міне, қанша айлар өтті осылай. Әзірге көңілге медеу боп тұрғаны, қан төгілген жоқ. Соғыс деген ниеттің беті қайтқан сияқты. Өткенде, ай жүріп оралған тыңшылар бақсылық қыла жүріп, жау жағының қол астына көшкен Шаян, Бөген, Қостұра, Қарабұлақ жақтың елдерін аралап жүріп көрген, білгенін көкіректеріне тоқып, бұған айтып беріскен. Бірін біріне жолықтырмай тыңдағанда бақсылардың сөздері бір жерден тоғысатынын байқады. Сондағы түйгені — мұсылман болған елдер әзірше тыныш, тек зекет-пітір деген дін алымы мен иқта деген өмірге тиесілі жер салығы болады екен. Оның белгілі мөлшер-көлемі бар, содан артық та емес, кем де емес төлеуің керек. Тек уақтылы, айтқан кезінде төлеу шарт. Әрине, оны жинаушы адамдар нәзір-нәпір әкім, халиф адамдары, оларға жол көрсетіп, ел-елді аралаттырып жүргендер өзіміздің тұрғылықты жұрт өкілдері, жаудың шабарман-жасауьшдары. Мешіті бар жерлер таң қылаң бере түгел оянып, азанға ұйыйды екен. Бұлардың айтуынша бұл бір ғажап көрініс. Тұла бойды шымырлатар әуез үні ұзақ созылып, жұртты таң намазына шақырады. Сол шақтарда жан-дүниеңді әлдебір құдіретті күш рахат сезімге бөлегендей әсер алады екенсің.

Құмар баба өзі жіберген сенімді жиһангерлердің әңгімелерін тыңдап отырып, онан соң Ысқақ хазіретпен болған ұзақ-ұзақ сұхбаттардан кейін ислам дініне кіруге ниет білдіргеніне еш өкінбейтініне көзі жеткендей болады.

Ең бастысы, көкейіндегі түйткілдің, көңілді алаң еткен түйіннің шешуі табылған. Ол — елінің азаттығы, бас бостандығы, қара орман, қара қазаны, қара топырағы өз ырқында. Елдің елдігі де сол қалпы.

Қаған боласың ба, жабғы боласың ба, әсілі елді би мен бектеріңе билетіп, өзің басқарып отыра бер. Халқыңның тұрмыс-тіршілігі де сол өзің білген жөнмен, өз қалауыңмен өтіп жатыр. Ұрпағың ұрпақ, жырың жыр, күй сарының сол қалпы, тілің де, ділің-көкірегің де шектеусіз. Тек жаңа жайтты жан дүниеңмен, көкірегіңмен тани алсаң сол абзал.

Бұл ой сапарынан, бұл шегіністен кейін қайталап өз дәуірімізге оралып, ел-рухына қызмет етіп жатқан, оның жан дүниесімен бірге қайнасып кеткен ұлы тұлғаларды тағы да сөз етейік. Ол сөз Баба Түкті Шашты Әзіз жайлы болмақ.

Бұл есімді тек қазақ деген халық емес, бүкіл түркі жұрты түгел біледі. Қорқыт баба, Баба Түкті Шашты Әзіз, қырғызда Манас, бұл есімдерді жоққа санасақ бүкіл халықтық зердеден айырыласың. Ата-бабалар рухын сөз еткенде, бұл есімдер жадымыз байланар түп қазығымыз.

Бүгінгі бүкіл әлемге әйгілі болып, егеменді Қазақстан атанып отырған елдің осынша дәрежеге жетіп, ұшан-теңіз жерді иемденіп жатуы ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігінің арқасы. Ұланғайыр даланы білектің күші, найзаның үшымен

қорғаған батырлардың қолтығынан демеп, жауға шапқанда медет берген рухани күші болғаны да аян. «Елді ерлер, ерлерді ерендер бастайды» деген сөз бар. Аруақ қолдаған ерлердің қашанда мысы басым. Бұрынғылар бала тәрбиелегенде қасиетті мысын жасытпай, аласартпай әрқашан аруаққа сыйына жүруді мирас еткен. Өмірді жемі үшін емес, сенімі үшін бағалайтын ұрпақ бұл пікірді теріс дей қоймайтыны анық. Ғұлама ғалымымыз Ахмет Байтұрсынов айтқандай «Бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болған да, батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме — халықтың жаны, рухы туралы әңгіме. Батырлар қандай болса, халықтың рухы да сондай». Ал енді сол батырлардың эпостық жырлардағы пірі кім еді? Баба Түкті Шашты Әзіз ғой қашаннан. Біздің әрқайсымыз бала жастан «Алпамыс жырындағы»:

Бұрынғы өткен заманда,

Дін-мұсылман аманда,

Жиделі Байсын жерінде,

Коңырат деген елінде,

Байбөрі деген бар екен,

Байбөрі малға бай екен,

Төрт түлігі сай екен,

Бір перзентке зар екен,—детен жолдарды жаттап өскен едік қой. Сол Байбөрі атамыз бен Аналық анамыз қыруар байлықтан бақыт таппай, перзент сұрап, жер-дүниені кезіп, әулие-әмбиелерді аралап кететіні есімізде. Көп мал шашып, садақа таратып, қойдан — қошқар, жылқыдан — айғыр, түйеден — бура жаратып, Арыстан бап, Әзіреті Сүлтанға көп түндер түнеп, одан да ары тау-тас кезіп, бір нышан бола ма деп кете берген ғой. Әбден шаршап-шалдығып, арып-ашып Қаратаудан өрі теріскейге асады… Одан соң баптардың ең шеткісі Ысқақ бапқа түнеп, одан да ешбір нышан болмаған соң, асу асып, елсіз даланы кезеді емес пе. Содан бір кезде:

Көл жағалай қараса,

Суы тұнық айнадан.

Атылып, тасып қайнаған,

Жылы бұлақ дер еді.

Басына бар қараған,

Моласы жоқ, тамы жок,.

Төңірегі жалаңаш,

Жағалай біткен шеңгелің…— деген жерге келетін.

Міне, осы шеңгелдер иіліп келіп, етегін тартып, одан әрі жүргізбейді. Екі мұңлық сол жерде түнеп қалады. Бір уақтар болғанда таң алдында басында ақ сәлдесі бар, қолында аппақ аса таяғы бар диуана таяғымен түртіп, бұларды оятады да: «Тілектерің қабыл болды! Тәңірге бар әулие жалынып, сендер үшін перзент сүрадық. Бір ұл, бір қызды болатын болдыңдар! Ұлыңның аты — Алпамыс, қызыңның аты — Қарлығаш»— деп бата беріп, ғайып болып кетеді. Бұл келген Баба Түкті Шашты Әзіз әулие еді.

Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің кереметтері басқа батырлар жырында да үнемі кездесіп отырады. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында батыр жауға аттанғалы түрғанда анасы былай жалбарынады:

Қалғып кетсе, қағып жүр,

Адасып кетсе, бағып жүр.

Козыма келген пәлені,

Ықылас ата, Шашты Әзіз.

Осы кеткен қозымды,

Тек тапсырдым қолыңа… («Батырлар жыры», 1-том).

Ал «Қыз Жібек» жырында Төлеген Ақ Жайыққа аттанарда анасы жалғызын жаратқанға, онан соң осы Шашты Әзіз әулиеге тапсырады. Сөйтіп, Баба Түкті Шашты Әзіз әулие халық жадында ел қорғаған батырлардың демеушісі, қиналған-қысылған шақта сүйеніші, баласы жоқтарға бала сұрап әперуші, жарылқаушы, ақ тілеулі аналардың жалбарынғанда медет қылар пірі екенін ұғындық.

Сонымен бұл кісі халық қиялынан туған жыр кейіпкері ме, әлде өмірде шын болған кісі ме? Соған келейікші. «Қазақ Совет энциклопедиясында»: «Баба Түкті Шашты Әзіз — қазақтың ауыз әдебиетінде жиі ұшырасатын бейнелердің бірі. Ол туралы бірнеше дерек бар. Бір деректе оның шын есімі — Баба Туклас. Оның әкесі керемет Әзіз. Баба Туклас Меккеде патша болған деп айтылады. Енді бір деректер бойынша ол Қожа Ахмет Иассауидің арғы бабалары, ислам діні Орта Азияға тарай бастағанда өмір сүрген кісі, Қорқыттың замандасы, (VIII—XI ғ.ғ.), үшінші мәлімет бойынша Баба Тукластың баласы Еділ-Жайыққа дейін келген, оның Құтлыбек деген ұлынан Едіге батыр туған. Баба Түкті Шашты Әзіз мұсылмандар арасында әулие саналған. Ертеде Меккеге қажыға барушылар ең алдымен Мұхаммедтің, онан соң Әлем-Мұзтазы — Сейіттің, содан соң осы Шашты Әзіздің қабіріне барып тауап ететін болған» делінеді (2-т. 6-бет). Шоқан жазбаларында ол Баба Құмар (бір жерлерде Омар, Ғұмар) деген әулиенің баласы. Құмардың көзі бір сұлуға түскен екен. Ол содан ғайыптан жүкті болып қалып, осы бала туады. Баланың үсті-басын түк басқан, ерекше жан болып туылғаннан кейін оны еріксіз Баба Түкті Шашты Әзіз деп кеткен екен дейді.

Оның ауыз әдебиеті нұсқаларындағы бейнесі ертегіге ұқсап, аңыз әңгімелерге ұласып кететін жайы бар.

Үмбетей жыраудың:

Мен пайғамбардан бастасам,

Әңгімеге кетемін,

Едігеден бастасам,

Ертегіге кетермін, — дейтіні содан болса керек.

М.Әуезовтың 1927 жылғы «Қазақ әдебиеті» оқулығында «Едігенің әңгімесі» деген атпен аңыздар, түрлі әңгімелер келтіріледі. Мұнда Едігенің тегі, балалық шақтағы сөз тапқыштығы, қалай би болғаны, калай Тоқтамыс ханға жолығып, ел басқару дәрежесіне жеткені баяндалады. Аса көрнекті ғалым, академик Қ.Сәтбаев 1927 жылы араб әрпімен «Ер Едіге» деген жинақты Мәскеуден бастырып шығарады. Л.Н.Гумилев «Көне түріктер» кітабында түрік қағанаты дәуіріне жататын алтайлықтардың «Алпамыс» жырының бірнеше вариантын сөз етеді. «Алып-Манаш» өзінің немере ағасы жасаған опасыздықтың қасірет-қорлығын шегеді. Мұнда да батыр өз пірлеріне сеніп, күш-қуат алып отырады. Осы ретте біз эпостағы Баба Түкті Шашты Әзіз бен тарихи тұлға Шашты Әзіздің ара-жігін ажыратып алуымыз керек. Бүл жөнінде филология ғалымда-рының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының мүше-корреспонденті Р.Бердібаевтың мына сөзін еске алуымыз орынды: «…Эпостан тарихта ерекше рөл атқарған дәл, нақгы тұлғалар мен оқиғаларды іздеуіміз керек. Табиғаттың мейірімсіз дүлей күші мен басқыншы жауларды жеңген, халық ой-санасында қорытылған батырдың жинақы образын іздеу керек». («Советская тюркология» журналы, №2, 1986).

Баба Түкті Шашты Әзіз тарихи тұлға ретінде аз зерттелген. Ол барлық жерде жыр кейіпкері ретінде ғана танымал болып келеді. Әсіресе, «Едіге жырында» Едігенің бірде туған әкесі, бірде атасы, бірде арғы бабасы болып, әйтеуір Едігенің тегін адам емес екенін дәріптеу жағы басым болып отырады. Олай айтылудың қисыны бар. Өйткені, екеуі де Құмкент шаһарында туып-өскен, ақырында біреуі осы жерден мәңгілік жай тапқан да, екіншісі пелен уақыттан кейін оның басын қарайтып, күмбез соқтырған. Сол белгінің әлі күнге дейін тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Әйтсе де, өз алдына жеке тарихи тұлға ретіндегі Шашты Әзіздің бейнесін түріктерге, осы өңірді жайлаған ертедегі дала түріктеріне ислам дінінің келуінен іздеу керек. Дала түріктері, анығырақ айтқанда, біздің сол кездегі ата-бабаларымыз екі үлкен мәдениеттің, діннің тоғысып, қақтығысып тұрған шекарасында қалған еді. 715— 760 жылдарда араб әскерлері бүкіл оңтүстікті жаулап, енді Түркістанға, Шашқа, Исфиджапқа таяп келген кезі болатын. Исламның жасыл туын көтерген пайғамбарымыздың ұрпақтарының ат тұяғы Мауреннахрға жеткенімен, жергілікті халықтың көп қарсылығына кезігеді. Араб әскер басшысы Құтайбаның жүрген жолдары қан сасып жатты. Мәселен, ол Бұхараны дінге кіргізу үшін үш рет басып кіріп, соғыс ашып, ол кеткен соң халық үш рет діннен қайта шығып кетіп отырды. Құтайбаның қатыгездігі туралы Әбу Райхан Бируни «Өткен ұрпақтың жәдігерліктері» деген еңбегінде «Құтайба ибн Мүсілім Хорезмді екінші рет бағындырғанда хат танитын сауатты хорезмдіктерді қырып-жойып жіберді. Олардың жазбаларының бәрін құртып, ақырында ислам келгенге дейін бұл жерде не болғанын ешкім білмейтін де еді». (Бируни. Избр. пороиз. стр. 48, том 1).

Ендігі жерде шығыс, араб тарихшы ғалымдары да бұл адамға назар аударуға мәжбүр болды. Кейде мүндай көрегендікті жергілікті жердің адамына қимағандық сыңай да байқала бастады. Халық арасында баптардың иелері, қожалар, хазіреттер жайында көбірек айтылып, Баба Түкті Шашты Әзіз солардың тасасында елеусіз қалып қоя беру жағдайы кездесті. Кіндік Азия халықтары, Мауреннахр, одан арғы ұланғайыр дала ислам дінін түгел қабылдап болмай жатып, әйгілі Шыңғысхан шапқыншылығы басталды. Арада бірер ғасыр үзіліс болып, Жошы ұрпағының жергілікті халықтарға империя дінін күштеп әкелудің керегі жоқтығына көзі жеткенде ғана ислам діні Ақ Орда, Көк Орданың өзінде қайта жандана бастады. Шыңғысхан ұрпақтарының ішінде ислам дінін алғашқы қабылдаған Өзбек хан болды. XVI ғасырдағы шежіреші Мұхаммед Достидың «Шыңғыснама» хандар шежіресінде: «Бір күні Өзбек хан түсіне төрт дәруіштің аян бергенін айтады. Сонда Алла-тағаланың өзі әлгілерге «Сендер барып әуелі Өзбек ханды исламға бас идіріңдер» депті. Өзбек хан бұл дәруіштерді сынап, кереметтеріне көзі жеткен соң ислам дінін қабылдапты» делінеді.

Баба Түкті Шашты Әзіз жайында әрқилы пікірлер де айтылып келеді. Мәселен, «Қажыға барған казақтар» атты кітапта («Ана тілі» баспасы, 1996 ж.): «Қожа Ахмет Иассауидің әкесі Баба Түкті Шашты Әзіз…» деп жазылған. Бізге мәлім шежіреде және ең соңғы табылған «Несәб—неме» атты еңбекте Баба Түкті Шашты Әзізге қожалар әулетінің ешқайсысынан орын берілмеген. Міне, алдымызда «Садыр-ад-Дин шейх риссаласы». Онда былай жазылған: «Хазірет Әли-Шаһ и-Марданның хазірет Фатимадан үш ұлы болған: имам Хасан, имам Хусейін, үшінші үлы имам Мұхассан жас кезінде қайтыс болған. Имам Хасанның он төрт ұлы, имам Хусейіннің алты ұлы, бес қызы болған. Әли Акбар, Әли Ғасқар, Жағфар, Абдаллах, Абу Бакр, Ибрахим, Хазірет Әлінің һамана патшасы Жаһһар ибн Қайыс қызынан Мүхаммед Қанафия туған… («Иассауи Тағлымы». Түркістан баспасы. 1996, 117-бет). Рисаланы одан әрі оқи отырып, жоғарыда айтылған Мұхаммед Ханафия ұрпақтары Мауреннахр, Түркістан, Жетісу, Теңіз, Сырдария халықтарын исламға қарату жолындағы соғыстарын айта келіп: «…пайғамбар ұрпақтары, Мұхалистер! Біліңіздер: Исқақ Бап тегі туралы айтылып жатыр. Біл! Исқақ бабтың баласы Харун шейх, оның баласы Омар шейх, оның баласы Ифтихар шейх, оның баласы Махмұт шейх, оның баласы Ілияс шейх, оның баласы Ибрахим шейх, оның баласы Сүлтан Қожа Ахмет Иассауи. Алла-тағала оның силсаласының берекесін берсін. Қияметке дейін көбейтсін». (121-бет). Бұл бір рисала. Екінші бір құнды дерек қалың қағазға жазылған. Оны ағаш шығыршыққа орап, жинап қоятын болған. Бұл қазақ қожаларының төрт әулеті: Хорасан, Қарахан, Аққорғандық, Дуана дегендерінің шежіресі. Мұнда қожалардың арғы ата-тегінен бермен қарай кімнің кімнен тарағаны, сонымен бірге Қазақстанның оңтүстік өңірінің VIII—XI ғасырлардағы тарихы, исламның таралуы туралы көптеген қүнды деректер береді.

Ал, С.Бақбергенов ағамыз Баба Түкті Шашты Әзізді моңғол шапқыншылығынан келетін қауіпті алдын ала сезіп, көрегендік жасап, қазақ қалалары мен ауылдарын аралап, ел-жұртты жойқын апаттан алдын ала сақтандырып жүрген барлаушы, шолғыншы, әлде бір қүпия жиынның тапсырмасын орындаушы адам ретінде көрсетеді. Баба Түкті Шашты Әзіз жайындағы еңбектің бірі ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың «Қазақ елі» газетіне жарияланған мақаласы. Обалы не керек, Байбота тәп-тәуір еңбектенген. Не бір таптырмайтын кітаптар мен деректер, орысша, қазақша, парсыша, түрікше жазылған пікірлер сарапқа салынып, Шашты Әзіздің әуелгі азан шақырып қойған есімін Ықылас деп түйеді. Біздіңше бұл көңілге қонатын сияқты. Көп жазба деректерде Баба Туклас деп жазылып келген. Ал сол Тукластың өзі Түкті Ықылас болуы да мүмкін ғой. Өйткені деректердің көбі өзге ұлт өкілдерінің қолымен жазылса, түкті сөзі Туклі болып кетуі де ықтимал. Түкті Ықылас айтушыдан жазып алынғанда Туклас болып естілуі табиғи. Олай болса, біздіңше, бұл әулиенің толық аты Баба Түкті Шашты Әзіз әулие! Ықылас сөзінен басқаның бәрі сол адамның ерекше қасиеттерін бейнелейтін анықтаушы рөліндегі сөздер. Мұндағы әр сөздің атқарып тұрған қызметі бар.

Енді осы бабамызды Байбота Серікбайұлының өз топырағынан алысқа, Ташкент жағына алып кететіні бізді таң қалдырады. Бұл автордың айтуынша Баба Түкті Шашты Әзіз әулие Едігенің әкесі де, атасы да, арғы бабасы да емес, бақсы да, әулие де емес. Едіге батырға рухани тірек, ұстаз болған ғұлама Низам-ад-Дин бин Мұхаммед Азиз аш-Шаши деген кісі, — дейді. Бұл — тың пікір. Байбота Қошым-Ноғай оны Ақсақ Темірдің замандасы, «Усул-Шаши» деген еңбек жазған ғалым адамы дейді. Ол мұндай тұжырымды ғылым Ә.Дербісалиевтің «Қазақ даласының жұлдыздары» деген еңбегіне сүйене отырып айтады. Бірақ, сол ғұламаның атының Әзіз аш-Шаши болғанына қарай Баба Түкті Шашты Әзізбен байланыстыру қаншалық дәлелді? Аты ұқсасқа келсек, бір ғана академик В.Бартольдтің Ақсақ Темірге байланысты зерттеген еңбектерінде алты Низам ад-Дин, төрт аш-Шаши жүр. Бұлар да ғалым, бұлар да талай еңбектер жазған. Аш-Шаши Ақсақ Темірдің замандасы деу де сенімді емес. Әмір-Темір 1336 жылы туып, 1405 жылы қаза болған. Ал Баба Түкті Шашты Әзіз энциклопедияда көрсетілгендей болса, Ысқақ баптың, Қорқыттың замандасы. Демек, Темір заманымен екі арада бес жарым — алты ғасыр жатыр. Баба Түкті Шашты Әзіз мектеп ұстап, тақуа болған күннің өзінде оның аш-Шаши болуға қисыны келмейді. Он екі ғасыр бойы халықтың санасында қасиетті әулие, көп елдің жыр аңызында жарылқаушы болып келген, ең аяулы кейіпкері саналған тұлғаны ташкенттік Низам ад-Дин еді деп енді көпшілікті иландыра қою да мүмкін емес қой. Оның үстіне, М.Әуезовтің «Халықтың ұғымына сіңісіп, қалыптасқан түсінікке қарсы тұрудың, олай емес деп дөлелдеудің өзі әбестік» деген сөзін ескермеуге болмайды. Бәріне уақыт төреші. Баба Түкті Шашты Әзіз он екі ғасыр бойында Қаратаудың қойнында, Құмкент шаһарының қасында, Жылыбұлақтың басында өмір кешкен әулие деп айтылып келіпті. Ол ноғай ма, қоңырат па, кім болса да әйтеуір осы өңірде туып өскен, осы жерден мәңгі тұрақ тапқан киелі аруақ! Халық қашанда оны әулием, жарылқаушым, пірім, қысылғанда қол ұшын беретін жебеушім деп қадір тұтады. Ол ел санасында жиһанкез де емес, ғалым да, үнемі зікір салып жүретін бақсы да емес (С.Ақтаев), тұрақты мекен-жайы бар, қасиетті орны бар, болмыс-бітімі бөлекше жаралған қасиет иесі.

Шашты Әзіз әулиенің сағанасына ең алғашқы белгіні Алпамыс батырдың әкесі Байбөрі мен анасы Аналық әжеміз қойған деген аңыз бар. Жырда «Моласы жоқ, тамы жоқ, жап-жалаңаш жер еді» делінеді ғой. Сол жерге Аналық тас үйіп, белгі соғуға кіріскенде, қойған тастары өзінен-өзі жымдасып, бой көтере бастапты-мыс. Одан соңғы сағананы Едіге батыр соқтырады. Бұл туралы В. Бартольд та, біздің дәуірімізде жазушы С. Бақбергенов те жазған. Бірақ сағана салудың уақыттық мөлшерін көрсетуде қайшылық кездеседі. Өйткені, Баба Түкті Шашты Әзіз әулие VIII ғасырдың екінші жартысы мен IX ғасырдың басында өмір сүрген болса, Едіге 1410— 1419 жылдар аралығында өмір кешкен. Онан бері қаншама жаугершілік замандар өтті. Кесене әлденеше мәрте қирап, қайта жөнделгені ақиқат. Ескерткіштің біздің дәуірімізде, 1925 жылы жаз айында қайта тұрғызылғаны туралы дерек жуырда, күмбезді қайта жөндеу үстінде, қыштардың арасынан, жазылып қойылған қағаздан табылды. Ел ішінде «Шашты Әзіз күмбезі әулие бір күрсінген сәтінде жарылып кетіпті» деген аңыз бар. Әулие күрсінсе, ұрпағының басына түскен тауқыметке налып күрсінеді ғой. Ал бұл ұрпақ осы ғасырдың өзінде үш ашаршылық пен қаншама нәубетті басынан кешірді емес пе? 1930 жылғы «Аллаһудан» (Созақ көтерілісі) кейін қожа-молдаларды, дінге сенушілерді қамшымен қуыңдар — деген ұранмен небір сағаналар қиратылып, кірпіштері талап әкетілді. Бұл талаудан Шашты Әзіз

күмбезі де сырт қалған жоқ. Кейінгі кезде, яғни 1982 жылы сағана жеңіл жөндеуден өткізіліп, қалыпқа келтірілген.

Баба Түкті Шашты Әзіз Ысқақ баптың замандасы, жасы кіші болса да ақиреттік жолдасы болған адам. Ислам дінін дала түріктеріне ендіруде сол елдің басшысы ретінде, көсемі ретінде Шашты Әзіз әулие үлкен еңбек сіңірген. Ол бұған дейін қылыштың жүзімен, әскерінің көптігінен дүниені жаулап келе жатқан араб әскерлеріне қарсы шықпай, мәмілегерлік жолмен, бейбітшілік арқылы жаңа дінді өз халқына ендіруші болып саналады. Ысқақ баптың алғашқы шәкірті, бүкіл түрік даласының ең алғашқы қажысы болып саналады. Бұл жөнінде әйгілі Сыпыра жырау Тоқтамыс ханға Едігені таныстыру үстінде:

«Оның арғы бабасын мен айтсам,

Шашты Әзіз деген нәрт еді.

Қағбада кырық жыл патшалық күрған мәрт еді»

— деп жырлайды.

«ЫСҚАҚ БАП» КІТАБЫНАН

One thought on “Құмар баба мен оның ұлы Баба Түкті Шашты Әзіз

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.