Біздің «Жаңа жылымыз» осы мерекеден басталса дұрыс болар еді

Әз-Наурыз мейрамына орайластырылған, «Наурыз нұры» деп аталған мерекелік кеш кеше Астанадағы «Қазақстан» кино-концерттік залында өтті. Оған қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды «Ұлыстың ұлы күнімен» құттықтады. Бір ғажабы, осында жасаған ел Президентінің кешегі бір мәлімдемесі алда қоғамдық пікірде әлі-ақ үлкен дүмпу туғызары анық! Мемлекет басшысы жыл басын тек рухани ғана емес, ресми тұрғыдан да 1 наурыздан бастау туралы идеясын ортаға тастады: «Ойлап қарасақ, — деді салтанатты рәсімге жиналған Үкімет мүшелерін, депутаттарды, зиялы қауым өкілдерін және жастарды жанарымен шола қараған Нұрсұлтан Назарбаев, — біздің «Жаңа жылымыз» осы мерекеден басталса дұрыс болар еді! Әнеугүні ақпанда қытайлар өзінің, корейлер өзінің жыл басын тойлап жатты. Ал біз Петр І-дің алып келген 1 қаңтарымен жүрміз әлі күнге дейін!»

«Қазақ жыл басына санаған, Ұлыстың ұлы күніне балаған Наурыз мейрамы — шын мәнінде, елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі, — деп сабақтады сөзін Мемлекет басшысы. — Шуағын шашқан көктемнің нұрлы шапағаты Наурызбен бірге тіршілікке шаттық сыйлайды, қыстың қаһары қайтып, жер-жаһан қайта түлейді. Дүние жаңарып, құлпырады. Бүгінгі мерекелік кештің «Наурыз нұры» деп аталуы да сондықтан. 

Қазақстан көшбасшысы «түсінікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мерекесінің татулығы жарасқан еліміз үшін маңызы ерекше» екендігін және «біздің мемлекеттік саясатымыздың әз-Наурыздың ізгілігімен өзара ұштасатындығын» мәлім етті.

— Еліміз егемендік алмай тұрып, 1991 жылы 15 наурызда менің арнайы Жарлығыммен Наурыз мейрамы ресми мерекеміз болып жарияланғаны естеріңізде болар. Сонда «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп тіледік. Жаңа жылға үміт артып, болашақтан жақсылық күттік. Тілегіміз қабыл болып, біз сол жылы ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа, киелі Тәуелсіздікке қол жеткіздік, — деді Президент.

— Міне, келесі жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлағалы отырмыз. Тарлан тарих үшін тым қысқа болып есептелетін осы жылдар аралығында Наурыз шын мәнінде, Ұлыстың ұлы күніне, мемлекетіміздің мерейлі мерекесіне айналды.

Былтыр Елбасының Жарлығымен 21-23 наурыз күндері ресми түрде демалыс күндері деп жарияланғаны мәлім. Ал біле білсеңіз, Қазақстанда бұдан өзге бірде-бір мерекенің ресми түрде аталып өтуі үш күнге созылмайды! «Биыл табиғи жыл басын кең ауқымда, бүкіл халықтық деңгейде, көтеріңкі көңіл күймен, ерекше салтанатпен, жаңа мазмұнда тойлағалы отырмыз. Бұл да біздің мәдени мұрамызды ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеуіміздің жарқын бір айғағы! Біз Наурызды бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін, ұлысты ұйыстыратын ұлы мереке деп жариялаған жылы ЮНЕСКО да бұл мейрамды «адамзат баласының мәдени мұрасы» санатына қосты. Биыл БҰҰ тарапынан Наурыз мерекесі Халықаралық мейрам ретінде қабылданды». Биылғы жыл Қазақ елі үшін басқа бір тұрғыдан да ерекше бір символикалық мәнге ие: «Халқымыздың көнеден жеткен жыл қайыру дәстүрі бойынша биыл — барыс жылы! — деді Президент Н.Назарбаев.

— Асқар таудың қияндағы таулы шыңдарын мекендейтін барысты халқымыз бағзыдан кие тұтып, айрықша бағалайтын. Біз осы барыс жылына биік белестерді бағындырып, ерекше жағдайда қадам басып отырмыз. Баршаңыз білесіздер, қанатты барыс бейнесі ел Тәуелсіздігі және «Қазақстан — 2030» стратегиясының символдарының бірі. Біз осы барыс жылы мәртебесі биік ЕҚЫҰ-ға Азия және Тынық мұхит мемлекеттері арасында тұңғыш рет төрағалық етудеміз. Мұндай мәртебеге Қазақ елі бұрын-соңды қол жеткізбеген. Алайда алдымызда біздің алар асуымыз, бағындырар биігіміз әлі мол. Еліміз дағдарыстан кейін тың серпіліс жасап, қарқынды дамудың жаңа белесіне көтерілуде».

Жиын соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды тағы бір рет әз-Наурызбен құттықтады: «Бізге мызғымас ынтымақ сыйласын! Қызыр баба әрбір қазақстандықтың отбасына құт-береке, молшылық әкелсін! Әз-Наурыз жақсылығын ала келсін! Лайым, бірлігіміз бен берекеміз арта берсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп тіледі ел Президенті.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.