ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI — қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнерiнiң тегi әрiден, түркi тiлдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезiнен басталады. Халық фольклоры мен поэзиясының негiзi сол тайпалар шығарған ертегi, аңыз, мақал-мәтелдерде жатыр.

Ежелгi түркiлердiң арғы ата-тегi саналатын сақтардың батырлық жырлары арасындағы мазмұн, түр, стиль бiрлiгi көркемдiк дәстүр жалғастығы тұрғысынан ғыл. негiзде дәлелдендi. Сол себептi б.з.б. дәуiрлерде шығарылған “Алып Ер Тоңға”, “Шу” батыр, “Атилла”, “Көк бөрi” және “Ергенеқон” дастандары бүгiнгi Қ. ә-нiң қайнар-бастаулары болып табылады. Сондай-ақ аталған қаһармандық дастандар өзiнен кейiнгi тарихи кезеңдердегi — Түрiк қағандығы тұсындағы (8 ғ.) әдеби жәдiгерлердiң (“Күлтегiн”, “Тоныкөк”, “Бiлге қаған” жырлары) жазылуына үлгi-өнеге, негiз болды. Түрiк қағандығы тұсындағы жазба әдебиет өзiнен бұрынғы сақтар мен ғұндардың ауыз әдебиетi үлгiлерiмен генезистiк, типол., дәстүрлiк үндестiкте дамыды.

Түрiк қағандығы дәуiрiнде шығарылған ерлiк эпосының бiрi — “Қорқыт ата кiтабы”. Ал, бұдан кейiнгi Қарахан мемлекетi тұсындағы немесе ислам дәуiрi (10 — 12 ғ.) деп аталатын тарихи кезеңдегi түркi халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихындағы Қайта өркендеу — Ренессанс дәуiрi деуге болады. Бүкiл түркi қауымын әлемге танытқан Әбу Наср әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Жүсiп Баласағұни, Ахмед Иүгiнеки, Қожа Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғани, т.б. осы Қайта өркендеу дәуiрiнде тарих сахнасына шықты. Олар өзерiнiң ғыл. және көркем туындыларында гуманистiк идеяларды, адамгершiлiк пен қайырымдылықты, т.б. iзгi қасиеттердi көтердi. Бұған әл-Фарабидiң “Риторика”, “Поэзия өнерi туралы”, ибн-Синаның “Даныш-намесi” (“Бiлiм кiтабы”), әл-Бирунидiң “Хикметтерi” (“Даналық сөздерi”), Махмұт Қашқаридiң “Диуани лұғат ат-түрiк” (“Түркi сөздерiнiң жинағы”), Баласағұнидiң “Құтты бiлiгi”, Иасауидiң “Диуани хикметi” (“Ақыл кiтабы”), Бақырғанидың “Бақырғани кiтабы”, т.б. толық дәлел бола алады.

Алтын Орда дәуiрiнде (13 — 15 ғ.) Қыпшақ даласындағы түркi халықтарының әдебиетi мен мәдениетi мүлдем жаңа сапалық дәрежеге көтерiлдi. Бұл кезде мемлекет астанасы болған Сарайшық қ-на Батыс пен Шығыстың аса көрнектi ғалымдары, сәулетшiлерi, ақындары, өнер қайраткерлерi, т.б. жиналған едi.

Алтын Орда дәуiрi әдебиетi тұсында әл-Хорезмидiң “Мұхаббат-наме”, Сайф Сараидiң “Гулистан бит-турки”, (“Түркi тiлiндегi Гүлiстан”, Құтбтың “Хосрау — Шырын”, Дүрбектiң “Жүсiп — Зылиха” дастандары ерекше мәшһүр болды. Сондай-ақ, Насреддин Рабғузидiң “Қисса-сул әнбия” деп аталатын прозалық шығармасы да кең тараған болатын. Қыпшақ тiлiнiң сөздiгi — “Кодекс куманикус” атты кiтап та заман талабы бойынша өмiрге келген туынды едi.

Қазақ әдебиеті тарихының ежелгi дәуiрiн танып-бiлуде тарихи тақырыпқа жазылған көркем шежiрелер де ерекше маңызды рөл атқарады. Сан ғасырлар бойы атадан балаға ауызша да, жазбаша да рухани мұра болып келе жатқан мұндай шежiрелердi қазақтың зиялы ойшылдары, ақындары мен жыраулары жақсы бiлген. Қазақ халқының тарихы мен әдебиетiне тiкелей қатысты түркi тiлiндегi осындай жәдiгерлердiң iшiнен Әбiлғазы Баһадүр ханның “Шежiре-и Түрк” (“Түрiк шежiресi”), Қыдырғали Жалайыридiң “Жамиғ-ат тауарих” (“Шежiрелер жинағы”), Захир әд-Дин Мұхаммед Бабырдың “Бабыр-наме”, Мұхаммед Хайдар Дулаттың “Тарих-и Рашидиi” ерекше орын алады. Бұлар ежелден-ақ қазақ оқырмандары арасында тарихи тақырыпқа жазылған көркем туындылар ретiнде қабылданды. Қадым замандардағы сақтар мен ғұндардың аңыз-әфсанаға айналып кеткен ерлiк тарихынан, көк түрiктердiң ежелгi қаһармандық шежiресiнен сыр шерткен жыр-дастандар бертiн келе, қазақтың батырлық жырларының идеялық және көркемдiк тұрғыдан қалыптасуына тiкелей ықпал еттi. Ал, ислам дiнi дәуiрiнде өмiрге келген этик.-дидактик. мазмұндағы дастандар мен сопылық сарындағы хикметтер, моральдiк-филос. трактаттар, ғибрат сөздер, т.б. қазақ ақын-жырауларының толғау-жырларынан өзiнiң логик., тарихи, көркемдiк жалғастығын тапты.

Қазақтың ұлттық әдебиетiнiң төл тарихы қазақтардың ұлт болып қалыптасуы мен дербес мемлекеттiгiн құрудан басталады. 15—16 ғ-ларда қазақ жыраулары ежелгi түркi поэзиясындағы дидактик. сарынды мазмұндық, тiлдiк, стильдiк жағынан жетiлдiре түстi, гуманистiк, филос. ой-пiкiрлердi қоғамдық дамудың жаңа асқар биiгiне шығарды; қ. Жыраулық поэзия.

18 ғ-дың соңына қарай, Қазақ әдебиетіндегi жыраулық дәстүр бiртiндеп ығысып, жеке ақындық өнерге орын бере бастады. Жыраулық поэзияның қалыптасқан сөз саптауы, ел тағдырын ту етiп ұстап, ерлiктi мадақтаған биiк үнi бiр iзге түсiп, жеке ақындық өнер арқылы күнделiктi тiршiлiктiң сан-саласына, адам өмiрiне, оның iсi мен мiнез-құлқына, қоғамдағы орны мен қызметiне көңiл бөлiндi. Бұл — әдебиет дамуындағы жаңа дәуiрдiң басы едi. Ақындар шығармаларының тақырыбын кеңейтiп, өмiр шындығын нақты тануға, оған өз көзқарасын бiлдiруге ұмтылды. Бұл арқылы жеке ақындық өнер байып, өзiндiк көркемдiк бояу iздеу жолына түстi. Осы жолмен ол ауыз әдебиетi дәстүрлерiн сақтай отырып, кәсiптiк поэзияның қалыбына кiрдi. Осындай жеке ақындық шығарм-тың туу кезеңiнде өмiр сүрген Көтеш, Шал ақын (Тiлеуке Құлекеұлы) өлеңдерiнде жеке адамға бағытталған арнаулар, адам өмiрi, оның мәнi мен сәнi, фәнилiк пен бақилық жайы суреттелдi, оларда тапқырлық, бейнелiлiк, шынайы поэзияға тән лирик. “мен” көрiнiс тапты.

19 ғ-дан бастап қазақтың жазба әдебиетi — әлеумет халiн ұғып, ел қамын жақтауға кiрiсiп, өлең бұрынғыша, қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметiн атқара бастады, елдiң саяси пiкiрi мен тiлек, мақсат, мұң, зар сияқты сезiмдердiң басын қосып, жаңадан ой негiзiн, салт санасын құрауға кiрiстi, бұл уақытқа шейiн болмаған әлеуметшiлдiк сарыны, азаматтық нысанасы бой көрсеттi. Осындай әлеуметшiлдiк сарынды көбейткен тарихи оқиғалар бұл дәуiрде орыс отаршылдығымен байланысты туды. Ресей империясына бодан болу, сонымен байланысты туған ел iшiндегi өзгерiстер, қанаудың күшеюi, халық тың тiршiлiк ету аясының тарылуы, ұлттық намыстың тапталуы қазақ ақындары шығармаларында кеңiнен бейнелендi. Осы өзгерiске қарсы анық наразылық Махамбет Өтемiсұлы өлеңдерiнен айқын көрiнедi. Махамбет жырлары — Исатай Тайманов бастаған көтерiлiстiң (1836—37) ұраны, үнi. Мұнда көтерiлiстiң мақсат-мұраты (“Қорлықта жүрген халқыма бостандық алып берем деп”), оған қатысатын ерлердiң сипаты (“Ереуiл атқа ер салмай”), соғыс суретттерi (“Соғыс”), Исатайдың батырлығы мен оны жоқтауға арналған жырлар (“Тарланым”, “Мұнар күн”), ақынның өз жайына, көңiл-күйiне (“Баймағамбет сұлтанға айтқаны”, “Қызғыш құс”) байланысты өлеңдерiне жалғасып, тұтастай көтерiлiс тарихын, сол кезеңдегi әлеум. жағдайды бейнелейдi. Исатай-Махамбет көтерiлiсiне тiлектес ақындар қатарындағы Шернияз Жарылғасұлының Исатайды мадақтап, Баймағамбеттi даттайтын өлеңдерi батылдығымен, тапқырлығымен бағалы. Исатай—Махамбет көтерiлiсiне жалғас туған Кенесары—Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қозғалысы да (1837 — 47) өзiне тiлектес әдебиет тудырды (“Наурызбай — Қаншайым”, “Топ жарған”, “Жасауыл қырғыны”, Нысанбай Жаманқұлұлының “Кенесары-Наурызбай” жыры). Сыр бойында, Бат. Қазақстанда өткен патша отаршылдығына қарсы көтерiлiстер кезiнде жаңа жырлар туды (“Бекет батыр”, “Жанқожа батыр”). Отаршылдыққа қарсы күрес поэзиясы қазақ көркем сөзiнiң дамуында озық идеясымен, халықтық мазмұнымен жаңа белес саналады. Билеушiлерге қарсы наразылықты ашық айтқан шыншыл поэзия туды, адамды суреттеудiң жаңа тәсiлдерi қолданылды. Осы қатардағы ақындар iшiнде Жанақ Сағындықұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Сүйiнбай Аронұлы елеулi орын алады. Отаршылдық дәуiр әдебиетiнiң ақындары шығармаларында ел байлығының талауға түсiп, халықтың кедейшiлiкке ұрынып, қоныстың тарылуы, зорлық-зомбылықтың күшеюi, парақорлықтың етек жаюы, адамдар мiнез-құлқының өзгерiп, ұсақталып, берекесiздiкке түсуi, дiн шарттарының еленбеуi, т.б. жағдайлар кең қамтылып, көркем бейнелендi. Оларды заман қайғысы, өткендi ойлап торығу, алдағы өмiрден шошыну зары бiрiктiрдi. Бұл сарынның көрнектi ақындары — Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Кердерi Әбубәкiр Шоқанұлы, т.б. халықтық поэзияның түрлерiн жетiлдiрдi. Оны заман шындығын бейнелеумен шебер байланыстыруда, реализмдi байытып, адам психологиясындағы өзгерiстердi жарқын суреттеуде, тiл өрнегiнде сан алуан жаңалықтар табуда осы топтағы ақындардың еңбегi үлкен. Олардың бiразы отарлаушыларға шошына қарады, дегенмен шығыс әдебиетiмен, дiни әдебиет үлгiлерiмен жете таныс болуы арқасында көркемдiк құндылығы жоғары туындылар жасады; қ. Зар заман ақындары.

Қазақ әдебиетiнiң өскелең бағытын айқындауда 19 ғ-дың екiншi жартысында туған демокр. ағартушылық әдебиеттiң орны ерекше. Бұл әдебиеттiң өкiлдерi Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов ғы-лым-бiлiм, оқу-өнер арқылы алдыңғы қатарлы елдерге теңелуге, теңдiкке жетуге болатынына сендi. Шоқанның ғыл. көзқарасы, қызметi арқылы қазақ елi iшiнде ағартушылық, демокр. идеялар тарады. Ыбырай әдебиетке деген ұғым, түсiнiктi жаңартып, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегi ұлы күш екенiн көрсеттi. Өзi балаларға арналған әңгiмелер, өлеңдер жазды. Көркем сөз өнерiнiң кемелденуi, өлең сөздiң қоғамдық қызметiн көтеру, сол негiзде жаңа көркемдiк әдiс — реализмдi қалыптастыру ұлы Абайдың үлесiне тидi. Ол Еуропа мен орыстың классик. әдебиетiн еркiн меңгерiп, көркемдiк таным мен талғамға жаңа талаптар қойды, жаңа сипатты поэзия туғызды. Классик. әдебиет үлгiлерiн қазақ тiлiне аударып, қазақтың төл әдебиетiмен қатар қойды, Қ. ә-нiң эстет. принципi Абай шығармаларында жүзеге асты. 19 ғ. әдебиетi ұлттық таланттардың көптiгiмен және олардың бiр-бiрiне ұқсамайтын сан алуандығымен көзге түседi. Онда айтыс ақындары (Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Бақтыбай, Кемпiрбай, Сабырбай, Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәбия, Ақбала, т.б.), әншi ақындар (Бiржан сал, Ақан Серi, Сегiз Серi, Мұхит, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, т.б.), қиссашыл ақындар (Жүсiпбек Шайхисламов, Ақылбек Сабалов, Шәдi Жәңгiров, Мәулекей Юманчиков, Кашафутдин Шахмарданұлы, т.б.) жыршы-жыраулар дәстүрiн жалғастырып, халықтық әдебиет үлгiлерiн сақтап жеткiзушiлер (Марабай, Абыл, Нұрым, Мұрын, Ығылман, т.б.) қатар өмiр сүрдi. Бұлардың барлығы өз мүмкiндiктерiнше әдеби арнаны толықтырды, өмiрдi өзiнше танып жырлады. Қазақ тiлiндегi алғашқы кiтаптар осы кезде басылды (“Өсиет наме” — 1880, “Бала зар” — 1890, “Диуани хикмет” — 1896, т.б.), фольклорлық мұралар жинақталып, жарық көре бастады. Қ. ә-нiң көршi халықтар әдебиеттерiмен байланыстары ұлғайып, жаңа аудармалар пайда болды; қ. Әдеби байланыс. 20 ғ-дың басындағы Қ. ә. ұлы Абайдың ағартушылық, демокр. дәстүрiн жалғастыра отырып, отаршылдыққа қарсы күрес пен тәуелсiздiктi аңсау идеясын ашық және батыл көтердi. Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов қазақ халқының тарихи-мәдени дамудан кенже қалып, қараңғылықта отырған күйiн суреттеп, елдi өнер-бiлiмге үгiттедi. Жаңалыққа енжар, ұйқыда жатқан қазақты бiрi “Маса” боп құлағына ызыңдап, бiрi “Оян, қазақ” деп, бар дауыспен жар салды. Ғасыр басында әдебиетке келген ақын-жазушылардың барлығы да осы дүбiрмен оянғандар едi. Сұлтанмахмұт Торайғыров Қ. ә-н көркемдiк-эстет. тұрғыдан байытып, жаңа жырлардың туып, жетiлуiне үлес қосты. Оның “Қамар сұлу”, “Кiм жазықты?” атты романдары, “Адасқан өмiр”, “Кедей”, “Таныстыру”, “Қала ақыны мен дала ақынының айтысы” поэмалары, лирик. өлеңдерi, публицистик. мақалалары ақынның әр саладағы iзденiстерiн танытты. Әдебиеттегi сыншылдық бағытты дамытып, ағартушылық идеяны көркем сөз арқылы өрiстетуге Сәбит Дөнентаев, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетiлеуов, Тұрмағамбет Iзтiлеуов, Ғұмар Қараш, Нарманбет Орманбетұлы, Бернияз Күлеев, т.б. елеулi еңбек сiңiрдi. Олар ақындық өнердi әр жағынан жетiлдiрдi. Сәбит шағын, сюжеттi өлеңдер мен мысал жанрында өнiмдi еңбек етсе, Бернияз заман шындығын лирик. өлеңдермен ашуға ұмтылды. Ауыл мектептерiнде сабақ берген Спандияр мен Бекет еңбектерi олардың ұстаздық, ағартушылық көзқарастарымен байланысты едi. Көбеев “Қалың мал” атты роман жазды. “Айқап” журналын шығарған белгiлi журналист Сералиннiң әлеум. теңсiздiктi бейнелейтiн дастандары (“Гүлқашима”, “Топжарған”) басылды. Отаршылдық қанауды, ел билеу жүйесiндегi саясатты, қазақ қоғамының мешеу күйiн сынауда Ғұмар мен Нарманбет өлеңдерi едәуiр көркемдiк табысқа жеттi. Бұл дәуiрдегi әдебиет ақын-жазушылардың ұстаған жолы мен көркемдiк iзденiстерi, бағыт-бағдары жағынан бiркелкi емес едi. Олардың iшiнде таза қазақы дәстүрге сүйенген, аракiдiк шығыс әдебиетiнен хабары бар ақындар тобы болды. Олар да ел iшiн жайлаған надандықты, ел билеушiлердiң әдiлетсiздiгiн, патшаның отаршылдық саясатын сынады. Мәшһүр-Жүсiп Көпеевтiң, Нұржан Наушабаевтың реалистiк өлеңдерi дәуiр шындығын ашып көрсеттi. 20 ғ-дың басындағы әдебиеттi толықтыруда “Исатай-Махамбет” дастанының авторы Ығылман Шөрековтi де, Қ. ә-нiң дәстүрлi саласын дамытқан әншi-ақындар легiнде (Майра, Иманжүсiп, Мәди, Кенен, Үкiлi Ыбырай) атап айтуға болады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң батырлары Амангелдi, Бекболат, т.б. туралы жырлар туды. Көтерiлiске байланысты туған халық поэзиясы ғасыр басындағы әдебиеттiң демокр.-халықтық бағытын толықтырып, оны жаңа мазмұнмен байытты; қ. Қазақ халық поэзиясы.

Қ. ә. тарихында кеңес дәуiрi ерекше iз қалдырды. Бұл кезең, негiзiнен, ұлттық әдебиеттiң өрлеу жолынан өткен, жанрларын байытқан, одақтық, сол арқылы, әлемдiк әдебиетпен қарым-қатынасқа түскен шағы болды. Алайда, әдебиеттiң даму қарқыны үнемi бiркелкi болмады. “Әдебиеттiң партиялылығы” принципi оның тақырып таңдауына керi әсер еттi. Әдебиетте науқаншылдық өрiстеп, адамзат мүддесiне ортақ мәселелер жеткiлiксiз көтерiлдi, оның алдына бiрыңғай кеңестiк жүйенiң “артықшылығын” дәлелдеу мiндетi қойылды. Соған қарамастан ұлттық әдебиет туған халқының өмiрiмен байланысын үзген жоқ, оның қайшылықты өмiр жолын көркемдiкпен тануға ұмтылды. Әдебиетшiлердiң бiр тобы Кеңес өкiметiнiң теңдiк, әдiлдiк ұрандарын қолдап жаңа жырлар туғызды. Олардың басында Сәкен Сейфуллин тұрды. Сейфуллин жырларында азаттық, теңдiк аңсаған, сол үшiн күрескен жаңа адамның бейнесi жасалды. Ол табиғат суреттерi мен махаббатты, сезiмдi жырлаған лирик. өлеңдер, поэмалар (“Көкшетау”, т.б.), прозалық шығармалар (“Тар жол, тайғақ кешу”) жазды. Сәкен бастаған бағытқа Бейiмбет Майлин, Iлияс Жансүгiров, Шолпан Иманбаева, Сәбит Мұқанов, т.б. ақын-жазушылар үн қосты. Олар қазақ жерiнде жаңа туа бастаған кеңестiк шындықтың жарқын жақтарына ризашылық бiлдiрiп, шаттық жырын жырлады. Алайда, 20-жылдардағы ашаршылық пен шаруаларды күштеп ұжымдастыру, қолдағы малды тартып алу, содан туған қуғын-сүргiн көшпелi елдiң тұрмыс-тiршiлiгiн қиындатып жiбердi. Бiрақ бұл жағдайды суреттеуге кеңес әдебиетi бара алмады. Осы олқылықтың орнын Мағжан Жұмабаев шығармалары ғана толықтыра алды. Большевиктер билiгiн қабылдамаған Мағжан демокр. әдебиет дәстүрiн жалғастыра отырып, халық басындағы қайғылы тұстарды көркем суретке түсiрдi. Ол өмiрдiң мұңды, қайғылы жақтарына көп үңiлдi, өкiнiш пен күйiнiшке бой алдырды. Бiр мезгiл орыс декаденттерiне елiктеп өлеңдер жазды. Мағжанның махаббат пен табиғат жырлары да қазақ лирикасының ең жарқын беттерi болып саналады. Сәкен мен Мағжан шығармалары 20-жылдардағы Қ. ә-ндегi екi сарынның бейнесi iспеттi. Жаңашыл жас ұрпақ Сәкен маңына топтасты. Әдебиеттiң өмiр жаңалықтарын зерттеп, жаңа тақырыптарды игеруге бет бұрды. Азаматтық, саяси лирика дамыды, лирик.-публицистик. поэмалардың үлгiлерi туды. Көркем проза, драматургия даму жолына түстi. Мұхтар Әуезов, Жүсiпбек Аймауытов осы екi жанрда бiрдей елеулi шығармалар бердi. “Қилы заман”, “Қараш-қараш” оқиғасы, “Қартқожа”, “Ақбiлек”, т.б. повестер мен романдар, “Еңлiк-Кебек”, “Қаракөз”, “Мансапқорлар”, “Шернияз” сияқты пъесалар жазылды. Әңгiме жанрында Майлин жемiстi еңбек еттi. Әдебиетшi кадрлар қатары өсiп шықты. А.Тоқмағамбетов, Ө.Тұрманжанов, Ғ.Мүсiрепов, Ғ.Мұстафин, С.Шәрiпов, Ж.Тiлепбергенов, Е.Бекенов, М.Дәулетбаев, т.б. шығармалары әрқилы әлеум. көзқарастарына қарамастан, 20-жылдар әдебиетiнде жаңа бетбұрыс жасалғандығын көрсетедi. Мұндай қарқынды бұған дейiн ешбiр әдебиет тарихы көрiп-бiлген емес. Оған азаттық идеясының әсерi болғаны даусыз. 30-жылдар Қазақстан экономикасын, мәдениетiн кеңес саясатына ыңғайлау ұранымен басталды. Соц. реализм әдiсi қабылданып, әдебиет соц. шындықты бекiтетiн материалдар негiзiнде жұмыс iстейтiн болды. Бұл, белгiлi дәрежеде, әдебиеттiң еркiндiгiн шектедi. Осы шектеуге алдымен қазақ поэзиясы ұшырады. Ол 30-жылдары, негiзiнен, жаңа соц. отанды мадақтауға, елдi индустрияландыру, ұжымдастыру науқандарын паш етуге бағытталды. Адам ойын, сезiмiн, сүйiспеншiлiгi мен күйiнiшiн, табиғатпен байланысын жырлау саясаттан тыс саналды. Халықты “Бесжылдықты төрт жылда орындау” ұранына шақыру орын алды. Iстелген iстердi тiзбелеу, жаңалықты тамашалау сарындары көбейдi. Бұл — қазақ лирикасының өсуiне кедергi жасады. Оның есесiне публицист. поэзия iлгерiлеп, азаматтық лирика едәуiр есейдi. Эпик. поэзияның бүгiнгi күн тақырыбын жырлаған үлгiлерi де сәтсiз болды. Тек тарихи тақырыпта ғана (I.Жансүгiров: “Күйшi”, Қ.Бекхожин: “Ақсақ құлан”, И.Байзақов: “Ақбөпе”) табысты шығармалар туды. 30-жылдары эпик. проза жақсы өстi. Майлиннiң “Азамат-Азаматыч”, Жансүгiровтiң “Жолдастар”, Мұқановтың “Темiртас”, “Жұмбақ жалау” (“Ботагөз”), М.Дәулетбаевтың “Қызылжар”, С.Ерубаевтың “Менiң құрдастарым”, Ғ.Слановтың “Дөң асқан” романдары жазылып, бұл жанрды Қ. ә-нде орнықтырды. Майлиннiң, Әуезовтiң, Сейфуллиннiң, Мүсiреповтiң, Шәрiповтiң әңгiме-повестерi жарияланды. Драматургияда Жансүгiров, Майлин, Әуезов, Мүсiрепов жемiстi еңбек еттi.

30-жылдар әдебиетiнде жалпы қоғам өмiрiндегi халықтық энтузиазмге құрылған жаңа үн бар едi. Әдебиет соны үлгi ете отырып, өмiрдi толық игеруге бет бұрды. Бiрақ, 1937 — 38 ж. қуғын-сүргiн кезiнде елде қоғамның бүкiл даму заңдылықтары бұзылып, “халық жауларын” iздеу басталды. Сейфуллин, Байтұрсынов, Жұмабаев, Майлин, Жансүгiров атылды. Әуезов, Мұқанов, Мүсiрепов қуғынға ұшырады. Әдебиет саласындағы бұл дағдарыс екiншi дүниежүз. соғысқа дейiн жалғасты. Бұл жылдардың әдебиетке қойған өз талабы болды. Ол майдан мүддесiне қызмет етiп, халықты басқыншы жауға қарсы отан қорғау рухында тәрбиелеуге, майдан батырларының ерлiгiн жырлауға тиiс болды. Өлең саяси үгiт құралына айналды. Қазақ поэзиясы бұл мiндетiн жаман орындаған жоқ. Сонымен бiрге, соғыстың адам басына салған ауыртпашылығын солдаттың сезiмi арқылы суреттеу өрiс алды. Бұл тұрғыда майдангер ақындар Қ.Аманжолов, Д.Әбiлев, Ә.Сәрсенбаев, Бекхожин жақсы жырларымен көрiндi. Үлкен прозада бұл кезеңде Қ. ә-ндегi, тiптi кеңес әдебиетiндегi ең үздiк туындылардың бiрiне айналған М.Әуезовтiң “Абай” романының бiрiншi кiтабы жарияланды. Соғыстан кейiнгi дәуiрде Қазақ әдебиетінiң қарқынды iзденiстерi айтарлықтай табысқа жеттi. Партияның идеол. салада бiраз қаулылар (“Ленинград” және “Звезда” журналдары туралы”, “Драма театрлардың репертуары және оны жақсарту шаралары туралы”, т.б.) қабылдап, әдебиеттiң еркiндiгiн шектеуiне қарамай, эпик. проза үлкен табыстарға жеттi. Әуезовтiң (“Абай”), Мұқановтың (“Ботагөз”, “Сырдария”), Мүсiреповтiң (“Қазақ солдаты”), Мұстафиннiң (“Миллионер”) есiмдерi Одаққа кең тарады. Олардың кiтаптары шет ел тiлдерiне аударылды. Осыған жалғас “Абай жолы”, “Оянған өлке”, “Қарағанды”, “Дауылдан кейiн” романдары жазылып, жоғары бағаға ие болды. М.Иманжанов, Қ.Жармағамбетов, С.Бақбергенов, С.Шәймерденов, З.Қабдолов, т.б. жазушылардың әңгiме-повестерi туды. Қазақ поэзиясы соғыстан кейiнгi халық ш-н қалпына келтiрiп жатқан еңбек адамдарының жан сезiмiн суреттеуге қызмет еттi. Бұл салада Ғ.Орманов, Аманжолов, Ж.Саин, С.Мәуленов көркем туындыларымен көзге түстi. Т.Жароковтың “Жапанды орман жаңғыртты”, “Қырда туған құрыш”, Х.Ерғалиевтiң “Бiздiң ауылдың қызы”, Әбiлевтiң “Алтай асулары”, Бекхожиннiң “Мәриям Жагор қызы” поэмалары туды. Драматургияда Ә.Әбiшев, Ә.Тәжiбаев, Ш.Хұсайынов жаңа шығармалар (“Достық пен махаббат”, “Көктем желi”, “Дубай Шубаевич”) бердi.

50-жылдарда жеке адамға табынушылықты сынау мен елдiң iшкi нормаларын демократияландыру саясаты әдебиетке бiрсыпыра жеңiлдiк әкелдi. Әдебиетке қойылған қасаң тәртiп босаңсып, “жылымық” туды. Мұның өзi жазушылардың шығарм. белсендiлiгiн арттырды, олар өмiрдi боямалап көрсетуден бас тартып, заман шындығын қайшылықты құбылыстар арқылы тануға ұмтылыс жасады. Бұл iзденiс Әуезовтiң “Өскен өркен”, Т.Ахтановтың “Қаһарлы күндер”, “Боран”, Т.Әлiмқұловтың “Ақбоз ат”, Ә.Нұрпейiсовтiң “Қан мен тер”, С.Жүнiсовтiң “Жапандағы жалғыз үй”, З.Шашкиннiң “Сенiм”, “Темiртау” романдарынан көрiндi. Х.Есенжановтың тарихи романдары, Б.Момышұлының әскери прозасы жарық көрдi. Идеол. шектеудiң әлсiреуi, 60-жылдары әдебиетке келген жаңа ұрпақтың шығарм. iзденiстерiне тың шабыт бердi. Олар адам өмiрiн жан-жақты тереңдiкпен, филос. ойшылдықпен жырлауда, оның бойындағы ой, сезiм еркiндiгiн ашуда елеулi табыстарға жеттi. Поэзияда Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ғ.Қайырбеков, О.Сүлейменов, М.Мақатаев, Ж.Нәжiмеденов, Т.Айбергенов, прозада Ш.Мұртаза, Ә.Әлiмжанов, Ә.Кекiлбаев, М.Мағауин, С.Жүнiсов, Қ.Жұмадiлов, Д.Исабеков, Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, Р.Тоқтаров, О.Бөкеев, С.Мұратбеков, Д.Досжанов есiмдерi қазақ оқырман қауымының сүйiспеншiлiгiне бөлендi. 70 — 80-жылдары Қ. ә. Ф.Оңғарсынова, К.Салықов, М.Айтхожина, С.Иманасов, М.Шаханов, И.Оразбаев, Ж.Жақыпбаев, т.б. таланттар есебiнен толыға түстi. Қ. ә-нiң үлкен бiр саласы — балалар әдебиетi. Сапарғали Бегалин, Ө.Тұрманжанов, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, М.Гумеров, М.Қабанбайдың әңгiме, повестерi жас оқырмандардың сүйiктi шығармаларына айналды. Балалар прозасын бағдарлағанда, қаламгерлердiң шеберлiгi шыңдалып, психол. талдауларға батыл барғанын және бұл жолда балалар прозасы мен поэзиясы табыссыз емес екендiгiн аңғаруға болады (қ. Қазақ балалар әдебиетi).

1960 — 90 ж. iшiнде Қазақ әдебиетінде тарихи тақырып ерекше қарқынмен дамыды. Ұлттар тарихына жасалған тұсау алынғаннан кейiн қазақ жазушылары елдiң тәуелсiздiгi мен бостандық идеясын тарихи материалдарға сүйене отырып, көтеруге мүмкiндiк алды. Бұл тұрғыда I.Есенберлиннiң (“Қаһар”, “Алмас қылыш”, “Жанталас”, “Алтын Орда”), Мұртазаның (“Қызыл жебе”), Мағауиннiң (“Аласапыран”), Кекiлбаевтың, (“Үркер”, “Елең-алаң”) Ә.Әлiмжановтың (“Жаушы”, “Ұстаздың орлауы”, “Махамбеттiң жебесi”), Жүнiсовтiң (“Ақан Серi”), С.Сматаевтың (“Елiм-ай”) тарихи романдары Қ. ә-нiң қомақты табыстарына айналды. Тарихи романдар үлгiсi бүгiнгi күн тақырыбына шығарма жазушылар үшiн де мектеп болды. Б.Соқпақбаевтың, Жұмадiловтiң, З.Қабдоловтың, Тоқтаровтың, Ысқақовтың, Таразидiң, т.б. жаңа романдары дәуiр шындығының қайшылықты жақтарын кең ашып бейнелеуде, оқырманға заман мен адам туралы ой салуда едәуiр әдеби-көркемдiк жетiстiктерге ие болды. Осы жылдарда театр сахналарында Ахтановтың “Әке мен бала”, “Жоғалған дос”, Әбiшевтiң “Нұрлы жаңбыр”, Жүнiсовтiң “Ай тұтылғанда”, Ысқақтың “Таңғы жаңғырық”, Исабековтiң “Әпке”, “Мұрагерлер”, М.Хасеновтiң “Пай-пай, жас жұбайлар-ай”, Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтiрiк бөрiк астында”, Н.Оразалиннiң “Шырақ жанған түн”, Р.Сейсенбаевтың “Түнгi диалог”, “Нартәуекел” пьесалары табыспен жүрдi. 80-жылдардың соңына қарай, қазақ жазушылары бұрын айтылмай келген халық басынан кешкен аштық, қуғын-сүргiн оқиғаларын жазуға мүмкiндiк алды. Соңғы он жылдықтағы әдеби құбылыстар тақырыбы бүгiнгi күннiң өзектi мәселелерiн қозғауымен, тарихи ойымен, психологизм мен әлеум. iшкi өзара байланысымен, адамның iшкi жан дүниесiне, мiнезiне үңiле назар аударуымен, экол., урбанизация, ғыл.-тех. жетiстiктер көкейтестi, т.б. жайларға көңiл аударуымен ерекшеленедi. Тәуелсiздiк жылдарының рухани нәтижесi Нұрпейiсов (“Соңғы парыз”), Қабдолов (“Менiң Әуезовiм”), Мұртаза (“Ай мен Айша”), Мағауин (“Сары қазақ”), Жүнiсов (“Аманай мен Заманай”), Нұршайықов (“Жазушы мен оның достары”), Ысқақ (“Ақсу туралы аңыз”), Тоқтаров (“Абайдың жұмбағы”), Сматай (“Жарылғап батыр”), С.Елубай (“Тағзым”), Мұратбеков (“Ай туар алдында”), Исабеков (“Ай-Петри ақиқаты”), Тарази (“Қара жұлдызға сапар”), Жұмадiлов (“Тағдыр”), А.Жақсыбаев (“Тiрек”), Қ.Исабаев (“Шоң би”), Д.Досжан (“Құм кiтап”), Б.Мұқай (“Өмiрзая”), Ә.Сарай (“Едiл-Жайық”), О.Сәрсенбай (“Шеңбер”), т.б. көрнектi жазушылардың роман, повесть, әңгiмелерiнде көрiнiс тапты. Әдеби онжылдықта Қ. ә-нiң дәстүрлi жанры поэзияда ұлттық үн мен азаматтық әуен жоғары деңгейге көтерiлдi. Барлық уақыт қабаттарына барлау жасау, поэтик. қиялдың ауқымдылығы, лирик., баяндаушылық, публицистик. және сыншылдық көңiл-күйдiң байлығы, суреттеу тәсiлдерi мен құралдарындағы батыл iзденiстер осы жылдар поэзиясына тән болды. Мүшайра, айтыс, әдеби-поэтик. байқаулар шығарм. iзденiстердiң молаюына түрткi болды. 20 ғ-дың 90-жылдарында ұлттық драматургияның ең басты нысанасы болған Кекiлбаевтың “Абылай хан”, Ш.Құсайыновтың “Томирис”, М.Байсеркеновтың “Абылай ханның ақырғы күндерi” тарихи драмалары ендi ғана тәуелсiздiк алған елдiң егемендiгiн сақтап қалудағы қиын күрестiң тiрегiн iздеудiң ерекше түрi iспеттi болады.

Қазақ әдебиеті өзiнiң бүкiл даму барысында күрделi де қайшылықты жолдардан өттi. Бүгiнгi қазақ ұлттық әдебиетi өсiп-өркендеген көп салалы, көп жанрлы, көрнектi авторлары бар, әлемдiк әдебиет деңгейiне көтерiлдi.

Қаз.энциклоп. 5 том

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.