Ғибаратты әңгіме

Төкен Әлжантегі
Атам әңгіме айтып отыр:
«Тым ерте замандарда бір қаһарлы хан болыпты, — дейді ол ойланған қалпында сақалын салалы саусақтарымен сауа, — Сол хан күндердің күнінде уәзірлерін, сарай маңындағы беделді адамдарын жинап алып:
– Мен бүгін түсімде не көрдім? Сендердің көреген әрі білгіш екендеріңе сенейін осыны табыңдаршы? – деп сұрапты. Былай деп және қосыпты:
– Егер осыны таба алмасаңдар құндарың қара бақыр. Бастарыңды аламын!
Жиналғандар сасқалақтапты. Кімнің түсін кім болжап білгендей, кәдімгідей абыржыпты. Әсіресе, соңғы үкім мазаларын кетіріп, ақырында жан-жаққа шапқыншылар аттандырыпты. Бәлен жерде бәлен деген оқымысты, түген жерде түген деген білгір бар деп естіп, солардың бәріне хабар салыпты. Әйткенмен, жорамал түйінін таба алмай қара жерге қарап қалыпты.
Үміттері әбден үзілген шамада әлдекім:
– Жаңа есіме түскені, біраз уақыт бұрын өзіміз күндеп, құлан түзге қуып жіберген әне бір қария бар емес пе еді! Бір білсе сол біліп қалар, – деп ортаға жаңа ұсыныс тастапты. Уәзірлер мен атқамінерлер жерден жеті қоян тапқандай орындарынан өре түрегелісіпті.
Ел болып шабылып қарияны іздеп кетіпті. Қырға шығады — ізі жоқ, ойға барады — дерек білінбейді. Табандарынан таусылған шамада ақыры табады. Сөйтсе, құлан жорытпас құла түзде аш-жалаңаш, әбден қалжыраған қарт есі кірерлі-шығарлы қалыпта күн кешіп жатыр екен. Жуындырыпты, тамақ беріп, бетін бері қаратыпты. Әбден өз-өзіне келді-ау деген шамада бұйымтайларын айтып, шешуін таппаса басы алынатынын және ескертіпті.
Енді қария абдырапты. Көп уақыт елден жырақ жүріп мәңгүрттікке жүгінген сана серпіліс жасай алмай біраз қиналыпты. Бірақ, көнбеске амалы жоғын біліп уәзірлердің соңынан еріпті.
Керуен күн жүреді, түн жүреді, ақыры бір бұлақ басына тынықпаққа тоқтағанда түз сындыруға шеттеген қарияның алдынан ысқырынған әбжылан пайда болады.
– Сенің қайда бара жатқаныңнан хабардармын, – дейді ол адамша тіл қатып,- Еш саспа. Түлкі көрдіңіз де. Алған сыйыңның жартысы менікі. Қайтар жолда осы араға тастап кетесің. Ұқтың ба?
– Жолыңа құрбанмын! – дейді қария.
Хан сарайдағы жағдай әбжылан айтқандай болады. Хан қарияға жүз түйе сыйақы дайындатады.
Қайтар мезгілде қарияға ой түседі. Жүз түйенің елуін қайдағы бір жыланға тастап кетуге қимай ол басқа жолмен жүреді. Бақуатты тірлік кешуге мұрсат алады.
Күндердің күнінде хан тағы қарамағындағыларды жинайды. Алдарына тартқаны бір сұрақ:
– Бүгін түсімде не көрдім?
Жазған құлда шаршау бар ма, уәзірлер қарияға қарай шапқылайды. Тағы бұлақ басына тоқтайды. Әбжылан және қара көрсетеді.
– Бұл жолы хан қасқыр көрді, – дейді жылан, – Бірақ, өткен жолғыдай сараңдық танытпа, алған сыйақыңның жартысы менікі. Осыны ұмытпағайсың.
Қария хан сарайда ханның түсіне қасқыр кіргенін айтып, осы жолы екі жүз түйе иеленеді. Қайтар жолда бұлақ басына соғып, байлықты қимағандықтан қолындағы қамшымен жыланды сабап салып, ештеңе қалдырмай ары қарай тартып кетеді.
Біраз уақыт өткенде уәзірлер қарияны тағы іздеп табады. Баяғы сұрақ. Баяғы сынақ.
Межелі жерде әбжылан қара көрсетеді. Өн-бойы дойыр қамшының ізінен айқыш-ұйқыш. Мынаны көргенде пенделік пиғыл күрт өзгеріп, қарияның көңілін аяныш меңдейді. Ал, әбжылан түк болмағандай:
– Хан бұл жолы қой көрді, – дейді де жорғалап әрі кете барады.
Қария жыланның айтқанын айтып үш жүз түйе алады. Сонсын ойланады. Бар байлығы әбжыланның ақылымен келгенін мойындайды. Мойындағаннан кейін бұлақ басына жетіп, бүкіл түйені сол жерде қалдыруға ниет еткенде алдынан әбжылан пайда бола кетеді.
– Адамдар бойынан ашкөздік пен атаққұмарлық жоғалмай тірлік оңалмайды. Байлық жақсы-ақ, бірақ ол ырысты болса ғана жақсы. Ал, өтірікпен, ұрлықпен келгеннен қайыр жоқ. Осыны ұғынсаң болғаны, – дейді кеңпейілділік таныта. Және былай сөз қосады:
– Мен Қыдыр бабаңмын. Қысылғанға қол ұшын созуды парызым санаймын. Қыңырды және алаламаймын. Түптің-түбінде сабасына түсер деп сенемін. Адам боп дүние есігін ашқанның айуан қалыпта ғұмыр кешкенін көруден өзге қорлық жоқ. Ендеше, сендер де есті қалыптан жаңылмаңдар. Ал, хайыр қош!
Ол бұрыла беріп және артына қайырылады.
– Хан түсінің сыры мынада, – дейді сонсын жымия тұрып, – Ол әуелі түлкі көрді – билікке қолы жеткенше түлкі ғұмырға жүгінген еді. Әріде қасқыр көрді – билік қасқырдай азулы, қасқырдай зұлымдықты талап еткен. Соңынан қой кірді – шүкір, енді еліңді қойдай момақан тірлік жайлайды. Енді сен де жұртыңа орал.
Әбжыланнан ақ сақалды абызға айналған Қыдыр баба осыны айтып көзден ғайып бола береді».
Аңыз болса да өмір шындығы осылай, шырақтарым. Олай болса шындықты мойындамасқа амалымыз жоқ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail адресіңіз жарияланбайды. Міндетті өрістер * белгіленген.