Шәкәрім Құдайбердіұлы. Мәнді сөздер

Шәкәрім Құдайбердіұлы
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Мен жетпіс екі жасқа келгенше өмірде болатын неше алуан қилы оқиғаларға, түрлі жамандық, жақсылыққа кездесіп, солардың көпшілігін, керекті-керексіздерін өзім де істеп, басымнан өткізгендерім көп. «Алдыңда өнегелі көрерің болсын» дегендей, алдымда Абай марқұм болған соң, содан ғибрат алып, «мен де адамдықтың, адалдықтың жолын қуғаным жөн» деп, басымды шытырман шатақтан ерте босатып алып, білім жолына түстім. Негізгі алған білімім болмаса да, өз бетіммен ізденіп, өткен жазушы-ғалымдардың жазғандарын оқып, ойларымен танысып, білгендерден сұрап, өз ойымнан құрап, түрлі әңгімелер жазып, барлық өмірімді жазумен өткіздім. Елу жасқа тақаған соң, оңашада жатып, басқа келген ойлардың барлығын қағазға түсіріп кеттім. Мен солардың бәрін өз мақтаным үшін жазғамын жоқ, мақтан үшін жазылған, айтылған сөздің құны болмайтынын жақсы білемін. Кейінгілер жарағаннан үлгі алып, өнеге үйренсін дедім. Міне, жетпістен астым, ойым тозбағанмен, денем тозды. Тозған денем ойыма орын болудан қалып барады. Мен оған қарамай әлі де келген ойды жаза бермекпін.

Бұл айтқалы отырған ойымды жекелеп, сұрыптап жазбағаныммен, бұрынғы жазғандарымда кездесіп отырады. Бұл тараудағы ойды басынан аяғына дейін түгел жазып, бәрін талдап, қорытып шығуға бір адамның өмірі керек. Ендігі менің қалған өмірімнің жетпейтіні анық. Дегенмен, сол ойымды қысқаша алдарыңа тартпақпын.

Бұл ойым — басқа келген қиял. Бірақ болмаған іс, құрғақ қысыр кеңес, жай қиял дейтін бір ауру бар. Бұл аурудан құтылу керек. Неге десеңіз, барлық ғылымның өзі қиялдан, ойлаудан туған. Адам осы жаралыстың бір бөлігі, бұл жаралыстан, табиғаттан бөлек емес. Сондықтан адамның бұл дүниеде, бұл табиғатта жоқ нәрсені ойлауының өзі мүмкін емес, болуға мүмкін істі ғана ойлай алады — бір. Екінші, сол қиял болмайтын нәрсе деп отырғанымыз — ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін. Неге десеңіз, бұрын фантазия, қиял деп жүрген ойлар бүгін мүмкін дағдылы іс екенін танып, құтыла аламыз ба? Әрине, қиялдың да шегі бар. Менше, айтқалы отырған ойым болмайтын қиял емес, болуға мүмкін.

Толық оқу…